Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:40, 16 Тамыз 2020

Қазақстанда жергілікті БАҚ Айсұлтан Назарбаев қайтыс болды деп хабарлады

None
None

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Айсұлтан Назарбаев қайтыс болды деп хабарлады Zakon.

kz сайты. Бірқатар жергілікті және халықаралық БАҚ сайт мәліметіне сүйеніп, ақпарат таратып жатыр. Хабар әлеуметтік желіде тез тарап, ел тұрғындары оны қызу талқыға салды. Жаңалық шыққалы төрт сағаттан асты, бірақ билік те, Айсұлтанның туыстары да ақпараттың рас-өтірігі туралы мәлімдеме жасамады.

Азаттық Қазақстан сыртқы істер министрлігіне, Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібайға хабарласып көрді, бірақ ешқандай жауап ала алмады.

Kaztag агенттігі өзінің дереккөздеріне сілтей отырып жерлеу рәсімі 17 тамыз күні өтеді деп хабарлады.

30 жасқа шыққан Айсұлтан Назарбаев Қазақстан сенатының экс-спикері Дариға Назарбаева мен оның бұрынғы күйеуі марқұм Рахат Әлиевтың екінші ұлы. Нұрсұлтан Назарбаевтың сыншысына айналған Рахат Алиев 2015 жылы Австрия түрмесінде тергеуде жатып қайтыс болған.

Айсұлтан Назарбаев 1990 жылы 26 тамызда туған. Ол Ұлыбритания корольдігінің "Сандхерст" әскери академиясын тәмамдаған. Отанына оралған соң ол Қазақстан қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасына жұмысқа тұрған. 2017 жылы ол жеті ай бойы Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті болды. Айсұлтан есірткіге тәуелді адамдарға арналған еуропалық клиникаларда бірнеше рет емделген.

Биыл ақпанда Айсұлтан Назарбаев Ұлыбританиядан саяси баспана сұраған. Кейінгі жылдары ол өзінің жақын туыстарына түрлі деңгейде айып тағып, Қазақстан билігін сынаған.

2019 жылы қазан айында Ұлыбритания соты Айсұлтанды сол жылы маусым айында Лондон полициясының қызметкеріне қол көтергені үшін шартты жазаға кесті. Оқиға кезінде Айсұлтан International Park Plaza Hotel болып, балкон арқылы белгісіз бір әйелдің пәтеріне кіріп кеткен. Британия басылымдарының жазуынша, ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

Айсұлтанның нағашы атасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды отыз жылға жуық басқарып, 2019 жылғы наурызда отставкаға кетті. Алайда президенттіктен кетсе де, қолында біраз билікті сақтап қалды. Назарбаевтың заңмен бекітілген “елбасы” мәртебесі бар. Оған сәйкес, Назарбаев пен оның отбасы қандай да бір қылмыстық я әкімшілік жауапқа тартылмайды. Ол сондай-ақ билік партиясы "Нұр Отанға" және конституциялық күші бар қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді.

Тегтер: