Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:30, 23 Тамыз 2023

Қазақтар қарамай қойған Әуезовтың үйін қырғыздар жөндеді

None
None

4 жыл бұрын

Кәсіби гидтердің аздығынан, Ыстықкөлдің айналасына экскурсияны қырғыз таксишілер жасап жүр.

Алматыдан шыққанда негізгі жоспардың бірі Ыстықкөлдегі Әуезовтің үйіне бару болатын. Апаратын кісі тез табылды.

— Әуезовтің үйі ме? Болды апарамыз, – деген елуден асып кеткен кісі аса сенімді дауыспен. Бірінші кездескен қырғыздың «Әуезов кім?» деп сұрамағанына ішіміз жылып-ақ қалған. Әуезовтің үйіне бізден бұрын да қазақтар барып жүреді екен ғой деп ойладық.

Қызық ертеңіне болды.

Шолпан-Атадағы орталық музейге тоқтады да, «ал, келдік» деді. Бізге керегі орталық музей емес екенін айтып, Әуезовтің салғызған, тұрған үйі бар екенін жан-жақтан айтып түсіндірген соң ғана музейден жөнін біліп, жолын сұрап шықты. Содан біраз адасып жүрдік. Жол-жөнекей кездескен кісілерден сұрайды, ешкім білмейді. Келе жатқан көшеміз – М.Әуезов көшесі. Көше, кейін сұрап білсек, қаладағы ұзын көшелердің бірі саналады екен. Бірақ тар әрі бұлың-бұлың.

Әуезовтің үйі – осы көшенің тұйықталған жерінде, дұрысы, басталған жері (рет саны бойынша). №1 үй. Біз түс ауа барғанбыз. Есігі жабық. Қаққанмен ешкім ашпады. Ағаш қоршаудан қарғып өтіп, аулаға кірдік. Әй деген, қой деген жан жоқ. Ауласы, үйі сол салынған күйі сақталған сияқты. Музей-үй дегеннен гөрі, біреудің саяжайы дегенге ұқсайды. Жер көлемі аса үлкен емес, арыда алма, тағы бір ағаштар өсіп тұр. Ауланың сол жақ қапталын ақ қайыңдар көмкеріпті. Төртеу. Пансионатта бұл жақтың қайыңдарының жуандау келетінін байқағанбыз, мынау да сол. Үйдің кірер есігінің сол жақ маңдайшасына бұл үйде 1958-61 жылдары қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің тұрғанын, сосын, үйдің 1970 жылы Қазақ ССР-іне берілгені туралы орыс тілінде жазылған тақта тұр. 

Бұдан арғы жоспарымызда кемемен көлдің ортасына шықпақ болғанбыз. Әуезов өмірінің соңында тұрған үйдің терезесінен сығалап, есігін ашпай қойғанына налығандай, жөнімізге кеттік. Біздің бұл қуыста не іздеп жүргенімізбен шаруасы жоқ, такси-гидіміз асықтырып әлек. Кемеге де міндік, капитан 100 метрлік тереңдікке барып, суға түсуге рұқсат берді. Осынша терең суға түсіріп жатқанымен шаруасы жоқ, кеменің иелері бейқам. Суға жүзе алам деген адамға кеудеше бермейді. Кеудеше кигендерді де көп қақпайлағанын көргенжоқпыз. Көлдің ортасы деген әшейін сөз ғой, жағадан асса 5-6 шақырым алыстаған шығармыз. Ұзындығы (178 км) мен енін (60 км) шарлап шығу үшін біраз уақыт керек екенін сонда ұқтық. Көл сол күйі, көз алдыңда көкжиекке дейін созылып алып, жатты да қойды. Күн тынық, әлсіз дірілдегені болмаса, толқын жоқ еді.

Әуезов үйіне қайтар жолда тағы соқтық. Дәм тартыпты, – музей-үйдің қызметкері іште жүр екен. 

Үй 1957 жылы салыныпты. Әуезовке Қырғыз үкіметі алдымен жер сыйлапты. Жерді Қырғызстанның кез келген жерінен өзі таңдап алуына болады. Жазушы көп ойланбай-ақ осы Шолпан-Атаны таңдапты. Қызығы, ол кезде бұл Шолпан-Ата қаласы жоқ, бірді-екілі үйлер болмаса иен жатқан жер екен. Әуезов өзі келіп, көлдің көзге жақсы көрінетін жерін таңдапты. Үйді өз ақшасына салғызған. Таныстырушы әйелдің айтуынша, ол жылдары мұндай үй – ең мықты үй есептелген. Оны өзіміз де шамалап тұрмыз, кіре беріс кең зал, жатын үй, жұмыс бөлмесі, тағы бір бөлме, асхана, дәретханасы бар, бірнеше есігі бар кең үй. Бірақ қай бөлмеге бас сұқсақ та сәресіп тұрған кітап. О баста жазушының жеке қорынан алынған кітаптар болар деп ойлағанбыз, сөйтсек, бұл үй қазір музей-үй емес, музей-кітапхана екен. Қаланың меншігінде. Оқырмандар келіп, кітап алып кетіп оқиды. Оқу залы жоқ. Төргі, жазушының жұмыс бөлмесі ғана сол күйінде сақталыпты. Төрде жазу үстелі, жұмсақ орындық, бер жақта ағаштан тоқылған тербелмелі кресло, тағы басқа заттар бар. Жазу үстелі тура көлге қараған терезенің алдына қойылған. Қазір құрылыс қаптап кеткен, көл көрінбейді, ал, ол кезде бұл жерден көлдің сұлу көрінісі ашылатын болған. Жазушы жасы ұлғая бастаған шағында жанға тыныш, көзге сұлу осы бір жерде алаңсыз демалып, тыныш жұмыс істеуді, бейбіт өмір сүруді ойластырған сыңайлы. Бірақ аяқталмай қалған «Өскен өркеннің» кейбір тараулары болмаса, бұл үйде жазушы анау айтқандай ештеңе жазып үлгермей кетіпті. Бұл бөлмеге бізді кіргізбеді. Біз түгілі, «жазушының ұрпақтарын да кіргізбеймін», дейді.

Кіре беріс кең залдың төргі жағы Айтматовқа арналыпты. «Айтматовты әлем оқиды» деген айдармен шет тілдердегі кітаптары, өзге де суреттері бар. Босаға жақта Әуезовтің суреттері, түрлі кездесулер, отырыстар, қырғыз жазушыларымен басқосулардан естеліктер… Тағы бір шағындау бөлме қазақ драматургиясы мен театр өнеріне арналған. Мұнда да әртүрлі суреттер мен көріністер. Қысқасы, қазақтың әйгілі жазушысы тұрған үйді бұзып тастауға немесе өзге біреуге өткізіп беруге болмайтындықтан, музей «жасауға» мәжбүр болған жайт аңғарылады. Жазушы өмірінен сыр шертер экспонаттар аз, тіпті жоқтың қасы. Сол себепті, бос қалған орындарды бірдеңемен толтыру керек болғандықтан, Айтматовты, қазақ театр өнерін, одан кейін кітапхананы ойлап тапқан сияқты. Әйтпесе, кітапхана дей қоярдай емес, кітап қоры да шамалы (2000-нан асар ма екен?). 

Шыңғыс Айтматов осыдан 20 жыл бұрын келіпті. Одан кейін бас сұқпаған. Президент атаулыдан жалғыз Отынбаева келіпті. Қазақ жазушылары мен атқамінерлері келіп тұратын көрінеді. Жазушының ұрпақтары жыл сайын жазушының туған күні қарсаңында арнайы келеді. Осыдан біраз жыл бұрын Қазақстан президенті Назарбаев пен Қырғызстан президенті Бакиев Ыстықкөлде кездескендеосы үйді де көрсету жоспарда болыпты.

— Қолымызға гүл ұстап, ауланы тазалап, көшені босатып, күні бойы күттік. Келмей кетті...

«Қандай проблемалар бар музейге қатысты?» деген сұрағымызға: «Айтпаймын», – деп жауап берді. «Айта-айта шаршадық», – дейді. Айтқанмен түк шықпайды. Күзетші жоқ. Бір ғана қызметкер әйел жұмыс істейді. Бұрын төрт адам істепті, «қазір үйге кетерде жазушының үйін Құдайға аманаттап кетеміз, басқа амал жоқ», – деп қалды. Қазақтың атқамінерлері де, ақын-жазушылары да келген сайын музейді жақсылап қолға алатынын айтып кетеді екен. Бірақ одан кейін хабар жоқ.

Кітапханашы осындай уәделерден жалыққан адам. Қазір Әуезов көшесіндегі жабайы жайма базарда мәліш сауда жасайды. Көлге түсетін киім-кешек, көйлек-дамбал… Біреу-міреу іздеп келсе, саудасын тастай салып жүгіріп келеді екен.

«Негізі, адамдар келіп тұрады, көбіне кітап оқитындаркітап алу үшін» дегеніне де онша сене алмадық. Бұл сапардан ең бір жақсы пайда тапқан біздің таксиші болды ғой деймін, кетерде бұл үйдің қазақтар үшін ерекше маңызы бар екенін біліп, кітапханашы әйелдің телефон нөмірін жазып алып жатты. Сұңғыла неме «Әуезовтің үйіне апарам» десе, қазақтардан «клиентінің» көбейетінін ұққан сияқты. Гид-таксиші әбден кетерде бізге көңілі түскен түрмен: «Оказывается, Әуезов – ақын екен ғой», – депті (өзім естімей қалдым). «Ақын емес, жазушы. Шыңғыс Айтматовтың ұстазы». «А-а, Айтматов… Білем-білем», – деп сәл бөгеліп: «Айтматов та ақын болған ба?» деп сұрапты. Ал, бұл кісі маған бір күн бұрын кемеге шыққанда Ыстықкөл туралы елдің ішінде айтылатын аңыздардың көп екенін айтқан. Тіпті мен кеткенше жақсылап бір айтып берем деп уәде де берген...

Көл жағалап жүріп, тек тіршіліктің, тиын сауудың ғана құлы болып кеткен, ешқашан «білмеймін» деп айтпайтын, жолап кеткен адамынан бірдеңе «сындырып» қалуға тырысатын «экскурсовод» байкелер «адамзаттың Айтматовын» білмейді дегенге бұрын айтса сенбес едім-ау...

2019 жыл (Жас Алаш архивінен)

Бүгін

Біз ресми іс-шарадан босай қалған, түскі әредікте Қырғыз министрлігінің қызметкері Наргиза Омароваға осында табанымыз тигелі бері көңілімізде жүрген бір бұйымтайымызды айттық. Ол Шолпан-Атадағы М.Әуезовтің тұрған үйін көру еді. Наргиза қалта телефонынан іздеп көрді де, біз тұрақтаған қонақ үйден тым алыс емес екенін айтып, түскі астан соң апаратынын жеткізді.

Тар көшенің тұйықталған жеріндегі аласа ағаш қоршаудың алдында тұрмыз. Бойымызды болмашы діріл басты. Бұл ұлы суреткердің тұрған жеріне кірер алдындағы көңіл толқынысы болса керек. Сонымен қоса көңілде аздан алаң, күдік те бар, мұның себебі – осыдан 4 жыл ілгері «Жас Алаш» газеті осы Ыстықкөлге келгенде арнайы Әуезовтің үйіне соққан, сонда кетеуі кеткен, қараусыз қалған, жұпыны тартқан жазушының үйі көңілге қаяу түсіріп еді, алдымыздан сол алабажақ үй қайта шыға ма деген алаң болса керек.

Жасыл түсті қоршаудан өтіп, аулаға кірдік. Гүл өсірілген, жасылданған ауланың сол жақ төрінде ұлы қаламгердің бюсті көзге оттай басылды. Шын шебердің қолынан шыққан, мінсіз дүние екені бірден байқалады. Кең маңдайы, артына қайырылған шашы, қалың қабағы, Ыстықкөлге тесіле қараған ойлы жүзі, көз шарасында шымырлаған ой ағысы бәрі-бәрі тірі күйінде. Алдына дәптер жайылған, қолына қалам ұстаған бұл да соншалықты жарасымды. Іштен дабырлаған адамдардың дауысы естілді. Музей үйден арық, жұқалтаң әйел шықты, біз жамырап амандасып, Қазақстаннан келгенімізді айттық. Жылы жымиып, есендігімізді сұрап, ішке кіруімізді өтінді. Кейін сұрап білдік, бұл кісі осы музей үйінің қызметкері Саламат Табышова екен.

Бұл үйге М.Әуезов 1957 жылы маусым айында көшіп келген, сөйтіп, төрт жылдай көктемде, жазда келіп кетіп тұрған. «Өскен өркен» романын осында бастап жазған. Әу баста жерді қырғыздар сыйлаған, үйді өз қаражатына салған. Қазір биік ғимараттардың арасында сәл аласалау болып көрінгенімен, кезінде ең бір еңселі, жайлы, заманауи үйлердің бірі болғаны сезіледі.

Әуезовтің үйі 1970 жылы кітапхана музей болып құрылыпты. Ал С.Табышова осында 1982 жылдан бері қызмет етіп келеді. Мана үйге кірердегі күдігіміз сәл сейіле бастады. Музей үйге жақында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгені білініп тұр. Қабырға ақталған, аулаға гүл өсіріліп, көгалдандырған. С.Табышовадан осының жайын сұрадық. О кісі бірден жайнап сала берді, жүзіне сәл күлкі әрі мақтан үйірілді. «Иә, музей үйге жиырма жылдай жөндеу жұмыстары жүргізілмеді, шынын айтсақ, қаражаттың ыңғайы болмады. Қазақстаннан келген кісілер, басқа да біреулер «жөндеп береміз» деп уәдені үйіп төкті, бірақ кейін бәрі де хабарсыз кетті. Өте қиын жағдайлар болды. Музей үй қараусыз қалды, содан өткен жылы жазушының 125 жылдығына орай Қырғыз республикасы арнайы қаражат бөліп, музей үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қазір бәрі жаңа, аула да реттелді. Жазушының бюсті қойылды» деп, желпініп барып тоқтады. Сөз арасында ауладағы бюстің жақсы жасалғанын айтып, оның авторын сұрадық, сөйтсек, Тамила Маматова екен. Мұны естіп, қуанышымыз, тіпті де еселене түсті. Себебі Т.Маматова – қырғыздың аты шыққан шебер мүсіншісі, қайбір жылы оның Ш.Айтматовтың еңселі мүсінін жасап жатқан фотосы ғаламторда кеңінен таралып, қазақтар да тамсана талқылаған еді. Көбіміз оның қас шеберлігіне сүйсінгенбіз. Сөйткен қырғыздың қаршадай қызы ұлы Әуезовтің Шолпан-Атадағы музей үйінің алдына орнатылған бюсті де жасапты. Сондай-ақ аулаға кірген кездегі түйсігіміз де теріс кетпепті дедік іштей.

Біздің Алматыдан келгенімізді, журналист екенімізді білген соң Саламат Табышова музей үйді бір бірлеп таныстыра бастады. 

Үйдің кіреберісі аяқ шешетін, киім ілетін тар бөлме, одан соң оң жағы кең зал. Мұнда төрге Әуезовтің мүсіні қойылған, босағаға жазушының бейнесі салынған кілем ілінген. Қабырғаларға негізінен қаламгердің әртүрлі фотолары, Ыстықкөлде түскен суреттері ілініпті. Залдың ортасына арнайы үстел қойып, оған Ш.Айтматовтың кітаптары мен фотоларын жайғастырыпты, бұған «Айтматов 95 жыл» деп жазып қойыпты.

Музей қызметкерінің айтуынша, М.Әуезов бұл үйде ең соңғы рет 1961 жылы ақпан, наурыз айларында болыпты, осында «Өскен өркен» романының кейбір тарауларын жазыпты, одан соң Алматыға барған, ары қарай маусымда Мәскеуге ота жасатуға барып, қайтып оралмаған.

Музей үйде келушілер мен оқырмандардың аяғы үзілмейді. Кітапханада жиыны – 11430 кітап бар екен. Тіркелген оқырманның саны – 845. Ал Әуезовтің алты тілге аударылған шығармалары сонда сақтаулы екен.      

Ас үй мен жатын бөлменің ортасындағы төргі үй жазушының кабинеті. Ол жаққа кіргізбейді, тек есігінен үңіліп, мойнымызды созып қарадық. Сол қабырғада шағын, қоңыр кітап сөресі, жазушы өзі жинаған кітаптар. Терезенің алдында шағын жазу үстелі, сағат, қаламсап, ашулы кітап, жазу жазған бірнеше парақ тұр. Үстелдің беті жасыл матамен қапталыпты. Үстелдің алдында шағын орындық, арғы бұрышта сары тысты кресло, есікке тақау жерде серіппелі орындық. Кресло мен серіппелі орындықтың үстіне алақандай оюлы көрпеше салынған. Ал жерге кішілеу қызыл, жасыл оюлы сырмақ төселген. Кәдімгі қошқар мүйізді, ойып, сырыған қазақ сырмағы. Ақшыл пердеден өткен күн сәулесі жазу үстелін жарқыратып тұр. Қай кезде де жазушының жұмыс бөлмесі бәрінен ыстық сезіледі ғой. Шолпан-Атадағы Әуезовтің жазу бөлмесі де бізге сондай аяулы, сондай ыстық сезілді, аз кем үнсіз, телміре, тесіле қарап тұрып қалдық. Ұлы қаламгер осында отырып небір ойларға шомып, «Өскен өркен» романын жазып бастаған болар. Тіпті соңғы рет ештеңеден секем алмай, жазу бөлмесінен шығып, аз уақыттан соң қайтып ораламын деген оймен Алматыға кеткен де болар. Кім білсін...

Сыртқа шықтық. Саламат Табышова да ілесе шықты. Кіргенде байқамаппыз. Дәл үйдің алдында төрт түп қайың көкке бой тартып жайқалып өсіп тұр. Жапырақтары желмен сыбырлап, күнге шағылысып, жылт-жылт етеді. «Бұл қайыңдарды кезінде Әуезов өз қолымен отырғызған» деді С.Табышова. Мұны да Ыстықкөлдің бойында, Шолпан-Атада қазақтың ұлы қаламгерінен қалған бір белгі дерсің. Осы тұста ойыма мына бір дүние оралды. Қазақ қаламгерлері отырғызған біраз ағаш Алматыда да бой тартып тұр. Әуезовтің Алматыдағы үйінде өзі отырғызған жаңғақ ағашы бар, ал жазушылардың шығармашылық үйінде «Ғ.Мүсірепов отырғызды» дейтін қарағай өніп тұр. Ал қазіргі А.Байтұрсынұлы саябағында да ұлт ұстазы отырғызған теректер өніп өсіп тұр...

С. Табышовамен жылы қоштасып, сыртқа шықтық. Музей үйдің алдындағы тар көше жазушының атымен аталады екен. Ақырын аяңдап, Ыстықкөлге келдік. Түс ауған шақ, көл жағасы қара нөпір адам. Біреу шомылып, біреу жағада қыздырынып, тағы біреулер қайық, кемелерге мініп, абыр-сабыр болып жатыр. Мана музей үйден көрген, Әуезовтің Ыстықкөлде кемемен сейілдеп жүрген фотосы ойымызға оралды. Жазушы шағын қайыққа мініп, көлде серуендеп жүр. Қасындағы айырқалпақты қырғыз қаламгеріне алысты, сонау көкжиекті, әлде көкжиекке сіңген көлдің шетін нұсқап тұр. Міне, көз алдымда сол Ыстықкөл, толқыны бұйраланып, ұзыннан ұзаққа созылып, көлбеп жатыр.

2023 жыл (Жас Алаш архивінен)

Тегтер: