Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 13 Желтоқсан 2023

«Qazaq universiteti» газетіне – 75 жыл

казну
Фото: из открытых источников

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универсиетінің 90 жылдығы қарсаңында «Qazaq universiteti» газетінің 75 жылдығына арналған «Media University» студенттік сapstone өтті. Мерекелік іс-шараға университет оқытушылары, профессорлар мен газеттің әр жылдардағы бас редакторлары, журналистер, студенттер қатысты. Шара басталар алдын келген қонақтарға «Qazaq universiteti» газетінің 75 жылдығына арналған университет өмірі мен газет тынысына арналған кітап, баспасөз және фотокөрмесі көрсетілді.

Шараның шымылдығын ҚазҰУ басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ләззат Еркінбаева құттықтау сөзбен ашып, газеттің мақсат-міндеттерін сөз етті.

«Qazaq Universiteti» газеті – ҚазҰУ-дың бетке ұстары. Бұл газетте унисерситеттің барлық жетістіктері, мықты тұлғалар туралы естеліктер жарияланып отырады», – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Ләззат Еркінбаева.

Іс-шараға БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов онлайн қатысып, ізгі тілегін білдірді.

«Бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – Қазақстанның ғылымы, саяси өмірі мен экономикасына зор үлес қосатын, еліміздегі жетекші оқу орны. Университет ғылым мен білім берудің халықаралық кеңістігінде лайықты орынға ие болды. Осы университеттегі «Qazaq Universiteti» басылымы студенттерге, оқытушыларға, ғылыми қызметкерлерге әртүрлі саладағы тың ақпараттар жариялауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, көпжылдық тарихы бұл газет оқырмандарды факультеттерде өткізіліп жатқан іс-шаралар мен жаңа оқулықтар, монографиялар, шығармашылық жетістіктермен таныстыруда», – деді Қ.Ахетов.

«Qazaq Universiteti» газетінің алғашқы саны 1948 жылы жарық көрген. Ғасырдың төрттен үш бөлігін артта қалдырған газет алғаш рет «За отличие в учебе» деп аталып, кейіннен ҚазҰУ-дың төл атауын иеленген. Басылымға «Qazaq Universiteti» деген атау берген Сағымбай Қозыбаевтың айтуынша, газет тігінділері шын мәнісінде университет тарихының шежіресіне, студенттердің, оқытушылардың бағындырған белестері туралы жария ететін ұжымдық баянға айналды.

Еліміздің танымал жазушылары, ғалымдары мен журналистері еңбек жолын осы газеттен бастаған. Солардың бірі – «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директордың орынбасары, Алматы қаласы басылымдарының басшысы Думан Анаш.

«Студенттік кезеңде ең алғаш осы газеттен қалам тербеп, мерзімді баспасөздегі алғашқы қадамымызды осы кезеттен бастағанбыз. Сол кезде Бекжан Әшірбаев ағамыз бас редактор болатын. Күн сайын, сабақ арасында редакцияға кіріп, газетке қандай мақалалар шығып жатқанын қарап жүретінбіз. Сол жылдары Бейбіт Сарыбайдың алғашқы әңгімелері «Qazaq Universiteti» газетінде жарияланып, студенттер арасында танымалдыққа ие болған. Барлығы оқып, Бейбітті газет арқылы таныған болатын. Жалпы, бұл газет елге танымал ақын-жазушылар, журналистер, ғалымдардың тырнақ алды туындыларын алғаш жариялаған басылым ретінде баршамызға ыстық », – дейді Д.Анаш.

Іс-шарада «Qazaq universiteti» газетін әр жылдары басқарған Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының профессорлары Сағымбай Қозыбаев, Дандай Ысқақ, Сағатбек Медеубекұлы, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасынан Александр Рожков, Бекжан Әшірбаев және Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы Дәрмен Смайыл өздерінің естеліктерімен бөліссе журналистика тарихында елеулі орны бар Кәкен Қамзин, Молдахан Абдраев, Гүлмира Сұлтанбаева сынды профессор-оқытушылар газеттің мерейтойымен құттықтап, ғұмыры ұзақ болуын тіледі.

Жиын соңында студенттердің «Qazaq Universiteti» газеті туралы дайындаған бейне материалдары, радио бағдарламары мен ғылыми жобалары экраннан көрсетіліп, үздіктері дипломмен марапатталды. Оның ішінде «Ойлайық» зиянкерлік ойынын дайындаған Бағлан Тұрғанбек, «Ғасырмен сырлас баспасөз» деректі фильмін әзірлеген Қосқанат Бауыржан, «Газетте ауйдар көп, қоғамда байқар көп» жарнамалық ролигін паш еткен Саят Төлемістің есімді ерекше аталды.

казну
Фото: из открытых источников

 

Сондай-ақ, газеттің жарыққа шығуына сүбелі үлес қосқан университет оқытушыларына арнайы статуэтка табысталды.

        Шыңғыс Атай