#Qazaqstan30:Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау жүйелі іске асуда
Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Облыста барлығы 66 947 мүмкіндігі шектеулі азамат есепте тұрса, оның 8 843-і балалар, оларға 55 әлеуметтік қызмет түрі көрсетіледі.
Бүгінгі таңда 30 мыңға жуық адамға 5 млрд теңгеге жуық сомаға оңалту нысандары мен қызметтер көрсетілді. Оның ішінде санаторий-курорттық емдеу, жеке көмекші қызметтері, арнайы көліктер және басқа да көмек түрлері бар. Айта кетерлігі, 33 бірлік арнайы «Инватакси» көлігі де тегін қызмет көрсетеді.
Бүгінгі таңда Алматы облысында мүмкіндігі шектеулі қазақстандықтар тігінші мен шаштараз, саңырауқұлақ өсіруші және наубайшы, аяқ киім жөндеуші және маникюр маманы мамандықтарын, сонымен қатар компьютерлік сауаттылық пен SMM маркетинг негіздерін меңгеруде. «Прогресс» политехникалық колледжінің директоры Жанна Телпекбаева:
– Мүмкіндігі шектеулі жандарды оқыту, жұмысқа орналастыру, бейімдеу және әлеуметтендіру мәселелері күрделі болып келеді және оларды бірлескен күш-жігермен шешу қажет. Бизнес, қоғамдық ұйымдар және мемлекет арасындағы әлеуметтік серіктестік тамаша нәтиже берері сөзсіз. Біздің колледж ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарды оқытады және оларға жұмысқа орналасуға немесе өз ісін ашуға барынша көмектеседі. Осы бағытта Іле ауданында 10 жылдан бері 2 және 3 топтағы мүгедектерді кәсіби дағдыларға үйрету жобасы біздің колледжде «Филип Моррис Қазақстан» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұл компания әртүрлі әлеуметтік жәрмеңкелерді ұйымдастыруда көмектеседі, оның демеушісі және идеялық шабыттандырушысы болып табылады. Жобаға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілуде – халықты әлеуметтік қорғау бөлімі бұл туралы хабардар етіп, Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдеседі. Алматы облысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми мәліметі бойынша 67 мыңға жуық мүгедек тұрады. Ал колледжіміз орналасқан Іле өңірінде 4 мыңға жуық мүгедек бар. Оқытудың маңызды сәті – шығармашылық даму. Біздің студенттер жарқын маталардан бұйымдар жасайды, сабынға қызықты пішіндер мен жағымды хош иістерді таңдайды, жаңа жылдық бал торттарын бояуға көркемдікпен қарайды. 2020 жылы біздің студенттер корпоративтік клиенттерге брендтік сыйлықтар жасауды үйренді. Кәсіпорындардың тапсырысы бойынша өте сапалы жаңа жылдық сыйлықтар жасадық, ақша таптық, бұл өте жақсы материалдық көмек болды. Біз инклюзивті оқытуға қарамастан өте сапалы және бәсекеге қабілетті өнім жасай алатынымызды мақтан тұтамыз.
Қазақстанда мүгедектерді мемлекеттік қолдаудың көптеген қажетті шаралары әлі де қабылданып жатыр. Мүгедектерді оңалту жүйесінде әлі де инклюзивті емес, изоляциялық тәсілдер басым болып отыр. Олар мүгедектерді әлеуметтендіруге және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етпейді. Сондықтан ҮЕҰ-ды, соның ішінде арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесі арқылы белсенді түрде тарту жұмыстарының қарқыны жоғары. Сондай-ақ инклюзивті білім беруге жеке инвестицияларды ынталандырудың тиімді тетіктерін құру қажет. Қоғамда мүгедектерге деген оң көзқарасты қалыптастыру мәселелерін ресми идеология деңгейінде де, жеке бастамалар деңгейінде де қарастыру маңызды.
Инклюзивті білім беру мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамту мәселесін шешуде уақыт өткен сайын маңызды рөл атқарады. Инклюзивті тәсілде «арнайы» оқушыларды стандартты білім берудің қолданыстағы талаптарына бейімдеу емес, оқушылардың ерекше білім беру қажеттіліктерін есепке алудың басқа педагогикалық тәсілдерін іздеу қажет. Мамандарды4 айтуынша6 оқушылардың жеке ерекшеліктерін мәселе ретінде емес, оқу процесін байытудың мүмкіндіктері ретінде қабылдау маңыздырақ. Іле ауданындағы колледжде арнайы кабинеттер ашылды: тігін цехы, шаштараз, наубайхана және т.б., арнайы оқу бағдарламалары құрылды, тәжірибе алмасу үшін ресурстық орталық жұмыс істейді.
Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға болашақта жұмысқа тұруға немесе өз ісін ашуға көмектесетін мамандықтар оқытылады. Сондықтан кәсіпкерлік дағдыларға оқыту бағдарламалары көп. Осыған байланысты түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады, онда мүмкіндігі шектеулі жандар өз жұмыстарын көрсетіп, дайын өнімдерді сата алады, өздігінен ақша табу мүмкіндігіне ие болады.
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары белгіленіп, ақпараттық жұмыстар жүргізілді. Ал оқытуды ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін де, ересектер үшін де инклюзивті дамыту бүгінгі күннің сұранысына айналып отыр. Олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына, кәсіби дағдыға баулуына, әлеуметтенуіне мүмкіндіктер қарастырылған.
Еңбекке қабілетті мүгедектер үшін қосымша жұмыс орындарын ашу қажет. Ал мұны жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту, мүгедектерді кәсіптік оқыту және қайта даярлау арқылы жүзеге асыруға болады. Мүгедектердің өмірін қамтамасыз етуге кәсіпорындар мен ұйымдардың қатысуын мемлекеттік ынталандыру нормаларын қамтамасыз ету маңызды. Мемлекетпен әлеуметтік әріптестікте бизнестің экономикалық мүддесін қамтамасыз ету тетіктерін құру. Сондай-ақ мүгедектердің мамандандырылған цехтары мен кәсіпорындарына мемлекеттік инвестициялау шараларын қарастыру, олардың санын көбейту жұмыстарын жүргізу қажет. Және, әрине, қоғам санасында мүгедектік мәселелеріне жаңаша көзқарас қалыптастыру мақсатында мүгедектерді оңалту мәселелері бойынша ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткізу де қажет деп есептеледі.