Қазақ мемлекетін құтқаратын екі құндылық
2022 жылғы «Қанды қаңтар оқиғасы» қазақ қоғамына жалтаруға келмейтін отыз жылда не істедік?
Енді не істеу керек? деген сұрақты қанмен жазып қойды. Қанды сұраққа әділ жауап бермеуге болмайды. Қанағаттанбаса, санадан өшпейді. Қан тілеп тұрады. Бұған Жаңаөзен оқиғасы дәлел. Ол жерден күні бүгінге дейін әділеттілік тілеген аңыраған азалы үн естіледі. Қан жұтқан қайғы көріністің елесі кезіп жүреді. Әрі осы «қанды қаңтар оқиғасының» да осы жерден тұтанғаны кездейсоқтық емес, заңдылық.
Марқұм болған жазықсыз жандарды, табытты құшақтап аңыраған аналарды көргенде, көзіме жас келді. Әсем қала Алматының қираған кескін-келбетін көріп, жүрегім қан жылады. Аққан қан күйреген дүние, тосын өзгеріс санамдағы онсыз да шайқалып талқаны шығуға шақ қалған отыз жыл өмір сүруге болады деген сенімімді тас-талқан етті. Санамды меңдеткен дағдарыстың түйіні тарқатыла бастады.
Тәуелсіз отыз жылда қандай ел құрдық? Бізді отыз жылда әлем таныды мойындады. Шекарамыз шегенделді, Халықтың экономикалық дамуы мен өркениетіне көрсеткіш мақтанудан тұратын бағаға енді ешкім келісе бермейтіні анық болды. Отыз жылда Ресей президенті Владимир Путин риза болатын орыс тілді мемлекет қалыптастырдық. Қазақ тілі қайда? Конституцияға жазылған қазақ тілі мемлекет тілі деген заң қайда? Бұл сұраққа бүгінгі билік енді ашық жауап беру керек. Біз отыз жылда жауап бермейтін билігі бар, жауап ала алмайтын азаматтық қоғамы бар мемлекет құрдық. Жаңаөзенде кім оқ атуға бұйрық берді? Заманбек Нұрқадылов, Алтынбек Сәрсенбай, Дулат Ағаділ қалай өлді? Бауыржан Байбек жемқор емес па? Қ.Тоқаев неге тәуелсіз ақпарат құралдарына ашық сұхбат бермейді? Халыққа қай қызметінен қай уақытта болсын есеп беруге міндетті шенеуніктер не үшін журналистерден қашады? «Еститін үкімет» боламыз дегені қайда? Жауап жоқ. Біз отыз жылда ешкім жауап алуға болмайтын, ешкім тектеу салуға болмайтын тарихи тұлға қалыптастырдық. Билігі халықтың сенімінен айырылған, әділетсіз сайлаумен асқынған қымбатшылықтан ашынған халқы бар, жемқорлықтан жиренбейтін қоғам қалыптастырдық.
Бұған кім жауапты, кім кінәлі? Біз осы сұрақтардың әділ жауабын табуымыз керек. Бүгінгі билік азаматтық қоғаммен ашық диалог жасау керек. Осы сұрақтардың жауабынан қанды оқиғаның түп тамыры табылады.
Кейбір депутаттар демократия деген ұрып, шағу, аузына келгенді айту, қан төгу болса, демократияңа түкіргенім бар деп жатыр. Демократия бұлар емес. Демократия әділ ашық сайлау, ашық саяси бәсекелестік, оппозициялық партиялардың болуы, күшті азаматтық қоғам, жергілікті өзін өзі басқару т.б . Бұлар біздің елімізде бар ма? Жоқ
Қазақ мемлекетін құтқаратын екі ғана құндылық бар: қазақ ұлтының демократиялық санасы мен ұлттың ұйысу қуаты. Біз шешуші кезеңде ұлт болып ұйыса алатындығымызды көрсеттік. Енді демократиялық сананы қалыптастыру қалды. Демократиялық мәдениет бұраң жолдарды басады. Оны тек шектеу емес еркіне жіберіп тәжірибеден өткізу қана қалыптастырады. Бейбіт шеру халықтың басқа амалы қалмағанда, ең соңында айтарын айтатын мінбері. Митингі мәдениетін рұқсат алу, хабарлау сынды басқару жолымен емес, ешқандай талап қоймай, тек қана қызмет өтеу жолымен біртіндеп қалыптастыра аламыз.
Біз барлығымыз мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу керектігін білеміз - айтамыз. Бұл жерде билікке құр сөз емес, айтқанын іске асыратын ниет керек. Нақтылы әрекет, жаңа көзқарас қажет. Бұл жаңа көзқарас бұрынғы «алдымен, экономика — содан соң, саясат» идеясының қате екенін мойындаудан басталады.