19:29, 06 Қаңтар 2019
Қазақстан бойынша ең ұзын тау-шаңғы кешені ашылды
Алматы облысы Талғар ауданында сырғанау жолағы бойынша ең ұзақ тау-шаңғы кешені ашылды.
Курортты тау-шаңғы базасы қазір тәулігіне 5 мың келушіге қызмет көрсетуге қауқарлы. Теңіз деңгейінен 1820 метр биіктікте орналасқан курорттың басты екі артықшылығы – Алматы қаласына жақын орналасқандығы және сырғанау жолының ұзақтығы. Трассасы әзірге 13 шақырымды құрайды. Бұл цифр алдағы 2 жылда 40 шақырымға дейін өспек. Бұл туралы ашылу салтанатында облыс әкімі Амандық Баталов айтты.«Біз бүгін заманауи тау-шаңғы паркін ашып отырмыз. 2011 жылдан бері жалпы сомасы 60 миллион АҚШ долларын құрайтын қаржы кетті.Алматы облысына биыл 2 миллионнан аса турист келіп кетті. Өздеріңіз білесіздер, Шарын шатқалы, Көлсай көлі бар. Енді Алматы облысында керемет таңқалатын жерлер көп қой. Соның санын біз осындай туристік орталықтардың арқасында 4 миллионан асырамыз деп жоспарлап отырмыз», дейді әкім.Кешен аумағында 15 жолақ бар. Әлгі айтылған 13 шақырымның өзі бастан-аяқ тарам-тарам болып бөлініп кетеді. Кәсіпқой шаңғышыларға арналған күрделі еңістер мен әуесқойларға, енді үйреніп жүрген шаңғышыларға арналған жатаған келетін сырғанау жолдары бар. Осында жүрген курорт қызметкерінің (кәсіпқой шаңғышы, жедел жәрдем қызметін атқарады) айтуынша, өзі (аты Кирилл болу керек) барлық биіктіктерден түсіп көрген. Аса қорқынышты емес, дегенмен, қар түссе байқап көруге болатын тік құламалар бар. Биыл қар аз түскендіктен, әзірге ондай жерлерден сырғанау мүмкін болмай тұрған көрінеді. Әрине, база әкімшілігі мұндай тік құламаларға арнайы жол салмайды, дегенмен, өзіне сенімді кәсіпқойлар үшін ондай ыңғайлы жерлер де керек. Біз көргеннің өзінде арнайы жолақтан шығып, өздері жол салып жүрген бірнеше шаңғышыны көрдік. Рас, қардың жұқалығы көрініп қалады. Жолақтың қауіптілеу аймақтары қар ұстамайды, топырағы шықпаса да мұзға айнала бастаған, тайғанақ айналмалар ұшырасып қалады. Әлі аяқталмағанын ескерсек, база қожайындары аспанға қарап, қар күтіп отыра бермес деп ойлаймыз.Курортта шаңғы және скейтборд жолағынан бөлек үрлемелі баллондармен сырғанауға да мүмкіндік бар. Балаларға арналған шағын алаңдар мен жаппай сырғанауға арналған үлкен жолақтар. Екі нүктеден қатынайтын 4 шақырымдық аспалы жол бар. Сонымен қатар, үйренем деушілерге арнайы оқу орталығы қарастылырылған. Бұл тек үйретіп қана қоймай, тау-шаңғы спортымен түбегейлі айналысам деген талапкерлерді тәрбиелейтін орталық болмақ. Және демалыс аймағына дейін арнайы автобус қатынайтын болады.Тағы бір айта кетерлігі, шаңғы жолақтары қысқы маусымды аяқтаған соң, жаздық маусымын ашпақ. Жазда тау велоспортына арнап жұмыс істемек. «Ой-Қарағай Лесная сказка» курортты кешенінің қазіргі аумағы 85 га. Ал, кешенге дейінгі мемлекеттік маңызы бар жолды жөндеуді облыс әкімдігі өз міндетіне алып, 497 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізіпті.Ашылу салтанатында «Ой-қарағай Лесная сказка» жобасына қаржы құйған отандық инвестор, «Лесная сказка-Апорт Ақ-Тас» компаниясының презиеденті Ерлік Балфанбаев сөз сөйлеп, келушілерге және осы іске қолдау білдірген бірнеше адамға алғыс айтты.Ашылу құрметіне орай бұл күні келушілерге барлық қызмет түрлері тегін көрсетілді. Ал, бұдан былайғы бағасы Алматы маңындағы өзге тау-шаңғы кешендерінен 2 есе арзан.Фото: zhetysu.gov.kz