Қазақстанға рубль төгіп жатыр

Қазақстанның валюта нарығында өте қиын жағдай. Біз үлкен проблемалық, парадокс жағдайға тап болдық: елге ағыл-тегіл рубль келіп жатыр.
Ең сорақысы, оның бағамы күннен-күнге көтеріліп, рекордтарды жарып жатыр. Логикаға салсақ, мұндай ағыл-тегіл, Ресейден басқа әлемнің ешбір еліне қажетсіз рубль тек арзандауы керек еді.
Қазір 35 миллиардқа жуық қолма-қол артық рубль келген екен Қазақстанға. Бұл экономикалық қауіп.
Рубльдің еркін қозғалысына тыйым салайын деп отырған Қазақстан жоқ. Ресейліктер қазақстандық банктерден есеп-шот ашып, рубльдерін теңгеге айырбастап алып, теңгеге тауар алып, немесе оны ақыры доллар қылып Қазақстаннан әкетіп жатыр. Ертең Қазақстанда не тауар жоқ, не доллар жоқ. Есесіне тау-тау болып рубль жатпасын.
Ұлттық банктің Иван Сердюк деген бір департамент директоры «рубль долларға қарсы екеуара жекпе-жекте жеңіп жатыр, содан күшейген рубльдің теңгенің алдында «қатаятыны» заңды» деп түсіндіріпті.
Қазақтың ұлттық банкі осы әрекетімен Ресейдің экономикасына көмектесіп жатыр, деп санайды экономист Меруерт Махмұтова.
– Рубль күшейіп жатыр деген қауесет ресейліктерді алдау үшін Ресей билігіне керек. Әйтпесе рубльдің сол жалған курсымен Ресейде ешкім валюта сатып ала алмайды. 1 рубль 10 теңгеге жете жаздайтындай еш себеп жоқ. Менің, біздің ұлттық банк Ресей экономикасына қолдау жасап отыр. Мұны басқаша түсіндіре алмаймын. Рубльдерін теңгеге айырбастаған ресейлік жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар енді бұрынғыдан екі есе көп теңге алады қолына. Сол теңгеге Қазақстанда бірден доллар сатып алып жатыр. Қолма-қол рубльдің көбейгені өте қауіпті. Ұлттық банк рубль әлемдік нарықтарда күшейіп жатыр деп, адамның күлкісін келтіретін уәждер ойластырудың орнына теңгені қорғау үшін шұғыл шаралар қолдануы тиіс, дейді ол.