Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:22, 09 Сәуір 2020

Қазақстандық суретші Паша Кас Forbes Asia 30 Under 30 тізіміне енді

None
None

Қазақстандық стрит-арт суретші Гонконгта шығатын Forbes Asia журналының жас көшбасшылар тізіміне ("30 Under 30") енді.

Журналдың жазуынша, 3500 номинанттың арасынан 30 жасқа дейінгі әлемді өзгертуге даяр, жаңашыл әртүрлі салада істейтін 300 адам іріктелініп алынған.

Тізімді құрастырушылар 25 жастағы Паша Касты әлеуметтік мәселелерге қоғам назарын аударту үшін провокациялық әдістерді пайдаланатын суретші деп атайды. Мысалы, суретші суицид мәселесіне назар аударту үшін Алматыдағы жарнама билбордтарының біріне манекен іліп қойған.

Қазақстан бойынша ауасы ең лас саналатын Теміртау қаласында 2016 жылы экология мәселесіне назар аударту үшін көп қабатты ғимараттың қабырғасына 15 метрлік граффити салған.

Сол жылы шығармашылық туындыларының бірін Қазақстан аумағында ядролық қалдықтарды көму мәселесіне арнап, Семейдегі бұрынғы ядролық полигон аумағында Эдвард Мунктің суретін қабырғаға түсірді.

"Қазақстан 21 ғасырда ядролық қалдық төгетін орынға айналып бара жатыр. Мемлекет адамдарға сынақ жасауын тыяр емес. Бұл — үнсіздік. Үрей. Торығу. Қылмыс" деді суретші сол кезде.

<div class=«c-sticky-element» data-sp_api=«youtube»>

Паша Кастың шығармашылық туындылары Қазақстаннан бөлек өзге мемлекеттерде де кездеседі.

2019 жылы суретші Нью-Йорктегі жаяу жүргіншілер жолына ақ түсті бояумен адам мүсінін салып қойған. Осылайша мегаполистердегі адамдардың "немқұрайлығын" жеткізуге тырысқан.

Былтыр Паша Кастың Петербургтегі туындысы Курехина сыйлығына ие болды. Суретші бұл жеңісін алматылық белсенділер Бейбарыс Толымбеков пен Әсия Төлесоваға арнады. Бейбарыс пен Әсия былтыр сәуір айында марафон кезінде "шындықтан қашып құтыла алмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін 15 күнге қамалған. Оларды полиция "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптады. Бұл акциядан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде жастарды қолдаған түрлі акция өтті. Чехия, Франция, Ұлыбритания, Грузия, Италиядағы студенттер екі белсендіні босатуды талап етіп, акция өткізген.

Шетте оқитын қазақ жастары Алматыда қамалғандарды қолдады Фотогалерея

Шетте оқитын қазақ жастары Алматыда қамалғандарды қолдады

Париж, Прага, Тбилисиде оқитын қазақстандық студенттер Алматы марафонында баннер ілгені үшін 15 күнге қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуды талап етіп, "Шындықтан қашып құтылмайсың" атты акция өткізді.
Тегтер: