Қазақстанның табысы қарыз жабуға кетіп жатыр

«Үкіметтің инфляция 19,6% дегеніне өз басым сенбеймін. Азық-түлік инфляциясы деген бар.
Оның мөлшері кемінде, 23%-ға көтерілді. Инфляция құнсызданудан құралады. Маңғыстаудың өзінде азық-түлік инфляциясы 29,7%-ға дейін көтерілді, деген» екен қазақ экономисі Нұртаза Қадырниязов Maidan YouTube каналына берген сұхбатында.
Негізі, инфляция дүниежүзінде жүріп жатыр. Бірақ Қазақстанда неге ол өзге елдерден көп жоғары?
Экономист былай түсіндіреді:
— Шетелден келген тауарды бизнесмен 100 долларға сатып алған болса, бізге оны 200-300 долларға сатады. Теңгемізді солай құнсыздандырады. Екіншіден, мемлекеттің ішіндегі қаржы жүйесінде ақша эмиссиясының көбеюі. Экономикада ақша көп болса, баға көтеріліп, инфляция болады. Әрбір шыққан 1 теңгенің артында тауар болуы керек. Біз өнім өндіруіміз керек те, сол өнім арқылы теңгенің құнын ұстап тұруымыз керек. ЕАЭО ішінде біздің импортымыздың 92% Ресейден екен. Біздің ақшамызды импорт құнсыздандырып жатыр.
Біз, тіпті, ауыл шаруашылығының өнімдерін де Беларусь, Ресей, Қырғызстаннан импорттап отырмыз. Ақыр аяғы, етті де импорттап отырмыз.
Экспортымыз көп дейміз, бірақ ол экспорт неден тұрады? Мұнай, газ, қазба байлықтарымыз. Негізінен, шикізат қана экспорттаймыз. Қосымша құн жасалған тауарлар, мысалы, киім-кешек, телевизор, тоңазытқыш сияқты тауарларды шығармаймыз. Мысалы, мұнайдан, кем дегенде, 300 түрлі өнім жасауға болады. Ал біз одан тек бензин, май-мазут қана шығарамыз.
Экспортымыз 85 млрд долларға жетті. Бізге келетін ақша бұл. Неге ол бірақ біздің қалтамызда сезілмейді?
Ол ақша қайда десек, біздің сыртқы қарызымыз қазір 165 млрд долларға жуық. Біз оны жай қайтармай, процентімен қайтаруымыз керек. Жылына бірнеше трлн теңге доллар түрінде қарыздарды жабуға кетеді. Тапқанымыз қарызды жабуға кетіп жатыр. 2019 жылдан бері біздің сыртқы қарызымыз 6 млрд долларға өсіп кетті. Азаюдың орнына өсіп жатыр. 2020 жылдың желтоқсанында «Азия даму» банкінен 1,5 млрд еуро қарыз алдық. Жақында 345 млн еуроны «Халықаралық даму және қайта құру» банкінен алдық. Не үшін алдық? Өндіріс ашу үшін емес, экономиканың құрылымын өзгерту үшін емес, бюджеттің қарызын жабу үшін алып отырмыз. Қазақша айтқанда, бюджетіміздің жыртығын жамау үшін. Бүйтсек, қарызымыз ешқашан бітпейді. Мемлекеттің шығыны кірісінен көп болып тұр.
Ресми 500 мың жұмыссыз бар. 2,5 млн «самозанятый» бар дейді, кездейсоқ табыспен күн көріп жүрген. Негізгі жұмыссыздық ауылда. Ауылда жұмыс ашатын мемлекетте бағдарлама жоқ. Ауылда фабрикалар, зауыттар ашу керек. Мал сойғандар мал терісін күресінге лақтырып жатыр. Теріні өңдейтін зауыт жоқ. Ақтөбе облысында меринос қойдың жүні далада шіріп, оны өртеуге мәжбүр. Жүннен киім жасайтын өндіріс бізде жоқ. Ауылдағылар амалсыз қалаға барады, қалада оларды ешкім күтіп отырған жоқ. Жұмыссыздық 1%-ға көбейсе, қылмыс 20%-ға көбейеді екен.
Үкімет адамның ақша табуына жағдай жасауы керек. Мен ойлаймын, ауыл шаруашылығында, ауылдың өзінде тері мен жүн өңдейтін, май-ірімшік жасайтын, сүт шығаратын зауыт-фабрикалар ашу керек. Ауыл халқы сол жерде жұмыс істеуі керек, оларға кемінде, 500 мың теңге айлық берілуі тиіс.
Біз бәрін импорттауға әбден сеніп қалғанбыз. Ұлттық қорда 55 млрд доллар ақша жай жатыр, тым аз табыс әкеліп. Сол ақшаны неге ішке инвестицияға жібермейміз? Экономиканы әртараптандырып, жұмыс орындарын ашуға, өзіміздің зауыт-фабрикаларымызды салуға.
Қазіргі экономикалық саясатымыз дұрыс емес, өйткені ол ұлттық мүддені, мемлекет мүддесін ойламайды. Ұлттық мүдде деген – мемлекеттің халқы, қазақ халқы. ЕАЭО-ға кірдік, анда кірдік, мында кірдік, бірақ Өзбекстан сияқты өзіміздің ұлттық саясатымызды жүргізе алмадық. Өзбекстанда жақында үшінші ірі газ-химия кешені ашылды, полиэтилен шығаратын. Етті экспорттаудан ТМД-ның ішінде Өзбекстан бірінші орынға шығып кетті. 495 мың шаршы шақырым ғана азғантай жері бар ел. Ал бізде 2,7 млн шаршы шақырым жеріміз бар. Бидайымызды сатып алып, Ауғанстанды ұнмен қамтамасыз етуде. Ал біз бар нәрсемізді ұқсата алмай отырмыз.
ЕАЭО-ға Украина кірмей қойды, ол Еуроодақты таңдады. Сол жанжалдың арты соғысқа алып келді. Біздің Ресеймен 7 мың шақырымнан астам ортақ шекарамыз бар. Біз саяси мәжбүрміз сондықтан. Ресей экономикасы құлдыраса, ол бізге әсер етеді. Ресей қантын шығармай қойып еді, бізде қант қымбаттап кетті. Ресей экспортын жауып тастаса, біз түксіз қаламыз. Сондықтан бізге әзірге, әліптің артын бағудан басқа амал жоқ. Тіпті, ақша екінші орында, егер біреу біздің жерімізді тартып алса, оны қайтару өте қиын болады. Грузия 2008 жылы Абхазия мен Осетиядан айырылып қалды. Ол қайтара ала ма? Украина Қырымды қайтара ала ма? Мен сенбеймін.
Бүгінгі биліктің жаңа жұмыс орнын ашайын деген қадамдарын көріп тұрған жоқпын. Айналып келіп, тағы да фермерлерге кредит берейік дейді. Ендеше, алдағы уақытта тағы да қымбатшылық жалғаса береді, байлар байи береді, кедейлер кедейлене береді, – дейді сөзін түйіндеген экономист.