Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:17, 02 Маусым 2022

«Қазақстан Темір Жолы» өлімге селт етпей ме?..

None
None

Ажал апанына айналған теміржолдан зардап шеккен Жаңаарқа жұрты биліктен көмек сұрайды.

Алайда шенеуніктер оларға көмек қолын созуға асығар емес.

Жаңаарқа ауданы тұрғындарына теміржол маңайының нағыз қауіптің ортасына айналғанына бірнеше жыл болды. Жұрт жұмысқа, балабақша мен мектепке бару үшін теміржол аумағынан өтеді. Үнемі ұзыннан ұзақ созылып тұрып алатын пойыз вагондары мұндағы халыққа әбден бейнет болды. Жаяу жүргіншілерге арналған бір ғана жолды көбінесе вагондар жауып, ұзақ уақыт тұрып алады. Тоқтап тұрған пойыздың астымен өтіп кетемін деп бірнеше адамның өмірі қиылған. Жаңаарқалықтар адам өміріне қауіп төнген қайғылы жағдайдың бұл жерде жиі болатынын айтып биліктен жылда көмек сұрайды. Ал жақындары пойыздың астына түсіп қайтыс болғандар мен мүгедек болып қалған жандардың туыстары «Қазақстан Темір Жолы» АҚ компаниясымен соттасқанмен олардан көп жағдайда жеңіліп қалады. Зардап шеккендер соттан мардымсыз өтемақы алады. Жаңаарқа тұрғыны Бақытгүл Сәрімбаеваның 31 жастағы бауыры осыдан екі жыл бұрын теміржол құрбаны болған. Марқұм Дүйсен Зейденовті жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқанда пойыз қағып кеткен. Оның артында бір жастан асқан жалғыз баласы қалыпты. Бүгінде баласы кәрі шешесінің қолында екен. Бақытгүл Сәрімбаева екі жылдай «Қазақстан Темір Жолы» АҚ мен соттасқан. Ақыр соңында сот 1 млн 800 мың теңге өтемақы кесіп берген.«Адамның құны компания үшін бір екі миллион ғана болғаны ма? Олар менің бауырымды ішімдік ішті деп жала жауып отыр. Ешқандай сараптама оның арақ ішкенін дәлелдеген жоқ. Ол өзінің ұлын, өмірді жақсы көрген жас еді, қыршын кетті. Артында қалған жалғыз баласына бір бөлмелі пәтер берсе деп те үміттендік. Бірақ сот осынша аз ақша кеседі деп ойламадық. Біз жоғарғы сотқа дейін бардық, әлі де болса тоқтамаймын, әділдік болуы керек қой», – деп, қынжылады марқұмның әпкесі Бақытгүл Сәрімбаева.Жаңаарқадағы қайғылы жайттың арасына жыл салып қайталануына «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының да, биліктің де еті үйреніп алған тәрізді. Жергілікті әкімшіліктің теміржол үстімен аспалы көпір саламыз деп уәде беріп келе жатқанына екі-үш жыл болып қалды. Теміржол саласының мамандарына осы сауалмен хабарласқанымызда олар мәселені жергілікті билікке сілтеді. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148-II Заңының 31-бабы 7-тармақшасына сәйкес қосымша жаяу жүргіншілер өткелдері мен жол өтпелерін салу жергілікті атқарушы органдар құзыретіне жатады.Жаңаарқа ауданының әкімдігінде Қарағанды облысының Жаңа-Арқа стансасы бойынша жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы жоспарланған. Әзірленген жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтуде», – деп мәлімдеді «Қазақстан Темір Жолы» АҚ баспасөз қызметі.Ал Жаңаарқа ауданының әкімдігі болса сараптамадан қашан хабар болатыны жайында ақпарат бермеді. Осылайша халық үшін қасіретке айналған теміржол мәселесі шешілмеген күйде қалды.

Тегтер: