Қазұу – креатив ойлар ордасы

Елдің гүлденуі мен әл-ауқатының жақсаруы білім-ғылымның дамуына тікелей тәуелді фактор.
Бір ұғымды айтқан кезде, сіздің ойыңызға оралатын сипаттың бәрі ұғымның сынына тікелей қатысты. Иммидж де дәл солай. Қазақстан дегенді естігенде елдің жадына жаһандық переспективада не келеді? Әлемдік спорт, білім-ғылым, тіпті робототехника саласындағы сайыстардың жеңімпазы елестейді. Соңғы жылдарда мемлекетіміздің атымен есімі қатар аталып жүрген жас ғалымдарымыз да жетерлік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың қыркүйегіндегі жолдауында: «Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек», –деген еді. Әлбетте, белгілі бір мамандықты меңгеруді университет қабырғасынан бөлек қарастыра алмаймыз. Жаһандану кезеңінде білім бәсекесі үшін әлемдік тәжірибе мен ғылыми жаңалықтарды оқу процесінде қамту, әрі жоғары сападағы білім беруге қабілетті жоғары оқу орнының орны бөлек. Осы тұста еліміздегі жетекші оқу орнының бірі – ҚазҰУ аталған міндеттерді орындауда жақсы көрсеткіштерге жеткенін атап өткен жөн.
ЖОО бітірген түлектердің қоғамдағы орны, өмірлік бағытын айқындай алуы тұрғысынан да үдеден шығып отыр. Бүгінде ЖОО-да 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты және орталықтар, технопарк жұмыс істейді. Бакалавриатта – 87, магистратурада – 98, докторантурада – 83 мамандық оқытылады.
Университетте 467 ғылым докторы, 700-ден астам ғылым кандидаты мен 22 академик, 350-ден артық PhD докторы қызмет етеді. Сондай-ақ ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамында ғылым мен техника саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының 14 лауреаты, «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының 400 иегері бар. Оқытушылардың 35%-ға жуығы шет тілдерін еркін меңгерген.
Осындай әлеуетті ғылыми базасы бар білім ордасында бүгінде 25 000-нан аса студент, магистрант және докторант білім алуда. Білім алушы түлектер күні ертең оқу бітіріп, қоғамда еңбек етіп бастаса, қандай өзгерістер енгізе алады? Әлбетте, олар жұмысқа тұрған мекемесінде креатив ойлар ұсынады. Өз ұжымында, өз ортасында тек жаңашыл инноватор ретінде танылады. Өйткені ҚазҰУ – креатив ойлар мен инноватор жастар ордасы.
ҚазҰУ-ға әр студент алыс ауылдан армандап келіп оқуға түседі. Мақсат қойып, жігерлік танытып, университет есігінен енеді. Білім ордасындағы 4 жылда бағыт-бағдарын нақтылап, креатив ойларын жүзеге асыру үшін талаптанады. Ғылыми жұмыспен айналысады.
Ағылшын тілінен ҚазҰУ студенттеріне дәріс бере жүріп көзімнің жеткені бүгінгі жастар әлемге, ғылымға ағылшын тілі арқылы ұмтылу заман талабы екенін тереңірек ұғынады. Қазіргі жаһандану заманында көп тіл білетін адамның қоғамдағы алар орны да ерекше екенін жете түсінеді.
Қазіргі күні еліміздің әр өңірінде ғана емес, түрлі мемлекеттерде, халықаралық компанияларда ҚазҰУ түлектері Қазақстанның имиджін көтеру үшін еңбек етіп жүр. Білім саласында, медицинада, заң саласында, өсімдік қорғау, ақпарат дайындау, химия өнеркәсібінде, сондай-ақ шетелдегі елшіліктерде ҚазҰУ түлектерін жиі кезіктіресіз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – қоғамның барлық саласы үшін де бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлайтын бірегей ғылыми-инновациялық орда. Демек, ҚазҰУ түлегі қай салада болсын жаңашыл идея мен креатив ойлар ұсына алады.
Г.С. Омарбаева, филология ғылымдарының кандидаты,
ҚазҰУ-дың шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының доценті м.а.