Қазақстанды Қытай «қытықтай» бастады
Қазақстанның тәуелсіздігі мен Қытайдың экспансиясы тақырыбы – қазақтың басты мәселесі.
Қазақстанға тым таяу арада қауіп төне қалса қайтеміз?
Әлеуметтік желілер мен медиакеңістікті шолып отырып мынадай бір жазбаға көзіміз түсті. Кезекті сандырақ емес, кәдімгідей ойландыратын ақпарат болған соң, сонымен бөліскеніміз артық болмас. «Талай жылдан бері киім мен аяқкиім сатумен айналысып жүрген жақсы танысым жыларман күйде: оның Қытайдан әкелмек болған қыстық киімдері тиелген жүгінің Қытай шекарасында қаңтарылып тұрғанына ендігі үш ай болыпты. Әлі қанша уақыт тұратыны белгісіз. Қыстың бел ортасына дейін келмесе, ол тауар ешкімге керексіз болып қалады, ал саудагерлерге көктемге арналған заттарды әкелуге қамдану қажет болады. Кәсіпкердің қыстық тауарға салынған айналымдағы ақшасы осылайша қаңтарылып қалды.Жалғыз ол ғана емес, осы мәселе қазір қазақстандық саудагерлердің бәрін қинап тұр. Өйткені Қазақстанның тең жартысы дерлік Қытайдан импортталатын тауарлар есебінен күн көреді. Ал Қазақстанның жарты халқы өзін асырап келген нәпақасынан айырылса не болады? Үкімет бұл мәселенің салдары қандай болатынын түсінеді, бірақ Қытайға түк істей алмай отыр. Қойылған сұрақтарға тура жауап бермей, қырық сылтауға сілтеп, жауаптан жалтаруға тырысады. Коронавирусқа байланысты деп құтылайын десе, Қазақстаннан Қытайға баратын жүк шекарадан еш кедергісіз өтіп жатыр.Бір ай бұрын ресейлік саясаттанушы Максим Казначеев шекарадағы жүк көліктерінің кептелісін «Пекиннің жеңіл экономикалық қысымы» деп атады. Ол қысым Қазақстан үкіметін Қытайға керек шешімдерді қабылдауға ынталандыруға бағытталған. Рас, саясаттанушының бұл сөзімен келіспеу қиын. 2016 жылғы жер сатуға қарсы митингілерді алайық. Ол кезде үкімет шетелдіктерге жерді 25 жылдық мерзімге жалға беруге рұқсат бермек болды. Ал наразылық шерулеріне шыққан халық бұл шешім тек Қытайдың мүддесі үшін қабылданған болуы мүмкін деп шырылдады. Халықтың қаһарынан сасқан үкімет сол кезде жерді жалға беруден бас тартты. Бірақ 2019 жылы Қытай Қазақстанда 55 зауыт салады екен деген ақпарат тарады. Тағы да халық өре түрегелді, бұл да қытайлықтарға жерді жалға берудің бір түрі деп… Өйткені қандай зауыт болса да, оның алты сотық жерге салынбайтыны анық. Үкімет ақтала бастады, «олар деген бірлескен кәсіпорындар, кейбіреуі ендігі жұмыс істеп жатыр» деп. Бірақ сонда да олар халықты сендіре алмады. Сосын коронавирус пандемиясы басталып, бұл тақырып ұмытыла тұрды. Жаңағы саясаттанушы айтқандай, Қытайдың бұл жолғы қысымы – қандай жолмен болса да, жеріңді қалайда жалға бересің деген талап. Осы жерде туындайтын сауал: Қазақстан үкіметі неге Қытайға «жоқ» деген жауап беріп, лайықты деңгейде қарсылық көрсетпейді? Қытай импортынан айырылсақ, өліп қалмайтын шығармыз?
Енді ең жайсыз жаңалықты айтайын. Еуропалық үш институттың экономист-ғалымдар тобы бірігіп өте қызық зерттеу жүргізген екен. Олар жасаған қорытындыға сәйкес, бүгінде Қытай жер бетіндегі дамушы елдердің ең ірі кредиторы болып отыр екен. 2000 жылдан бері Қытайдың басқа елдерге берген қарызы Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк екеуінің бергенінен де асып түскен. Бірақ ол кредиттер тек қана алушы елдің мемлекеттік кепілдігімен беріледі әрі қарыздың мән-жайын құпия сақтау туралы талаппен беріледі. Былайша айтқанда, ол қарыз мемлекеттік қарыздар туралы халықаралық есептерге енбейді және қаржы министрліктерінің ешбір есебінде көрінбейді. Сосын ондай қарызды өз мерзімінде бір сәтте толығымен бір-ақ қайтару керек, кейінге қалдыру, қайта құрылымдау деген мүлдем жоқ. Ал егер берешек ел қарызын бірден толық көлемде қайтарып бере алмай қалса, Қытай жағдайды түсінгендей болып, қарыздың өтемі ретінде елдің басқа бір ресурсын өз иелігіне алады. Мысалы, Венесуэлада шикізат сатудан үлес алды, Нигерияда жерді жалға алды, Мальдив пен Эквадорда стратегиялық нысандарды ұзақ мерзімге өз бақылауына алды. Қарыз алған елдер сұраған сәтте аса ірі сомадағы ақшаны тауып бере алмайды. Бөтен жерді бір оқ атпай басып алу деген – Қытайдың қулығы, осы, қысқасы. Пекиннің «Бір белдеу – бір жол» деген бастамасы аясындағы несиелеу картасына қарасаңыз, Қазақстан қарызы ішкі жалпы өнімінің 20 пайызына дейін жетеді. Доллармен есептегенде қанша екені көрсетілмеген. Сонда дәл қазір сол қарызды қайтарып беру үшін үкімет онсыз да ай сайын «арықтап» жатқан Ұлттық қорды түгел дерлік қопарып, Қытайдың қолына ұстатуы тиіс. Жалпы, біздің үкіметтің бұл қиын жағдайдан қалай сытылып шығатыны қызық болып тұр. Бірдеңе қылып қарыздан құтылуы керек, екінші жағынан, халықтың қаһарын, ашу-ызасын оятып алмайын деп амалдап бағуға да мәжбүр», – деп жазады Телеграмдағы «Строгий агашка» деген каналдың авто