«Құдай сені менің маңдайыма жазыпты...»

Алла атымен бастайын… Рахымжан рухы риза болғай… Бұл жазбамдағының бәрі рас...
Өмірінің соңғы жылдары Рахымжан ертең мен кеткенде кітап жазасың дейтін… Шәй үстінде, әңгіме арасында, тіпті әзіл ретінде.
Мен де әзілдеп жауап қайтарушы ем, өзің жазып берсейші, дайын тұрсын, – деп. Сөйтейінші, – деп қоятын. Ол сөздің шындыққа айналарын кім білген?! Сенбеппін. Сенбегендігім – ол кеткелі бес жылға жуық уақыт өткенде ғана бірге өткізген ғұмырдың қағазға түсірілуі, жарыққа шығуы керек екенін шын түсіндім. Оның аруағы алдындағы бір міндетім – Рахымжанның тұлғалық келбетінің ер-азаматтық, әкелік қырын бүгінгіге таныстыру, кейінгіге ұмыттырмау екендігін толық сезіндім. Бірақ әр істің алдымен сөз болып құралатынын білетін маған қолға қалам алу сәті дәл қазір түсті. Құдайдың құдіреті Рахымжан қасымда тұрғандай сезімдемін. Жазғанымды, жазарымды оқып тұр деген сөз. Шынымен де мен кетсем де қарап жатамын дегені рас па екен… рас, әрине, рас… Рахымжан айтқанның бәрі рас мен үшін.
Сонымен, Құдай бізді қалай кездестірді? Оның «Арамызда бір мүшелдей жас айырмашылығы болса да менің жанымды сен түсіндің» деп, ерлі-зайыптылардың оңашадағы әңгімемізде жиі айтатыны секілді кездесуге тиісті емес адамдардай көрінген біздерді тағдыр қалай кездестірді? Рахымжанмен алдымен мен кездестім. Қазіргі тілмен айтсам, онлайн кездестім, сырттай кездестім. Тағы да қазіргі тілмен айтсақ, медиялық тұлға болып жастайынан қалыптасып, қазақтың белді басылымдары беттерінен қоғамның көлеңкелі тұстарын, ұлттық құндылықтар мәселелерін қозғаған мақалалары бұрқырап жарияланып жатқан тілші Рахымжанды оқып, үлгі тұтқан кездер менің мектептегі шағым еді. Осылайша газет беттерінен мақалалары арқылы танысып, таныдым. Журналист боламын деген оқушы ол кезде газет-журналдарға жазылады, поштаны асығып күтеді, түгел оқып шығады… мен де сондай оқушы болдым. Рахымжанның мақалалары дайын шеберлік сабағы еді… осылай жазу керек дейтіндей. Мәселені осылай көтеру керек, тарихты осылай зерттеу керек дейтіндей… Оның тақырыпты ашуы, беру формасы, жазу шеберлігі сөз жоқ әлі де өзекті деп ойлаймын. Мектеп бітіріп Алматыға бардық. КазГУ студенті атандық… Қателеспесем, төртінші курста жүрген кезіміз. Курстас жігіттер бірде: «қыздар, шәй әзірлей қойыңдаршы, ағалар қонаққа келді», – деп үш-төрт қыз жүгіріп дастархан жайдық. Журналистиканы бітіргендер біледі: бесінші жатақханада ол қалыпты жағдай. Келген қонақтың бірі – Рахымжан екен. Жігіттер бізді таныстырып, біз тек қызмет етіп әңгіме тыңдап ғана отырдық. Дастархан басында Рахымжан көп сөйлемеді. Өз ойымен отырды. Есімде қалған әсер осындай.
Арада қанша ай өтті есімде жоқ, жатақханаға тағы да қонақтар келіпті. Жалпы журналистер жатақханасы жастықтың базары іспеттес у-шулы орта ғой, өлең оқылып, ән айтылып, жігіттер домбыраны төпелеп, қызуқандылар айтыс бастап кетеді… Сонымен, тағы да дастархан жайдық. Келген ағайлардың ішінде тағы да Рахымжан бар екен. Қонақ болды, әңгіме айтты дегендей. Менен қай жерденсің, сабағың қалай деп бір-екі сұрақ қойды. Бірақ сізді білемін, газеттен барлық мақалаңызды оқыдым деп айтуға ұялдым. Қай жақтан келдің деп сұрауының мәні бар екен. Оны кейін айтты. Рахымжанның анасы Шәмсия және Ұлту деген екі қыз екен. Олар да анадан жастай қалып, өгейлік көріп өссе керек. Өгей шешелері ыссы адам болыпты деп еске алатын Рахымжан. Сонда момындау Шәмен апа ауылда әке үйінде қалып, Ұлту нағашы апасы қалаға кетіп қалған. Бір көргеннен мені Шәмен анасына ұқсатыпты. Ешқашан көрмеген. Бірақ жүрегінің түбінде бір көрсем, таныссам-біліссем деген ой тыныштық бермеген апасының қызыма деген үміт қай жерденсің деп сұратыпты. Анасына деген сағынышы оған Ұлту апасын да ұмыттырмаған. Осындай отбасылық тарих… шерлі тарих...
Күздің бір кешінде төменде телефон автоматынан Алматыдағы Орақ нағашы (Орақ Жауыров кәсіби домбырашы, Атырау облысының Құрметті азаматы, сол кезде Чайковский атындағы училище директоры) үйіне телефон шалып тұрмын. Сөйтсем, жоғарыдан Рахымжан түсіп келеді. Қасында жерлесім Табылды Досымов. Жігіттер бөлмесінде қонақ болып, кетерінде «Сәулемен жолығып кетемін» деп қоймағаннан кейін менің де мінезімді білетін Табыл: «Сәуле төменде» деп «алдап» алып келе жатыр екен. «Сен шыға бер, бала», – деп Рахымжан ағам менімен тұрып қалды. Ұялып, қысылғанда шашын қайта-қайта саралап тарап, сәл жымиып, асықпай сөйлейтін әдетін алғаш көруім. «Сәулежан, ауыл аман ба?» деп бастап, түгел амандық-саулық сұрасып, аз-кем тұрған соң қоштасып шығып кетті. Осыдан соң Рахымжан курстас жігіттерге жиі келіп тұратын болды. Біз де дәмділеп дастархан қамдауға дайын тұратынбыз. Жалпы гуревтіктер тату болдық, бес курстағы жерлестер бірге жүретінбіз. Қазақы тәрбие көргенбіз, артымыздан тәттілер де, балық, икра, ет келіп жататын. Заманның кең кезіндей, адамдардың да пейілі кең кез болып сезіледі қазір. Бәріміз бір үйдің баласындай ағамызды құрметтеп жібереміз. Сондай бір кеште екеуміз оңаша қалып қойыппыз. Құс базарындай жер бір сәт тып-тыныш бола қалғандай болды.
« – Сәулежан, ағаңның карта ашатын өнері бар. Білесің бе?» – деді. Пиджагының қалтасынан шығарған картаны сапырып-сапырып жіберіп, бір бірлеп суырып, үстел үстіне жағалатып қойып жатып: «Құдай сені менің маңдайыма жазыпты...» – деді. Деді де өз сөзінен өзі қысылды ма картасын тез жинап алды. Әрі шошып, әрі сеніп қалдым. Жасы үлкенді тыңдап өскен осындай аңқаулыққа алып келеді екен кейде… Артынан айтады «алдадым ғой, алданған өзіңнен көрмесең» деп карта да ашып білмейді екен.
Сонымен, Рахымжан жігіттерді ортаға салмай келіп тұратын болды. Күнде келетін десе де болады. Алматыны аралап қайтуға шақырады. Ағамның айтқанын алып мен шығамын. Қарындасым дейді. Көп әңгіме айтушы еді. Өте ұзақ парктерде қыдыратынбыз. Бір-бірімізді көптен білетіндей тек ұзақтан кездеспегендей әсер болушы еді. Балалық шақтағы қайғысынан бастап, жеке бас өмірін де жайып салды. Ұзақ әңгіме айтатын. Мен тыңдаушы. Балалығын, Шәмсия анасын, Отарбай атасы мен Гүлбағила әжесін, ауылда бірге өскен достарына тек «мама» деп айта алғандықтары үшін қатты қызығатындығын, мектептегі кездерін, ақасының (Ганюшкенше аға деген сөз. Әкесін солай атайтын) көңілін қимай Оралға оқуға түскендігін, әйтпесе арманы Алматыда оқу болғандығын, студенттік кездің де оңай болмағандығын, еңбекке ерте араласқандығын, тарихты жақсы көретіндігін, анасынан кейін кетіп қалған інісі Бекежан мен қарындасы Райсаға деген сағынышын ұзақ-ұзақ әңгімелейтін. Жүрегінің де ауыратынын білдім. Кейде келе жатып тоқтай қалады, қалтасынан дөп-дөңгелек, қып-қызыл құйтақандай ғана дәрісін алып ішіп қоятын. Қазір, қазір кішкенеден соң дұрысталады дейтін. Сөйтсем, нитроглицерин деген тілдің астына салатын дәріні үнемі алып жүреді екен. Жұмыста, көшеде жүрегі соғып, қайта-қайта құлап қалғаннан кейін осындай мұқтаждық туған. Құрдастарыңмен арсын-гүрсін жүріп мән бермейтін нәрселердің бәрін Рахымжан ескеріп, көлікке отырсаң «жел соғып тұрған жоқ па» деп, немесе сен секіріп өтіп кеткен баспалдақтан асықпай түсіп «ағаңды күтпедің бе?» дегендерінің бәрі қызық еді. Сағыныш қазір сол бір шақ...
Осылайша, мен төртінші курсты тәмамдап елге кеттім. Ол әуежайдан шығарып салды. Ұзақ өндірістік тәжірибеден өтетініміз бар. Соңғы курсқа кеш келеміз. Атыраудың облыстық газетіне тәжірибе өтер жолдамамыз бар, үйді сағынғанымыз бар студенттік өмірдің өзгеше бір кезеңі де алды-артыңа қаратпай басталды да кетті. Рахымжан күнде таңертең үйге телефон соғады. – Қалай ұйықтадың? – Жақсы тұрдың ба? – Шәйіңді іштің бе? – деп.
Содан редакцияға жеткенімде бөлімдегі телефон шырылдап жатады. – Сүйікті газетіңе жеттің бе? – деп әзілдейді. Түскі үзілісте де тура осылай қайталанады. Кешке тағы солай. Газет тапсырмасымен шығып кетсем редакциядағылар неше рет және нешеде телефон соққанын түгел біліп отырады. Тілшілер ортасы да сөз жарықтың жылдамдығымен тарайтын жер ғой, шіркін. Болмағанды болдырып, айтпағанды айттырып қоятын да қасиеттері бар. Бірде мені Талдықорғаннан келген хат ізімен Махамбет ауданы Сарайшық ауылына жіберді. Сол жерде жүйке ауруларын емдейтін республикалық мекеме бар. Еліміздің түкпір-түкпірінен дәрігерлер үмітсіз деп шешім шығарған науқастар келеді екен. Талдықорғаннан бауырын іздеп жазған хат мені жолға шығарды. Бардым. Аға медбике қарсы алды. Мекемені аралатып көрсетті. Іздеп барған адамым шынымен де із-түссіз жоғалып кетіпті. Басшы жоқ. Қонуға тура келді. Қарсы алған адам үйіне алып кетті. Ертеңіне таңертең диспансерге келсек, басшы су таситын көлікпен облысқа кетіпті. Тілшіден қашқан түрі. Іздеп облыстық денсаулық сақтау басқармасына мен де жеттім соңынан. «Жоқ, біз шақыртпадық» – деген жауап алған соң жұмысыма келсем, редакция шулап жатыр. «Ойбай, Алматы іздеп жатыр» – деп. Үйге келсем мамам «ренжіп» отыр. «Құйттай» қызын «жер түбіне» жіберген інісіне ұрсып. Редакторымыз туған нағашым Теңдік Жауыров еді. Рахымжанның «Жалын» журналын кризиске ұшырата жаздап, «межгородтардың» біресе 90 сом, біресе 120 сом төлеттірген кездері еді.
Әлі есімде, сол сапардан «Үзілмеген үміттер» деген мақала жаздым. Тіпті тілшілер лездемесінде талқыланып, қандай ескерту, қандай мақтау естігеніме дейін есімде. Тәжірибеден өтіп, демалыс аяқталып, Алматыға қайтқан кезде Рахымжанның әуежайдан қарсы алып, қайтадан кездесіп бастаған кезде жәйлап сөз арасында «жұмыс жасамағаныңды қалаймын» деп елеусіздеу ғана айтқан сөзі есімде қалды… оның тағдырын жаныма жақын қабылдап, оны жақсы көруім, оған деген аяушылық сезімнен басталды. Адамды аяуды жақсы емес деп жатады, меніңше қазақтың көп жақсы қасиеті аяушылықтан басталатындай… түсінушілікке апарар жол секілді. Мамам да әкемді іссапарлардан шаршап келгенде, ұзақ жолдан келгенде аяп күтетін. «Тоңып келе жатыр ғой», «әкең келгенде шуламаңдар», «тамағын тыныш отырып ішсін, мазасын алмаңдар», «көжесі бітіп қалмады ма екен» деген сөздерде аяу мен жақсы көру астасып жатыр емес пе?! Қазақы жақсы көру… Мен де Рахымжанымды аяп, қамқор боп, жақсы көрдім. Кейде сен менің қарындасым секілдісің десе, кейде сен менің анам секілдісің дейтін, сен болмасаң баяғыда өліп қалар едім деуші еді...
Сонымен, мен студенттік соңғы курсымды бастадым. Ол мені «Жалынға» жұмысқа орналастырды. Бізге корректор керек, саған да тәжірибе болады, Алматыға қалуыңа септігі тиеді деп. Маған байланысты өз жоспары өзінде екен деп ойладым. Өте әдемі сыйластықпен достасып кеттік. Мен сабақтан, ол жұмыстан шыққан соң күнде келеді. КазГУ қалашығынан басталған соқпақ жол – біздің үлкен өмірлік жұбайлық өміріміздің сара жолы болып қалыптасты.