Қазақстанда неге «мешкейлер күні» жоқ?

— Мырзалар, – деді республикалық «Мешкейлерді қоғамдық қолдау қорының» төрағасы Қисық Түзелмесұлы, – біз сіздерді бұл жиынға тектен-тек шақырып отырған жоқпыз.
Жағдай өте күрделі. Бүгінгі таңдағы ең өткір де өзекті мәселе – «Қазақ мешкейлерін қалай тойындырамыз» деген мәселе. Бұл мәселенің маңыздылығын үкімет те түсінбей отыр. Бұл біздің қордың ғана емес, бүкіл еліміздің алдындағы шешімін таппай тұрған басты проблема. Біз мешкейлерді тойындырып алмай, ел бола алмаймыз. «Баяғыда» бір қойдың етін бір өзі жеп қойғанды мешкей деп атайтын. Ондайларды жалмауыз дейтін. Сол сөзден олар қатты ұялатын еді. Ал біздің мешкейлер ештеңеден де ұялмайды. Бұлар сонысымен құнды, сонысымен бағалы, сонысымен маңызды.
— Мырзалар, алдымен бүгінгінің мешкейлері дегеннің кімдер екенін және олардың қашан және қалай пайда болғандығын анықтап алайық. Бүгінгінің мешкейлері дегеніміз – бүгінгінің жемқорлары. Бұлар бұрынғының мешкейлеріндей емес, оқыған, білімді мешкейлер. Бұларды «шам» алып іздеудің қажеті жоқ. Біз өз мешкейлеріміздің қайда және қалай отырғандарын жақсы білеміз. Олар министрліктерде, әкімдіктерде, соттарда және басқа да «жылы жұмсақ жерлерде» «қонжиып» отыр. Біздің мешкейлер бұрынғының мешкейлеріндей бір қойдың етін бір өзім жедім деп мақтанбайды, не жесе де үндемей және түк көрмегендей қылғыта береді. Өйткені өте «мәдениетті». Бұлардың сыртында жоғары биліктегі шенеуніктермен «ауыз жаласып», еліміздің бар байлығын «теспей сорып жатқан» олигарх деген жалмауыз мешкейлеріміз бар. Бұлар ешқашан тойып көрген емес. Сонда бұл мешкейлер қашан және қалай пайда болды деп ойлайсыздар ғой. Бұлардың алғашқы «тумалары» елімізді әлгі жекешелендіру деген «жүгермек» «жаулап» ала бастаған кезде «дүниеге» келді. Осы жүгермектің арқасында елімізде мешкейлер қаптай бастады. Біреулер бұлардың «әкесін» «бас ұры» деп атап жүр. Бұл халық қаһарманы деген сияқты ұрылардың ішіндегі ең жоғарғы атақ. Біздің мешкейлеріміз де сол бас ұрының «шапанынан» шыққандар. Сол «әкесі» сияқты бұлар да ашқарақ, тоятын түрлері жоқ. Қолына не тисе, соны «жей береді». Негізінен жейтіні қағаз, яғни ақша.
Мырзалар! Біздің қорымыз «Мешкейлерді қоғамдық қолдау қоры» болғандықтан бұларды тойындыру мәселесін жан-жақты ойластыруымыз қажет. Өйткені бұлар тойынбай, еліміз де тойынбайды. Әрине, біздің қоғам тойындыру мәселесін шеше алмайды. Бірақ соның жолдарын, айла-амалдарын қарастырып, үкіметке шығуымыз керек. Қане, кім не айтады?
– Маған айтуға бола ма? – деп бір үрпек бас орнынан көтерілді.
– Пожалыста.
– Мен сіздердің қордың мүшесі емеспін. «Хабарландыруларыңызды» оқып, келдім. Көтеріп отырған мәселелеріңіз «қызық» екен. Есі дұрыс ел мешкей жемқорларын соттайды. Сіздердің қоғамдық қор оларды неліктен қолдайды?
– Сұрағыңыз орынды. Біз соттағаннан ештеңе шықпайтындығын түсіндік. Өйткені мешкейлеріміз соттағанға одан әрі «долданып», «жеуді» күшейтті. Соттаған сайын жемқорлық өршіп барады. Мешкейлеріміз тояр емес. Сондықтан жемқорлықтан құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол мешкейлерімізді қандай әдіспен болса да, «ішегі айналғанша» тойындыру. Қасқыр тоқ болса, жайылып жүрген мал да аман және тоқ болмай ма? Біз осы «идеяны» басшылыққа алып отырмыз. Яғни жемқорлықты жоюдың
бірден бір амалы – сол жемқор мешкейлерімізді тойындыру. Бірақ соны қалай жүзеге асырамыз, қалай тойындырамыз? Мәселе, осында. Осы мәселені сіздермен ақылдасып, талқылап алуымыз қажет. Қанеки, кімде қандай ұсыныс бар?
– Менің естуімше, әкімдердің «жеу» қабілетіне қарай он, жиырма, отыз пайыз деген сияқты өз «категориялары» бар көрінеді, – деп бір қабасақал орнынан көтерілді. Яғни қазынадан (бюджеттен) тендерлерге бөлінетін қаржының тиісінше пайызын әлгі біздің жемқор мешкейлер «жейтін» көрінеді. Бұл аз ғой. Бұған қалай тойсын? Отыз пайыз деген немене? Оның өзін ол «байғұстарымыз» «біреулер» біліп қала ма деп қорқып, қысылып, қымтырылып жейтін көрінеді. Бұл обал емес пе? Сондықтан облыс әкімдері тендерлердің елу, ал аудан әкімдері отыз пайызын «жеуі» керек деген ұсыныс айтамын. Және мұны олар қорықпауы үшін заңдастыру қажет.
– Ау, сонда қалған жиырма пайызға тиісті мектепті қалай салады? – деп залдан біреу айқай салды.
– Сол жиырма пайызға тиістісін салады, – деді қаба сақал. Қалғанын келесі жылға қалдырады. Бұл жерде түпкі мәселе мектеп салуда емес қой, мәселе мешкейлерді тойындыруда болып тұрған жоқ па? Мектеп сылтау емес пе, қалай түсінбейсіз?
– Өте тамаша ұсыныс, – деді Қисық. — Сылқым қарындас, бұл ұсынысты «тіркеп» қойыңыз. Үкіметтің құлағына жетуі керек. Қанеки, тағы кімде ұсыныс бар?
— Мана сіз қандай әдіспен болса да, мешкейлерді тойындыруымыз керек дедіңіз ғой, – деп, бір шақшабас орнынан көтерілді. Маған мынандай ой келіп тұр. Біз мешкейлерімізге Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқытсақ қайтеді? Соларда мешкейлік пен қанағатсыздықтың жаман қасиеттер екендігі айтылады ғой. Мүмкін соларды оқып, «көздері ашылар», мешкейлікті тоқтатар, тойып қалар.
– Жоқ, – деді Қисық, – бұл ұсынысыңыз жарамайды. Біздің мешкейлер Абай айтты екен деп сөзге алданатын бала емес. Оқыған, білімді, тәжірибелі мешкейлер. Бұл жерде мәселе мешкейліктің жаман қасиет екендігінде емес, мешкейлерді тойындыруда болып тұр ғой. Осыны түсіну керек.
– Мана қаба сақал, – деді орнынан тұрған бір бадырақ көз, облыс әкімдеріне тендерлердің елу, аудан әкімдеріне отыз пайызын «жегізу» керек деген ұсыныс айтты. Менің ойымша біздің мешкейлер оған да тоймайды. Сондықтан біз оларды халық болып тойындыруымыз керек. Бұл үшін елімізде мешкейлер салығын енгізуіміз қажет. Яғни әр адам тапқан табысының жиырма пайызын біздің қорға, яғни мешкейлерді қолдау қорына аударатын болсын. Сонда біз мешкейлеріміз қатты «ашыққанда» «үзіліп» кетпес үшін ауыздарына «нәр» тамызып отыратын боламыз.
– Өте тамаша ұсыныс, – деп Қисық айқай салды. — Керемет! Жиырма пайыз салық төлегеннен халқымыз кедейленіп қалмайды. Мешкейлерімізді халық болып қолдамасақ болмайды. Сылқым қарындас, тіркеп қойыңыз. Бұл ұсыныс үкіметтің құлағына міндетті түрде жетуі керек. Қане, тағы кімде ұсыныс бар?
— Мен де айтып көрейінші, — деп бір таз орнынан көтерілді. — Мешкейлерді тойындырудың көптеген айла-тәсілдері бар ғой. Солардың бір керемет оңай жолын айтайын. Менің бұл ұсынысым өмірге енетін болса, бізге жемқор мешкейлердің соңынан «шам» алып түсетін көптеген «басы артық» мекемелер қажет болмай қалады. Мәселен, мешкейлерімізді жинап алып, бір теңге жесе, тойып қалатындай, тойғаны былай тұрсын, бүкіл ішкен-жегенін құстыратындай, яғни жүрегін айнытатындай укол салдыртсақ қайтеді? Сонда бүкіл еліміздің алдында тұрған ең басты проблеме шешіледі. Рахат емес пе? Бір теңге «жегізіп», құйрықтан бір уколды «тырс» еткізсе бітті, тояды да қалады. Бір уколға болмаса, қатарынан екі-үш уколды «аттандыру» керек. Олардың құйрықтары «салмақты». Былқ етпейді. Сонда ешкім жемқор іздеп әуре болмайды. Жер шарында жемқоры жоқ ел біз болып шыға келеміз.
— Жоқ, – деді Қисық, – біздің мешкейлер сіздің бұл ұсынысыңызға көнбейді. Біріншіден, олар «қасиетті» құйрықтарын «қорлатып», сіз айтқандай «тестіртпейді». Екіншіден, бүкіл ішкен-жегенін құстыртуға келіспейді. Онда құсығымен бірге «жүріп кетуі» мүмкін. Үшіншіден, бір теңгеге тойып қалу олар үшін қорлық. Оған «аузын былғамайды». Намыстан өртеніп кетеді. Біздің мешкейлер жесе, миллиондап, миллиардтап жейді.
– Ау, сонда оларды қалай тойындыруға болады, – деп залдан біреу айқай салды.
– Ойланыңыздар, амалын табыңыздар, сол үшін жиналып отырған жоқпыз ба, – деді Қисық.
Зал ішінде бір сәтке тыныштық орнады. Отырғандар әбден шаршап, қалғып кеткен сияқты.
– «Таптым» деген айқайдан зал іші шошып оянғандай болды. Шомбал қара екен.
– Иә, не таптыңыз? – деді Қисық.
– Тойындырудың амалын таптым.
– Иә, қандай амал?
— Менің жаман ақылым былай дейді: Біздің мешкейлер басқа жұрттың мешкейлеріндей емес, ерекше жаратылған мешкейлер. Сондықтан да дүниежүзінен біздің мешкейлердей жеуге аса қабілетті, қасиетті мешкейлерді таба алмайсың. Біздің мешкейлер қабасақал айтқан елу пайызға да, бадырақ көз айтқан мешкейлер салығына да тоймайды. Жалпы біздің мешкейлеріміз еліміз қандай бай болса да, бір елдің байлығы жұмырларына жұқ болмайды. Сондықтан олар «ашығып» қалмай тұрғанда, басқа дамыған елдерден «жедел» көмек сұрауымыз керек. Мәселен, біз Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғанымыз үшін «жарна» төлейміз ғой. Ендеше, үкімет мешкейлерімізді тойындыру мәселесімен Біріккен Ұлттар Ұйымына шықсын. Бұл ұйымға қанша ел мүше болса, соның бәрі біздің мешкейлеріміз үшін біздің қорымызға ай сайын «жарна» төлеп тұрсын. Сонда ғана біздің мешкейлер тойынады. Басқа амал жоқ.
– Апыр-ай, сіз ешкімнің басына келмейтін ұсыныс айтып тұрсыз ғой. Керемет ұсыныс! Бұл ұсынысыңыз жүзеге асса, біздің мешкейлер елі екенімізді бүкіл әлем білетін болады ғой. Атағымыз жер жарады. Сонда жаңа табылған «жануарды» қызықтағандай, мешкейлер деген қандай болады екен, қазақ мешкейлерін көріп қайтайық деп, елімізге қаншама туристер ағылады. Көл-көсір пайданың астында қаламыз. Сіздің бұл ұсынысыңыз еліміздің «бет-бейнесін» «түбірімен» өзгертетін тарихи ұсыныс болғалы тұр. Сылқым қарындас, тіркеп қойыңыз. Тағы қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Мен де бір ұсыныс айтып көрейінші, – деп шикілсары орнынан көтерілді.
– Айтыңыз.
– Осы біз елімізде мешкейлер күнін белгілеп, неге жыл сайын тойлап отырмаймыз? Барлық мамандық иелерінің атаулы күндері бар да, мешкейлердікі жоқ. Бұл елдігіміз үшін ұят қой. Бұл атағы жер жарған мешкейлерімізді менсінбеу ғой.
— Расында да бұл да ешкімнің ойына келмей жүрген керемет ұсыныс екен, – деді Қисық. Бұл мәселеге біздің қор мұрындық болмағанда кім болады? Мешкейлерімізді біз қолдамасақ, кім қолдайды? Бұл ұсыныс та үкіметке жетуі керек.
Мырзалар, бүгінгі жиналысымыз біздің қоғамдық қорымызда ақылды бастардың көп екендігін көрсетті. Ең бастысы, сіздердің арқаңызда біз мешкейлерімізді тойындырудың ең «жаңа», ең озық «үлгісін» таптық қой деп ойлаймын. Енді мешкейлеріміздің де жаны жай тауып, Біріккен Ұлттар Ұйымының «емшегін» рахаттана сорып жататын болады. Айтылған ұсыныстардың қажеттілерін үкіметке де, парламентке де тапсыратын боламыз. Нәтижесін күте тұрайық. Олардың бұл ұсыныстармен қуана келісетіндігіне күмәнім жоқ. Сіздерге қоғам басшысы ретінде айтар алғысым шексіз. Келесі кездескенше, аман-сау болыңыздар.