Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:30, 31 Мамыр 2022

Қолтаңбасы қайталанбайтын Қуан аға

None
None

      Апта сайын шығатын газетке мақала әзірлеу, күнделікті көрермен назарына ұсынылатын хабардың сценарийін жазу біз үшін үйреншікті іс.

Дәлірек айтқанда, бұл біздің әу бастағы таңдауымыз, нәпақамызды алып, нанымызды тауып жеп отырған төл кәсібіміз.

Бірақ солай бола тұрса да, бүгінгі күні менің ұққаным, күні кеше жарқылдап ортамызда жүрген, қазірде арамызда жоқ, көз көрген, сыйлас-әріптестер жайлы өткен шақта естелік жазудан артық қиын ештеңе жоқ екен. «Бір тумақ бар да, бірге өлмек жоқ» дегендей, мынау фәни дүниенің-жалған, бақидың мәңгілік екеніне санамыз сенгенімен, жүрегіміз сенбейді. Оларды әсте өлімге қимаймыз. Мен де өткен жылы көктемнің мамыражай бір кешінде «жазушы-журналист Қуанышбай Құрманғали өмірден өтті» дегенді естігенде дәл осындай күй кештім. Сене тұра, сене алмадым. Уақыттың  ұшқырлығы сондай, қарап отырсам, міне, содан бері де зымырап бір жыл өте шығыпты. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, оның орнының ойсырап тұрғаны күн өткен сайын айрықша біліне бастағандай. Ашығын айтқанда, біз қандай ғибратты ғұмыр иесінен, қарымды қаламгерден айырылып қалғанымызды енді ғана түсініп, саналай бастағандаймыз. Журналистік кәсіптің бір ерекшелігі, біздің бір-біріміздің жүзімізді көрмесек те, жақын таныс болмасақ та, жарыққа шыққан мақала-хабарларымыз арқылы кімнің қайда қызмет етіп, нені жазып жүргенін қадағалап, сырттай әр әріптесіміздің жақсылығына сүйсініп, бір-бірімізге тілеулес болып жүретініміз. Менің де алғаш жазушы-журналист Қуанышбай Құрманғалимен сырттай таныстығым оның газет-журналдарға шыққан сондай мақала-эсселері мен сыни шығармаларын оқудан басталған-ды.

    Тұңғыш рет мен онымен 2013 жылы Алматыдағы Ұлттық кітапханада жазушы Оралхан Бөкейдің 70-жылдығына орай жарыққа шыққан таңдамалы шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімінде таныстым. Соның алдында ғана газет тапсырмасымен ШҚО-ның  Катонқарағай ауданына іс сапарға барып келген болатынмын. Жазушы мерейтойына арналған ондағы дайындық барысы туралы кезекті нөмірге мақала әзірлеп жатқан маған, бұл шара тіпті «іздегенге сұрағандай» болды. Ол кез күні кешегідей әлі көз алдымда. Жазушылар – Д. Әшімхан, Р. Ниязбеков, Ж. Қорғасбек бастаған бір топ зиялы қауым бас қосқан, сол кездегі «ҚазАқпарат» баспасының директоры Қ. Ботбай жүргізген жиында аталмыш туындының тұсауы кесіліп, таныстырылымы өтісімен маған да Қуанышбай Құрманғалидан сұхбат алудың мүмкіндігі туды. Оған дейін де Орағаңның көзін көрген, тірісінде етене араласқан жазушының барлық қаламгерлердің ішінде ол туралы ең көп әрі тұщымды естеліктер жазғанын білеміз, талай рет театр сахнасы төрінде оны есіне алып, толқи тұра сөйлегенін де көрдік. Ондай сәттерде  «Оралхандай біртуар жазушының бір іздеушісі болса, дәл осындай-ақ болар» деп, риза болғанбыз. Енді, міне, тек шығармалары арқылы ғана таныс, бұрын-соңды көрмеген оның өзімен тілдесудің де сәті түскендей. Жер жылжыса жылжымайтын салмақты мінезімен, әр іске аса жауапкершілікпен қарайтын тиянақтылығымен кім-кімді де өзіне баурап алатын Қуанышбай аға сол жолы да досы жайлы бірден көсіле сөйлеп кетті. Басқаны айтпағанда, Алматыға алғаш ат басын тіреген Орағаңмен баспанасын бөлісіп, жастар газетінде бірге қызметтес болған қаламгердің сондағы қазақ прозасының құлагері жайлы: «Оралхан жазушы-драматург ретінде үнемі өзгелерден оқ бойы озық жүрді. Оның қандай да шығарманы жазу барысындағы ойының ұшқырлығы мен тілінің көркемдігін айтпағанда, өзі таңдаған тақырыбын оқырманға нанымды әрі әсерлі етіп баяндау шеберлігі де ерекше еді. Ол отбасында жалғыз ұл болса, жазушылық ғұмырында да жалғыздықты басынан кешірді. Егер ол, сол бір «рухани жалғыздықтың» мұңын шегіп, дәмін татпаса, бәлкім, оның қаламынан ондай ғажап романтикаға толы дүниелер тумас па еді?! Орекеңнің даралығы – кімді, нені жазса да, ең алдымен қарапайым еңбек адамы туралы көсіле жырлаудан танбады» деп ағынан жарылғаны есімде. Көрер көзге сол бір шағын сұхбат барысындағы оның әр сөзі жүрегін жарып шыққаны да тайға таңба басқандай сезіліп тұрған-ды. Бұдан кейін де қаламгерді анда-санда түрлі мәдени шаралар мен жазушылар бас қосатын жиындарда сыртынан көріп жүрдім. Ондай кездерде республикалық «Айқын», «Түркістан», «Егемен Қазақстан» секілді газет беттерінен оның мерейтой иелері, жаңа туындысы жарық көрген әріптес достары, не болмаса дүниеден өткен қаламгерлер хақында жазған естелік-эсселерін оқып жүретін мен, «соның бәріне ол қалай уақыт табады екен» деп ойлайтынмын. Жасырып-жабары жоқ, қалам ұстағандардың арасында былайғы уақытта бетіне қарап күлгенімен әріптесінің аты озғанда қызғаныштан шекесі тырысып қалатындарды да көзіміз көріп жүр. Ал Қуанышбай аға ондайлардың санатынан емес. Бүгінде қарап отырсам, жазушының көзінің тірісінде қазақ жазушы-журналистері мен өнер қайраткерлері туралы жазған эсселері мен сын мақалаларының саны 200-дің үстіне жетіп-жығылады екен. Ал оның ішіндегі 143-і тек қана мерейтойлық мақалалар. Бажайлап қарасақ, бұл дегеніңіз үлкен бір жинаққа жүк болатын айтулы еңбек.

       Қазақтың қазыналы бір өлкесі – Тобыл төскейінде туып-өскен Қуанышбай Серікбайұлының есейе келе журналистік кәсіпті игергенге дейін Қарғалы кооперативтік техникумында білім алғанын, шығармашылық қадамының алғаш өлең жазудан басталғанын біреу білсе, біреу білмейді. Оның тырнақалды жырларының тұсауы сонау 1960 жылы «Лениншіл жаста» кесілгеніне сарғайған газет тігінділерін ақтарғанда көз жеткіздік. Автордың сол бір асқақ та, адуынды, нәзік те сыршыл жырлары топтастырылған, араға жылдар сала «Арман аралы», («Жалын»,1981 ж.) деген атпен жарыққа шыққан тұңғыш жыр жинағына алғысөз жазып, пікір білдірген басқа емес, аузы дуалы Қадыр Мырза-Әлидің өзі. Одан кейін тоғыз жыл өткенде баспа бетін көрген оның тағы бір толымды өлең кітабы  «Қош қалқатай», («Жалын»,1990 ж.) ақынның поэзия әлеміндегі өзіндік мақам-мәнерін айқындап бергендей. Оның өмір жолына үңілгенде КазГУ-дің журналистика факультетінде сырттай оқып, алғашқы еңбек жолын «Лениншіл жаста» корректорлықтаған бастаған Қуанышбай Құрманғалидың табиғи талантын ізденісімен ұштастыруының арқасында шыңдалғанын, қатардағы тілшіліктен, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі секілді баспалдақтарға дейін көтеріліп, төл мамандығының шыңына шыққанын байқаймыз. Ол –ұлттық журналистиканың ұстаханасы «Жас Алаштың» 70-жылдардағы алтын ғасырында Ә. Кекілбай, А. Сейдімбек, О. Бөкей, Ф. Оңғарсынова сынды талантты қаламгерлермен бірге қызмет етіп, мерзімді баспасөзде өзгеше редакторлық мектеп қалыптастырған Шерхан Мұртазаның тәрбиесін көрді. Бүгінде газеттің сол жылдардағы архивін парақтар болсақ, оның комсомол-жастар өмірінен жазған суреттеме-очерктері, шалғай ауылдардағы еңбек озаттарының айтулы жетістіктерін паш еткен эсселері, қоғамдағы күрмеуі күрделі мәселелерді жан-жақты зерделеп, сараптаған журналистік зерттеулері көзге жылы ұялайды.

      Қуанышбай Құрманғалиды қазақ журналистикасының қара нары десек, еш қателеспейміз. Ол ұзақ жылғы журналистік ғұмырында шұрайлы тілімен, айшықты теңеулерімен, парасатты пайымдарымен әрбір жазған туындыларыныңшырайын келтіріп, табиғи шеберлігінің арқасында үлкенді-кішілі оқырманның көңіліне жол тапты. Шығармашылық пен қызметте қандай шыңға шықса да, шалт кетпей, әуелгі кісілігіне тән кішілігінен әсте айнымаған қаламгер одан кейін де «Ақиқат» журналында әдеби қызметкерден бастап, бас редактордың орынбасары 1976-78 жж. және 1990-94жж. «Жалын» баспасында бас редактордың орынбасары, 1986-88жж. Қазақ энциклопедиясы бас редакциясында бөлім меңгерушісі, 1995-96 жж. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында бас маман, «Ел» баспасының директоры, «Білім» академиясының вице-президенті, «Ғылым» баспасының директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Көзінің тірісінде ойы орамды, сөзі кестелі жазушы журналистика мен әдебиетте бір емес, бірнеше жанрда тер төге еңбектенді. Оның «Қоңыр күз күмбірі» («Санат», 2002 ж.), «Әулиекөл әуендері» («Ана тілі», 2012 ж.) өлең-дастандар кітабын, «Әдебиет әлеміне саяхат» әдеби портреттер жинағын («Атамұра», 2012 ж.), «Ақиқат айнасы» («Ана тілі», 2016 ж.) әдеби-сын портреттер топтамасын оқығанда, қаламгердің жазу өнеріндегі қуатының мықтылығына, ақындық, публицистік, сыншылық қырларына еріксіз тәнті боласың. Ондайда көкейге бірден «Бүгінгі көсемсөзшілердің ішінде қазіргі ақын-жазушылар туындыларына сын айтып, пікір білдірген тек жалғыз Қуанышбай Құрманғали ғана болғаны ма?» деген де ой келеді. Сөздің шыны керек, сыншылық жазушылықтан әлдеқайда күрделі. Оған ден қойған жанның бойында табиғи дарын мен қоса әдебиет теориясы мен тарихына қатысты мол білім қоры болуы қажет. Бәлкім, содан да болар, оған екінің бірінің тісі батып, төзімі жете бермейді. Мәселен, өткен ғасырдың 50-60 жылдары қазақ әдеби сынының көш басында болған А. Нұрқатов пен Б. Сахариев та, одан кейінгі 70-80 жылдары есімдері сыншылықпен танылған Т. Тоқбергенов, З. Серікқалиев, А. Сүлейменов, С. Әшімбаевтар да жекелеген авторлар еңбегін әдебиет теориясы негіздерінің бұрыннан қалыптасқан қағидаларын басшылыққа ала отырып, сын тезінен өткізді. Олардың қай-қайсысы да шығармаларды талдау барысында ақын-жазушылардың жазу мәнері мен қабілетіне баға берумен бірге, сын жанрының табиғатын ашып көрсетіп, оның қаламгер шеберлігінің шыңдалуына түрткі болатын тұстарын жіті зерттеп, зерделеді. Дегенмен жоғарыда есімдері аталған сыншылардың бәрінің қатар жүрген әріптестерінің сиясы кеппеген туындыларын оқырманға танытуда дәл Қуанышбай Серікбайұлындай жанкештілікпен еңбектенді десек, асыра айтқандық болар еді. Қуанышбай Құрманғали сыншылығының басты ерекшелігі – нысанасына алған шығарманың мазмұндық, жанрлық, көркемдік, тарихи-танымдық тұстарын туынды авторының тақырыпты ашу барысындағы шеберлігімен, оның өзіне ғана тән жазу стилімен астастыра отыра, бүге-шігесіне дейін жан-жақты талдап-таразылай білуінде. Сыншының ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі, абыз-діндар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақтың көне тарихы», Қазыбек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін», Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі» секілді еңбектерін сүзгіден өткізуі, оның осындай кесек-кесек туындылардың бәрін ерінбей бастан-аяқ оқып шығып, ойын қағазға түсіруі ғана емес, оның бойындағы тарих, дін, этнографияға қатысты білімінің де аса бай екендігінің көрсеткіші. Оның басқаларға ұқсамайтын тағы бір қыры – сын жанрында ол өз садағына ілінетін орта немесе жас буын өкілдерін «анау менен әлдеқайда кіші», «мынау болса, айтарын баяғыда айтқан ақын» деп, әсте алаламайды. Бәрінің жасына, мәртебесіне, руына, қай жерде туғандығына қарап емес, тек табиғи қабілет-қарымына қарай отыра, талдап-таразылап бағасын береді. Оның осындай әділ бағасын алғандардың бәрін жіпке тізіп санамаламай, жекелеген қаламгерлердің атын атасақ.

Мәселен, ақындар Е. Раушанов шығармашылығының сыры туралы «Көкмойнақ жырдың көкжиегі», («Түркістан», 21.12.2017 ж.), Б. Жақыптың шығармашылығы хақындағы «Топты жарып, төрге озған» («Түркістан», 17.01.2019 ж.), «Жүрсін-жыр» («Егемен Қазақстан», 11.02.2021 ж.), «Маралтай ақынның мақамдары» («Айқын», 27.04.2019 ж.), А. Кеңшілікұлы сыншылығы туралы «Сөзі сырлы сыншы», («Қазақ әдебиеті», 31.08.2018 ж.), жазушылар Б. Нұржекеұлының «Қазақ батырлары» кітабындағы «Атажау» хикаяты хақында, Т. Әбдіктің «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Оралу» повестері туралы және т.б. бірнеше мақала-эсселері жаппай мақтау немесе сыдырта сынау емес, керісінше, шығармалардағы оқыған жанды толғандырып, күрсіндіретін сәттер мен бірге әр кейіпкер-образының жағымды-жағымсыз жақтарының түйткілдеріне мейлінше терең бойлап, талдау, сараптап-саралау. Бір сөзбен айтқанда, автордың ойына ой қосатын, жетіспей жатқан тұстары болса, олардың ескеруіне түрткі болатын тұщымды дүниелер. Жазу өнеріндегі айтулы бір сала – аударма ісі қаламгер үшін төл шығармасын жазудан да әлдеқайда қиын екенін айтар болсақ, Қуанышбай Серікбайұлы бұл салада да өзіне қамшы салдырмаған сауатты аудармашы. Мәселен, оның тәржімалауымен жарыққа шыққан И. Стредкованың «Шоқан» («Жалын», 1986 ж.), Б. Шубиннің «Доктор Чехов» («Жалын», 1979 ж.), В. Севостьянов пен Г. Анисимовтің «Жұмыр жердің перзенті» («Өнер», 1981 ж.) секілді туындылары мен ең соңғы аударған Г. Флобердің «Бовари ханым. Бувар мен Пекюше» («Аударма», 2010 ж.) романын қазақ оқырманы күні бүгінге дейін сүйсіне оқиды.

      Қаламгердің үзеңгілес достарына деген көңілі алабөтен. Оның кезінде өзімен бірге жүрген «жеті жетімнің» арасындағы өмірден озған Кәраға, Орағаң, Ақселеу Сейдімбек пен Серік Әбдірайымұлын жан-жүрегімен егіліп, күңіре жоқтағаны көзіқарақты оқырманға аян. Қараңыз:«Кәрағаң қазақтың қаламы қарымды жазушысы еді. Оның жан-жүрегін жарып шыққан шығармалары, ең соңғы жазған сүбелі дүниесі «Қасірет» романы жалпақ елдің жадында қалғаны Аллаға аян. Өйткені бұл туындылар – жазушының жан сырын шерткен, қазақ ұлтының, ең бастысы қалың елінің басынан кешкен тарихын, өмір өткелдерін кеңінен толғай, кестедей төгілген шұрайлы тілмен баяндаған, шынайы да шыншыл шығармалар. Өзі өлсе де, артында қалған осынау рухани қазынасы қаяулы көңілге жұбаныш ұялатады. Еңсегей бойлы, ақ бұйра шашты, аққұба өңді, қашан көрсе де «құлындарым» деп күлімсірей қарсы алатын, аяулы дос Кәрағаңды Алматыны алты айналсақ та қайтып таппасымызға көз жетті. Аяулы достан айырылғанымызға жыл толды. Жаның жәннатта болсын, қайран Кәраға!» («Үзеңгі достың үлгісі», «Жас Алаш», 10.08.2006 ж). «Осынау атжақты, ақсары, ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей еңселі де еңгезердей жігіттің жаны нәзік, жүрегі жұмсақ, сезімі мөлдір еді. Иә, біз сөзіміз, қалжыңымыз жарасқан ақ, адал дос болдық. Біріншіден, Серік шығармашылық өмірде өзіндік жолы бар, қарымды қаламгер. Екіншіден, Серік жорналшылық кәсібін баспагерлік қызметте де сәтті жалғастырды. Үшіншіден, Серік көсемсөз бен көркемсөзде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер. Оған «Бес мүшел белесінде», «Самғау» сынды төл туындылары дәлел. Ал енді Серіктің талантын танытып, бағын ашқан, алдымен оның елу жыл ел ағасы болған қадірлі Д. Қонаевтың естелік кітаптарын аударып, әдеби жазбаларын жасап, халыққа жеткізуі… Әрине, есіл достың кетік-келте тірліктен татар дәмінің ерте таусылғаны өте өкінішті… («Есіл досым есімде» «Түркістан», 26.11.2009 ж.)

        Арада бірнеше жыл өткенде, дәлірек айсам, 2020 жылдың қазан айында мен Қуанышбай ағаға жұмыс бабымен қоңырау шалдым. Оның өзі табан аудармай он алты жыл еңбек еткен «Жас Алаш» газетінің ғасырлық мерейтойына арналған кітапты баспаға әзірлеу барысында одан тағы да О. Бөкейдің жастар газетіндегі журналистік қызметі туралы естелік жазып беруін өтіндім. Тіпті ол тұрғанда Орағаң туралы басқа біреуге қолқа салудың өзі орынсыз еді. Таңғалғаным, ол мені бірден есіне түсіре алмады. Сөз арасында мен өзімен сонау 2013 жылы бір мәрте сұхбаттасқанымды айтсам да, «Айналайын, мақалаларыңды оқып жүрем ғой, өзіңді фамилияңнан танимын. Одан бері қанша жыл өтті. Оның бәрі есте тұра ма?» деді. Дегенмен өтінішіме басы артық сөз айтпай бірден келісімін берді. Оның ыждаһаттылығы сондай, сол естелікті жазу үшін кейбіреулер секілді «әйтеуір бірдеңе жазып беру парыз ғой» деп, шала-шарпы сүйкектете салмай, арнайы кітапханаға барып, 70-жылдардағы газет тігінділерін ақтарып, әріптес-досының қолынан туған мақалаларды тағы бір рет бастан-аяқ оқып, айналасы бір аптаның ішінде дайын болғанда менің электронды поштама өзінде сақталған 3-4 фотосымен бірге салып жіберді. Бұған оның «Жас Алашта» жарияланып, артынан кітапқа енген «Жалындап өткен жеті жыл» атты естелігі дәлел. Одан кейін де мен «Жас Алаш» газетінің тарихына қатысты мәселелерге байланысты онымен бірнеше рет телефон арқылы сөйлесіп, ақыл қостым. Барынша кеңесін берді, көмегін аяған жоқ. Тағы бірде баспаханада отырып кезекті рет қоңырау шалғанымда, ол маған өзінің алдында ғана денсаулығы сыр беріп, Нұр-Сұлтан қаласына барып, ота жасатып келгенін айтты. Баспаға әзірлеп жатқан жаңа жинағы туралы да сыр тарқатты. Сөзінің соңында: «Кітапты түптеуге кіріссеңдер, онда негізгі шаруаның біткені ғой. Ендеше, Алла бұйыртса, «Жас Алаштың» ғасырлық шежіресінің тұсаукесерінде кездесерміз. Іске сәт, айналайын!» деді. Бірақ мен дәл сол сәтте онымен ең соңғы рет тілдесіп тұрғанымды білмедім. Бұл 2021 жылдың 6-наурызы болатын. Арада ай өтер-өтпесте ол о дүниеге аттанып кете-барды. Күні бүгінге дейін оның және «Қазақтың үні – «Жас Алаш» атты мерейтойлық кітаптың жарыққа шығуын асыға күткен Ж. Дәуренбеков, Ы. Кененбай, Қ. Мұстафин сынды естелік жазған газет ардагерлерінің жастар басылымының ғасырлық тойының куәгерлері бола алмағандары еске түскенде өзекті өкініш өртейді. Ол тірі болса, биыл өзінің 80-жылдық мерейтойын атап өтер еді. Алайда, сөз киесін пір тұтқан өнегелі өмір иесі ол күнге жете алмады. Иә, өмір бар жерде өлімнің хақ екені айтпаса да түсінікті. Десек те, адам жаны қай кезде үзілсе де, бәрібір оның арты өкініш. Ал бұл орайда ақын, аудармашы, сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуанышбай Құрманғалидай суреткердің орнын еш нәрсе толтыра алмайтыны сөзсіз. Бірақ оны өлтірмейтін бір құдірет бар, ол – оның артына қалдырған мол мұрасы. Ендеше, қолтаңбасы қайталанбайтын Қуан ағаның өзі де, сөзі де өлмек емес. Оны бізге ұмыттырмайтын да оның өз шығармалары.

                               

Тегтер: