Қоғам, мемлекет һәм адам

(Жазушы Қанағат Әбілқайырдың «Періштелер жоқ жерде» кітабы туралы)
Оқырман болғасын «бүгінгі қазақ әдебиетінде қандай шығарма жазылып жатыр, қайсысы қалай?» деп… шама-шарқыңша танығың келеді. Әрине, автордың материалмен жұмысын, тілі, жазу әдістерін зерттейтін, шығарма тереңіндегі кодын оқи алатын ғалым не әдебиетші емеспіз, дегенмен оқығаныңның бір ерекшелігін байқай алсаң, оқырман болудың да өз жауапкершілігі бар. Бүгінгі шығармадан бірыңғай саяси оқиғалар мен фейсбуктегі елді толғандырған мәселе емес, қаламгерді шынымен мазалайтын не нәрсе екені көрінуге тиіс, егер бұл қаламгерді шынымен де толқытса, бүйрегін бүлкілдетсе, оны оқырман да міндетті түрде байқайды.
Қанағат Әбілқайырдың «Періштелер жоқ жерде» атты кітабында үш шығарма топтастырылыпты. «Періштелер жоқ жерде» әңгімесінде еріккен байлар бір-бірін таңғалдыру үшін ойына келгенін жасайды. Әдетте көлемді шығарманың көпшіліктің пікір-көзқарасына тәуелсіз түрде аса мұқият орындалатын өз мақсаты болатыны сияқты, кішкентай әңгіменің де бәрін айтып жатпай-ақ діттеген межесі болады. Сезімтал оқырман осының өзінен біраз жайды ұғады. Бұл әңгімедегі адамдардың әрекетінен мағынасыздық көрінеді, бар мақсат – көңіл көтеру мен мақтан. Ақшасы көп адамның қиялы да ұшқыр, тек таңғалдыру үшін ғана адам етінен дәмді ас әзірлетіп, шетелдің мегажұлдызын әкеліп қарсы алдыңа жымитып отырғызып қояды. Ал еріккен байлардың бір сәттік ермегі үшін жанын жалдап, оққа ұшуға да бейіл тепсе темір үзетін жігіттің арманы – қаланың шетінен үй алса болды. Біреуге қызық керек, біреуге үй керек. Біздіңше, бұл әңгіме – байлардың психологиясы сондай дегенді емес, адамзатты құртатын – шектен тыс еркіндік, содан туатын жүгенсіздік пен бетімен кеткендік дегенді айтқысы келетіндей. Біз бұрын тәрбиесіздік, көргенсіздік, шектен шыққандық, жүгенсіздік деп есептейтіннің бәрі осы күні еркіндік деп аталатын болды. Мұндай еркіндікті бір сезінген адам моральдық нормаларға шекесінен қарап, мемлекеттің заңына да пысқырып қарамайтын болады. Осы шексіз еркіндіктен дүниенің аяғы басына келіп, адам бұрынғыдай биік мұраттарға ұмтылмайтын болған, ақшасы болғанымен жаны бос, сол үңірейіп тұрған жерді мағынасыз қызық, бос ермек, анау-мынаумен толтырмақ. Бұл жерде эсхаталогиялық ілім де бейтарап болып қалған. Демек, ең қорқыныштысы – моральдық жүгенсіздік. Ондай жерде періште не алады?
Жазушы Қ.Әбілқайырдың «Қайыршының миллиардер досы» хикаяты қазақ қоғамындағы жемқорлық, парақорлық, заңды белден басу, обалды білмеуден туындаған өзекті мәселелерді көтеруімен қазіргі қазақ әңгімесінің тақырыптық, көркемдік тұрғыдан өзгергендігін көрсетеді. Бұл – бір жағынан ертегі, бір жағынан ертегінің ішіне жасырылған шындық. Қазақ ертегілерінің соңы «бай болып, барша мұратына жетіпті» деп аяқталатыны сияқты мұнда да автордың «шіркін-ай, күндердің күнінде ынсапсыз байлар мен құдайын ұмытқан билеушілер, жемқор шенеуніктер ішкен-жегенін елге қайтарып, тәубесіне келсе екен» деген асқақ арманы бар. Бұл – халықтың арманы.
Қайыршы қараша үйде туса да ел қатарлы білім алып, байдың қызына үйленіп, кісі қатарына қосылғанымен, құмар ойынға салынып, ішіп-тозып жүргенде ағасы тауып әкеліп қой соңына салып қойған біреу еді. Тікұшағы апатқа ұшыраған бір миллиардерді құтқарып қалып, осылай өзіне Дос-аға табады. Дос-ағаның өзін құтқарған қайыршыға мейірімі түсіп, қасына ертіп, Канар аралдарын, Сахара шөлін, Поляр шұғыласын, әлемнің жеті кереметін көрсетеді, тіпті, сеніңіз-сенбеңіз… қайыршыны марсқа дейін апарады. Бақсақ, ақшасы сейфке сыймайтындар марсқа да ұшып барып-келіп жүреді екен, бірақ оны қара халық білмейді, бәрі құпия ұсталады. «Марс дегенде тұратын мемлекеттердің таңдаулы бөлігінің саны отыздан асады. «Дамыған отыз елдің қатарына кіруіміз керек дегенде, патшамыз жердегі өмірді айтып жүр деп ойладыңыз ба?» – дейді Дос-ағасы. Шынымен де, кім білген...
Дос-ағасының қасында жүріп қайыршы да бүкіл мемлекеттің байлығын иемденіп, кекірігі азған патшаны да, билігі бар басқасын да көзімен көреді. Жердің асты-үстіндегі бүкіл қызықты кешіп, жалғанды жалпағынан басып жүр демесең, Дос-ағаның да күні күн емес, біресе азулы патшаның көңілін аулап, біресе сұмдығы сексен елге кесір болатын «үлкен кісінің» қабағын аңдып, көңілін аулап, әр күні ғана емес, әр минуты солардың қай жағынан шығып қалам, қай ісімнен жаза табам деп қорқумен жүреді. Соның бәрі не үшін? Әрине, ебін тауып иемденген байлығын сақтап қалу үшін ғана емес, жан тәтті. Кез-келген уақытта арандап қалмау үшін жаны мұрнының ұшында жүргені жүрген.
Жер асты хандығы дегенді ертегіден білеміз ғой, бұл хандық бәрінен асып түскен. Он үш мың бөлмесі жайнап, он үш жолбарысы жайылып, он үш мың пальмасы жайқалып, он үш мың он үш қызметкері құрақ ұшып қызмет көрсеткен бұл сарайда он үш миллион он үш мың балауыз шам жанып тұр-мыс, ал сарайдағы су қоймасына суды Тынық мұхиттан алдырып, оған әлемдегі ең ұзын дейтін, отыз үш метрлік китті әкеліп жүздіріп қойған-мыс. Ашылуына әлемнің түкпір-түкпірінен мен деген президенттер, министрлер, алпауыт байлар келген ол сарайдың бірі теңізге шығатын, бірі құмды алқапқа бастайтын және бірі әуежайға апаратын үш жерасты жолы бар екен. Шығармадан үзінді келтірейік.
«– Бүкіл елді шулатқан халықаралық көрмелер мен әлемдік жарыстарға мұнша ақша жұмсалмаған болар. Қалай ойлайсыз?
– Оларды бұл жермен салыстыруға келмейді. Ертең қирап қалатын, ел көзін алдау үшін тұрғызылған сапасыз құрылыстар көп. Есесіне, соған жұмсалды деген есепсіз ақша есебі бар жігіттердің қалтасына түсті».
Хикаятта тұспал көп, жетеді.
«Мына хауызда жылқы сүті, ана хауызда түйе сүті толтырылған. Мұнда ешкі сүті. Ал ана ең шеткісінде ана сүті...
– Ана сүті несі? Кәдімгі әйел адамның сүті ме?
– Иә. Жаңа босанған әйелдердің сүті.
– Ойбай, мына хауызды толтыру үшін қаншама сүт керек?
– Иә, дұрыс айтасыз. Көп сүт қажет. Ең бастысы, мұндай хауыз бұл жерде біреу ғана емес қой!
– Оның несі қызық? Елімізде қаншама сәби уызына жарымай өсіп жатыр. Қаншама ана босана салысымен еркінен тыс есепке алынып, баласын ең болмаса бір рет еміреніп емізе алмай, қақтап сауылып, сүтін осында жіберіп жатыр...» Бұл тұспал арқылы елдегі адам еңбегінің тиын-тебенге бағалануын, қарапайым адамның еңбекақысынан жырылған салықтың есепсіз жұмсалып жатқанын айтып отыр деп түсіндік. Ресейде әр бала туған сайын 2 млн. 500 мың жәрдемақы беретін болса, бізде қаншама әйел болымсыз жалақы үшін үй бетін көрмей, балалары уызына жарымай өсіп жатыр. Ата-анасын көрмей, жазатайым өртеніп не қараусыз қалып терезеден құлап кетіп жатқандары да бар...
Хикаяттан тағы бір мысал: «Бұл сараң ит тезегін төгуге қимайды. Ана тұрған дәу бөшкеге үлкен дәретін жинап жатыр. Осы күнге дейін толуға айналған шығар. Ал иісі, иісін жаңа өзің көрдің, жер-әлемге жайылып кетті. Анау толса немесе алда-жалда төгіле қалса, бәріміз уланып өлеміз!» Бұл да – тұспал, жемқорлық жайлаған қоғам. Содан шыққан күлімсі иіс. Осы күні аузымыз үйреніп кетті, «жемқорлық» деп оп-оңай айта береміз, шынында жемқорлықтың екінші аты – кесапат, адам өлтіру. Күндердің күнінде құрылысын салған кезде жарты ақшасы желініп кеткен мектептердің төбесі опырылып балаларды басып қалса, сырты жылтыраған кафельдің ар жағында қабырғасы сөгіліп жатқан зәулім үйлер құлап қаншама адам опат болса, жолдар қақ айрылып жатса, бетін әрі қылсын, соттайтын адамды таба алмаймыз, бәрі көшіп кеткен.
Осы күні әдебиетті биік сезімдер мен ізгілікті насихаттауды қойды деген пікірлер бар, қалай десек те, бүгінгі шығармаларда қоғамның қаны шыққан қотырын, адам баласының адамшылықтан алыс іс-әрекеттерін со қалпы көрсету сарыны басым екені анық. Дегенмен, сезіну бар да, оған реакция көрсету бар. Әдебиет дегеніміз шынайы өмірге, жалпы адамға еш қатысы жоқ, шаршағанда көңіл аулайтын, өзіңмен-өзің ой кешуге, демалуға мүмкіндік беретін, шындықтан алшақ, қиял мен шытырман әлеміне қарай шегінетін эстетикалық не интеллектуалдық ойынға айналмауы тиіс, оған жеткізсек, құрыдық. Жазушы да адамның әлсіздігіне бейтарап қарай отырып, оның жеңілгені мен сүрінгенін үнсіз бақылап, шығармаға айналдырып отыратын салқынқанды бақылаушыға айналмауға тиіс. Әдебиет – алдағыны болжайды, ал қаламгер – сол алда болатын күресті бастаушы. Әсіресе, осы шығармада автордың оқырманға (халыққа) әлденені естіртіп айтқысы келетіні байқалады. Бұған кейіпкердің аузына салған сөзі дәлел: «Негізі, біздің халық тым көнбіс. Көтерілетін талай жағдайлар болды. Көзі ашық серкелерін айдың-күннің аманында атып тастады. Шіркін, қандай жігіттер еді. Балиғатқа толмаған балаларын ұл-қыз демей әркім әуреледі. Иен байлықтың үстінде отырып, қайыршы күй кешті. Құқығын қорғамақ болып еді, аямай жаныштады. Соның бәріне шыдап, үнсіз отыр. Намыссыз дей алмайсың. Бұған да шыдар, егер біліп жатса. Бәлкім шыдамас, шыдамның да шегі бар емес пе?» – дейді автор Дос-ағаның аузымен.
Жемқорлық қай кезде де айыпталды, дінмен, заңмен, моральмен екібастан. Тіпті Дантенің «Құдіретті комедиясында да» бар бұл. Мұның үлкен проблема ретінде бүгінгі әдебиеттен көрінуі тіпті жиіледі.
Автор хикаятта оқиғадан оқиға туындатады, күрделендірмей әңгімелейді, кейіпкерлердің кім екенін, неге татитынын оның іс-әрекеті арқылы береді. «Ол оққағарларына иек қақты. Екі оққағар ербиіп тұрған жұмысшыны алды да, тырбаңдатып апарып ұраға лақтыра салды. Төменнен, Құдай басқа салмасын, төбе құйқаны шымырлатар сұмдық ащы дауыс сәтке ғана шығып, сап тыйылды. Тек иттердің ырылдасқан, сүйектерді қарш-қарш шайнаған үні естіліп тұр». Бұл қабаған ит ұстап отырған көрші елдің қанқұйлы басшысы екенін ішіңіз сезсе де, тырс етпеңіз. Билікке қарсы тұрғанның көрешегі осы.
«Суға торай шолп ете қалды. Сол-ақ екен, өзімен-өзі жүрген балықтар тұс-тұстан анталап, торайды бас салды. Байқұстың тұмсығы судан анда-санда бір шығып, жанұшыра шыңғырып жүр. Әне-міне дегенше торайдан түйірдей ет қалмады.
– Өңешінен өтсе сүйегін жұтуға бар. Әттең, оған шамалары жоқ, – деп Ұлы-аға сақылдай күлді. – Дегенмен ақсөңкесін ғана қалдырады. Қалай, менің достарым ұнады ма?
– Достарыңыз сұрапыл екен!
– Рас, дәл қазір біздің елге осындай сұрапылдар жетіспей тұр. Құл-құтан құтыра бастады.
– Билік не әрекет жасап жатыр?
– Билік не істесін? Бізге аузын ашып қарап отыр. Осы жолы тайынбаймын. Егер бүлік шығаратын болса, қару қолданам! Болмаса ұлтаралық, дінаралық жанжал туғызам. Кешегі сесінен, өктем тілінен айырылғысы келмей отырғандардың, «әр елдің өз тілі болуы керек» деп жанығып жүргендердің немесе бір дінді қырыққа бөліп алғандардың қолтығына су бүріксем болды емес пе? Бізде оған толық мүмкіндік бар!
– Ол қалай болар екен? Қарапайым халыққа обал емес пе?
– Обал? Олар сол обалды біле ме? Алдыңдағыны тартып жейін деп отыр» Мұндағы пираньялар – жемге таласқан жемқор шенеуніктер ғана емес, әміршісі үшін ештеңеден тайынбайтын көмекшілері, ал «үлкен кісінің» сөзі – диктатордың монологы. Қайыршыны бай ағасына ілестіріп, нешетүрлі ғажайып пен сұмдыққа куә қылып, біз білмейтін, тіпті түсімізге кірмеген жайттарды суреттеу арқылы автор өзіміз бетпе-бет келіп отырған мораль дағдарысы мен осы кезге дейін салдарына мән бермей келген ашкөздіктен туындаған қауіп туралы айтады. Айтпақшы, сиқыршы мен сауысқанның мәмілеге келуі, сауысқанның жыландар құпиясын сиқыршыға айтып қоюы, сиқыршы мен әкімнің келісімі, сауысқанды сатып кеткен сиқыршының артынша сиқырынан ғана емес, ақыл-есінен айрылып қалуы, әкімнің алтынды құпия қаздырып, өңдеп, құпия түрде көрші елге өткізетін келісім құжаттарының бәрін жасатып, бағасына келісіп қойғанда… одан әрі не болар екен деген ойға батырып, тарта береді, кәдімгі ертегі оқып жатқандай боласың. Әрине, арасында бұның ертегі емесін сезіп, ішің қылп ететін сәттер де бар. Алтынды біз секілді дүниеқоңыздықтан емес, жылыну үшін жақсы көретін жыландар содан бері өздерін сатып кеткен сауысқанды ғана емес, құс біткенді жаратпайды екен деген аңыз да иланымды.
Енді қызықты қараңыз, ашкөзденген әкімнің де, қанағатты ұмытқандар ғана емес, кәрі патшаның өзінің басына да қара бұлт үйіріледі, бір белгісіз топ пайда болып, бәрін қамайды (Бұл шығарма Қаңтар оқиғасынан бұрын, 2018 жылы жазылған). Үйқамақта отырған олардың елде қалуға бір жыл ғана мұрсаты бар. Оның жарты жылында қарапайым халықтың өмірін өз көзімен көруге шығады. Осы бір жыл ішінде шетелдегі қаражатын елге қайтаруы шарт. Сосын кім қайда кетсе де еркі. Сөйтіп кәрі патшаның айналасындағы осы уақытқа дейін түскі асын Түркиядан, кешкі асын Кипрден ішіп келіп жүрген бес мың адам амалсыз алыс ауылдарға аттанады. Амал жоқ, шөлден өлетін болғасын халық тұндырып ішіп отырған лай суды ішеді, тіпті әділетсіздікке шыдамай, Адам құқын қорғайтын ұйымға арызданбақ болады. «Төрт-бес миллион доллардың көлігін мініп, ең озық елдердің ең қымбат қалаларынан қос-қостан үй сатып алып, шетелдердегі қамалдарды иемденіп, ең айтулы аралдарда демалып жүрген кезде олар мүлде басқа планетаның тіршілік иелері сияқты көрінетін. Иә. Олардың өмірі мен қарапайым халықтың өмірінің арасында кемі жүз жылдық қашықтық жатыр еді. Енді, міне! Олар көрді: ауылдарда ешқандай жағдайдың жоқ екенін, мектептер мен балабақшалардың, ауруханалардың тозығы жеткенін, қоғамдық монша дегеннің баяғыда қирағанын, мамандар жетіспейтінін, бір де бір жолдың жасалмағанын, халықтың ақылға сыймайтын аз ақшаға күн көріп отырғанын, бәрі қағаз жүзінде ғана керемет болып, жоғарыға жалған есеп беріліп келгенін өз көздерімен көрді», – деп автор оқырманды (бізді) қуанышқа кенелтіп баяндай түседі. «Ертегі деген осылай керемет аяқталуы керек қой!» дейсің өзіңнен-өзің масаттанып. «Тек әділеттіліктің бәрі тек ертегіде ғана орнайтыны несі, біздің ел ше?» дейсің бір сәт қынжылып...
«Алайда халықты осы күйге түсіргендеріне өздерін айыпты санағандар өте аз еді. Көпшілігі мына қоғамнан, мына өмірден жиреніп тұрды. Амалын тапса, қазір-ақ тайып тұруға, мына жерде бір секунд та аялдамауға бәрі дайын еді». Ех-х… дауа жоқ бұларға!
«Шынымен неге бұлай болды?» деп ойлап кетесің. Мәңгілік құндылықтардан қол үзіп, тек қана сәттік қызықты, тамақ, киім, ақша туралы ойлай берген адам-байғұстың дағдарысы тек өзімен бітпейді, онымен бірге оның қоғамы мен мәдениеті те қараң қалады. Философия тарихынан білеміз, бұндай кезең антикалық дәуірде де болған, қайта өрлеу дәуірінде де көрінген, тіпті қазір де солай. Демек, сенім мен дүниетаным ғана адамды толық адам дәрежесіне жеткізе алады, өзіміз айтып жүрген ар-ождан ғана адамның қорғаушысы болмақ.
Қайыршының Дос-ағасы – шаруасы түгел адам еді. Ақшасының бәрін шетел асырған. Ең қауіпсіз бес елде үй-жайы бар, бизнесі жүріп жатқан, бірақ дауыл оның да кемесінің желкенін жыртып, діңгегін қиратар болды. Шетелге қашудан өзге амалы жоқ. Ең соңында қайыршының миллиардер досы былай дейді: «Кетер алдында бір ғана ақыл айтам, көңіліңе тоқысаң да, ұмытсаң да өзің білерсің. Мына өмірде еңбекпен тапқан наннан дәмді ештеңе жоқ, қара шай болса да арқа-жарқа болып бірге ішер жардан артық ешкім жоқ, бай болсаң да, кедей болсаң да сені шексіз жақсы көретін әке-шешеден жақын адам жоқ, ұрлықсыз, алдап-арбаусыз келген табыстан адалы жоқ, осы аз ғана дүниесі бар адам бақытты, сол адамның ұйқысы тыныш, барының қадіріне жетіп, тәуба айтқан адам – әулие».
Хикаяттың түйіні мынау – егер ұлт ретінде, мемлекет ретінде бір қайратың болмаса, глобализация дәуірінде азулылар ештеңеге қарамайды, жұта салады, ол үлкен қатерлі толқынның астында күшті болу өз алдына, кешегіден сабақ алатын, ертеңді болжай білетін дана болуың керек. Осыны түсінгендіктен де демократияны шын бағыт деп есептейтін елдер рухани құндылықтарын қайта қарап, геосаяси, экономикалық жағдайларға бейімделіп жатыр. Ал біз ше? Біздің елдегі ең маңыздысы – құлқынның қамы. Бітпейтін тойымсыздық. Қазынаға сұғынып, құлқынын тежей алмайтындарға тыйым болмай, мемлекеттің болашағы туралы әңгіме айтудың өзі қисынсыз. Осындай өте жайсыз, тұрақсыз әлеуметтік-экономикалық ортада қарапайым халық қалай өмір сүріп жатыр? Автор Қ.Әбілқайыр қайыршының бастан кешкен хикаясын айтқан болып отырып, бүгінгі қоғамдағы осы проблемаларды тұспалмен, оқырман танымына сала отырып, жаңа сипатта берген. Хикаяттың жазылуында классикалық дәстүр мен жаңашылдық пен көркем әңгіменің де, ертегінің де, публицистиканың да сарыны байқалатын жанрлық ізденіс көрінеді. Айтпағымыз – бұл хикаяттан қазіргі қазақ әңгімесінің даму процесіндегі негізгі белгі – еркін шығармашылық байқалады, еркіндік идеясы, автордың әркім өз міндетін адал атқаруға тиіс деген жеке жауапкершілік идеясы, қаламгердің қоғамда орын алған берекесіздіктерге қарсылығы көрінеді.
Сондай ақ Қанағат Әбілқайырдың «Атажұрт» хикаяты туралы қысқа қайырсақ, мұнда қалашық саламыз деп келіп, өзімен-өзі жатқан момын қазақты шауып, қырып, зәбір-жапа шектіріп, ойына келгенін қылған орыс әскерінің озбырлығы айтылады. Өңшең аннан қашқан-мұннан қашқан, қағылған-соғылған солдаттар генералдың: «Ешкімге, ештеңеге тиіспеңдер», – деген бұйрығын елең қылмай, екіқабат әйелдердің ішін жарып, ақсақалын екі аттатпай атып тастап… осының бәрін қайыра еске алып оқып шықса, намысы бойын керней бастайтын кез келген қазақтың санасы жарқырай түсетіндей. Оқиға Көкше өңіріне бекініс салынар кезді баяндап отыр. Қазақтың ата-жұрты ресей мемлекетінің меншігі деп жарияланып, бір мың сегіз жүзінші жылдардан бастап жергілікті қазақтардан ең жақсы жерлерді түгел тартып алғанын тарихтан білеміз. Бұл Батыс Қазақстанда да осылай жүзеге асырылған. Осылайша аталарымызды ежелгі атамекенінен қуып, ең шұрайлы, ең құнарлы жерлерін тартып алып, қазақтар патша шенеуніктерінен бір, өздері ресейден езілуші болып қаңғып келген қарашекпен шаруалардан екі қысым көрген.
Жәңгірдің орыс қылышымен басы шабылған ұлы Сағи үшін, еріккен залымдардың талауына түскен Зілиқа үшін дұшпандарынан кегін алатыны ғана көңіліңді тыныштандыратындай. Бірақ одан қазақ даласына тыныштық болды ма? Шығармадағы атадан жалғасқан жомарттығы Арқаға түгел жайылған Хақназар бай, намыс буып, жасақ құрып атқа мінген қызуқанды Тайыр бай, орысқа елші болып, жеріне көз алартқан жаттың алдынан өтпек болып сыйлық апарып, күштінің алдында кішірейіп, пұшайман болған Ағыс би мен Айтемір, т.б. кейіпкерлердің бәрінің образы толық ашылған, әркім өз сөзін сөйлеп, өз әрекетін жасайды.
«Атажұртты» оқу керек. Мұнда ұлттың жадындағысын ақтарады, туындыда қазақтың бастан өткерген қиын күндері мен оған көзқарас бар.