Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:05, 26 Сәуір 2022

Қазақтың «желі» шықпайды-ау...

None
None

Бүгін «Аманат» партиясының кезектен тыс съезі өтіп жатыр. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым белгілі журналист Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында партияның бағдарламалары, болашақта жасалатын өзгерістер туралы ауыз толтырып айтыпты.

«Балапанды күзде сана» дегендей, оны алдағы уақытта көре жатармыз. Ал қазірше, науқандық партия ретінде жұмыс істеп келген Adal-дың бас партия құрамына кіру мәселесі нақтыланатын көрінеді. Ондай «қуыршақ» партиялардың соңғы тағдыры үнемі осылай болатыны белгілі. Кезінде Дариға Назарбаева құрған «Асардың» қанша асағанын қайдам, қанша жасағанын ешкім ұмытқан жоқ.

Мейлі, партиялар қосылсын, қайтадан тарасын, съез өткізсін, мәселе онда емес. Бұл жердегі әңгіменің түйіні нақты жұмыстың жоқтығында. Партияның қағаз жүзіндегі бағдарламасында бәрі керемет! Мәселен, бас партия «Нұр Отан» болып тұрған кезінде «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» деген бағдарламалар жасады. Жасыратыны жоқ, әлгі бағдарламаны оқысаңыз, бірер жылда Қазақстанға жұмақ орнайтындай, ғажайып күй кешесіз. Мейлі, экономикасы, мейлі саясаты, мейлі әлеуметтік саласы болсын, қазақ баласына алтын астаудан ас ішкізіп, алтын құдықтан су тататындай, «жұмақ» жасап тастаған. Бірақ 2020 жылға дейін соның бірі де орындалған жоқ. 2030 жылы да орындалуы екіталай. Өйткені біздің мемлекеттің саяси-экономикалық жүйесінде халықты қызықтырып, шексіз қиялға жетелейтін, бірақ қол жетпейтін, мүлде орындалмайтын бағдарламалар жасауды мемлекеттік деңгейде «патенттеп» қойған. Билік қазақтың ең осал жерін жақсы біледі. Өйткені қазақ бала сияқты халық: қызыл сөзге ергіш, өтірік ертегіге сенгіш, жалған жұмаққа алданғыш. Сол мінезді әбден біліп алған биліктегі саясатты жасап отырған дөкейлер жыл сайынғы жолдау мен партияның съезінде қазақтың «желін шығарып» отырады. «Қаңтар қасіретінен» кейін қазақтың «желі» емес, «қаны» алаңда ғана шығатынын билік түсінген шығар?  

Ешқашан орындалмаса да, партиялардың бағдарламасында дамыған Еуропа елдерінен керемет, АҚШ-тан асып түсетін таңғажайып әлеуметтік, саяси, экономикалық жоба-жоспарлар шенеуніктердің аппақ жағасындай, қатып тұрады. Бірақ соның бәрі қағаз жүзінде ғана. «Хабар» мен «Қазақстан» телеарнасын көріп, «уланып» қалған қазақтың «Хабар» мен «Қазақстандағы» Қазақстанда өмір сүргіміз келеді дейтіні содан. «Аманат» қазақтың ең қастерлі, қасиетті сөзін алды. Енді сол сөзге қиянат жасамаса дейсің ғой тағы да сенгіш, алданғыш бала көңілмен. Әй, қайдам?! Партияның аты өзгерсе, заты өзгереді деген ұғым жоқ шығар. «Аманатты» емес, бізге Қазақстанды өзгертетін Ганди сияқты реформаторлар керек. Қазаққа бақ сыйлайтын ондай Толағай ұл қашан туар екен?

Тегтер: