#Qazaqstan30: Жетісу өңірінің агросаясатта жетістігі көп

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласы мен өнеркәсіп саласы абыроймен қарсы алғалы отыр.
Облыстың экономикасына айтарлықтай әсер ететін бұл екі саланың ойдағыдай дамуының маңызы зор! Атап өтер жайт ауыл шаруашылығы өнімдерімен республиканың елеулі бөлігін қамтамасыз етіп отырған Жетісулықтар биыл да өнім өндіруде алда келе жатыр. Соның дәлелі Алматы облысында 8 айдың ішінде қысқа мерзімді экономикалық индикатор 110,4 процентті құрап, өңір экономикасына 370 млрд. теңге инвестиция тартылыпты.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, өнеркәсіп өсімінің көлемі – 13,8%, ауыл шаруашылығында – 1,1%, саудада – 20,5%, құрылыста – 16,6%-ды құрап отыр. «Облыс экономикасын дамытудың локомативі болып табылатын өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту жұмысы өз нәтижесін беруде. Мәселен, 8 айда осы саладағы өсім 14,8% болды. Соның ішінде азық-түлік өндірісі 13,5%-ке, сусындар – 11,8%-ке, жеңіл өнеркәсіп – 5,5%-ке, металл бұйымдарын өндіру – 5,2%-ке, электр құрылғыларын өндіру 1,6%-ке ұлғайған» — дейді облыс әкімі.
Ең қуанарлық жайт, жыл соңына дейін Еңбекшіқазақ ауданында жылына 2,7 мың тонналық қуаты бар жеміс-көкөніс өнімдерін өндірумен және терең мұздатумен айналысатын «Frosco» кәсіпорыны, Іле ауданында жылына 6 мың тонна құрылыс материалдарын шығаратын «Алюгал» және 10 мың тонналық қуаттылықта темірбетон бұйымдарын өндіретін «Азия Темір ЛТД» зауыттары, сол сияқты жалпы қуаты 130,75 МВт болатын жаңартылған энергия көзінің 4 нысаны іске қосылады деп күтілуде. Өндіріс орындарының ашылуы жұмыссыздықтың жойылуына оң ықпал етіп, аймақ экономикасын дамытары сөзсіз. Сондықтан облыс халқы бұл жаңалықтарды асыға күтуде.
Жалпы облыс бойынша биылғы жылы 137,8 мың га жерді қалпына келтіріп, 83,3 мың га жаңа жерлерді айналымға қосу жоспарланған. Биылғы жылы 14 мың га жерді қалпына келтіру үшін 6,3 млрд. теңгеге 21 ирригациялық нысанға күрделі жөндеу жүргізілуде. Ислам Даму банкінің есебінен Ескелді және Ақсу аудандарының суару жүйелерін реконструкциялау жалғасып жатыр. Сондай-ақ мамандар алдағы уақытта қант қызылшасының алқабы ұлғаятынын айтып отыр. Үкіметтің қолдауымен Ақсу қант зауытына дейін темір жол тарту жоспарланған. Бұл ретте ауыл шаруашылығын қолдауға биылғы жылы 50 млрд. теңге бөлінгенін атап өту керек, ал субсидияға 43 млрд. теңге қарастырылған. Яғни ауыл шаруашылығы саласын осылайша қолдау арқылы еңбек өнімділігі артып, ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі артып келеді.
Дегенмен өндірістік сүт өндіру мәселесінде жұмысты жетілдіре түсу қажеттілігі сезіліп отыр. Әзірге оның көлемі 30%-тен аспайды. Қазіргі кезде облыстағы ет пен сүт өндірісінің көлемі 4% өскен. Өңірде 25,9 мың басқа арналған 83 тауарлы сүт фермасы, 72,5 мың басқа арналған 111 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Соның есебінен сүт зауыттарының жүктемесі 80%-тен 85%-ке, ет өңдеу кәсіпорындарындағы жүктеме 66%-тен 72%-ке өсіп отыр. Жалпы агроөнеркәсіптік кешенде өңделген өнімнің экспорты өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 22,3%-ке ұлғаюы байқалады. Атап өтер жайт, Алматы облысының Текелі қаласында бірнеше жылдан бері сүт өндірісімен айналысып, халықты табиғи өнімдермен қамтамасыз етіп отырған «Текелі» сүт зауытында Текелі» брендімен сүт тағамдарының 23 түрі шығарылады. Алғашында сүт жинайтын сауда нүктесі ретінде құрылып, бүгінгі күні облыстың халқын ғана емес көрші облыстарды да өз өнімімен қамтамасыз етіп отырған зауыттың жұмысы жыл өткен сайын жанданып келеді. Тәуелсіздік жылдары зауыт қайта түлеп, жұмысы жаңаша қарқын алды деп те айта аламыз. Текелі қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың 9 айында Текелі қаласында құны 307,2 млн. теңге болатын 1100 тоннадан астам сүт, қаймақ, сары май, сүзбе және басқа да сүт тағамдары өндірілген көрінеді. Өз өңірінде өндірілген мұнша Отандық өнім аймақ тұрғындары үшін үлкен көмек екені даусыз.
Алматы облысы ауыл шаруашылығы саласында жүгері өнімі де жақсы өсірілуде. Осы уақытқа дейін негізінен жүгері өсіруге Панфилов ауданына басымдық беріліп келсе, биыл Сарқан ауданының шаруалары да жүгеріден мол өнім жинауда. Статистика тілінде сөйлесек, өткен жылы сарқандықтар бұл дақылды 2200 гектарға сепсе, биыл оның алқабы 4585 гектарға жеткен. Бұл өнім өндіру үлесін екі есе арттыру өзінің оң нәтижесін беріп, күзде мол өнім жиналды. Мемлекет те облыстың бұл бастамасын қолдап, субсидия бөліп, әр түрлі ауыл шаруашылық техникаларын алуда жеңілдетілген несие беру, сондай-ақ, науқан кезінде жеңілдетілген жағар жанармаймен уақытылы қамтамасыз ету жұмыстары жолға қойылған. Сарқан аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда ауданда 50-ге жуық шаруашылық жүгері өсірумен айналысып отыр. Олар өткен жылы 2200 гектар жерден 6 мың тонна өнім жинаса, биыл 4585 гектардан 25 мың тоннадан астам жүгеріні қамбаға басып алған жетісулықтардың көңілі тоқ деуге болады. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласының мамандары «жүгері мал азығы ретінде бағалы. Малдың тез қоңдануына көмегі зор. Сондықтан жиналған өнімдердің басым бөлігі мал азығына жөнелтіледі. Негізгі дақылдардың барлығын өткен айдың соңына дейін ауа райының қолайлы кезінде орып үлгердік. Қарашаның соңына дейін майлы дақылдар және қант қызылшасын жинауды межелейтін боламыз», — дейді.
Жалпы Сарқан ауданында биыл ауыл шаруашылығындағы егістік алқабы 98 мың га болса, соның 58 мың гектарына дәнді және бұршақты дақылдар себілген екен. Егістіктен жалпы жиналған өнім — 138 тонна. Ал облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 3,7 мың гектарға ұлғайып, 972 мың гектарға жеткен. Ауыл шаруашылығын қолдауға биыл 50 млрд. теңге бөлінді, соның 43 млрд. теңгесі субсидияға бағытталған. Бүгінде ауылшаруашылыңы саласының мамандары «таяқ ексең тал болып өсіп шығатын» Жетісу жерінің мүмкіндігін барынша пайдаланып қалуға тырысуда. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жетілдіріле берері сөзсіз. Сондай ақ жыл соңына қарай ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі алғаш рет 1 трлн. теңгеден асқалы отыр. Шыны мәнінде бұл аймақ үшін үлкен жетістік деуге болады. Әсіресе ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында мақтаныш етуге тұрарлық мұндай қадамды өңірдің ауыл шаруашылығы саласының мамандары жоғары бағалап отыр.