Қоғамдық ұйымдар билікті бюджет қаржысының қалай жұмсалғанын ашық жариялауға шақырды
Жиырмаға жуық үкіметтік емес ұйым мен қоғамдық ұйым 12 мамырда Қазақстан билігін бюджет қаржысы мен Ұлттық қордағы ақшаның қалай жұмсалып жатқанын ашық көрсетуге шақырды.
Мәлімдеме коронавируспен күреске кеткен қаржы жайлы дерек жинап жүрген Zertteu Research Institute қорының сайтында жарияланды.
Өткен аптада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік ТАСС ақпарат агенттігіне «коронавируспен күреске мемлекет 6 трлн теңге, яғни 13 миллиард доллар немесе ішкі жалпы өнімнің 8 пайызын» бөлгенін айтқан. Ол бұл қаржының қайда кеткенін айтпаған.
Топтың мәлімдемесінде «коронавирус пандемиясы экономика мен қоғамдағы дағдарыстан бөлек коррупцияға, бюджет қаржысын негізсіз қолдануға жол ашып отыр. Бұл қабылданған щаралар мен мемлекеттік институттарға деген күдікті ұлғайтады» деп жазылған.
Қазақстанда пандемиядан кейін жарияланған шектеулерден соң миллиондаған тұрғын табысынан айырылып, әлеуметтік жағдайы нашарлай түсті. Осы тұста шыққан бюджеттен бөлінген триллиондаған теңге туралы ақпарат елде қызу талқыланды.
Мәлімдемеде ұйымдар ел билігін «барлық қаржының қайда жұмсалғанына есеп беріп, ол есепті парламентте қарап, барлық материалды мемлекеттік органдардың сайтында жариялауға» шақырды.
Ұйымдар биліктен азаматтық қоғам өкілдеріне орталық және жергілікті деңгейде қабылданған шешімдер мен бюджет қаржысының қайда жұмсалғанын бақылауға мүмкіндік беруді сұрады. Бұдан бөлек, төтенше жағдай кезіндегі мемлекеттік сатып алу қаншалықты негізде болғанын түсіндіріп, ақпарат пен сөз бостандығын қамтамасыз етуге шақырды.
Билік бұл мәлімдеге қатысты қандай да бір ресми комментарий берген жоқ. Тоқаевтың экономика бойынша штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов Facebook парақшасында президент айтқан миллиардтар қайта жұмсалғанына түсінік беруге тырысты. Ол постында Ұлттық қордан 1,7 триллион теңге «бюджетке түсетін табыстың азайған бөлігін жабуға жұмсалғанын», жүздеген миллиард теңге табысынан айырылған жұртқа 42500 теңгелік көмекке берілгенін жазды.
Оқи отырыңыз: Жанболат Мамай: "Биліктің 13,5 млрд долларды қайда жұмсағаны жұмбақ"
Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев 12 мамырда Алматыға жұмыс сапарымен келді. Ол сапары кезінде Алматыдағы бизнес-орталықтың бірінде орналасқан анализ орталығының жұмысымен таныспақ. Бұл жерде жұрт ақылы түрде коронавирус тестін тапсыра алады.
Ресми дерек бойынша, елде 5200-ден астам адамға вирус жұқты. 2100 адам дерттен айықты. 32 адам қайтыс болды.