Қоңыздың заманында шыбын шіркін жырғады

Антипара
Қазақстанды бір ғана дәрімен дамытып жіберуге болады десем, сенбесіңіз анық. Әрине, қарыштап дамып, ел қатарына қосылу үшін бізге әлем жұртшылығы тұтынатындай тауарлар, заманауи құрылғылар, көлік шығаруымыз керек. Зер салып қарасам, ол күн алыс сияқты.
Сондықтан, қазірше бір ғана дәрі ойлап таба алсақ қой. Сол дәрімен-ақ біраз дамуымызға болатын еді. Ол дәріні кейінірек керек еткен мемлекеттерге де сатуға болады. Одан да көп пайда табамыз. Бірақ, әуелгіде өзімізге керек. Көп керек. Ол қандай дәрі дерсіз. «Антипара» деген вакцина болса. Жемқорлыққа, парақорлыққа қарсы екпе. Оны еккен адам ешқандай пара ала алмай қалатын болса. Ала қалған жағдайда аяқ-қолы дірілдеп қалса. Ана алған парасын қайтарып берген, жымқырғанын орнына қойған жағдайда ғана қалшылдағаны басылып, жаны тыным табатын болса. Керемет емес пе, иә. Оны ең әуелі егетін адамдардың өзінен бастау керек. Әйтпесе, егілуге келген әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер пара беріп, екті деген анықтама жасатып алуы мүмкін ғой. Мүмкін емес, тап солай болады. Анау егетін адамдарға дұрыстап ексе, әрі қарай жақсы жалғасып кетеді. Жоғары биліктегі шенеуніктерден бастап, министрлерлер мен облыс әкімдері қостап, тіпті, қыл аяғы аудан әкімдері мен кішігірім мекеме басшыларына дейін тағайындалған күннен бастап салдыратын болса. Салдыру міндеттелсе. Барлық басшылар жұмысын осы екпені салдырудан бастаса ғанибет емес пе? Парақорлықтан, жемқорлықтан бас тарта алмайтын, өзіне сенімсіз адамдар қызметке жолай алмай қалады. Ал қызмет істегісі келетіндер парадан алыс жүреді.
Айтпады демеңіз, осы вакцина табылса, оны біздегі қызметкерлердің бәріне салса, міндетті түрде дамимыз. Қарыштап дамитынымызға сөз беремін. Өйткені біздің аяулы мемлекетті тұралатқан, жоқ, тұралатып қана қоймай, кейін кетірген осы жемқорлық пен парақорлық емес пе?.. Жуырда ғана Талдықорғанда жәй ғана бухгалтер 2 млрд теңгемен ұсталды. Екі млн емес, екі жүз млн емес, екі млрд. Бұндай ақшаны есепші келіншек жалғыз жасай алмасы анық. Екі немесе одан да көп адамдардың сыбайласуы арқылы ғана жасалады. Демек, осы соманы екі немесе одан көпке көбейтіп көріңіз. Және бұл бір қаланың бір бөлімі ғана. Ал бізде қанша қала, қанша облыс бар және соларда қаншама бөлімдер мен басқармалар бар. Сол ақшаның барлығы орнымен жұмсалған болса деп қиялдап көріңіз. Ойбай, қазірше қоя тұрайық десеңіз де дамып кеткелі тұрған жоқпыз ба.
Сондықтан барлық ғалымдарды осы бір екпені ойлап табуға, шығаруға шақыру керек. Құдай-ау атың өшкір ковид бет қаратпай тұрғанда QazVac-ты да шығарып еді ғой. Сол ғалымдарымыз қайда? Соны ойлап таба алған ғалымға басынан төмен қарай саулатып алтын құю керек. Мемлекеттік сыйлықпен, «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапаттап, қызды-қыздымен Халық қаһарманы мен Еңбек ері атақтарын қатар беріп жіберу керек. Міне нағыз көзі тірісінде ескерткіш орнататын адам. Өйткені ол адам мемлекетімізді айықпас дерттен, ауыр науқастан құтқарған адам емес пе?
Шіркін, сол дәрі тезірек табылса ғой. Бәрін жинап қойып, аса көп мөлшерде шығарып, анау алыс аудандардағы, түкпірдегі ауылдарға дейін жеткізіп, барлық деңгейдегі қызметкерлерге салып шықсақ қой, шіркін.
Сонда деймін-ау, қызметті жаны сүйетін, параны алмай тұра алмайтын адам амалдың жоқтығынан екпені салдырып, амалсыз салдырғаннан кейін ана құрғыр параны алып қоюы да мүмкін бе? Әрине, мүмкін.
Бір шенеунік «ақыр ауыратын болсам, бес-он тиынға ауырмайын деп, миллиондап жеп, жоқ, миллион аз, қарапайым бухгалтерден қай жерім кем, тәуекел деп миллиардтап асайтын сияқты. Сосын аяқ-қолы дірілдеп жататын сынды. Өзінің ұрлығын жасыру үшін: Бұрынырақта ашумен жиенімді ұрып қойып едім, содан шығар», — дейтін сияқты. Оның сырын білетін бір құрдасы: «Аяқ-қолыңның бірдей қалтырағанына қарағанда, сен ұрып қана қоймай, тепкен де сияқтысың ғой»,-дейтіндей. Анау үнсіз басын изейді, әрине.
Е, бізден бәрі де шығады. Алғашқыда қиын болады, кейіннен оңалып кетеді. Қайткен күнде осы екпені тезірек шығару керек. Әрі қарай дамудың даңғыл жолына түсіп алып, шауып отырамыз. Бірақ, бұл қиял реалға айналатын болса басшылықта жүрген, басшы болсам деп армандап жүрген адамдар үшін өте-мөте көңілсіз, қолайсыз жаңалық болатын шығар.
Тор
Қоңыздың заманында бұл шіркінің жырғады дейсің. Әңгіме шыбын туралы. Кәдімгі қара шыбын. Қоңыздың көңілін тапқан, қолдауына ие болған. Осы аймақта еркін ұшқан. Заман осылай тұра береді, мен де жырғап жүре беремін деп ойлаған. Шындығында заман дегеніңіз шыбындікі еді ғой сол кезде.
Таңнан қара кешке дейін бір тынбайтын. Күнін салақ әйелдің жиылмаған дастарханынан дәм татудан бастайтын. Беті ашық қалған дастарханның үстінде не жоқ дейсіз? Тамақтың түр-түрі бар. Соның бәрінен ауыз тиетін. Содан анау терезенің әйнегіне барып соғылатын. Не әрі өтіп кете алмай, не бері қайтпай, ызыңдап жүріп алатын, мисыз неме. Кейде ашық тұрған есіктен сыртқа шығып кетіп, қора жақты бетке алатын. Ондағы малдың жапасына, тезегіне қонатын. Адам ішетін ас пен сиырдың жапасының ол үшін айырмасы жоқ. Бірінен ұшып, біріне қона береді. Тоқтықтан қап-қара болып семіріп алған. Тойынып алғасын тыныш жатқан малдың мазасын алады. Торы аттың құлағына қонады. Ат байғұс мазасы кетіп, құлағын қайшылайды. Ұшып кетіп, қайта айналып келіп, көзінің үстіне қонады. Байқұс ат басын жоғары-төмен изеп, үздіксіз шыбындайды. Енді бірде аттың бауырына қонады. Ат байғұс қыл құйрығымен сабалауға көшеді. Күні бойы қамыт титықтататын жануар бір демала қойғанында өстіп мазасын қашырады.
Малдан жалыққасын үйге ұшып кіреді. Кірген бетте түс әлетінде көз шырымын алайын деп жата қалған үй иесінің берекетін қашырады. Көзі енді ілініп бара жатқанда ызыңдап ары ұшады, бері ұшады. Тыныштық қалаған адамның жүйкесін жүн қылады. Және жақындап келіп, құлағының түбіне ызыңдайды. Онысы аздай мойнына, маңдайына және басқа да ашық жерлеріне кезек қонып, шаршатады. Ұйқылы-ояу адам қолымен қағып салғысы келгенімен еш нәтиже шықпайды. Шыбының әккі. Ұстата қоя ма. Ана бейшара адам мына шыбынның ұйқы бермесін біліп, орнынан тұрып қолына іліккен шүбірекпен қуған болады. Шыбын тағы да далаға ұшып шығады. Мал арасында жарақаттанғандар болса, тура сол қаны шығып жараланған жеріне қонып, саңғытып кетеді. Ол жер ертең құрттайды.
Е, бұл шыбын не істемеді, кімнің, ненің мазасын қашырмады. Боқ қонып, одан шығып дастархандағы адал асқа қонып, қаншама жерді ластады. Осылай кете берер деп ойлаған. Заман осылай тұра берер деген. Қайдам.
Бір күні әдеттегідей қораның ішіне еркін ұшып кірген. Анау бұрышқа таман ұшып барғанында бір нәзік қылға қанаты тиіп кетіп, оратылып қалды. Қимылдаған сайын, одан әрмен оратыла берді. Аяқтарын тырбаңдатқан сайын да орала берді. Арасында сәл тынышталып қалып, қайтадан әбігер болады. Бір кезде бұған өрмекші жақындап келе жатты. Бұл соның құрған торына түсіп қалған еді. Өрмекші жақындап келіп, әрдеңе жеп әбден семірген денесіне тұмсықтағы инесін қадады. Қанын жәйлап сора бастады. Әй, боқ дүние-ай...
Т9 – Тоқтарбай
Құдайдың күнімен алысып қалған адамдар болады. Соның бірі біздің Тоқаң – Тоқтарбай. Ол да сол өзге туыстары сияқты күн райымен алысады да жүреді. Күн суыса суытып кетті деп, ысыса ысып кетті деп отырады. Күн де кейде осы Тоқтарбайдың көңілінен шығайыншы дей ме екен, біржола ысып та кетпей, тым суытып та кетпей, қоңырсалқын болып тұрып алады. Соның өзінде Тоқаң жақтырмайды ғой. «Мына күнге не болды, не ыстық емес, не суық емес», — деп кейістік білдіріп отырады.
Жалпысында Тоқаңа ауа-райының дым қатысы жоқ. Күн шақырайып тұрса да, жел ұйытқып соқса да, қар мен жаңбыр араласып жауса да, бәрібір. Өмірі төрт қабырғаның ішінде өтіп жатыр. Үйінен шығып, көлігіне мінеді, көлігінен түсіп, жұмысына кіреді. Сол аралықтағы бес метр жер демесең, күннің көзін көрмейді. Мал бағып, егін егіп жатқан жоқ. Ең құрымаса көше сыпырушы болса жөн екен. Сонда да ауа райы болжамын қарай жүреді.
- Ой, әкеңдікі, ертең жаңбыр жауады екен, — дейді жаны жүдеп.
- Бірдеңе істейін деп пе едің?
- Жоқ.
- Онда неге жаңбырға кейістік білдіріп тұрсың?
- Жәй айтқаным ғой.
Тоқаңның тағы бір жағымсыз қасиеті – кірікпейтін жері жоқ. Бәріне араласып, пікір білдіріп, көзқарасын таңып отырады. Жә, өйтуге әркімнің-ақ қақы бар. Бірақ, кейде, өзім білермендікке салып, түзетемін деп, түзу тұрған нәрсені бүлдіреді де жүреді.
Анау ұялы телефонның уатсап қосымшасында Т9 деген программа бар. Жазу жазып отырғаныңда жағаласа кетеді. Орысша жазуда тәуір шығар, бірақ қазақша хатта қаныңды ішіп қояды. Мысалға, Махамбет деп жазбақ болсаң, ол жағаласып, сіз махаббат деп жазайын деп отырсыз деп солай тере жөнеледі. Талай адам сол Т9-дың кесірінен қате жіберіп, қателесіп жатады.
Мына біздің Тоқаң тура сол Т9. Кейде қақ маңдайына Т9 деп жазып қойғым келеді. Бірақ жалғыз біздің Тоқаң деймісіз, айналамызда Т9 қасиетіндегі адамдар толып жүр емес пе?.. Және олар өзімен өзі жүрген адам болса бір жөн. Араларында арысын айтпағанда мекеме басқарып жүргендер де баршылық. Солардың өзі-ақ біраз нәрсені бүлдіріп жүр ғой.
Уатсаптағы білермен Т9 өзінше өзгертпек болып, бүлдіре бастағанында оған көнбей, өз қолыңмен түзеп жазатынымыздай, өмірдегі Тоқаңдардың да айтқанына жығыла бермей, дұрысын істеу ләзім.
Пошым
Қызық, кез-келген адамның қандай екенін, өмірінің мәні мен алға қойған мақсат-мұратын сырт келбеті арқылы да білуге болады екен-ау деймін, кейде. Осы ойға бекігелі бері мүлде таныс емес адамдардың сырт пішініне, дене-тұрпатына қарап, олардың кім екенін жобалайтын әдет таптым. Әрине, қызық үшін. Қаланың кез-келген бұрышына барып отыра қаламын да бақылай бастаймын.
Әне, ұзын бойлы, арықтау келген бір жігіт келе жатыр. Басы салбырап кеткен. Яғни басы алға озған. Басынан кейін жүретін адам. Демек бұл кісі баспен жұмыс істейді. Ойшыл болуы бек мүмкін. Ойшыл болғанда Конфуций, Әл-фараби тұрғысында емес. Жалпы өзі әрдеңені ойлап, толғанып жүретінге ұқсайды. Ойлы деуге келетін шығар. Білімді екені де сөзсіз. Кем дегенде орта мектепте тарих пәнінен сабақ беруі мүмкін. Әне, менің бұл ойымды оның киім-киісі де нақтылай түсендей. Костюм-шалбар киіп, галстук тағынып алыпты. Бұндай киімді әкімшілікте істейтін жігіттер де киеді ғой деп ойлауыңыз бек мүмкін. Дұрыс. Бірақ олардың (әкімшілікте немесе соған қарасты мекемелерде әртүрлі қызмет істейтіндердің) кеуделелері, яғни көкіректері алға шығып кетеді. Олардың көкіректері қызмет бабына орай алға не сәл артқа орналасады. Оларды көкірегінен кейін жүретіндер деуге болады. Амбициялары керемет. Кеуделері мұнда жоқ. Мақсаттары белгілі. Қалайда сатылап өсу. Неғұрлым тезірек өссем екен дейді ғой іштей. Мына қызметінің уақытша екенін біледі. Кезекті баспалдақ, тіпті трамплин ретінде қарайды. Сол себепті де жұмысын беріліп істемейді. Атүсті қарағысы келіп тұрады. Көкірек биік болғаннан кейін айналасына биіктен қарау қашанғы әдеті. Ақыл-ойдың барлығы баста болғандықтан, кеудеде көбінше жел болады. Доптікіндей желді бір ғана біз, ине шығарып жібере алады.
Әне тағы бір кісі келе жатыр. Қарыны алға озған. Байқаусызда бұтаққа ма, басқа бір темірге ме, іліп алса, ақтарылып түсердей қарын. Елестетудің өзі қорқынышты. Бұл енді қарнынан кейін жүретін адам. Ішсем, жесем деген кісі сияқты. Және сол арманы мейлінше орындалғандай екен. Әрине ішу үшін, жеу үшін де еңбек керек. Еңбекті де атқарған, соған лайық несібесін де көрген кісі екені көрініп тұр. Нұры таймаған ақ жүзін жел қағып, күн қақтамағанына қарағанда кеңсе қызметінде болғанға ұқсайды. Енді осы денені ұстап тұру үшін де жағдай керек сияқты. Жинаған қоры бар шығар, зейнетақысы да тәуір болуы керек деп басқа нәрсе ойлап кетесің. Жә онда неміз бар, болжамымызды жалғастырайық. Иә, біреулер адамның қарынды болуы, тым толық болуы тамақтан емес, геннен деп талас білдіруі де мүмкін. Бірақ, екі бірдей үлкен кісінің осы бір «артық жүктен» арылу керек деп талпынғанын, сол арқылы әрқайыссы қырық келіден салмақ тастағанын білемін. Бірі елуді еңсерген, екіншісі алпыстан асқан. Содан кейін-ақ керек етпеген адам болса бұл пәледен құтылады деген сенім бекіген. Жә, ол енді әркімнің өз тірлігі. Және толық адамның бәрін ойсыз деуге келмейді. Дегенмен өзгелерге қарағанда тәбетті екені анық.
Міне, міне тағы бір тип жақындап келеді. Оңнан солға қарай кетіп барады дегенде ашылған жақша тәріздес. Яғни белі ішке қарай кіріп, кіндік тұсы алға шығып кеткен. Қарыны жоқ. Е бәтшағар, кіндігінен кейін жүретін адам болды ғой деп қысқа қайырасың.
Анау тұста жүргенінен кідіргені көп қарт кісі келе жатыр. Мұқағали суреттегендей сұрақ белгісі іспеттес. Өмір бойы қара жұмыспен айналысқаны көрініп тұрғандай. Қажыған, шаршаған. Дейтұрғанмен тағдырына наразы емес. Ойлағаны болған, дегеніне жеткен адам сынды. Дәл осындай адамдардың бірнешесі көз алдымда қаз-қатар тұра қалды. Бәрі де құрметті. Мына кісіге деген құрметім оянып кетті. Мынау өмірді ұстап тұрған да осылар шығар деп ойладым.
Елдің бәрін жырғап тастап, осы менің өзім қандаймын деп ойладым. Мен екі иығы жоғары көтерілген, тиісінше, мойны кеудесіне қарай тығылған, арқасы бүкірейіңкіреген адам екенмін. Демек, мен компьютерде отыратын, компьютер жоқ жерде ұялы телефонға телмірген адаммын деген сөз. Расымен сондаймын. Сіз өзіңіздің сырт келбетіңізге назар аударып көрдіңіз бе?..