Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:58, 11 Мамыр 2023

Қимай жауға көл-арнасын...

None
None

Тарих қайталанады. Ол ескі қателігімізді қайталамауды үйретуі керек еді. Бірақ «тарихтың ең үлкен сабағы сол – тарихтан ешкім ешнәрсе үйренбейді».

Адамзат тарихында қанша соғысқа лағнет айтылды. Ешбір басқыншы мәңгілік бақыт тауып, мәнді ғұмыр кешкен жоқ. Адам ізгілік себер дін үшін соғысты. Бәрін бақытты етер идеялар үшін бір-біріне қару кезенді. Тыныштық үшін қаруланып, соғыспау үшін майдан ашты. Әр соғыстың кіріспесі басқа, қорытындысы біреу. Ол – трагедия.

ХХ ғасыр – адамзат тарихындағы ең трагедиялы ғасыр. Біз білетін екінші дүниежүзілік соғыс та осы ғасырдың тәлейіне тура келген. Бірінші дүниежүзілік соғыста 10 млн-нан астам жауынгер, 12 млн-ға тарта қарапайым халық қаза тапты. Екінші дүниежүзілік соғыс 25 млн-нан астам жауынгер мен 47 млн-ға жуық қарапайым халықтың жұлынын үзді. Бұл ғасырдағы басқа соғыстар мен аштық, репрессияны қоспағанда, екі соғыс 100 млн-ға тарта адамның жанын алды. Уақытта жүрек жоқ. Уақыттың бір аты – тарих болғанда, ол сағыныш пен өкініштен, қуаныш пен қасіреттен ада ғылым. 100 млн… Жай ғана статистикалық есеп. Бірақ 100 млн өлім артында 100 млн трагедия, 100 млн тағдыр жатыр. Оларды қайдан іздейміз? Өнерден. Оның ішінде – әдебиеттен. Өйткені «әдебиет – тарихтың көркем шежіресі».

Қазақ әдебиеті соғыс тақырыбындағы шығармаларға кенде емес. Десек те олардың асып-төгіліп жатқаны да шамалы. Әсіресе дәл соғыс жылдарында жазылған шығармалардың уақыт сынынан өтіп, бізге жеткені саусақпен санарлық. Бұл туралы Б.Момышұлы 1944 жылғы қазақ қаламгерлеріне оқыған дәрісінде: «… майдан туралы жазылған орыс әдебиетінің 60 проценті брак екенін айтқым келеді. Ал қазақ әдебиетшілері брактан қашып, мүлде жазбауды ұйғарған».

Баукеңнің ашуы орынды десек те, соғыс жылдарында қаламы қалыптасқан жазушылардың соғыс тақырыбында жазбағаны қайран қалдырады.

Адамның өз жадынан бөлек, қоғамның ұжымдық жады болады. Халықты біріктіріп, біртұтас ететін де ұжымдық жады. Мысалы, америкалықтар екінші дүниежүзілік соғыс туралы Перл-Харборды, Жапонияға тасталған атом бомбасын еске алады. Француздар Шарль де Голлдің жолдауын, ағылшындар Британияға ашылған майданды қосады бұл тізімге. Олар Мәскеу үшін шайқасты, Ленинград блокадасын айтпайды, бірақ. Бұл одақтас елдердің ғана есінде қалған. Яғни ортақ соғыс туралы картина әр халықта әр түрлі.

Ал біздің картина қандай? Майданда атылған тоғыз оқтың жетеуі Қазақстанда жасалғанын және Мәскеуді қорғаған «28 панфиловшылардың» Алматыда жасақталғанын еске аламыз. Ең бастысы Рейхстагқа ту тіккен Р.Қошқарбаевты мақтан етеміз. Сонымен қатар соғыс туралы сөз болғанда санамызда жарқ етер тағы бір есім бар. Бауыржан Момышұлы. Ол майдан даласында ғана емес, соғыс тақырыбындағы шығармашылықтың да қолбасшысы іспетті.

«Мен жауынгерлік өлең текстіне лирикалық музыка жазған бір композитордың шығармасына зығырданым қайнағаны бар. Суретші де әйтеуір бір полотно салып, әйтеуір ішкі мазмұны жоқ көшірмені береді. Бұл, шынында, адамдардың соғысты тереңірек білмеуінен болып жатса керек. Соғыс туралы шындықты, мұнда тылда отырып тану қиын, тіпті мына біздер, ұрысқа қатысушылардың өздері де, оны түбегейлі, ұңғыл-шұңғылына дейін біле бермейміз. Соғыста шындықты табу өте қиын, ал оны жинақтау, қорыту одан да күрделі. Соғыс туралы ақиқатқа жету – бұл өте үлкен проблема»,деп Момышұлы қазақ жазушыларына өз лекциясын бастаған. Жалпы Баукең соғыс туралы жазып қана қоймай, нені, қалай жазу керектігін үйреткен жазушы. Оның басты сынға алғаны – солдат образы болатын. «Олардың шығармаларында солдат адамзаттың әлдебір жаратылысы бөлек перзенті сияқты суреттеледі» дейді. «Қандай ерлік көрсетпесін, солдат – адам. Оның бойында адамға тән барлық артықшылықтар мен кемшіліктер бар. Әсіресе – қорқыныш. Қорқыныш – адамның, солдаттың бойындағы ең асыл қасиет!»

Майдангер жазушының бұл сөзін көпшіліктің түсінуі қиын еді. Өйткені «Қызыл әскерде қорқыныш болуы мүмкін емес» дейтіндер көп. Баукең оларға қорқыныштың өзін-өзі сақтау инстинктінен бастау алатынын ұғындырып бақты. «Инстинкті басып, қорқынышты теріске шығарып, тек ерлікті көргісі келеді. Әбден жөнді, әрі сөзсіз игілікті, бірақ нақты шындықтан алыс жатқан ниет» деп қорытындылайды Момышұлы. Батырөзін жазушы емес, документалист деп есептеді. Сюжетті ойдан құрастырмай, бар көргенін жазып шығу оның бір ғұмырына артығымен жетті. Сол шындығынан болса керек, жаумен жалғыз алысып, жеңіп шығар кейіпкері жоқ. Оның кейіпкерлері сырттай жаумен алысып, іштей өз қорқынышымен күресіп жүретін.

Расында қазақ қаламгерлерінің арасында солдаттың қорқынышы туралы, тіпті соғыстағы «қорқыныштың өз шені» болатыны туралы алғаш жазған Б.Момышұлы еді. Яғни жазушы солдатты жерге түсіріп, адам қатарына қосты. Егер кейінгі шығармалардан жауынгердің шын образын көре алсақ, ол батыр жазушының еңбегінен және «соғыс туралы еңбектер соғыстан кейін жазылатынын да» Баукең анық айтты. Расы солай болды. Тахауи Ахтанов, Кемел Тоқаев, Қасым Қайсеновтер және оның өзі өз сөзіне дәлел. Осы тұста тағы бір Қасымды ұмыттық. «Үстіне сұр шинелін киіп, ақсаңдай басып келе жатқан» Аманжоловты ұмыттық. Абыройын қызғанбай, Баукеңе алғаш жыр арнағандардың бірі осы – Қасым Аманжолов болатын.

Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,

Атағы атын алып келді бұрын.

Үстінде туған елдің тұрды толқып

«Бауыржан Момышұлы» деген бір үн.

Соғыс Қасым ақынның тұла бойынан өтіп, жүрек катализаторынан сүзіліп, халыққа тазарып жеткендей көрінеді. Оның шығармаларында пафостан гөрі лирика басым. Азаматтық лирика деп шартты атауға да болмайды. Аттандауы аз, арпалысы мол жырларын оқи отырып, ақынның кең жүрегін сезесің...«Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасында Қасым Отанды сүю турасында жаңа парадигма тапқандай. Отанды қорғау мен шексіз сүю, өлімге бас тігу – соғыс кезеңіндегі туындылардың айнымас атрибуты сияқты сезімдер-тін. Бірақ Қасым сүйгенді қызғану керек екенін алғаш айтқан ақын болды. Ол жаудан жерін, Отанын қызғанды. «Қасым поэмасы майданнан соққан жаңа леп сияқты» деп Ғ.Мүсірепов осы ерекшелігі үшін жоғары бағаласа керек.

Қинады жан қызғанышы,

Қимай жауға көл-арнасын,

Жалын шарпып дем алысы,

Құшып жерін, сүйіп тасын...

Майдангер ақын Абдолла Жұмағалиевке арналған бұл поэма бір жағынан Мағжан поэзиясымен де үндесіп жатқандай. Қолға түспес үшін өрт ортасында қалған Абдолла жанын өліммен әлдилеп, жаудан гөрі «өлім сүйкіміне» ғашықтай құлайды. Бұл «Отан үшін» дейтін пафосты немесе көзсіз ерлік өлімі емес. Оның ішіндегі жерін қызғанған жалын сыртқы өртті сездірмейтіндей… Бұл – ақынның өлімі.

Қасымның «Дариға сол қыз» өлеңіне назар аударсаңыз: «Келмейді өлгім, келмейді өлгім! Қайратым қайда, келші осындайда» деп жырлайды. Соғыс ерлердің ісі болғанда, Бейбітшілік – қыз келбетті болса керек. Сол «бейбітшіліктің» алдында ақын «өлгім келмейді» деп шын ақтарылады. Расында соғыста адам Отанын емес, жанын қорғайды. Ал жанды «жаудан тартып алу керек».

Ақын жауына қарап кіжіне бермейтін. Оның кек дегені қасиетті бұрқасын болса да түбінде сабыры жататын. Дегенмен бір тұста ақын ашуын арқыратып алып, артынан ащы мысқыл сеуіп өтеді.

Сен фашиссің, мен қазақпын,

Сен айтқандай «азиятпын».

Сен аспаннан «жұлдыз қақтың»,

Мен далада түйе бақтым.

Енді мынау қарайсың тек,

Дәрменің жоқ, көзіңмен жеп.

Арланасың, қорланасың,

«Тұтқын болдым тағыға» деп.

Интернационалдық әскер қатарында болып, ортақ Отанды қорғаушы ақынның ұлттық намыс аңғартуы қызық құбылыс. Десек те Б.Момышұлы: «Соғыста біреу қорқақтық танытса, өзіне ғана емес, тұтас ұлтына ұят» дейді. Яки қызыл әскер ішінде ұлттық тай-таластың да болғаны ғой. Батыр жазушының «Жон арқа» әңгімесіндегі тек ана тілі – украин тілінде сөйлейтін Малярчукті есіңізге түсіріңізші. Бірақ оның бұл ісі жай штрих болып, терең суреттелмейді.

Қасым Аманжоловтың бұл жолдары еуропацентристік идеямен уланған неміс әскеріне ғана емес, «аға ұлтқа» да қарата айтылғандай көрінеді. Бұл туралы Әзілхан Нұршайықов та күнделігінде: «Қазақ жауынгерлері бірге жүретінбіз. Алғы шепке көп шығатын біз және солдаттардың ішінде тамақ-су жетпей қалатын да қазақтар еді» дейді. Осыдан болса керек, қазақ жауынгерлерінің Отан қорғаудан бөлек, немістерде жеке өші болғандай. Өйткені Момышұлы мен Аманжоловтың ғана емес, Кемел Тоқаевтың да «Солдат соғысқа кетті» романынан осы ауандас ой ұшқынын байқаймыз. Мұхаммед төбеде қалған жауынгерлерге көмекке барып, таң ата өздері өлтірген немістерге тамсана қарайтын. Олардың да адам сияқты өлетініне, олардың да ет пен сүйектен жаралған адам екеніне қасындағы жолдастары тамсанып жатады.

Кемел Тоқаевқа «қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының атасы» деген атақты Баукең берген деседі. Сонымен қатар шығармаларын орыс тіліне аудару үшін тәжірибелі аудармашыға жағдайы жетпеген замандасының кітабын Баукең ұлы Бақытжанға аудартқан болатын. Және айта кетерлік бір нәрсе бар, дәл соғыс тақырыбын жазуда Кемел Тоқаев даңқты батырды өзіне үлгі тұтқандай. Тек терең психологизмге бармайды. Кейіпкерлері салқын ақылдың адамы. Эмоциядан гөрі әр қадамын ойлап, есептеп алуға бейім.

«Өлімнен қорықпайтын адам жоқ. Бәрі өлімнен қорқады. Бірақ сол үрейін бүркегісі келеді, қатер төніп тұрса да салмақты, сабырлы болуға тырысады, берекеті кетіп, шошынып айқайламайды, өкіріп жыламайды. Өйткені ұяты өлімнен жоғары тұрады»дейді жазушы. Осылай К.Тоқаев қорқынышқа кекті емес, ұятты қарсы қоятындай. Момышұлымен үндестігін осы тұстан бір байқаймыз.

«Солдат соғысқа кетті» шығармасы автобиографиялық роман екенін көпшілік білетін шығар. Детектив жанрында қалам тербеген қаламгер соғыс жайында жазылған бұл шығармада да өз қолтаңбасын көрсетті. Автор негізгі кейіпкердің жантүршігерлік жағдайда әке-шешесінен, қарындасынан айырылып, Қасым атты ағасымен балалар үйінде өскенін баян етеді. Негізгі кейіпкер Мұхамедтің прототипі – Кемел Тоқаевтың өзі болатын.

Осы тұста бір қызық дилеммаға тап боламыз. Жазушы Мұхамедтің балалық шағын суреттеуде біршама этнографиялық штрихтар қолданады. Молдадан, бақсыдан жерінгенін суреттей келіп, негізгі кейіпкер соғыста құран оқуды да жаратпайды. Бірақ автор діннен алыс кейіпкерін не үшін пайғамбар атымен атады деген ой туады. Бұл тұста автордың көзқарасына сүйенгеніміз дұрыс болар. Мұндағы дінбұзарлық элементтер заман талабы үшін қосылған болса керек. Өйткені Мұхамед – Кемелдің өзі болса, «кемел» деген сөзге синоним Мұхамед болмас па?! Яки шын кемелдік «пайғамбарларда». Осыдан Кемел Тоқаевтың қазақы һәм мұсылмандық көзқараста болып, кейіпкер мінезін заман талабына сай жасады деген қорытындыға келгендей боламыз.

Соғыс тақырыбындағы шығармаларда лирикалық шегініс көп болады. Кейіпкерлер майданға кірерде, өлім аузында жатып туған жеріне, отбасына оралып жатады. Бірақ «Солдат соғысқа кетті» романында автор ешбір лирикалық шегініске бармай-ақ жас солдаттың өлім аузында жатып анасын ойлайтынын, үйлі солдаттар өмірімен тұңғышының атын атап қоштасатынын ашып көрсетті. Кемел Тоқаевтың бұл романы туралы Шерияздан Елеукенов: «Окоптан жазған репортаждай оқылады» дейді. Окоп ішінде жатып-ақ тұтас соғыстың қасіретін көрсетті.

«… Мұхамедтің қолындағы альбомды өзі алып парақтай бастады. Соңғы бетіне келгенде басын кейін шалқайта кілт тоқтады. Суретке шөп үйілген албар түсірілген. Шөп тасасынан жас орыс әйелі шығып келеді. Жұқа шыт көйлегінің омырауы қақ айырылған. Жалаңаш иығында қанталаған белгі бар. Әлгі крест таққан неміс шалбарының ауын түймелеп, рахаттана күліп тұр. Әлі құрып, егіліп әйел бара жатыр. Үш-төрт жасар бала шешесінің тізесін құшақтап алыпты. Ол да еңіреп жылап барады».

Қай қай халықтың да намысы қызында. Қыз – қарындас, қыз – ана… Екеуі де қасиет. Ластанған қасиеттің қасіреті өлімнен биік боларына дау жоқ. Бұл альбомдағы суретті Мұхамед қалтасына салып, сақтап қояды. Соғыс соңында жауыздықтың «дәлелі үшін». Жазықсыз аналардың зары мен қыздардың зорлануы – жазалаусыз кететін соғыстағы ауыр қылмыстардың бірі ғана. Жалпы соғыстың шын қасіреті – әйелдер қасіретімен өлшенетіндей...

Кемел Тоқаев соғыс қасіретін көрсету үшін терең психологиялық иірімдерді емес, көбіне сәттік сезімдерді пайдаланды дедік қой. Бірақ ол суреттеген сәттік көріністердің астарында адам жаны төзгісіз шындықтар жатқан-ды...

«Үшінші оқ погонын тіліп өтті. Сол сәт неге екені белгісіз Мұхамедке өлсем де күліп өлейін деген ой келді. Аузын аша ыржитты. Айдалада, аңыз ортасында жалғыз өлік қалады. Қазір күн ыстық, кісінің денесі тез бұзылады. Бір-екі күннен кейін мұрын тесігінен қарабас ақ құрттар жыбырлап шығады. Сонан соң бет терілері сыпырылып, тақырланып, қу бас ағараңдайды… Екі самолет қатарынан шүйілген шақта Мұхамедке осындай ой келді».

Жазушы осылай өз кейіпкерінің шайқаста психикалық жара алғанын көрсеткен. Мұны ауызекі тілде «Екі мың ярдқа үңілу» дейді. Ұрыстан кейінгі солдаттардың мәнсіздікке қарап тұрған ойсыз көзді суреттерін көріп пе едіңіз? Кейіпкер басынан осындай жағдай өтті. Автор оны үстемелеп түсіндіріп жатпайды. Мұхамедтің жанарынан осы мәнсіздікті көрсек, оның ойларынан баянсыздықтың лебі еседі. Өмірдің баянсыздығы… Қарабас ақ құрттарға жем болар тән… ағараңдаған қу бас. Тіпті өлімнің өзі баянсыз сияқты...

Бұл баянсыздық мәні Жұбан Молдағалиев поэзиясында ашыла түсетіндей. Жалпы осы зерттеуді жасай отырып, ақынның көп шығармасы «Мен – Қазақпын» поэмасының тасасында қалып кеткендей көрінді. Ақын майдан жылдары жазған өлеңдерінің бірінде фашистік идеяға, соғысқа бар асыл қасиетін, адамдықты қарсы қоя отырып, осылардың ішінде сағынышты баса айтады: «Сарғайып жетер бұл қағаз, Сағынышым тәрізді». Жайыққа арнаған жырында «сенен алыстаған сайын, жақындай түсем» демеуші ме еді? Сағына алатын, сағынатын адамы бар солдат бақытты ғой. Ата-анадан айырылып, балалар үйінде ер жеткен, 18 жасында соғысқа кетіп, сол соғыста жалғыз ағасынан айырылған жауынгер кімді сағынбақ? Ол соңғы деммен кімнің есімін атайды? Міне, жоғарыда К.Тоқаевтың шығармасындағы Мұхамед көзіндегі мәнсіздік те, баянсыздық та осыдан болатын. Оны ет жақынынан ешкім соғысқа шығарып салған жоқ, оны ешкім тағы күтпейді. Анығында оның «қара шаңырағы» да жоқ. Тереңдей түссек, бұл тұстан жетімдіктің азабы ағараңдайды. Тағы бір парадокс. Мұхамедті жетім еткен Кеңес өкіметінің өзі еді ғой… Ағасы екеуін балалар үйінің қызметкерлері ұстап алмағанда, ата-анасының үйінде өрт шықпас па еді? Тіпті ары кетсеңіз, өкімет жасаған жасанды ашаршылық болмағанда, олар – Бішкек ауып көшер ме еді? Осы тұста Советтік билік халықтан барын тартып алып, алғанның шетін үгітіп беріп, қамқорлық көрсеткендей елес береді.

Жә, Мұхамед көзіндегі мәнсіздік, һәм мәнсіздікке үңілген көздер Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романында да кездесетін.

«Мен сорлы неғып теріс айналмай, не көзімді жұмбай бақырайып, қатып қалғанымды білмеймін, қапы жібермей, бәрін көріп тұрмын. Оқ тиген денелер сылқ етіп сайға құлап түсіп жатыр, кейбіреулері бері қарай құлайды. Бір әйел бұралып барып сайға құлады, құндақтағы баласы қолынан ұшып, бері қарай домалап кетті. Бөркі ұшып кеткен ақбас шал жыланша жиырылып, денесімен жер сабап, өле алмай аласұрады».

Романның бас кейіпкері Нәзира бәрін көріп тұр. Жадына тоқып та тұр. Бірақ сезім жоқ. Өйткені ми мұншалық ауыр дүниенің бейнесін қабылдағанымен, оның толғанысын қабылдамақ емес. Сол үшін де ол артық қимылсыз мелшиіп қалған. Бас қауашағы ішіндегі қоймалжың заттың қорғану әрекеті осындай. «Соғыс – әйел келбетті емес». Бірақ оның қасіреті әйел жүзінен, ана жүзінен анығырақ көрінеді. Бәлкім, бұл бізге етене таныс бейне болғандықтан шығар. Өйткені қазақ әдебиеті халық қасіретін әйел, ана арқылы беруге бейім ғой. Күлпаш, Ақбала, Ақбілек, Қаракөз… Бұл тізімге Нәзираны да қосыңыз енді.

Момышұлы«өмірді ұрыста тартып ал» дейді. Қасым «ақыры өлу керек болса, оған ғашық бол» дейді. Кемел «өмірің түгілі, өлім де баянсыз» дейді. Ал Тахауидың Нәзирасы «өлуге хақым жоқ» дейді. Алғашқы үшеуінің де кейіпкерлері ерлер. Ал төртіншісі – әйел-тін. Оның шексіз шыдамынан бөлек, ұлы бар. Шырағы бар. Ал шаңырақтың шырағы әйелге аманат десек, аманатқа қиянат жүрмейді!

«Енді өлгім келмейді. Сонша тозақтан өткеннен кейін… енді тіпті өлуге хақым да жоқ сияқты. «Уды у қайтарады» демекші, бір азап, бір сұмдықты бір сұмдық ұмыттырып та келе жатыр.

… Тырнақтай әнші қыз, бес жасар Парашка. Кішкентай қолымен шешесінің мойнынан қысып құшақтап алған, айдап баратқан солдатқа қарап шыр-шыр етіп жалынады.

– Мені өлтірмеңдер! Мамамды өлтірмеңдер! Ағатайлар! Мен ән салып берем. Көп ән салып берем.

«Сначала заплакал Андриашка, потом заревела Парашка...»

Немістің жазалау отряды баланың шырқыраған үніне құлақ асқан жоқ. Қырып салды. Парашка ауылында ән айтса, оған кәмпит беретін. Ол бұлардан кәмпит тілеген жоқ. Жансауға сұрады… Өз жанын кәмпит құнына сатып алғысы келді. Адам жанын осынша құнсыздандыратын соғыстан өзге не бар?

* * *

Қазіргі қазақ қоғамы Ұлы Отан соғысы деген атаудан бас тартып жатыр. Ол біздің Отан соғысымыз емес-ті. Бәлкім, Алаштың көзін көрген, қызылдардың азуын көрген өткен ғасыр басындағы жазушыларымыз осыны сезді ме екен? Сол үшін олардың бұл өкіметке шын реніші бар ма еді? Бәлкім, сол үшін олардың соғыс тақырыбына қаламы жүрмеген болар… Бізге белгісіз. Белгілісі сол, бізде патриоттық, оның ішінде соғыс туралы әндер кемде-кем. Пафосты поэзиядан да алыстадық. Олқылық емес.

Соғыс туралы қай-қай киноны көрсеңіз, Кеңес одағындағы барлық ұлт өкілдері кездеседі. Бірақ ішінен қазақ таппайсыз. Ерлікті қызғанудан болар. Бірақ ол ерлікке біздің де қоғамның қызығушылығы шамалы секілді. Бұл – халықтың ұжымдық жадының жарадан сауығу белгісі.

Әлеуметтік зерттеулер бойынша АҚШ халқы әлемдік өркениетке 30%, Франция 44%, Қытай 42%, Швейцария 11% үлес қостық деп санайды екен. Ал Ресей халқы өздерінің адамзат өркениетіне әсерін 61%-ға бағалайды. Осы тұста «Екінші дүниежүзілік соғыстағы 11 елдің ұжымдық естеліктері: ең маңызды оқиғаларға қатысты ұқсастықтар мен айырмашылықтар» атты зерттеудің түпкі мәнін ашуымыз керек. Ол «Journal of Applied Research in Memory and Cognition (Жад пен танымдағы қолданбалы зерттеулер журналы)» атты басылымда 2019 жылы жарық көрді.

Зерттеу түйінінде «адамзат өркениетіне көп үлес қостық деп жар салатын халық өзіне сенімсіз келеді» делінген. Ал сенімсіздік агрессия туғызады. Агрессиядан жалған патриотизм, жалған патриотизм фашизмге ұласпақ. Жалпы фашизмді біз немістермен ғана байланыстырып қойдық. Бірақ фашизм деп – өлімді культ етуші кез келген идеологияны айтуға болады. Яғни идея үшін өлімге бару… Біреуді азат етеміз деген желеумен соғысты қолдау… Мұның бәрі – фашизм.

Өлім культімен күресу – фашизммен күресу. Біз зерттеу жүргізген қаламгерлердің бәрі де осы мақсатқа ұмтылды. Соғыс романтикасынан бас тартты. Оның қасіретін жырлады. Өлім деген тәспінің кезекті тартылған тасы емес, трагедия екенін ұқтырды. Соғыстың өлімнен басқа топыраққа себер дәні жоқ екенін ашық айтты. Асылында алып идеялардың ешбірі адамның қасіреті мен қанына татымайды.

Әлемде халқының ұжымдық санасын қайта тәрбиелей алған екі ел бар. Бірі – Жапония, екіншісі – Германия. Екеуі де тарих алдында өздерінің қателіктерін мойындаудан бастады. Томас Манн, Карл Ясперс сынды философтар неміс қоғамын істеген қылмыстары үшін жауапкершілікке шақырған болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін анықтап көрсетіп, ашып берді. Холокосты мойындады. Еврей халқына жасалған жауыздық үшін бас иіп, кешірім өтінді. Осылай, Германия бүгінгі дамыған елдердің қатарына енді. Жапония да осы тектес жолды жүріп өтті. Тек сөзіміздің басында айтқанымыздай, «тарих адамзатқа ештеңе үйретпейді» екен. Өйткені фашизм оты Гитлермен бірге өшкен жоқ. Өшкен болса, бүгінгі әлем мұнша теңселмес еді ғой...

Иә, қанша қасіретті жыр жазылып, қаламгер қаламынан сия емес, қан тамса да, адамзаттың сана майданында әлі де өзгеріс жоқ!

Тегтер: