Қазақтан келін алған Раудың басы дауға қалды
Әйгерім Рау деген сылқым келіншек бар екен. Сылқым болмай қайтеді, атынан ат үркетін Альберт Раудың келіні ол.
Қайын атасы Раудың есімі Қазақстанда сонау 90-жылдардан бері көпшілікке жақсы таныс: Лисаковск қаласының, Ақмола облысының бұрынғы әкімі, талай рет вице-министр болған, Мәжіліс депутаты, неше түрлі мемлекеттік орден-медаль таққан, мемлекеттік премиялар мен марапаттардың мың көкесін алған отандық саясаткерлердің «жоғары санатына» кіретін кәдімгі игі жақсының бірі.
Сол ықпалды Раудың пысық келіні Әйгерім Рау әлеуметтік желідегі өзінің жеке аккаунтында өлген аюдың неше түрлі терісін, сирек кездесетін бұғы-марал мүйіздерінің суреттерін жариялап, шетелдіктерге арналған жарнама жасайды екен. Қысқасы, шетелдің қалталы бизнесмендерін Қазақстанға аңшылыққа шақырады, «виза мен лицензия жағын өзіміз қамтамасыз етіп береміз» деген уәдесін айтып.
Мұндай «жабайы» жарнаманың астарында Қазақстан табиғатын емін-еркін саудалайтын бір элиталық отбасының жекеменшік бизнесінің мүддесі жатқанын қазақтың блогер қызы Насима Қорғанбекова байқап қойып, әлеуметтік желіде дабыл қақты.
Әйгерімнің Instagram-да мақтанып, жиі сала беретін суреттеріне қарағанда, атасы Рау мырза тіреп тұрған осы аса бақытты отбасының Шығыс Қазақстандағы Зайсанда жекеменшік отелі бар. Оны эко-отель деп атап қойған өздері. Әрі сол тұмса табиғатты өлкеде бұлар жабайы аңдарға аңшылық құру бизнесін дөңгелетіп отыр.
Рау – жүйенің адамы. Мұндай дау – өте жаман, қауіпті: өздері сияқты жемқорлық жарысына қатыспайтын ауыл-қаланың қараңғы, кедей халқының ашуын тағы шақыруы мүмкін. Ауыл халқы жоқшылыққа әбден батып аш отырғанда, бұлардың қазақ жерінде шетелдің байларына аңшылық деген қымбат ермекті сатып жүргені еш жағымды жаңалық емес.
«Әйгерім, сіздің Қазақстанның жануарлар дүниесіне жаныңыз ашымай ма?» деген сұрақ қойып, Қорғанбекованың осыны жазғаны сол екен, әлгі Әйгерім бұған дейін желіге жүктегенінің бәрін жоқ қылыпты. Өзі Қорғанбековаға қарсы соғыс ашқан, әлеуметтік желіде Қорғанбекованың өзін қаралайтын посттарға тапсырыс берген.
Айтпақшы, әлгі отель салынған жер кімдікі десеңізші? «Нұр Отанның» мүшесі Альберт Раудың құдағиыныкі екен.
Осыған байланысты блогер «Нұр Отан» партиясынан түсініктеме беруді сұрайды:
1. Жоғары шенді шенеуніктің отбасына Қазақстанның жабайы жануарларын атуға рұқсат беріп қойған кім? Конституция бойынша оның иесі халық емес пе?
2. Табиғаты әсем жердің билеуші партия мүшесінің жекеменшігі болғаны қалай? Дұрыс па, бұл?
3. Альберт Раудың ұлы Алексей маған жазған жауабында «отель мен аңшылықтың менің отбасыма қатысы жоқ» деп соғып жіберді. Заң бойынша әке мен ұлдың арасында туыстық байланыс жоқ па, сонда?
Және соңғы екі сұрағым дейді блогер: бұл билік халықпен қашанғы осылай өктем сөйлесе бермек және біздің жабайы жануарларымыз, салықтарымыз бар жеріміз қайда, кімнің қалтасында кетіп жатқанын білуімізге бола ма?
Бірақ бұл сұрақтарға «Нұр Отан» әзірге жауап бермеген сыңайлы.