Қазақстандықтарға тамызда әлеуметтік көмек ретінде 42 мың емес – 21 250 теңге төленеді
Қазақстанда карантин тағы екі апта — 16 тамызға дейін созылады, одан кейін шектеу шаралары жұмсара бастайды.
Бұл туралы 30 шілде күнгі баспасөз брифингінде вице-премьер Ералы Тоғжанов және денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Тоғжановтың айтуынша, карантинге байланысты табыссыз қалған азаматтар бұл жолы 42 500 теңге емес, 21 250 теңге көлемінде әлеуметтік көмек ала алады.
"Карантин ұзартылғаны үшін міндетті түрде төлем төленеді. Бірақ соманың жартысы ғана — 21 250 теңге беріледі" деді Тоғжанов.
Бұған дейін карантин кезінде табыссыз қалған азаматтарға үкімет 42 500 теңгеден (шамамен 100 доллар) төлеген еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің айтуынша, шілдеде бұл қаржылай көмек 1,8 млн адамға берілген.
Билік өкілдерінің айтуынша, бұл жолы да азаматтарға проактивті форматта (автоматты) жәрдемақы тағайындау қарастырылған. Бұған дейін кейбір азаматтар қаржылай мемлекет берген қаржылай көмектің мардымсыз екенін айтып шағымданған.