QAZAQ TITAN ҚР КОНСТИТУЦИЯСЫ КҮНІ ТИТУЛДЫҚ ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ШЫҒАДЫ

Қазақстандық кәсіпқой боксшы және жалаң жұдырық жауынгері Алмат Жұман кәсіпқой бокстан UBO Continental чемпиондық белбеуі үшін рингке шығады.
Кездесу ҚР Конституциясы күніне орай 30 тамызда Эквадор астанасы Китода өтеді. Отандасымыздың бұл жолғы қарсыласы - boxrec рейтингі бойынша Эквадорда бірінші сатыда тұрған Диего Киноньес.
Кездесу 10 раундқа жоспарланған. Спортшылар супер орта салмақ дәрежесінде жұдырықтасады. Отандасымыз кештің басты қонағы ретінде шаршы алаңға шығады. Бокс кешін ұйымдастырушы - Capital box.
Еске салайық, Алмат Жұман (7-0-0) спорттық мансабында жеңіліс таппаған кәсіби боксшы. Сонымен қатар, Конор Макгрегордың BKFC лигасымен келісімшартқа отырған алғашқы қазақ.
Спортшының негізгі ақпараттық серіктесі және демеушісі Орталық Азия Франчайзинг Ассоциациясы (ОАФА), сондай-ақ Lanzhou мейрамханалар желісі.
ОАФА президенті Гүлбану Майгарина жекпе-жектің маңыздылығын атап өтті.
«Әлемдік аренадағы қазақстандық спортшыларды қолдау – бұл жай спорт қана емес, елдің имиджін ілгерілету. Алмат қазақстандықтардың күшін, мінезін және жігерін бүкіл әлемге көрсетіп жүр”.
Еске салайық, аталған бокс кеші 30 тамыз 16:00-де (Астана уақытымен 31 тамыз, 02:00) басталады.