Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:55, 21 Қазан 2021

«Қазпошта» қазаққа жау ма?!

None
None

       Соңғы уақытта басқасы басқа, қазақ баспасөзіне «Қазпошта» АҚ қауіп төндіре бастаған тәрізді.

Өйткені аталмыш акционерлік компанияның баспасөзге жазылу және оны тарату қызметіне тұтынушылардың көңілі толмайды.

      Ойлы мақала көрсе олжаға кенелгендей қуанатын оқырман бүгінде өзі жазылған газет-журналдарды «Қазпоштаның» уақтылы қолға тигізбейтініне шағынады. Бұл жайт алыстағы ауылдарды қойып, ірі мегаполистерде де, қалалық аумақтарда да орын алып жатыр. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының тұрғыны, «Жас Алаштың» тұрақты оқырманы Қуанышбек Қасымхановтың айтуынша, былтыр желтоқсан айында «Жас Алашқа» жазылған. Бірақ биыл 2021 жыл басталы бері оқырманымыз газеттің қаңтар, ақпан айларындағы ғана нөмірлерін алған.  Оның өзі түгел емес.

      – Мен  «Жас Алаштың» 21 жылдан бергі оқырманымын. Кеңестік кезеңде де қазақ газеттерін үйге жаздырып алатынмын. Ол кездерде мұндай бассыздыққа тап болмаған едім. Биыл қаңтар, ақпан айынан кейін  «Жас Алаштың» нөмірлері қолыма тимеді. Наурыздан бастап бізге қызмет көрсететін пош­та дұрыс жұмыс істемей, шағым айтып барып едім, «үш пошта бөлімшесі біріктіріліп жатыр, тосыңыз» деген уәж айтты. Артынша газет мүлдем келген жоқ. Бөлімше басшылары пошта тасушы жалақының аздығы салдарынан жұмыстан шығып кеткенін, бұдан былай газеттерді өзім алып тұруым қажеттігін айтты. Газетті өзім барып алуға менің денсаулығым жоқ. Сондықтан сол бетінше бұл мәселе шешілмеді, – дейді газетіміздің тұрақты оқырманы.

        Тек шығыстағы пошта тасымалы қызметінің жайы ғана емес, бұдан бөлек, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сияқты ірі мегаполистер мен Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда қалаларындағы оқырмандарымыз да пошта тасымалы қызметінің сапасы өте төмен екенін айтып отыр. Бұл аймақтардағы оқырмандарымыз да «Жас Алаштың» екі аптада бір, кейде тіпті үш аптада, бір айда жиналып бір-ақ келетінін айтады. «Бұл аралықта сіздер жазған мақалалар да өзекті болмай қалады. Біз ол ақпараттарды сайттардан, әлеуметтік желілерден көріп, біліп оқып аламыз», – дейді оқырмандар легі.

      Жалпы, «Қазпошта» акционерлік қоғамы жариялаған деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде газет-журналға жазылудың жалпы көлемі 55,6 млн дананы құраған. Бұл көп болмаса да, аз көрсеткіш емес. Ал осы басылымға жазылу үшін соңғы тиы­нын сарп еткендерді сарыла күттіріп, пошта жәшігіне телміртіп қою – санаға сыймайтын іс емес пе?!  

       Бұған қатысты «Жас Алаштың» Алматы қаласындағы тұрақты оқырманы Кенжебай Өтепов:

     – Бұл қазақ баспасөзіне төн­ген үлкен қауіп. Мұндай әрекеттен ана тіліміз­дегі газет­тер мен журналдар­дың тара­­лы­­мы күрт төмендейді. Бұл мәсе­ле­нің басын ашып, дер кезінде шара қолданбаса, ұлттық баспасөз­­дің болашағы бұлыңғыр болады. Газет тасымалын дұрыс жол­­ға қоймай, қазақ баспасөзі де іл­гері бас­пай­ды. Бұл онсыз да қалт-құлт етіп, өз күнін өзі көріп отырған қазақ газеттері үшін үлкен қиындық, – дейді.

        Негізінде, басылымдар «Қаз­пош­­таға» жазылым үшін ал­ған қаржысы­нан бөлек, жет­кізіп берулері үшін де қомақ­ты қаржат төлейді. Мұндайда  «Қазпошта» осы қаражатты не істеп отыр» деген сауал да еріксіз туындайды. Тіпті қайбір жылдары «Қазпоштаның» жеткізілім қызметін арттыру үшін мемлекеттен арнайы субсидия да бөлінген болатын. Бірақ бұдан бұл сала жанданып кеткен жоқ.  

        Жалпы, «Қазпошта» – тасымал қызметі саласындағы жалғыз ұлттық компания. Компанияның 100 пайыз акциясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі. Ал «Самұрық-Қазына» ұлттық ӘАҚ толықтай мемлекетке қарайды. Демек, әрбір салық төлеуші әрі пошта қызметін тұтынушы азамат мемлекеттен қаржыландырылатын компаниялар қызметі туралы және компания қаржысының қайда кетіп жатқанын білуге құқылы. Аталмыш компанияның 70 пайыз пошта бөлімшелері ауылдық жерде жұмыс істейді. Компания қызметі мен қаржысы туралы білуге тиісті ең негізгі топ та осы – ауыл тұрғындары. Ал ауыл дегеніңіз – тұнып тұрған қазақы орта.  Сонда «Қазпошта» қазақы ортаға,  қазаққа жау болғаны ма?!

       Жасыратыны жоқ, бұған дейін қаншама жаңа жобалар қолға алынып, пошта қызметін жетілдіріп, заманауи қалыпта жұмыс істеуге қанша күш, қаншама қаржы салынды. Бірақ компания тұтынушыларының көңілінен шыға алмады. «Қазақстанның шағым кітабы» сайтының статистикасында бүгінде «Қазпошта» үшінші орында тұр екен. Шағымдардың дені компания бөлімшелеріндегі тасымал қызметіне көңілі толмаушылардан келіп түскен. Мұның бір себебін «Қазпошта» өкілдері  қарапайым пошта қызметкерлерінің айлық жалақысының тым төмендігімен байланыстырады.

      Жалақы демекші, негізінде, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағаларының алатын жалақылары өте қомақты. Бұл компанияда төрағаның жалақысы 1,5 млн теңгені құрайды. Компания басшылары мен қарапайым қызметкерлер жалақысының айырмашылығын кезінде сенаторлар да сынға алған болатын. Сенат депутаттарының айтуынша, 2016 жылдары бір аудандағы 20 пошташының жалақысына 240 мың теңге бөлінген кездер де болған.  Қазір де пошташыға төленетін жалақы тым төмен. «Тіпті кей ауылдық аймақтарда мұндай қызмет түріне штат та бөлінбейді. Содан барып поштаға түскен зат уақтылы қолға тимейді».

       Сенаторлар осылай деп жатқан тұста  «Қазпоштаның» төрағасы болғандардың бірі, қазіргі цифрлық даму және аэроғарыш министрі Бағдат Мусиннің кезінде былай дегені әлі біздің есімізде: «Маған жалақыны директорлар кеңесі тағайындайды. Біз жалақыны азайту туралы ұсыныс айттық. Олар бізге «бұдан қанша қаражат үнемделеді» деді. Біз есептедік. 0,01 пайыз бюджет қаражаты үнемделеді екен. Басшылықтың жалақысын үнемдеп, оны қарапайым жұмысшылардың еңбекақысын көтеруге жұмсағаннан ешқандай пайда жоқ».

Міне, 2016 жылдары «Қазпоштаның» төрағасы болған, қазір елімізді «Цифрлық Қазақстанға» айналдыру үшін барын салып жүрген Бағдат Мусиннің қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеруге қатысты айтқан уәжі осындай болған. Содан бері төрағалар ауысып, «Қазпошта» заманға сай жұмыс істейді» дегенмен, аталмыш саладағы мәселелер түйінін тарқата қоймады.

       Жалпы, қазір де «Қазпошта» кіріс түсірудің орнына шығыннан шыға алмай отырған компания. Биылғы алғашқы жартыжылдықтың қаржылық есебіне сүйенсек, аталмыш компания алты айдың ішінде 1,8 миллиард теңге шығынға батқан. Компанияның табысы 25,2 миллиард теңге болса, тауарлар мен қызметті өндірудің өзіндік құны 25,4 миллиард теңгені құраған. Демек, қазіргі бизнес-моделімен «Қазпоштаның» жұмысы өзін-өзі ақтамайды.    «Қазпоштаның» қазіргі капиталы – 38,9 миллиард теңге. Жарты жылда капиталы 1,5 миллиард теңгеге қысқарған. Негізінде, «Қазпошта» акционерлік қоғамы жыл соңына дейін сатылуы тиіс. Жекешелендірудің жалпыұлттық жоспарында солай бекітілген.

       «Самұрық-Қазына» жыл соңында «Қазпоштаны» сатуға оқталып отыр. Кейбір деректер «Қазпошта» нарығына ресейлік инвесторлар келеді» дейді. Мамандар шығынға батқан мұндай компанияны сату мемлекетке қиын болатынын, бұл компания сатылса да, арзанға кететінін алға тартады. Әрине, біз оны болашақта қолынан іс келетін инвестор сатып алып, Қазақстандағы пошта қызметіне жаңа серпін берер деп үміттенеміз. Қалай десек те, болашақта «пайдасынан зияны көп» деп тұтынушылар жиі өкпе артатын «Қазпоштаның» қызметіне қуат, аяқ алысына жан бітуі қажет-ақ болып тұр.

Тегтер: