Қазақстан қартайып барады -әлеуметтанушы
Қазір «қазақ ғылымы қартайып барады» дегенді де жиі естіп жүрміз. Деректерге жүгінсек, расымен де, біздің қазақ ғылымында еңбек етіп жүргендердің дені – 60-70 жасты құрайтындар екен.
Ал мұндай құбылыстардан қазір әлем ғалымдары қорқатын болған. БҰҰ-ның өкілдері «бұл үрдіс мемлекеттің қартайып елде адам капиланың дамымай қалуына апарып соқтырады» деп отыр.
Сарапшылардың пайымдауынша, кез келген мемлекетте адам капиталы 60 пайыздық межеге жеткенде ол мемлекет өзінен-өзі дамымақ. Ал бұл тұрғыда біздің көрсеткішіміз қандай?! Адам капиталын дамыту мақсатында отандық идеялар легі қалай жасақталуда?! 60 пайыздық межені бағындыруға ықылас-бейіліміз қаншалықты?! Осы сауалдарға жауап іздегіміз келген. Бірақ тапқанымыз көңілімізді аса көншіте қоймады. Мәселен, адами капиталды дамытудағы ең бірінші қадам, ол – адамның өмір сүру ұзақтығы және мемлекеттің жас ұрпақпен толығып отыруы. Сауатты адам капиталын жасау үшін ең маңыздысы – осы. Біздегі адам өмірінің ұзақтығы жайында ұлтымыздың денсаулығына жауапты денсаулық сақтау министрлігі: «Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 2018 жылы – 69,01 жас, 2019 жылы 69,6 жасқа артып, 0,59 жылға өсіп отыр», – дейді. Ресми мәліметтер бойынша Қазақстандағы 65 жастан асқан тұлғалар саны 1,1 миллион адамды немесе тұрғындардың жалпы санының 7,14 пайызын құрайды. Ең қызығы сол, БҰҰ сарапшылары Қазақстанды тез қартаюшы мемлекеттер қатарына жатқызады. Олардың болжамы бойынша 2050 жылы республика тұрғындарының 25 пайызын қарт адамдар құрайды. Ал мамандар «расында да қартаюшы мемлекет болудан қорыққан абзал» деседі.
Бұл ретте бізге пікір білдірген әлеуметтанушы Айдар Бекмұхамтеов былай деді:
– БҰҰ тегіннен-тегін Қазақстанды қартаюшы мемлекеттердің қатарына қосып отырған жоқ. Қазақстан қартайып барады. Бұл рас. Ресурстық қоры мол Қазақ елі үшін адам капиталын сауатты қалыптастыру идеясының бір бөлігі – бала туу көрсеткішін көбейту. Егер БҰҰ мамандары болжап отырғандай, 2050 жылы елімізде қарттардың көрсеткіші 25 пайызға жетсе, онда бұған шынымен алаңдауымыз керек. Қарттық деңгейінің өсуі мемлекетімізде еңбекке қабілетті адамдардың көрсеткішінің төмендеуіне апарып соғады. Мысалы, қазірде біз «қазақ ғылымы қартайып барады» дегенді жиі айтамыз. Расымен де, біздің қазақ ғылымында еңбек етіп жүргендердің дені – 60-70 жасты құрайтындар. Ғылымда жастардың қарасы тым аз. Біз үшін қай салада болсын жастардың жасақталуы өзекті. Бұл адам капиталының сауатты қалыптасуына оң ықпал етеді. Біздің мемлекетімізде жастардың қарасы өсер болса, онда елімізде еңбек белсенділігі, білім алуға деген құлшыныс, іскерлік қарым-қатынастардың нығаюы артады. Демек, қарттардың орнын үнемі жастар басып отыратын болса, бұл да – бір құндылықтың сақталуы іспетті дүние. Сондықтан нақ қазір біз үшін жастардың еңбекке, саясатқа, ғылымға араласуына жағдай жасап, жастардың өмір сүруін жақсартқан жөн.