Қазақты қайтсек қазақ етеміз?!
Облыс деген сөзді аймақ немесе өлке деп ауыстыратын мезгіл әлдеқашан жетті. Дегенмен бұл істі әлі де іске асыра алмай келеміз.
Мүмкін, ойымыз, түсінігіміз және біліміміз жетпейтін шығар. Егер біз аймақ, тіпті болмаса өлке деп өзгертсек, Қазақстан біртабан ұлттық реңкке жақындар еді (национальный колорит). Әйтпесе солтүстіктегі көршіміздің айтпайтын сөзі жоқ. Соларға айтарлықтай тосқауыл болар еді. Сонымен қатар қазіргі кейбір облыс атауларында мәні мен мағынасына және жер-су атауларына қарап қайта атағанымыз жөнге келетін секілді.
Облыс атауларын, мысалы, былай деп өзгертсек:
Түркістан аймағы немесе өлкесі (Түркістан облысы)
Сырдария аймағы немесе өлкесі (Қызылорда облысын Сырдария өзені жарып өтетін болғандықтан)
Жетісу аймағы немесе өлкесі (Алматы облысы)
Сарыарқа аймағы немесе өлкесі (Қарағанды облысы)
Ақжайық аймағы немесе өлкесі (Батыс Қазақстан облысы)
Көкшетау аймағы немесе өлкесі (Ақмола облысы). Ақмола деп Целиноград ауданын өзгертсе, орталығы Ақмол елді мекені емес пе?!
Алтын Алтай аймағы немесе өлкесі (Шығыс Қазақстан облысы)
Атырау аймағы немес өлкесі (Атырау облысы)
Ертіс аймағы немесе өлкесі (Павлодар облысы)
Қызылжар аймағы немесе өлкесі (Солтүстік Қазақстан облысы)
Міне, осылай жалғаса береді. Осылай етпесек, қайсыбір облыс орталығы болып саналатын қалалардың атын тұтас аймаққа көрпеше секілді керіп тастағанбыз. Бұл дұрыс емес. Шындығында, сол аймақтардың халық аузындағы жер-су атауы көнеден келе жатқан аты болғандықтан жарасымды, әдемі, туған елімізге соншалықты жақын. Бұл атаулар ел-жұртымыз үшін баға жетпес мақтанышқа айналары анық. Өскемен қаласын алдағы уақытта, егер мүмкіндік болса, Алтай деп өзгертсе, славян жұрты да ештеңе демес еді. Неге десеңіз, Алтай тауы Ресейде де бар. Сондықтан қоңсы ел осы атауға қарсы бола қоймас. Бұл, әрине, менің өз пікірім. Дегенмен өз елімізді айналамыздағы жұрттар секілді (Өзбекстан, Түрікменстан, Грузия) ұлттық реңкке келтіретін уақыт жетті ғой деп ойлаймын.
Сондай-ақ кейбір аудан аттарын былай деп өзгертсек:
Целиноград ауданын – Ақмола ауданы (орталығы Ақмол)
Ұйғыр ауданын – Шарын ауданы (1962 жылы Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы Смайыл Юсупов орнынан кетіп бара жатып, қаулы шығарып, осылай атап кеткен болатын.)
Щучинск қаласын – Бурабай қаласы немесе Абылай хан қаласы деп.
Алтын Орда құрамындағы елдердің ана тілімізді пайдалануы
Енді ана тілімізге келейік. Қазақ деген халықтың ана тілі талай мыңдаған жылдық тарихы бар, көнеден келе жатқан ұлы тілдердің бірі емес пе? Оны өз уақытында қазіргі айналамыздағы біраз мемлекеттер ресми тіл ретінде пайдаланып келген. Осы арада мысал келтіре кетейік. Кезіндегі Алтын Орда империясының құрамында болған орыс князьдықтары өздерінің шығарған ақшаларын (монета) қыпшақ тілінде жазған екен. Мысалы, «москов акчасы будыр» (орысша аударғанда – «это московская монета») қазақша айтқанда – «бұл мәскеу ақшасы» деген сөз. Міне, осылай әрбір орыс князьдықтары өз аймақтарында жүретін ақшасын қыпшақ, яғни қазіргі қазақ тілінде жазған екен.
Сонымен қатар кезіндегі Алтын Орда қағанатының дәстүрлі сөйлеу және іс жүргізу тілі болған біздің тіліміз басқа халықтардың да тіліне аса зор ықпал жасаған. Мәселен, солардың бірі – сол кездегі империя құрамында бірнеше ғасыр болған солтүстіктегі көршіміздің тіліндегі көптеген сөз қолданыстары біздің тіліміздегі төл сөздеріміз. Атақты Дальдің сөздіктерін ақтарып отырсаң, орыстың «молоко» сөзі «мал ағы» деген қыпшақтың сөзінен алынған. Яғни малдың ағы – сүті деген сөз. Сүт деген термин қазіргі біздің тілімізге өткен ғасырдың алғашқы жылдарында келген. Осыған дейін ертедегі қыпшақтың (қазақтың) қарапайым сөзімен «малдың ағы» деген екенбіз.
Сондай-ақ шум – шу сөзінен (шуыл, шу шығару), далеко – дала сөзінен (алыс, ұзақ деген мағынаны білдіреді), буран – боран, дауыл сөзінен, богатырь – батыр сөзінен, деньга – теңге сөзінен, серьги – сырға, изюм – жүзім, сундук – сандық, калпак – қалпақ, туман – тұман, кирпич – кірпіш, товар – тауар, сарафан – сарапай, чекмень – шекпен, тулуп – тұлып, какошник – қоқрайма (қоқрайтып кию, орысшасы – женский головной убор), епанча – шапанша немесе шапан, документ – ой көмек (қыпшақ хандары өз ойлары мен пікірлерін арнайы қырып дайындаған мал терісіне немесе алыстан керуенмен жеткен қағазға жазып отырған, мұны олар «ой көмек» атаған ) деп тізбектеліп кете береді.
Осы арада тағы бір мынадай ой-пікірімізді айтқымыз келеді. Былтыр еліміз Алтын Орда империясының 750 жылдығын атап өтті. Атап өтті дегеніміз болмаса, республика көлемінде ешқандай іс-шара өткен жоқ. Орыстардан сескенетінімізді көрсетпеу үшін түрлі сылтау айттық. Тайғанақ екенімізді көрсеттік. Анау Ресейдің құрамында отырған Татарстан Алтын Орда тарихын «біздің аталарымыздың ұйымдастырған ұлы қағанаты» деп, мектеп бағдарламасына кіргізгелі біраз жыл болды. Қазіргі күндері татар балалары ата-бабамыздың орнатқан ұлы тарихы деп мақтанышпен айтатындай дәрежеге жетті. Кезінде Татарстан президенті Минтимир Шаймиев билікке келген жылдары арнайы Алтын Орда империясын зерттейтін ғылыми институт ашып, осы тақырыпты зерттейтін ғалымдарды біріктірген еді. Біраз жылдан кейін том-том еңбектер пайда болып, оқырмандарға жол тартқан болатын.
Сонымен қатар жазушы-драматургтері пьесалар жазып, сахналық қойылымдар шығарды. Біздің сауаты шамалы министрлер мен премьер-министрдің орынбасары осы бағытта ешқандай және ештеңе ұйымдастырып жарытпады. Алтын Орданы тойлау үшін өткен жылы моңғол премьер-министрінің орынбасарын шақырғаны барып тұрған жетесіздік емес пе?! Қазір сол «батырың» облыс әкімі болып қызмет етуде. Мешеу қалған бурят-моңғолдар империя құрғандай- ақ. Билік осы ұлы қағанатты тойлаймыз деп ел алдында айтқан соң, республика аумағындағы бір ауданға немесе қалаға Алтын Орданың атауын беруге болар еді ғой. Тіпті Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі Степногорск (ешқандай мағынасыз, даладағы қала деген не сөз?) қаласының атауын Алтын Орда қаласы деп өзгерткенде ештеңе кетпес еді-ау. Елордамыз бен осы қаланың екі арасына төрт жолақты жол салып, сол қалаға империяны құрушы және орнатушы хандарға монумент қойып, шартараптан келетін туристерге мақтанышпен көрсетуге болар ма еді?! Әрине, болар еді. Елордамыз Нұр-Сұлтанның қасындағы спутник қала болар еді.
Осыншалықты бай тілдік қорымызды кейбіреулер жұпыны деп төмендетіп жатады. Мүлде олай емес. Біздің тіліміз кеңестік заманға дейін бірнеше ұлы мемлекеттердің, нақтылай айтсақ, Шыңғыс хан құрған және Еуразия жазығында құрылған Алтын Орда империясынан бастап, оған дейінгі және одан кейінгі барлық хандықтардың мемлекеттік тілі болған. Мүмкін, кезінде аздаған диалект болған шығар. Қалай дегенмен де, бұл – мақтанатын асыл тарихымыз. Тілді қадірлей білгеніміз дұрыс және оның дамуы мен өсіп-өркендеуі үшін барлық күш-қайратымызды салып, күрескеніміз жөн-ақ.
Осы тілімізге байланысты мысал келтіре кетейін. Дүниежүзінде ағылшын халқы 70 миллионға жетер-жетпес, бірақ Жер шарындағы 7,5 миллиард халыққа ағылшын тілін үйретіп, осы тілде сөйлесуге, жазуға күш салуда. Қандай күрескерлік, ұлы талпыныс десеңші! Сондай-ақ қасымыздағы Өзбекстанда 32 миллион өзбек бір тілде ғана сөйлеп, мемлекеті бір тілде ғана жұмыс істейді. Біз болсақ, өзіміз тұрмақ, қасымызда жүрген азғана орысты, саусақпен санарлықтай ұйғырды, татарды, дүнгенді, басқа да кішігірім этностарды қазақша осы мезгілге дейін сөйлете алмадық. Бұл қалай десек те, биліктің қауқарсыздығын және ана тіліне, тіпті туған еліне сатқындық позициясын көрсетеді. Жатбауырлық деген – осы.
Ұлы тұлғаларымызды төл тілімізде жазайық
Қыпшақ – қазақтардың тарихтағы ұлы перзенттері: Жошы, Бату, Хулагу, Угедей, сондай-ақ басқа да көптеген тарихи тұлғалар есімдерін өз тілімізде жазғанымыз дұрыс-ау деп ойлаймын. Уақыты келген секілді. Кезінде қытай, орыс және еуропалық жылнамашылар өз тілдеріне жақындатып, бұларды әріп қателерімен (грамматическая ошибка) жазды емес пе?! Мысалға айтсақ, Жолшыны жазғанда Жошы немесе Джучи, Батылды – Бату, кейде Батый, Құбағұлды – Хулагу, Үкітайды – Үгедей, Мұқатайды – Мукалай ( қытайды бағындырған батыр), Сүбетайды – Сүбедей (қолбасшы), Төлені – Тулу (Шыңғыс ханның ұлы) деп. Осылай тізе берсең, жалғасып кете береді. Міне, осы қыпшақтың тарихи тұлғаларын өз тілімізде жазсақ. Олар өмірде өз тілдерінде аталды емес пе?! Қанша дегенмен бұлардың түгелі қазақтардың өткендегі ұлы тұлғалары. Мұны біз ғана айтып және жазып қана қоймайық, сіздер де көпшілік болып қолдап, күрескеніміз дұрыс. Мәңгүрттіктің де шегі болады. Сонда ғана тарихымызды таразылап, тазалап, қалпына келтіріп, дұрыс жолға түсеміз. Егер ойлап қарасақ, қазіргі күндері де өзінің ататегін (фамилиясын) бұрынғы орыс тілінде жазып жүргендер жетерлік.
Біз қашанға дейін ұлттық болмысымызды қалпына келтіруді, ана тіліміздің құзырын, құдіретін кеңейтуді және мемлекетімізді ұлттық бояуға кіргізуді сөзбұйдаға салып соза береміз. Биліктің тірлігіне қарасаң, бұларға ешқашан да көңіл аудармайтынын, тіпті санасы мен сауаты жетпейтінін көріп отырмыз. Тек өзіміз көрсетіп, талап етпесек.
Үш ғасыр жауқазын күзеткен сарбаздар
Осы орайда, бір мысал келтіре кетейік. Бұл осыдан бірнеше ғасыр бұрын болған оқиға еді. Ресей империясының билігі әкеден балаға, баладан немереге ауысып, үш ғасыр ұстаған Романовтар тұқымы осы үш ғасырлық оқиғаға орай, үлкен той жасайды. Бұл ұлан-асыр тойға дүниежүзінің көптеген мемлекет басшылары шақырылып, мерекенің сәнін келтірген екен. Сондай бір шақырылған қонақ кезінде Пруссия мен Германияны біріктіріп, бір мемлекет қылған темірдей Бисмарк болыпты. Бірер күн басқалармен бірге көңіл көтеріп, шаршаңқыраған канцлер қасына өзімен бірге келген дос-жарандарын алып, императордың бірнеше гектарға созылған бау-бағын атқа мініп, аралап кетеді.
Бақта қаншама ағаштың түрі, түрлі шөптің хош иісі адамға сезім беріп, сергіткендей болады. Орманды аралап келе жатқан Бисмарк бір жерден күзетте тұрған екі әскерді байқайды. Қасынан өтіп бара жатып орман ортасында нені күзетіп тұрғандарын сұрайды. Олар нені күзететінін білмейтін болып шықты. Тек күнде күзет ауысып тұратынын айтады. Бұған қайран қалған канцлер серуеннен қайтып келген соң, той иесінен орман арасындағы күзеттің не үшін тұрғанын сұрайды. Қызық болғанда, бұлар да ол туралы білмейтін болып шықты. Дегенмен кейін анықтай келе түсінгендері 2-ші Екатерина патшайым көктем күні ауқымды бақты аралап жүріп, бір жерден жауқазындардың өсіп, гүл жарып тұрғанын байқайды. Сарайдағы дворяндардың балалары үзіп тастамас үшін күзет алдырып, бақылатып қойған болып шықты. Содан кейін қойдырған күзетін ұмытып кеткен ғой. Үш жыл, 5 жыл, 10 жыл, 100 жыл, 300 жыл! Қаншама уақыт, қаншама буын өтті. Күнделікті бұл жерге келетін күзеттің өзі нені күзететінін де ұмытты. Әйтеуір, осы араға күзет тұруы тиіс. Масқара болғанда, егер сол Бисмарк болмағанда бұл дәстүр жалғаса берер ме еді, қайтер еді?! Біз енді қазақтарға жөн айтатын сол Бисмарк секілді біреуді күтіп жүрміз бе?!
Менің айтайын дегенім, еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жылдай уақыт өтсе де, ұлтымыздың ұлық мәселелері осы уақытқа дейін толық шешілмей келе жатқаны. Сіз болып, біз болып және биліктегілер болып, осы бір толғауы жеткен тосулы істерді уақыт өткізбей қалпына келтірсек жұртымызға мың да бір қуаныш болар еді.