Қазақстанда өткен тәулікте 1 158 адамнан коронавирус анықталған
Өткен тәулікте елде 1158 адамнан коронавирус табылған. Бір күнде 2 621 адам жазылған.
Денсаулық сақтау министрлігі белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандар туралы мәліметті жариялауға уәде бергенмен әзірге жаңа дерек жарияланған жоқ.
Нұр-Сұлтан (220) мен Алматы (178) қалаларында коронавирус жұққан науқастар әлі азаймай отыр. 3 тамызда Шығыс Қазақстан облысында 124 адамға вирус жұққаны анықталған. Қалған облыстарда жаңадан анықталған науқастар саны жүзден аспайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирус жұққандар 93 820 адамға жеткен. Шамамен 65 мыңы жазылған. Ресми мәлімет бойынша, 1058 адам коронавирустан қайтыс болған. Соңғы аптада (27 шілде – 2 тамыз) 265 адам көз жұмған.
Ресми мәлімет бойынша, 1 тамыздан бері Қазақстанда 5 979 адам белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққан. 51 адам пневмонияның сол түрінен қайтыс болған. Биыл 1 қаңтар мен 2 тамыз аралығында 256 541 адам пневмонияға (барлық түрі) шалдыққан. Маусым айында — 32 мың, шілде айында шамамен 157 мың адам ауырған.