Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 15 Қараша 2019

ҚДТ-ға қатысы бар деп айыпталған Демеуова тергеу кезіндегі жауабынан бас тартты

None
None

Тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар деп айыпталған Жазира Демеуова 15 қараша күні сотта "ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне" ұқсайтын адамдардан қысым көргенін айтты.

Айыпталушының айтуынша, оны шілде айында ұстап, тергеу изоляторына қамаған кезде қатты психологиялық қысымға ұшырағаны соншалықты осы іс бойынша айыпталған Оксана Шевчук пен Гүлзипа Жәукероваға жала жауып, адвокат Гүлнара Жуаспаеваның қызметінен бас тартуға мәжбүр болған.

Оның айтуынша, сот процесі басталған кезде қысым үдеп, тергеу изоляторында отырған кезде келіп жүрген ер адам тергеу кезінде берген жауабынан бас тартпауын қатаң ескерткен. Егер бас тартса, оның өзі мен балаларын өлтірем деп қорқытқан.

Демеуованың айтуынша, өткен түні белгісіз ер адам бір сағат бойы есік қоңырауын басып тұрған. Айыпталушы полиция шақырып, оны ұстап алып кеткенін айтады.

15 қарашада қорғау тарабы сотта жауап беретін күні Демеуоваға қоқан-лоқы жиілейтінін айтып, одан шұғыл түрде жауап алуды сұрады. Прокурор Мұхит Рысбеков қарсы болған жоқ.

Сотта айыпталушы ретінде жауап берген Демеуова тергеу кезінде қысымға ұшырағандықтан ол кезде берген жауабынан бас тартатынын айтты. Осыдан кейін қорғау тарабы соттан Жазира Демеуоваға қысым жасаған адамдарды қылмыстық жауапершілікке тарту туралы қаулы шығаруды өтінді.

Тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы бар деп айыпталған тұрғындар ісі қараша айының басында басталған. 13 қарашада айыптау актісін оқыған прокурор Мұхит Рысбеков 30 жастағы Оксана Шевчук, 51 жастағы Гүлзипа Жаукерова, 48 жастағы Жазира Демеуова және 36 жастағы Әнуар Әшіралиевке Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-тармағы бойынша (Тыйым салынған ұйымның жұмысына араласу) айып тағылғанын айтқан.

Шевчук, Жәукерова және Әшірәлиев 4 шілдеден бері Алматыдағы тергеу изоляторында отыр. Тамызда қазақстандық құқық қорғаушылар Демеуова, Жәукерова, Әшірәлиев және Шевчукті “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан. Қазақстан билігі елде “саяси тұтқындардың” барын жоққа шығарады.

Тегтер: