Қожа Ахмет Ясауи туралы не білеміз?

Қазіргі бізге белгілі Ясауи туралы деректердің қайсысы шындыққа сай келеді? Ол кісінің тарихтағы рөлі қандай деген сұрақтарға бүгінгі күні жауап беру қажеттігі туындап отыр.
Өйткені ол кісінің өміріне, жалпы тарихтағы рөліне қатысты бірін-бірі жоққа шығаратын деректер саны көбейіп кетті. Тіпті кейбір деректер ⅩⅠ-ⅩⅡ ғасырларда өмір сүріп, адамзат баласының басына төніп тұрған қауіпті ысырып, адамзаттың өмір сүру мерзімін ұзартқан, ислам тарихында сопылық ілімді алғаш тариқат дәрежесіне көтерген Ұлы тұлғаны ⅩⅠⅤ ғасырда өмір сүрген Баха ад-дин Нақшбандқа шәкірт қылып қоятыны, Йасауи бабамыз негізін салған йасауийа тариқатын нақшбандийа тариқатының бір тармағы еді, – деп дәлелдейтін «тарихи» деректер көбейіп кетті. Оны аз десеңіз, Қожа Ахмет Ясауидің атын шығарған Әмір Темірдің ол кісінің басына алып кесене салуы болды, – деген сияқты түрлі қисынсыз пікірлер де айтыла бастады. Тіпті жақында жарық көрген «Түркістан құпиялары» атты документальді фильм Ясауи бабамыздың бейнесін мүлде түсініксіз етіп жіберді. Фильмде ол кісінің немен айналысқаны, мақсаты не болғаны түсініксіз. Ал Ясауи бабамыз басына алып кесене тұрғызған Әмір Темір болса, әулиенің басына кесене тұрғызу арқылы өз атын шығаруды көздеген даңққұмар пенде ғана. Міне, сондықтан осы сияқты қисынсыз пікірлерге нақты жауап беру қажеттігі туындап отыр.
Олай болмаса, ертеңгі күні түркі халықтарының рухани болмысының қалыптасуында шешуші мәнге ие болған ұлы тұлғаны мүлде жоғалтып алу ықтималдығымыз бар. Сондықтан Қожа Ахмет Ясауидей ұлы тұлғаның түркі тарихындағы, ислам тарихындағы, жалпы адамзат тарихындағы рөлін ашып көрсету қазіргі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Біздің бұлай деуіміздің себебін мақаланы соңына дейін оқыған кісі түсінеді деген ойдамыз. Тағы бір ескерте кететін мәселе – бұл мақаланы жазуда негізінен Ясауи бабамыздың өз шығармасы «Диуани Хикметтегі» келтірілген деректер негізге алынды. Негізгі тақырыпқа көшпес бұрын Қожа Ахмет Ясауи туралы орта ғасырлық жазба деректер не дейді? Қазақ халқының тарихындағы белгілі тұлғалардың пікірі қандай деген сұрақтарға қысқаша жауап бергенді жөн көрдік.
Ортағасырлық авторлар Қожа Ахмет Ясауи бабамызды «Шайх машайуху-л турк», «Ахмад ас-сани», «Қтуб ал-Ахтаб» деп атады. Бұл атауларды қазақ тіліне аударатын болсақ, «Түрік машайхтарының пірі», «Екінші Мұхаммед», «Дүниенің тірегі» деген мағыналар береді. Демек бұл деректер орта ғасырларда Ясауи бабамыздың атақ-даңқы бүкіл ислам әлеміне белгілі болғандығынан хабар береді. Қазақ жыраулары мен ойшылдарының да пікірлері осы орта ғасырлық деректермен мазмұндас. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың халықтың руханиятын ояту барысындағы іс-әрекеті үнемі қарсылыққа тап болып, бар саналы өмірі сол қарсыластарымен арпалыста өтті. Бар мақсат-мұраты хайуани болмыс қажеті болған замандастарының көпшілігі ол кісінің руханиятқа қатысты, рухани әлеммен байланыс туралы ой-пікірлері қарсыластарының ашу-ызасын тудырып отырды. Ясауи бабамыздың хикметтерінде бұл туралы мынадай жолдар бар: «Ей, достар, наданменен үлпат болып, Бауырым күйіп, жаннан тойып, өлдім, міне. Тура айтсам, қисық жолға мойнын бұрып, Қан жұтып, қайғы зәріне тойдым, міне. Наданмен өткен өмір тозақ қатар, Надан барса, тозақ та болар азар. Наданменен тозаққа қылма сапар, Надандармен қазан ұрып солдым, міне. Дұға қылғын надандардың жүзін көрмен, Хақ Тағала жар болса, бір сәт тұрман, Беймар болса, надандардың халін сұраман, Надандардан жүз мың жапа көрдім, міне.» (13-хикмет)
Бұл хикмет жолдары Ясауи бабамыздың өз замандастарынан қаншалықты зорлық-зомбылық көргенінен хабар береді. Бұл шумақтардың мазмұнын таратып айтудың да қажеті жоқ. Тек бір ғана «Надан барса, тозақ та болар азар» деген сөздің мағынасы ол надандардың пейіш түгіл тозаққа лайық еместігін көрсетеді. Біз тарихи деректерден замандастарының Ясауи бабамызды ұлын өлтіргенін, Ахман, Қараман атты бектердің жала жауып, ұры атандырмақ болғанынан хабардармыз. Мұндай қысым ол кісіге күнделікті жасалғанын жоғарыдағы Хикмет жолдары айғақтайды. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз өз заманындағы білімсіздік негізіндегі надандықпен күресіп қойған жоқ. Сол дәуірдегі діни таным негіздеріне қарсы күресуге мәжбүр болды. Ол рухани әлем мен адамзат арасындағы байланыстың болуы мүмкін емес деп есептейтін діндарлармен арпалысуына тура келді. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз өзінің ұзақ жылдарға созылған күресінің арқасында дін феноменінің Алла мен адам арасын байланыстырып тұратын рухани желі екендігін және оның Алланың өзі адам баласына аманат етіп берген рухына арналған рухани қуат көзі екендігін дәлелдеді. Ең бастысы Алла мен адамзат арасындағы байланысты қайта қалпына келтірді. Ол кісі өзінің басты шығармасы «Диуани Хикметті» «дафтари сани» деп атады. Бірінші дәптер – шариғат. Шариғат адамның физикалық болмысының қажетін өтейтін қағидалар жүйесі. «Дафтари сани» – тариқат. Тариқат – адамның рухын Алламен байланыстыратын ғылым жолы. Ясауи бабамыз тариқат жолына басымдық беріп, бұл жолды адами болмысты сақтап қалудың басты тетігі деп түсінді. Егерде адам баласы өзінің хайуани болмысының жетегінде кетіп, Рухани әлеммен байланысты үзетін болса, онда адамзаттың жер бетінен жойылатынын сезіне білді. Оның осындай жанқиярлық еңбегінің арқасында адамзат баласы сол дәуірде басына келіп тұрған ақырзаман апатынан аман қалды. Ислам тарихындағы әулиелер кезеңі деп аталған дәуір басталды. Осылай адамзат пен рухани әлем арасындағы рухани байланысты қайта қалпына келтірген ұлы тұлғаны анаған шәкірт болды, мынаған шәкірт болды деп жалған тарихты дүниеге келтірген авторлардың мақсаты халық санасына шындықты жеткізу емес, керісінше, Қожа Ахмет Ясауидің, ол негізін салған Ясауи тариқатының рөлін төмендетіп көрсету болды. Сөйтіп, Қожа Ахмет Ясауидің жалған тарихы жасалды. Ол абсолюттік билікке ұмтылған билеушілердің саяси мүдделеріне сай келіп, Ясауи жолына жан-жақты шабуыл басталды. Соған қарамастан, Ясауи жолы өкілдерінің – әулиелердің рухани ықпалы кешегі ⅩⅤⅢ-ⅩⅠⅩ ғасырларға дейін жалғасып келді. Жекелеген әулиелердің ықпалы күні кешеге дейін жалғасты. Солардың рухани қуатының арқасында Алла мен адам арасындағы байланыс үзілген жоқ. Бүгінгі күні әлемді жайлаған түрлі апаттардың қазақ жерін айналып өтуі – Қожа Ахмет Ясауи бастаған руханият өкілдері әулиелердің әлі де болса толығымен кете қоймаған рухани ықпалы десе болады.
Өкінішке қарай, соңғы 15-20 жыл көлемінде жаһандану үдерісінің ықпалымен қазақ халқының өзінің дәстүрлі діни танымы мен дәстүрлі мәдениетінен ажырап қалған жайы бар. Сырттан келген түрлі діни ағымдар мен адамды рухани тұрғыдан азғындататын попкультураның ықпалы халықтың рухани тұтастығын тас-талқан етті. Қазіргі күні халық өзін қазақ деп атағанымен біртұтас қазақ халқы жоқ. Рухани тұрғыдан түрлі діни таным мен мәдениеттердің ықпалында. Кезінде қазақтың өңі түгіл түсіне кірмеген, адам шошырлық азғындық қазақ қоғамын жаулап алды. Олардың атын атап, түсін түстеудің өзі бір арбаға жүк. Халықтың рухани тұтастығын қалыптастыруға тиіс дін болса, қазақтың дәстүрлі діни танымымен арпалысып, рух-аруақты «Аллаға серік қосу» деген сылтаумен халық санасынан айдап шықты.
Нәтижесінде рухани болмыстан жұрдай, суреті адам, биороботтар дүниеге келді. Соның салдарынан бүгінгі күні Алла мен адамзат баласы арасындағы байланыс толығымен үзілді. Нәтижесінде адамзат баласы тағы да жолайрыққа тірелді. Ертеңгі күні адамзат өркениеті өзінің өмір сүруін жалғастыра алады ма? Жоқ па? Әлде Нух пайғамбардың заманындағыдай жер бетінен адамзат баласы жойылады ма? – деген сұрақ күн тәртібіне қойылып отыр. Мұндай жағдайда бұл тығырықтан шығар жол қайсы? Не істеуге болады? – деген сұрақтың бұл жерде қойылуы заңды.
Ең бастысы бұл тығырықтан шығудың басты жолы – Алла мен адамзат арасындағы байланысты қайтадан қалпына келтіру. Ол үшін Ясауи жолына қайтадан бет бұру керек. Ясауи жолы-ясауи тариқаты кейбіреулер айтып жүргендей жойылып кеткен жоқ. Рас, Тәуке хан кезінде Ясауи жолы өкілдерін Ферғанаға дейін қуып барып, өлтірткені рас. Тариқат ретінде содан бері өмір сүруін тоқтатқанымен – халық жүрегінде күні бүгінге дейін сақталып келді. Ал 2015 жылдың көктемінде Ясауи бабамыздың киелі рухы қайта оянды. Заманында Ясауи бабамыз Анадолы түріктеріне өзінің алғашқы шәкірті, әрі немере інісі Мансұр Атаны жіберген болатын. Сол кісінің ұрпағы Саййид Мұстафа Авнуллах Хазіретке ясауи тариқатын қайта қалпына келтіруге рухани әлемнен пәрмен келді. Ол кісі 2018 жылы бізге арнайы кісі жіберіп, батасын берген болатын. Біз содан бері сол кісінің шәкірті болып саналамыз. 2019 жылы ол кісі дүниеден өткен соң тариқат басшылығы Саййид Мұстафа Авнуллах Хазіреттің ұлы Саййид Мұстафа Өзмансұр Хазіреттің қолына өтті. Сондықтан қазіргі күні ясауи тариқаты – Ясауи жолы бар және өзінің рухани бағыттағы қызметін жалғастыруда.