Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 22 Шілде 2023

Қазақстанның шіркеулері де Мәскеуге бағынышты

None
None

Алматының бір шетіндегі шіркеу ауласына орыстың православтық әулиесі, «ұлы» кінәзі, даңқты қолбасшысы һәм «дипломаты» Александр Невскийге (шіркеу соның атымен аталады) ескерткіш орнатылуы қазақы қоғамда үлкен дау тууына себепші болды.

Пікірлер қақ жарылды. Бірі – ескерткіштің тұрғызылуына қарсы болса, екіншісі – «ешқандай тарихи маңызы жоқ ескерткіш, одан бізге келіп-кетер қауіп нөл» деген уәж айтты.

Әлбетте, қаланың қақ ортасында емес, жұрттан оңаша, ғибадатхана ауласына орналасқан ескерткіштің расында ешқандай идеологиялық мәні болмауы мүмкін. Бірақ шіркеудің Қазақстан заңдық қағидаларымен өмір сүрмейтінін, ресейлік, яғни Мәскеу патриархатының бір бөлігі болып саналатынын, сол жаққа тәуелді екенін ескермей болмайды. Осы орайда, діннің тұтастығы – елдің тұтастығы дегенді қанша қайталасақ та, шынтуайтында сәл нәрседен ши шықса, елдегі діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтыратыны ақиқат нәрсе. Дүниеде діни соғыс – ең қиын соғыс екенін ұмытуға болмайды.

Жақында қазақстандық православ дінбасы Яков Воронцов Қазақстандағы шіркеуді орыс православ шіркеуінің басшысы Кирилл басқаратынын, епископты да солар тағайындап, жіберетінін айта келе, қазақстандық шіркеу автономды болса жөн еді деген мәселе көтерді. Оңды пікір. Өйткені тәуелсіз елдің діні де өзге жұртқа тәуелді болуы тиіс емес.

«Ол үшін еліміздегі ҚМДБ бар, ассамблея бар, шіркеу басшылығы бар, бәрі жиналып, бұл мәселені шешетін уақыт келді» дейді саясаттанушы Ерасыл Ислам.

Уақыты келіп, пісіп жетілген мәселені дер кезінде шешпесек, оның залалы қиын болмақ. Елімізде төрт мыңға тарта діни бірлестіктер бар. Соның ішінде православтардың 342 бірлестігі, католиктерде 86, протестанттарда 595, иудейлерде 7 бірлестік болса, ал буддистердің 2 бірлестігі бар көрінеді. Қысқасы, елімізде төрт мыңға тарта жұрт құлшылық ететін ғибадатхана бар деген сөз. Бұдан тыс қаншама секталар жұмыс істейді. Онда қандай уағыз айтылады? Елдің береке-бірлігі, қоғамдағы тұрақтылық жөнінде ме, әлде ұлттар арасына іріткі салу мәселесі айтыла ма?

«Тағы да нақтылай түссек, православтік храм саны 301, католик шіркеуі 108, протестанттардың 406 құлшылық үйі бар. Бұлардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Оған синагога, кришнаид, Иегова куәгерлері, Бахай, Будда, т.б. храмдарын қосыңыз. Егер осылардың бәрі өзімізге емес, сыртқа тәуелді болса, өзгенің айтқанымен жүріп тұрса не болмақпыз? Ертең «православтықтар Невскийге ескерткіш қойды, біз одан кембіз бе» деп өзге храмдар мен құлшылық үйлері өз әулие-әмбиелеріне арнап ескерткіштер қоя бастаса қайтпекпіз? Тағы да, «аулада тұрған тастұғырдың ешқандай тарихи маңызы, идеологиялық негізі жоқ», деп қол қусырып отыра береміз бе? Сондықтан осылардың бәрін реттеп, бір ізге түсіретін заңдық пәрмені бар жарғы қажет», – дейді Ислам.

Алайда Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, діннің үстемдігіне жол жоқ. Тіпті дінді мансұқтауға тиісті емес. Солай бола тұрса да, өз жерінде тіркелген діни бірлестіктерге өзге жұрттың ықпалы жүргеніне, өзге жұрттың идеологиясын тықпалағанына қарсы тұра білгені жөн. Демек, дінге де дербестік керек. Православ дінбасы Яков Воронцовтың «елде өзін-өзі басқаратын шіркеу құру мәселесі тоқсаныншы жылдардан бері көтеріліп келеді. Қазақстандық шіркеу автономды болуы керек», деген сөзінің жаны бар.

Айтпақшы, бұдан біраз бұрын Украина православие шіркеуі Орыс православие шіркеуінен бөлініп, өздерін Киев патриархаты деп атағаны белгілі. Ал біз не деп атаймыз? Әлде қазақстандағы шіркеуді орыс православ шіркеуінің құзырына беріп қойып, қарап отыра береміз бе? Бүгін ескерткіш қойған олар, ертең тағы бір идеологиялық тетігін іске қоспасына кім кепіл? Елімізде православ дінін ұстаушылар саны, ислам дінін ұстаушылардан кейін екінші орында тұрғанын ескерсек, Мәскеудің иелігіндегі шіркеулер кімнің әнін айтып, кімнің биін билейтіні белгілі. Демек, мұны әскери тілмен айтқанда, көмулі жатқан «мина» деуге болады. Ал ол шіркеудің ауласында болса да жарылуы мүмкін.

Мина дегенде Ресейдің Қазақстандағы полигондары еске түседі. Жер кіндігі Байқоңырдың Ресейдің Мәскеу облысына қарайтыны секілді, шіркеулердің ауласы да Ресейдікі болғаны ма? Әйтпесе, Алматы әкімдігі үш рет рұқсат бермей қойған ескерткішті апарып орната салғаны нені білдіреді? Оған қала әкімі Ерболат Досаевтың жетіп баруы, салпыншақ тағынып, қайта-қайта бас иіп, артынша істің мәнін білмек болған журналистерден қашып кеткені ше? Осылар бірдеңе жасырып жүрген жоқ па?

Тегтер: