Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:31, 18 Қазан 2022

Қазақ киносын қазақшалаудан не ұттық?

None
None

Ұлттық құндылық деп көп айтып жүргенімізбен, оны қаншалықты сақтап келеміз? Әрі Қазақстанда кино саласы дамып келе жатыр деп аузымыз көпіріп айтып жүргенімізбен, соңғы кезде түсіріліп жатқан қазақ кинолары ұлттық құндылығымызды жойып бара жатқан секілді.

Шынын айтқанда, бүгінгі қазақ киноларының сиқы осындай. Әрі жаныңа қатты бататыны, қазақ киноларын, сериалдарын қазақтар орыс тілінде түсіріп, қазақ тілінде дубляждайтыны. Осындай күлкілі жайттардың астарында жемқорлықтың иісі бұрқырап тұрғандай. Себебі, жуырда ғана Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, қазақстандық фильмдерді түсіруге 67 миллион 459 821 теңге қаржы бөлінетіні туралы ақпарат жарияланды. Сондағы «Қазақ киносын көп түсіріп жатырмыз. Қазақша сериалдар дамып жатыр» деп, қай бетімізбен мақтанамыз. Өз елімізде жүріп, ана тіліміздегі киноға жарымаған екенбіз. Ұлттық құндылығымызды мынадай Мәдениет министрлігіне тапсырғанымыз «қасқырға қой бақтырғанмен тең болмағанда, несі қалды?!

Қазақ киносы дәл осындай қарқынмен кете берсе, ертеңгі күні ұлттық құндылықтан бөлек, ана тілімізден, мәдениетімізден айрылып қалуымыз ғажап емес. Әрі бұл мәселе көптеген қоғам белсенділерін ойландырып келе жатқан жағдай. Мәселен, қоғам белсендісі Бағила Балтабаева соңғы жылдары шыққан қазақ киноларының тілімізді былғап қана қоймай, жастарға мәдениетсіздікті, анайы сөздер мен көріністердің көптеп көрсетілуіне наразы.

— Қазақ мемлекетіне шетелдің мультфильмі бар, киносы бар барлығы «Меломан» арқылы келіп жатыр. Яғни, ол алпауыт компанияның ақ дегенін ақ деп, қара дегенін қара деп көріп, санамызға сіңіріп жатырмыз. Оның ішінде іріңі де, басқасы да араласып жатыр. Шетелдік киноларды былай қояйық, өзіміздің отандық киноларға келсек, жақында шыққан «Бишарашка» деген киноны аяқастынан көріп қалдым. Енді киноның басынан-аяқ қазақ-орыс тілі араласқан шұбарланған тіл. Тілді шұбарлағаны аздай, мәдениеттен жұрдай. Оның үстіне кино – балаларға арналған деп жазып қойыпты. Балаларға арналған кино болғанымен, іші толған бақталастық, анайы, боғауыз, мәдениетсіз сөздерге толы. Аты да «Бишарашки» деп аталыпты. Мен бұл киноны көре салысымен, кинопарктің директорына шығып, шу көтердім. Басшылары: «бұдан кейін қадағалап, көрсететін боламыз» деп ақталғансыды. Сонда мен барып шу шығармасам, олар осылай не болса соны көрсете бермек пе? Ал режиссері батыста оқып келген Дархан деген жігіт екен. Енді заты басқа болып кетсе де, қаны қазақ жігіт емес пе? Қазақтың үлкендерін қойып, тәрбиесіз, өнегесіз киноларды балаларға көрсетіп қойғаны қай сасқаны, – деген ренішін білдірді.

Қазақ ұлтының, көрерменнің талғамы шұбарланған киноларға түсіп кетті деп ақталғансимыз. Дегенмен шыны керек, қазіргі таңда халық тек таза қазақ тілінде түсірілген кинолар мен фильмдерге мұқтаж. Бір сөзбен айтқанда, ана тіліне шөлдеді. Шұбарланған тілден шаршады. Сол себепті мың қайтара көріп келген ескі қазақ кинолары әлі де сұранысқа ие. Тіпті ата-аналардың арасында балаларына тек таза, шұбарланбаған қазақ тіліндегі мультфильмдерді көрсететіндері көбейді. Егер Мәдениет министрлігі шұбарланған тілдегі фильмдер сұранысқа ие деп ойласа, әбден қателескені. Шындығында Дәурен Абаев шұбарланған, орыс тіліндегі фильмдер сұранысқа ие десе, онда неліктен тек 67 миллион қаржы бөліп, қазақ тіліне аударып, несіне әуре болды екен?!

Тегтер: