Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:54, 12 Қараша 2021

#Qazaqstan30: Облыс қарқынды дамып келеді

None
None

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық коммуникациялар алаңында баспасөз мәжілісін өткізді.

Брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы аясында Алматы облысында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Сондай-ақ, облыс әкімі журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

– Биыл барша қазақстандықтар үшін айрықша жыл – ел Тәуелсіздігіне 30 жыл! Осы мерейтойлық күнге Алматы облысы жақсы нәтижелермен жетті. Мәселен, жалпы өңірлік өнім көлемі 35 млн теңгеден 3 трлн 700 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Өнеркәсіп өнімін шығару 9,5 млн теңгеден 1 трлн 200 млрд теңгеге дейін өсті. Ал ауылшаруашылығының жалпы өнімі биыл 1 трлн теңгеден асады, – деп бастады сөзін Амандық Ғаббасұлы.

Ары қарай облыстың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы баяндалды. Облыс әкімінің айтуынша, 30 жыл ішінде 14,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бюджетке түсімдер 11 млрд теңгеден 742 млрд теңгеге дейін өскен. 30 жылда облыс экономикасына 6,5 трлн теңге инвестиция салынған. Бұл Елбасының тапсырмасына сәйкес қабылданған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының арқасында жүзеге асқан.

Амандық Ғаббасұлы өңірдегі өнеркәсіптерге тоқталып, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Мәселен, ағымдағы жылы мемлекеттік қолдауға 50 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген, оның ішінде, 43 млрд теңге субсидия есебінен болған.

– Облыста ауыл шаруашылығы дақылдары алқабы 972 мың гектарға жеткізілді, оның ішінде қант қызылшасы – 16 мың, жүгері – 95 мың, картоп – 40 мың гектардан асты. Біз 2025 жылға дейін қант қызылшасы алқабын 53 мың гектарға дейін ұлғайту есебінен өндіріс көлемін екі миллион тоннаға дейін жеткізу жөнінде ауқымды міндет қойып отырмыз. Ол үшін жалпы өңдеу қуаты жылына 1 млн 100 мың тоннаға дейін баратын Көксу және Ақсу қант зауыттарын жаңғырту жоспарлануда, – деді Амандық Баталов. Сондай-ақ, 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайту туралы елбасы мен президент жолдауындағы тапсырмалар аясында облыста 138 мың гектарды қалпына келтіру жоспарлануда.

Соңғы үш жылда айналымға 39 мың гектар бұрын шығып қалған суармалы жер тартылды. Ағымдағы жылы 14 мың гектарды қалпына келтіру үшін 6,3 млрд теңгеге ирригациялық құрылыстарға күрделі жөндеу жүргізілуде. Ислам даму банкі есебінен Ескелді және Ақсу аудандарында суару желілерін қайта жаңарту жалғасуда.

Өткен жылмен салыстырғанда мал мен құс саны орта есеппен 2 пайызға өсті. Мал қыстауы үшін облыс жем-шөппен толық қамтамасыз етіліп, 5,3 млн.тонна азық дайындалды. Маңғыстау облысының зардап шеккен фермерлеріне гуманитарлық көмек ретінде 54 вагон шөп жіберілді.

Барлығы 117 мал бордақылау алаңы (74,1 мың бас) және 84 сүт-тауар фермасы (26,1 мың бас) жұмыс істейді, соның есебінен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72 пайызға, сүт зауыттары 85 пайызға жетті.

Агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнімдерінің экспорты 25 пайызға өсіп, 97 млн АҚШ долларын немесе жалпы агроөнеркәсіп кешені экспортының 73 пайызын құрады. Жыл соңына қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі алғаш рет бір триллион теңгеден асады.

Осындай жетістіктерді баяндап шыққан облыс әкімі кәсіпкерлік, бағаны тұрақтандыру, қымбатшылықтың алдын алу тақырыптарында да сөз қозғады. Сонымен бірге, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары, жұмыспен қамту, тұрғын үй құрылысы, су жүйесі, жылу қазандықтары, автомобиль жолдары бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері айтылды. 

– Экономикадағы тұрақты өсу, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және қабылданған әлеуметтік қолдау шаралары халықтың табыс деңгейін сақтауға, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге (4,8 пайыз) мүмкіндік берді. «Еңбек» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 60 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қамтылды. Әлеуметтік көмекті жалпы сомасы 10,3 млрд теңгеге 251 мың адам алды, – деді Алматы облысының әкімі.

Өз сөзінде ол үшауысымды мектептердің санын азайту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер» секілді мемлекеттік бағдарламалар, денешынықтыру-сауықтыру кешендері, Талдықорғандағы жүзу бассейні, басқа да құрылыс нысандарының жай-күйі айтылды. Облыс әкімі қауіпсіздік шараларын да сөз етті.

– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4,7 млрд теңге бөлінді. Қосымша 250 бейнебақылау камерасы орнатылды. 154 қызметтік автокөлік сатып алынуда. Тұрғын үймен біріктірілген төрт учаскелік полиция пункті салынды. 16 жаңа өрт сөндіру бекеті құрылды, – деген Амандық Ғаббасұлы жыл соңына дейін барлық міндеттемелер орындалатынын тілге тиек етті.

Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Алматы облысында алдағы жылдары 115 мектептің іргетасы қаланады. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында үш ауысымдағы оқыту проблемасын шешу үшін 2021-2025 жылдары 115 мектеп салуымыз керек. Биыл жоспарланған 17 мектептің 5400 орынға арналған 12-сі пайдалануға берілді. Оның ішінде алтауы жеке мектеп. Жыл соңына дейін қалған бесеуі тапсырылады», – деді А.Баталов орталық коммуникациялар қызметінде. Оның айтуынша, 137 мектепке қатысты жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр, бұл жұмыстарға 11,3 млрд.теңге қарастырылған. «Жыл басынан бері 9590 орынға арналған 135 балабақша ашылды», – деді әкім.

Сондай-ақ, брифинг барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Кербұлақ ауданында жүк тиегіштің күрегіне отырып алған әйелдің видеосына қатысты түсінік берді. «Сарыөзекте әйел адамның жүк тиегіштің күрегіне мініп алған видеоға тоқталсам, кейіннен бұл жағдайды «Алматы облысында көмір тапшылығынан адамдар осындайға барып жатыр» деп таратты. Осы оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі анықтадым. Аталған әйел ол жерде бұрыннан жұмыс істейді екен, бизнеспен айналысады. Оның үш жүк көлігі бар және сол жерден алған көмірге ақшаны үстемелеп қосып, тұрғындарға қайта сатады», – деді А.Баталов орталық коммуникациялар қызметінде. Осы орайда ол салық органдары мен полицияға тиісті тапсырма бергенін айтты. Олар көмірді алып-сатумен айналасып, осылай табыс жасап жүр. «Нәтижесінде, көмір тапшы деп көрсетті. Сол күні бізде 10 вагон жүкті түсіруге келді, ал 20-сы жақындап қалған еді. Бізде әр вагон нөмірленген, әкімдік адамдары оны ерекше бақылауда ұстап тұр», – деді облыс әкімі.

Еске сала кетейік, Кербұлақ ауданында көмір алуға келіп, жүк тиегіштің күрегіне мініп алған әйелдің видеосы желіге тараған болатын. Ол көмірді жүк көлігінің бортына төгіп жатқанда да тиегіштен түспеген.

Брифинг барысында ауылшаруашылық саласының даму барысы да сөз болды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жыл соңына қарай Алматы облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі алғаш рет бір триллион теңгеден аспақ. Биылғы жылы мемлекеттік қолдауға 50 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, оның 43 млрд теңгесі субсидияға бағытталды. Мұндай шаралармен өңірдің 15 мың шаруашылығы қамтылған. Бұл жайлы Нұр-Сұлтан қаласы президент жанындағы ОКК алаңында өткен брифинг барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.

Спикердің сөзіне сүйенсек, облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 972 мың гектарға жеткізілді, оның ішінде қант қызылшасы – 16 мың, жүгері – 95 мың, картоп 40 мың гектардан асты.

– Ауыл тұрғындарының табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту шаралары қабылдануда. Біз 2025 жылға дейін қант қызылшасы алқабын 53 мың гектарға дейін ұлғайту есебінен шикізат өндірісі көлемін екі миллион тоннаға жеткізу жөнінде ауқымды міндет қойып отырмыз, – деп атап өтті облыс әкімі.

Ол үшін Көксу және Ақсу қант зауыттарын жаңғырту арқылы олардың жалпы бір жылдағы өңдеу қуатын 1 млн 100 мың тонналық деңгейге жеткізу жоспарланған.

Алматы облысында дәрігер жетіспеушілігі мәселесін болдырмау үшін медицина қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Мәселен, жыл басынан бері оларға 127 пәтер берілген, жыл соңына дейін тағы 64 дәрігер баспана алады. Бұл жайында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Нұр-Сұлтан қаласында өткен брифинг кезінде айтып берді. Әкімнің айтуынша, денсаулық сақтау саласында биылғы жылы үш ауылдық дәрігерлік амбулатория іске қосылды, ал жалпы барлығы жеті нысан салынуда.

Облыс әкімі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының елді мекендерді көркейтуге тиігізіп отырған оң әсеріне де тоқталып өтті. Аталмыш бағдарлама аясында төрт ауылдық мәдениет үйі жөнделген, үш саябақ ашылған, Талдықорған қаласы мен Үштөбе теміржол вокзалының жанындағы скверлер абаттандырылған.

«Алматы облысында спорт саласы бойынша 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, соның екеуі биыл Балқаш және Райымбек аудандарында пайдалануға берілді», – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Спикер Елбасының 100 спорттық кешен салу туралы тапсырмасына орай және бұқаралық спортты дамыту мақсатында қолданысқа берілген 13 ДШО-ға қосымша тағы төрт дене шынықтыру–сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Астана күнінде Талдықорған қаласында Орталық Азияда теңдесі жоқ жабық жүзу бассейнін аштық. Қазір мұнда 1126 бала жүзумен айналысады, қосымша тағы 2 мың бала қабылданады. Бассейн салу – әлеуметтік нысандар құрылысындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігінің жемісі», – деді А. Баталов.

Өз сөзінде спикер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4,7 млрд теңге бөлінген. 154 қызметтік автокөлік сатып алынуда, қосымша 250 бейнебақылау камерасы орнатылды, тұрғын үймен біріктірілген төрт учаскелік полиция пункті салынды, 16 жаңа өрт сөндіру бекеті құрылды.

Биылғы жылы тағы 13 елді мекенді газға қосу арқылы тұрғындардың көгілдір отынға қолжетімділігі 61 пайызға жетеді. «Атмосферадағы шығарындылар деңгейін азайту үшін елді мекендерді газдандыру және жылу көздерін газбен жылытуға ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен жылы біз облыс халқының 59%-інің, яғни 1,2 млн. адамның газға қол жеткізуін қамтамасыз еттік. Биыл тағы 13 елді мекенді қосу арқылы бұл көрсеткішті 61 процентке жеткіземіз», – деді өз сөзінде А. Баталов.

Спикердің айтуынша, өткен жылы Талдықорған және Қапшағай қалаларында үш қазандық газға ауыстырылған, биыл Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданында тағы үшеуі ауыстырылып жатыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 101 көппәтерлі тұрғын үй үшін 31 блокты-модульді қазандықтар орнатылуда, бұл жұмыс келесі жылы толығымен аяқталады. Бұл ретте Талдықорған қаласының экологиясын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен газбен жүретін 55 жаңа автобус сатып алынып, қала маршруттарына шығарылғанын айта кеткен жөн. Оған 2,3 млрд.теңге бөлінді.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша,  Алматы облысында 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, онда 269 мың адам жұмыспен қамтылған. Амандық Ғаббасұлының айтуынша, өткен 9 айда бюджетке 144 млрд теңге түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1,8 есе артық. Қолданыстағы бағдарламалар аясында 3 мыңнан астам кәсіпкерге 26 млрд.теңге сомаға қолдау көрсетілді.

«Жыл қорытындысында шағын және орта бизнес субъектілері шығарған өнім мен көрсеткен қызмет көлемі екі трлн. теңгеге жетеді, ал олардың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі өткен жылғы 32,4 пайыздан 34,3 пайызға ұлғаяды. Осылайша, мемлекет басшысының 2025 жылға қарай 35 пайызға жетізу туралы тапсырмасын біз келесі жылы орындаймыз», – деді өз сөзінде А.Баталов.

Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері облыс әкіміне оффлайн және онлайн форматта сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды. Алғашқы болып ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінен Маржан Бақытқызы сауалдар жолдады.

– Ел тәуелсіздігінің отыз жылдығы Алматы облысы үшін не берді? 30 жылдықта ауыз толтырып айтатын қандай жетістіктеріңіз бар?

– Жетістіктеріміз өте көп. Елбасы бастамалары мен бағдарламаларының арқасында, Мемлекет басшысының сол істі жандандырып, жалғастыруының нәтижесінде көптеген шаруа атқарылды. Атап айтар болсақ, осы 30 жылдықтың ішінде жолдар жасалып, ауызсу құбырлары тартылды, мектептер, ауруханалар салынды. Өткен жылдың өзінде 60000 жұмыс орнын аштық. Көптеген инвестициялық жобалар жүзеге асты. Алматы облысы аграрлық өңір, осы бағытта да бірқатар істер атқарылды. Талдықорған облыс орталығы болғанға дейін жылу, жарық, ыстық су, суық су болмай қиын кезеңдерді бастан өткерді. Халықтың саны 98 мыңнан 200 мыңға жетіп, қазір заманауи қалаға айналды.

– 19 миллионыншы тұрғынның Алматы облысында дүниеге келгенін білеміз. Халық санының артуымен үй кезегіне тұратындар қатарының көбеюі, үшауысымды мектептер мәселесі туындайтыны рас. Бұл сұрақтар қалай шешімін табуда?

– Біз халық тығыз қоныстанған облысқа жатамыз. Халық санағына дейін облыс тұрғындарының саны 1 млн. 100 мыңды құрады. Жыл сайын жаңа мектептер салып, үшауысымдық мәселесін жоюға тырысқанымызбен халық санының жыл сайын артуына орай бұл мәселені түбегейлі шешу мүмкін болмай жатыр. Бір жылда 34 мектепті пайдалануға берген кезіміз де болған. Оның жартысы үшаусымды мектептер қатарын азайтуға бағытталды. Қазір біз бұл мәселенің алдын алу үшін мектептерді бұрынғыдай 1200 орынға емес, 1500 балаға лайықтап салып жатырмыз. Оған екі нәрсе әсер етуде. Біріншіден, бізде жыл сайын өмірге келетін балалардың саны өсіп, оқушылардың қатары 20 мыңға артуда. Екіншіден, ішкі көшіп-қону нәтижесінде Алматы аймағындағы аудандарда тұрғындардың қатары көбеюде. Пәтер кезегінде тұрған 54 мың тұрғын бар. Бұл мәселені шешу үшін жыл сайын 1 млн. шаршы метр пайдалануға берсек, кем дегенде соның 250-300 шаршы метрін үй кезегінде тұрғандар үшін саламыз. Осылайша бұл мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Оған жыл сайын кезек бойынша үй алып жатқандар қатарының артуы дәлел.

Айжан ЖАЙЛАУБАЕВА, «Литер КZ» журналисі: – Талдықорғанда газ арқылы жүретін жаңа автобустардың қолданысқа берілгені белгілі. Бұл арқылы қалалық автопарктің мәселесі түбегейлі шешілді ме?

– Сатып алынған 55 автобус бұл мәселені толықтай шеше алмайды. Бірақ, жыл сайын жаңа автобустар алу арқылы бұл мәселені шешеміз деп ойлаймын. Мен облысқа әкім болған кезден Талдықорған қаласында әдемі автобустар жүргенін қаладым. Қазір Талдықорған халқы 200 мыңға жеткен жаңа, әсем қала. Онда жүретін автобустар да осы деңгейге сай болу керек.

– Өткен брифингте туризмді дамыту бағытында Үшарал әуежайы «Боинг» сынды үлкен ұшақтарды қабылдайтын болады деп айтып едіңіз. Қазір әуежайға қайта жаңғырту жұмысы жүргізілді ме?

– Бұл тұрғыда Үкімет енді ғана қолдау көрсете бастады. Біз жобалау-сметалық құжаттарын әзірледік. Қазір Алакөлді дамыту жұмысы Көктұма, Ақши ауылдары тұсында жақсы жүргізіліп жатыр. Үшаралға біз жаңа терминал қойдық, Бірақ ұшып-қону алаңы шетелдік компаниялар мен «Боинг» сынды ұшақтарды қабылдауға әлі дайын емес. Бізге қаржының алғашқы бөлігі 4,7 миллион теңге бөлінді. Жұмыс жақсы жүріп жатыр. Келер жылы шомылу маусымы ашылғанға дейін бұл жұмысты аяқтасақ деген жоспарымыз бар. Қазір Үшаралға Астанадан ұшақтар қатынайды. Ресейдің Омск, Томск, Новосибирск өлкелерінен де ұшақпен ұшып келіп демалып қайту мүмкіндігі жасалса деген ұсыныстар түсіп жатыр. Біз әуежайдың халықаралық талапқа сай болуы үшін барлық жағдайды жасаймыз.

Максим ГРИГОРЬЕВ, «СТВ» телеарнасының тілшісі:

– Сіз баяндамаңызда Алматы облысы трансұлттық компаниялардың жобаларын жүзеге асыратынын айттыңыз. Өңірдің одан басқа да қандай жоспарлары бар?

– Біздің облысымызда 1,3 млн. бас ірі қара мал, 4,5 млн. бас қой-ешкі бар. Бірақ, сапалы қайта өңдеу ісін өз деңгейінде жүзеге асыра алмай отырмыз. Қазір жүз жылдық тарихы бар «Бауман» атты неміс компаниясымен жұмыс жасап, «Жетісуқой» атты бірлескен кәсіпорын аштық. Біз оларға жер телімін бөліп, инфрақұрылым жүргіздік. Жоба аяқталуға жақын, сараптамадан өткен соң жұмыс басталады. Ол арқылы шикізатты емес, өндірілген өнімді Қазақстан атынан экспортқа шығаруды көздеп отырмыз. Бізде ет өңделеді, бірақ шетелге шығару талабына сай келмейді. Сондықтан да ет өңдеуде жүз жылдық тарихы бар «Бауман» компаниясының тәжірибесін меңгеру қажеттігі туындап тұр. Сондай-ақ, балық өңдеу мақсатында «Арна» индустриялық аймағында 67 млн. теңгелік зауыт құрылысын бастадық. Онда өндірілген өнімнің 50 пайызы экспортталатын болады. Бұдан басқа да осы сынды бірқатар жобаларымыз бар.

Айнұр ҚАПЫШЕВА, «СТВ» арнасының тілшісі: – Талдықорғанда олимпиадалық жүзу бассейні ашылды. Оған қарапайым халық бара ала ма? Оның қызметі тұрғындарға қолжетімді ме?

– Азияда теңдесі жоқ деген баға берілген бассейнімізде бүгінгі таңда 1200-дей бала жаттығады. Қарапайым халыққа да қолжетімді болсын деген мақсатта кешкі 6-дан түнгі сағат 10-ға дейін суда жүзіп, жаттығуға мүмкіндік жасалған. Кез-келген адам отбасымен немесе жеке өзі келіп бір күндік немесе бір айлық абонемент алып суға түсе алады. Шындығында бассейніміз өте жақсы, болашақта осы жерден Олимпиада чемпиондары шығады деп ойлаймыз.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ, «Қазақстан» Ұлттық арнасының журналисі:

– Алматы облысында ауылшаруашылығымен айналысатын нысандарды техникамен қамту көрсеткіші жоғары екенін білеміз. Алдағы уақытта сервистік дамыту орталықтарын қай бағытта құрасыздар? Сондай-ақ, Президент су шығыны көп өндірістерден арылуымыз керек екенін айтқан еді. Облыста күріш өсіру алқабының су шығыны қаншаға азайды? Сіз өткен жылы күріш өсіру алқабын жаңғыртамыз деп едіңіз. Оған қажеттілік бар ма?

– Қызылша, жүгері, картопты қалпына келтіруді қолға алғанымызда жеке шаруа қожалықтарын заманауи үлгідегі техникамен қамтимыз деп уәде бергенбіз. Оған 11 миллиардтан астам қаржы бөліп, техникаларды лизингке алып бердік. Жалпы екі сервистік орталық ашу ойымызда бар, ол үшін өткен сессияда қаржы бөлу мәселесі қаралды. Екінші сауалға келер болсақ, Балқаш ауданында Кеңес Одағы кезінде 10 мың гектар жерге күріш егілетін. Қазір су жетпеу салдарынан оның көлемі 7-8 мың гектарға азайған. Содан маған су жүйелерін тазаласақ су көп келген соң егістік көлемі көбейеді деген ұсыныс айтылған. Соған орай күріш алқабын кеңейтуді қолға алудамыз, демек оны азайтпаймыз. Ал, Қаратал ауданында 2-3 мың гектар күріш алқабы бар. Оны қызылша алқаптарымен алмастырып жатырмыз.

Айнұр МҰХАДИ, «Stan.kz» ақпарат агенттігінің тілшісі: – Облыста орналасқан Алакөл жағалауы қарқынды дамуда, Десек те, Балқаш жағалауы туристерді қабылдауға дайын емес. Не себепті Балқаш көлінде туризм дамытылмайды?

– Балқаш жағалауын дамыту бойынша бас жоба жасалды. Республикалық бюджеттен қаржы сұрап, жергілікті бюджеттен де бөліп, 140 шақырым жолды Талдықорғаннан Лепсіге, одан көлдің жағалауына дейін жөндеп жатырмыз. Алакөл сынды демалыс аймағынан еш кем түспейтіндей етіп Балқашты да жасаймыз.

Арайлым СЕРБАЕВА, «Менің қалам» ақпараттық агенттігінің тілшісі: – Алматы облысында көмірдің жетіспеушілігі мәселесі орын алуда. Осы жағдайға түсіндірме бере кетсеңіз.

– Көмір тапшылығы мәселесі бізде жоқ. Бұл мәселені мен әрдайым өз бақылауымда ұстаймын. Сәуір айында жылыту маусымы қалай аяқталса, ертесінде-ақ келесі жылыту маусымына дайындықты бастаймыз. Өйткені, бізде мектеп, балабақша, ауруханалардың бірі сұйық отынмен, бірі қатты отынмен жылытылады. Олардың мәселесін ерте бастан ойлап, қамданбаса қапы қалатынымыз анық. Сонымен қатар тұрғындарды сапалы, арзан көмірмен қамтамасыз етуіміз керек. Осы мақсатта 77 тұйық бар. Компаниялармен көмірді жеткізу бойынша алдын-ала келісімшарттарға отырғанбыз. Қазіргі таңда 1700 тонна көмір жеткізілді. Халық үшін қажетті көмірдің 70 пайызы әкелінді. Ал, мектептер мен ауруханаларға 2-3 айға жететін көмірді алдын ала жеткіземіз. Сондықтан облысымызда көмірге қатысты айтарлықтай үлкен мәселе жоқ.

Қарлыға ТҮМЕНБАЙ, «Информбюро KZ» тілшісі:

– Қоқыс жағатын зауыттар қай жерде салынады? Бұған дейін Қарасай ауданының Әйтей ауылында салынады делінген еді.

– Испания мемлекетімен бірігіп Іле және Қарасай аудандарында қоқыс жағатын зауыт салсақ деген жоспарымыз бар. Бірі республикалық, бірі облыстық бюджеттен қаржыландырылатын болады.

Рауан МЫҢБАЕВ, «Хабар 24» арнасының тілшісі: – Өңірді газдандыру 61 пайызға жетеқабыл дедіңіз. Алыс ауылдарға көгілдір отынды жеткізуді қашанға жоспарлап отырсыздар? Көгілдір отынды қандай көздерден аласыздар?

– Ең алыс Балқаш ауданының өзіне бүгінде газ құбыры тартылып жатыр. Бізде барлығы 20 аудан, қала бар. Оның 15-іне газ жеткізілді. Ендігі кезекте Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ магистралін тартуға жоба жасап қойдық. Келер жылы Үкіметтен қаржы сұраймыз. Одан ары Кеген және Нарынқол аудандарына тартылады. Бізге газ Бейнеуден келеді, өзіміздің отандық газ.

Ирина ПАНФИЛОВА, «Хабар» телеарнасының тілшісі: – Сіздердің өңірде 1 миллион доза «KazVak» вакцинасы шығарылатыны туралы айтылған еді. Бұл іс жүзеге асырылды ма?

– Бұл біздің жеке бастамамыз. Қазір халықаралық сертификат алу үшін вакцинаны сараптамаға жібердік. Егер сертификат алсақ, 1 млн. доза вакцина шығарамыз.

– Осыдан бір-екі жыл бұрын «ҚапалАрасан» шипажайының жағдайы аянышты күйде еді. Қазіргі жай-күйі қалай? Өзгеріс бар ма?

– Өзгеріс жоқ. Өйткені, ол жекеменшік қолда, оның үстіне банкте кепілдікте тұр. Біз оны сатып алып, қайта жөндеп, ардагерлердің демалыс орнына айналдырмақшы болдық. Жуырда бір бизнесмен ол жерді сатып алып, халықаралық деңгейдегі демалыс орнына айналдырсам деген ұсынысын айтты. Біз оны қолдадық. Шипажайды қалпына келтіру үшін қолдан келетін көмекті көрсетуге дайынбыз. Мәселен, жолын жасап береміз. Осылайша екі жақтап бұл істі қолға аламыз деп ойлаймын. Биыл толықтай шипажайды сатып алса, келер жылы құрылыс жұмысы басталуы мүмкін. Шипажай ашылса, біз олардан жолдамалар сатып алып, ардагерлерді сауықтыратын боламыз.

Брифинг барысында Амандық Ғаббасұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын жан-жақты баяндап, алдағы атқарылатын ауқымды істерге де тоқталды. Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Бағаны тұрақтандыру, қымбатшылықтың алдын алу тақырыптарында да сөз қозғады. Сонымен бірге, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары, жұмыспен қамту, тұрғын үй құрылысы, су жүйесі, жылу қазандықтары, автомобиль жолдары бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері айтылды. Үшауысымды мектептердің санын азайту бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер» секілді мемлекеттік бағдарламалар, денешынықтыру-сауықтыру кешендері, Талдықорғандағы жүзу бассейні, басқа да құрылыс нысандарының жай-күйі сөз болды. Бір сөзбен айтсақ, брифингте облысымыздың даму барысы жан-жақты жеткізілді. Мемлекет басшысының Жолдауы аясында өңірдегі жұмыстардың өз деңгейінде жүзеге асырылып жатқандығы айқын көрінді.

Тегтер: