«Қазақша қақпайтын» Қарағанды өңірінің әкімдері тілді меңгеруге неге құлықсыз?

Қарағанды өңірі бүкіл елге көмірімен ғана таныс емес, кеншілер аймағы ежелден «орыстанған» деген атақпен танымал.
Қарағандыда лауазымды тұлғалардың біраз бөлігі мемлекеттік тілді білмей, білгенінің өзі ана тілінде еркін сөйлей алмай шаршы топтың алдына шықса орыс тілінде сұңқылдайды.
Қарағандының екі ірі ауданын ел арасында «қазақша қақпайтын әкім» деген атаққа қалған екі әкім басқарады. Қазыбек би ауданының әкімі Нұрлан Рыстин мемлекеттік тілді білмейді. Осыдан шамамен екі жыл бұрын халық алдында есеп бергенде бұл әкімнен қала тұрғынының бірі неге ана тілінде сөйлей алмайтынын сұраған еді? Сол кезде әкім саспастан «алты айдан кейін мемлекеттік тілде сайраймын» деп уәде берді. Содан бері екі жылға жуық уақыт өтсе де Нұрлан Рыстиннің мемлекеттік тілде көпшілік алдында сөйлегенін әлі ешкім көрген жоқ. Нұрлан Рыстиннің қазіргі уақытта тілді меңгерген, меңгермегені беймәлім.«Ну, жарайды...»Қарағанды қаласының екінші үлкен ауданы Әлихан Бөкейхан атындағы аудан. Жұрт бірнеше жыл шулап жүріп Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхан есімімен атауға былтыр жыл соңында қол жеткізген еді. Осы Әлихан Бөкейхан атындағы ауданның әкімі Мейрам Кожухов та мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын шенеуніктердің қатарынан. Жақында «Senim 109» инстаграмм парақшасы арқылы аудан әкімі тұрғындардың сауалына жауап беру үшін тікелей эфир өткізді. Мейрам Кожуховқа келіп түскен сауалдардың басым бөлігі орыс тілінде болған. Тек екі тұрғын ғана қазақша сауал жолдаған, алайда әкім соның екеуіне де орыс тілінде жауап берді. Үй маңайындағы алаңға орындық қойып беруін сұраған тұрғынға қазақша тілі күрмеліп барып «ну, жарайды в этом году сделаем» деп құтылды.Жалпы айта кету керек, Қарағанды өңірінде қазақшаны білмейтін бірақ, керісінше, ресми тілде еркін сөйлейтіндердің тасы өрге домалап, қызметтік лауазымы тез өседі. Ал орыс тілін білмейтіндерге мемлекеттік органда кедергі көп тәрізді. Мейрам Кожуховтың «Ну, жарайдысы» әлеуметтік желіде көп таралып қызу талқыға түсті. Әлихан Бөкейхан ауданының тұрғыны, қоғам белсендісі Әділет Жағыпар «осындай ана тілінде қақпайтын әкімдерді қанды қаңтарда көре алмадық, өйткені қазақ халқымен ана тілінде сөйлесіп тіл табыса алмайды. Қазақ тілін білмейтін адам ұлт көсемінің есімімен аталған ауданды қалай басқарады?», – деп мәселе көтерді. Әлеуметтік желіде ана тілін білмейтін шенеуніктерге халық наразы пікірлерін білдіруде. Тұрғындар арасында әкім тілді білмесе де жұмыс жайын білетін адам деп жақтағандар да табылды. Қалай десек те, халыққа қызмет ететін шенеуніктер алдымен сол ұлттың тілін түсінуге тырыспаса, жоғын жоқтай алмайтыны сөзсіз.