#Qazaqstan30: Алматы облысы спорт сауықтыру кешендерін бойынша республикада бірінші орында
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алматы облысының Нарынқол ауылында спорт кешені ашылды.
Бір мезетте 180 бала жаттығатын нысан «Шекаралық аймақты дамыту» және «Бұқаралық спортты дамыту» бағдарламасы аясында салынды. Оған жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалды. Жаңа спорт кешеннің ашылғанына, әсіресе, балалар қуанышты. Өйткені олар енді ескі кинотеатр ғимаратында емес, арнайы жабдықталған кең әрі жарық залда жаттығады. Ибрахим Ысқақбек, еркін күрестен ҚР чемпионы:
– Жаңа зал болса екен деп бұрыннан армандайтынбыз. Енді соған жеттік. Енді осы жерде жақсылап күресеміз.
Спорт мектебі директорының орынбасары Жанат Керімбаевтың айтуынша, бұрын бір ғана зал болған, екі жаттықтырушы бір күн залда, бір күн далада кезектесіп істейтін еді. Қазір енді 30-40 бала бір мезгілде жаттыға алады. Нарынқолдық оқушылар осыған дейін спорт мектебіндегі үйірмелерге қатысып келді. Ал ауыл жастарының шынығатын жері болмаған. Енді олар да осы кешенге келіп футбол, волейбол ойнай алады. Емін-еркін жаттығу жасайды. 4800 шаршы метрлік нысанда барынша қолайлы жағдай жасалған.
Нұрбақыт Теңізбаев, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: – Әр спорт түрлерінен штаттар арнайы беріліп отыр. Футбол, волейбол спортына үлкен мүмкіндік жасалып жатыр. Бұл деген біздің облыс әкімі тарапынан үлкен қолдау деп білу керек.
Ардақ Назаров, Ережесіз жекпе-жектен екі дүркін әлем чемпионы:
– Бүгінгі балалар бақытты. Мынандай зәулім спорт кешенінде. Алдыға үлкен мақсат қойып, еңбек еткен жағдайда ғана болашақта үлкен елдің намысын көтеретін азаматтар шығатынына мен сенемін, — дейді.
Алматы облысы спорт сауықтыру кешендерін салу бойынша республикада бірінші орында. Бұған дейін мұндай нысанның өңірде он екісі бой көтерген болатын. Биыл тағы бесеуін ел игілігіне беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ бүгін Наурызбай облысы әкімдігінің мәжіліс залында он оқушы қоян-қолтық ұрыс пен ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаровпен кездесті. Қалған тілек білдірушілер спортшыға @akimat_nauryzbai_audany Instagram парақшасында эфир режимінде сұрақтар қоя алады.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Осы жылдар ішінде Ардақ Назаров жеңіске жетіп, белсенді жаттығу процесін жүргізіп, әлемдік беделді жарыстарға қатысты. Оның жеңістерінің арқасында бүкіл әлемде Қазақстан қоян-қолтық және ММА жекпе-жектерінің ұстасы ретінде танымал болды.
Спортшы Отанға адалдық туралы, оның жеңістері, табандылығы, ерік-жігері және үлкендерге құрмет туралы айтты. Ардақ Назаровтың айтуынша, мемлекеттің болашағы жастардың қолында. Бүгінде әлем чемпионы көпшілікке үлгі. Әр кездесуде ол жастарды мақсатына жету жолында аянбай еңбек етуге, үлкендерді сыйлауға, өз Отанын сүюге және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.
Ардақ Назаров өзінің спорттық қызметін 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі таңында грек-рим күресі секциясынан бастаған болатын. Ол өзінің бүкіл спорт жолында жақсы нәтижелерге қол жеткізді және көптеген спорттық жарыстардың тұғырында Қазақстанның туын көтеріп, грек-рим күресі, джиу-джитсу және панкратион бойынша облыстық, аймақтық және республикалық жарыстардың жүлдегері болды.
Сонымен қатар, естеріңізге сала кетсек, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жерұйық мекен Алматы облысында «Жетісу» футбол клубының құрылғанына 40 жыл толуына орай сәуірде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері клуб ардагерлері мен үздіктерін марапаттады.
Салтанатты шара барысында сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының Нұрбақыт Теңізбаев «Жетісу» футбол клубының өңір спортын алға сүйреуде, жасөспірімдердің салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортқа деген ықыласын оятуда өзіндік маңызды рөл ойнағанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ел егемендігімен тұспа-тұс келген айтулы «датаның да» тегін емесін, «Жетісу» командасы тәуелсіздікпен бір жасасып, әлі де биік белестерді бағындыратынына сенімді екенін жеткізді.
Мерейлі мереке кезінде басқарма басшысы футбол клубының ардагер-ақсақалы, «Жетісудың» әр ойынын көрерменге тәмпіштеп жеткізген диктор, сатидонның экс-директоры Геннадий Мишенконы «Алматы облысы спорт саласының үздігі» төсбелгісімен, өзге футбол клубы ардагерлерін құрмет грамотасымен марапаттады. Мұндай құрметте сала ардагерлері басқарма басшылығына алғысын білдіріп, өңір спортын алға ілгерілетуде әлі де елеулі еңбек етіп, жас спортшыларды биік белестерге шығаруда аянып қалмайтынын жеткізді.
Жалпы, ел беделін әлемдік деңгейде көтеруде спорт саласының, спортшылардың еңбегі ерен екенін барлығымыз білеміз. Сондықтан да әр облыс осы салаға, жас ұрпақтың спорт бағытында да дамуына үлес қосып жатқаны маңызды шара болып саналады.