Қазақ халқы не көрмеді?

«Жұт жеті ағайынды» демекші, қазақ халқы осы уақытқа дейін небір сұмдық пен қиындықты бастан кешіріп келді.
Яғни қырғын соғысты да, ашаршылықты да көрді. Тіпті өз жерінде еркін де жүре алмады.
Бірақ қазақ халқы ең үлкен қиындықты, қасіретті орыстың бодандығының салдарынан көрді. Кезінде орыс билігі қазақ жеріне үлкен бекіністер сала отырып, Столыпиннің реформасы бойынша қазақтың шұрайлы жерлеріне Ресейде қаңғырып жүрген мұжықтарды әкеліп, қазақтарды, керісінше, климаты жайсыз, ыстық жерлерге көшіріп жіберген. Ол аздай кейіннен 1918-1920 жылдары Ақпан төңкерісі, яғни үлкен экономикалық дағдарыс орын алып, аштық пен небір ауру тарап, халықтың тең жартысы қырылып кетеді. Одан кейін байлардың мал-мүлкін тәркілеу, билік басына келген небір саяси қашқындар қазақ ауылдарына ойран салып, жұртты атып, дүниесін тонап, қыз-келіншектерді зорлап, тағы да тыныш жатқан елдің берекесін алды. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқы осы уақытқа дейін көрмегенді көріп келді. Үнемі үреймен өмір сүріп, қазіргі бейбіт заманның өзінде елдің тыныштығын әлі күнге дейін тілеп отыратын жағдайға жетті. Бірақ осы жерде айта кететін жайт, қазақтың басына күн туғанда еліміздің көзі ашық, қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтар ұлттың сақталып қалуы үшін жандарын бергенше күресті. Дегенмен бізге тарихтың беймәлім тұстары әлі күнге дейін беймәлім болып келеді. Яғни зерттелмеген дүниелер әлі де көп. Сол себептен де кейбір тарихымыз бұрмаланып жатқаны да өтірік емес. Осыған қатысты кезінде тарихшы Талас Омарбеков: «Ашаршылық тарихын шетелдіктердің бұрмалағаны аздай, өзіміз де көп бұрмалап жатырмыз. Мәселен, Роберт Дэвис пен Стивен Уитккрофт «Годы голода: Сельское хозяйство СССР 1931-1933 гг.» кітабында ашаршылық құрбандарының санын бір миллион үш жүз мың мен бес жүз мыңның арасы деп көрсеткен. Ал Роберт Конгвес бір миллион қазақ қырылды деп жазады. Өзіміздің тарихшылар да, мәселен, Мақаш Байғалиұлының демографиялық есептері негізінде бір миллион жеті жүз елу мың қазақ қырылды дейді де, ал қалған адамдар табиғи өліммен жан тапсырған деген болжам жасайды. Бірақ табиғи өлімді қолдан жасалған ашаршылық жеделдетті емес пе, ал мұрағаттың бірінде бұл туралы еш дерек жоқ. Тек бертіндегі 1991-92 жылдары жұмыс істеген сенаттың комиссиясы ғана сақталған. Ал сол комиссияның шешімі бойынша ашаршылық жылдары екі миллион екі жүз мыңнан астам қазақ қырылды деген болатын. Тіпті бұл материал 1992 жылдың жиырма екінші наурызда шыққан «Егемен Қазақстан», «Казправда» газеттерінде «Қолдан жасалған қасірет» деген атаумен жарияланған зерттеу мақаласынан оқып, танысуға болады. Бірақ тарихымызды толық білу үшін мұның өзі де аз болады» деп пікірін білдіріп кеткен еді.
Тарихшы айтқандай, біз үшін де, келер ұрпақ үшін де осы уақытқа дейін зерттеліп келген дүниелердің көбісі әртүрлі нұсқада болғандықтан, беймәлім болып қала береді. Бірақ қазіргі таңда құрылған өңірлік комиссиялар әлі де біраз зерттеулер жасап, саяси қуғын-сүргін, ашаршылыққа қатысты болған тарихты бәз қалпында жеткізеді деген үмітіміз де жоқ емес.