#Qazaqstan30: Текелі сүт зауыты 23 түрлі өнім шығарады
Текелі моноқаласында міне ондаған жылдар бойы алпыс жылдан астам тарихы бар сүт зауыты халықты табиғи сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді.
«Текелі» брендімен шығатын кәсіпорында тәуілігіне 20 тоннадан астам сүт өңделеде. Сүттен бөлек сары май, айран, қаймақ, сүзбе сынды 23 түрлі сүт өнімдері тұтынушыларға ұсынылуда. Алдағы уақытта ірімшік пен балмұздақ шығаруды жоспарлап отыр, – деп хабарлайды «Жас Алаш» газеті Алматы облысы әкімінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
«Текелі» сүт зауытының тарихы сонау 1953 жылдан бастау алады. Бастапқыда сүт қабылдайтын орын бүгінге ауқымды кәсіпорынға айналған. Содан 1987 жылы жеке кәсіпкерлік статусы мен «Текелі» атауына өзгерді. Ұжымның еңбекқорлығы мен басшылықтың талантының арқасында 90-шы жылдары орын алған тоқырау кезінде кәсіпкерлік жұмысын тоқтатпады. Қиындықты еңсерген олар үшін тәуелсіздікке қол жеткізу жаңа серпін берген-ді.
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде облыс әкімінің қолдауы арқасында зауыт «Өндіріс» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алған. Қаражатқа өндіріс орны толықтай жаңартылды. Жаңарту жұмыстары барысында заманауи жабдықтар орнатылып, барлық қажетті технологиялық жаңғырту жүргізілді. Шығарылатын өнімді жаңа технологиялар бойынша қайта өңдеу басталғаннан кейін тауарға сұраныс кеңейді, кәсіпорын заманауи нарықтың талаптарына сәйкес дами бастады.
– Сүт зауытына жұмысқа орналасқанымда қолыма дипломды енді алған жас маман едім. Сосын кәсіпорында шебер ретінде өз жұмысымды бастап кеттім. Міне, содан бері қызмет жасап келе жатқаныма 30 жылдан асты, дәрежем де өсті. Тәуелсіздігімізді алып, еңсемізді тіктей бастағанымыздың арқасында біздің кәсіпорын да дами бастады. Жаңадан тауар өнімдері қосылып, жаңа технологиялық енгізіле бастады. Бүгінгі таңда біз сүт өнімдерінің 23 түрін шығарамыз, күніне 10-20 тоннадан астам сүт өндіреміз. Зауытта еңбек өтілі 20 жылдан асқан тәжірибелі мамандар жетерлік. Ал жалпы жұмысшылардың 40 пайызын жастар қ ұрайды. Қызметкерлерімізді әлеуметтік қамту мәселесіне де баса көңіл аударып келеміз,– деген В. Курбак зауыт ашылғанда өткерген қиындарды еске алды.
Оның айтуынша, кәсіпорынға әкелінетін сүт қала сыртындағы шаруа қожалықтарынан жиналады екен. Зауытта сүттің сапасын тексеретін арнайы зертхана бар. Тек зертханалық тексеру қорытындысы шыққаннан кейін ғана сүт өндірісте қолданылады. Мәселен, зауыт облыстың ірі шаруашылықтарының бірі «Хильниченко және К» шаруа қожалығымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сүт зауытқа жеткізіліп, тиісті зерттеу жүргізілгеннен кейін сепаратордан өткізіледі. Соның арқасында сүт табиғилығын сақтайды. Мұнан кейінгі өнімнің стандартты майлылығына қол жеткізу үшін қалыптандыру, сүттің ұйып қалмауы үшін гомогенизация, сүттің максималды қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пастерлеу процестері жүргізіледі. Бұдан әрі дайын өнім қапталып, маркасы қойылып, сауда нүктелеріне жөнелтіледі.
«Текелі сүт зауыты» өнімінің басты ерекшелігі – оның ешқандай қоспасыз, өнімінің табиғи қалпын сақтауында», – деді В.Кубрак. Сондықтан сүтте табиғи дәрумендер сақталатындықтан, өнімді сақтау мерзімі шектеулі. Мәселен, зауыттың сүт өнімдері 5 күн, ал айраны 7 күн ғана сақталады.
– 1953 жылдан бастап біз таза мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істедік. Біздің сүтімізді балабақшада, мектептер мен ауруханаларда пайдаланды. Өйткені біз өз өнімімізді таза табиғи сүттен дайындадық. Және әлі күнге сондай сапаны ұстанып келеміз, – деді кәсіпорын директоры.
Зауыт өнімдерін тұрақты тұтынатындар қатарында жеке сатып алушыларды айтпағанда, «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Текелі» санаториі, кондитерлік цехтар, ірі сауда дүкендерінің желісі т.б. бар. Талдықорған, Алматы қалаларында да сұраныс жоғары.
Өткен жылы «Текелі» сүт зауыты» ребрендинг жасап, өзінің барлық өнімінің сыртқы қаптауын толықтай өзгертті. Соның арқасында өнім қаптамасы бұрынғыдан гөрі айқын, танымал, қолайлы бола түскен. Қазір сүт зауытының тауарларын интернет желісі арқылы кеңінен жарнамалай бастады. Өткен жылы «Инстаграм» желісінде ашылған Tekelikz парақшасының бүгінде жазылушылар қатары 4 мыңнан асты. www.tekeligmz.kz сайты жұмыс істейді.
Кәсіпорын індет жағдайында үлкен сынақты бастан өткерді. Індетпен күрес жағдайында да зауыт жұмысын тоқтатқан жоқ. Қайта отандық тауарға деген сұраныс екі есеге артып, өнім шығару көлемі де ұлғайтылды. Кәсіпорын қызметкерлерінің бәрі коронавирусқа қарсы вакцина алды. «Осылайша өзіміздің, жақындарымыз бен айналамыздағы адамдардың да өмірін қауіптен қорғаймыз», – дейді олар.
Келесі жылдан бастап зауыт балмұздақ пен ірімшік шығаруды бастамақ. Сонымен қатар жаңа технологияның көмегімен өндіріс көлемін тағы да ұлғайта түсіп, нарықтағы позицияларын нығайтып, тауардың жаңа түрлерін меңгеруге көшпек.
Атап өтсек, кәсіпорын «Алтын сапа» байқауының жүлдегері, көптеген марапаттарға ие болған.
– Осы жыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Ал біздің кәсіпорнымыз үшін – екі есе қуаныш. Осы жылдар ішінде Текелі қаласы да өсіп-өркендеді, жаңа арнаға бағыт алды. Кәсіпорындар көбейіп, жаңа үйлер, әлеуметтік нысандар салынды. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде, қызметкерлердің күнделікті тынымсыз еңбегінің арқасында біздің зауыт да іргесі кеңейіп, жаңа мүмкіндіктерге талпынуда. Сапалы өнім шығарып, жас мамандарды оқытып-үйретіп, жаңа жұмыс орындарын құрдық. Біз отандық өндірісті дамытуға үлес қосып жүргенімізге қуаныштымыз. Осы 30 жылда мен қарапайым маманнан директорға дейінгі қызметтік баспалдақтардың бірінен өттім, кәсібімді терең меңгеруге мүмкіндік алдым, өз-өзімді дамыттым, сөйтіп табысқа жеттім. Осындай даму жолдарының бәрі біздің береке-бірлігіміздің, бір-бірімізді қолдаудың, мемлекеттің жағдай жасағанының арқасы деп білемін. Мереке қарсаңында барша жерлестеріме зор денсаулық, табыс, отбасыларына қуаныш пен бақыт тілеймін, – деді Валентина Кубран.
Күнделікті таңғы сағат 5-те сүт зауытының өнімдері көлікке тиеледі, таңғы асқа жеткізіп үлгеру үшін сағат 6-да тиісті нүктелерге, дүкендерге таратылады. Бұл – зауыттың бірнеше жылдан бері үзілмей келе жатқан дәстүрі.
Атап өтсек, Текелі қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, биылғы 9 айда Текелі қаласында құны 307,2 млн. теңге болатын 1100 тоннадан астам сүт, қаймақ, сары май, сүзбе және басқа да сүт тағамдары өндірілген.
Ал облыс бойынша қазіргі кезде 74,1 мың басқа арналған 116 мал бордақылау алаңы, 26,1 мың басқа лайықталған 84 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Соның есебінен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72%, сүт зауытының жүктемесі 85 % жетті.