Құданың «қамқорлығында»

(Әңгіме)
–… сын дейді...
Алыстан құмығып жеткен бір үн… Бір еспе қызыл құмды қызыл асықтан кешіп, жете алмай, дымым құрып-ақ келеді… Міне, жетем, енді жетем… деп жатқан кезде… дәл құлағымның түбінен ап-айқын болып:
–… дейді. Тұрсын дейді, – деп әлдекім саңқ ете қалды. Қайдағы қызыл құм, қайдағы ыстыққа күлдіреген табан! Дем алып жатқаным – салқын ауа, үйелетіп, тұрғызбай басып жатқан – қыртысы қалың, жылы көрпе екен.
– Сізді тез тұрсын дейді!..
Мені жаңа ғана шошытып оятқан да – сәл қырылдақтау осы дауыс. Сонда барып қана қайда және неғып жатқаным есіме түсті. Жалаң аяқ, жалаң бас қалпы жығыла жаздап, жылы төсектен атып тұрдым.
Пойызбен бір тәуліктен аса жүріп келіп, маңдай тірегенім жаңа ғана. Бұл өлкеге өмірімде тұңғыш рет табан тигізуім. Осы үйдегі кісілерден басқа бұл жақта ешкімді танымаймын. Тіпті түрімді түстеп болса да шырамыта алатын адамның маңайлауы мүмкін емес. Ендеше, осындай жат жер, жат ортада мені қоярда қоймай ұйқымен араздастырып жатқан кім?
Шаршағанымнан шатқаяқтап әрең тұрсам да, «Бұл кім екен?» деген шыдамсыз әуестік жеңіп әкетіп барады. Шала ұйқылы қалпымда басымның сықырлай ауырғанына қарамастан, ауызғы бөлмеге асығып шыққаным да содан.
Есікті ашып кеп қалсам, шағын дастарханды қаумалай отырған екі-үш адам. Екеуі – иықтарында жұлдыздары жалтылдаған әскерилер. Есік жақ шетте үй иелері.
Аузымды толтыра:
– Ассалаумағ… – деп, мақамдата амандаса бергенімше болған жоқ:
– Ау, құда, бұл не жатыс? – деген өктемдеу дауыс саңқ ете түсті. –Бұныңыз қалай? Қойыңыз, оныңыз ұят болады. Қане, отырыңыз.
Үлкен көздері жалт-жұлт етіп, қырандай шаншыла қараған, кең маңдайлы, сәл сопақтау сұрша жүзді келбетті полковник. Жас шамасы әрі кетсе, қырықты қусырып қалған. Екіншісі – айналасына сәл-пәл жасқана қарайтын жастау лейтенант. Қарапайым киінгендіктен бе, үшіншісіне назарымды жыға қоймадым.
«Мына кісі салған жерден мені неғып кінәлап тұр?» деген оймен:
– Нені айтасыз? – деппін дағдара қарап.
– Пойыздан түсе сала, төсекке құлағаның бұныңыз қалай? Болмайды ғой ол… Ал, қане, Волод! – деді полковник сосын қасындағы лейтенантқа. – Құйып жібер біздің қонаққа. Штрафной құй… Дастарханға кешігіп келгені үшін.
Лып етіп орнынан ұшып тұрған Волод бөтелкенің аузын көз ілеспес жылдамдықпен стаканның ернеуіне жанастыра қойды. Менің қорғаншақтап, қол сілтегеніме пысқырып та қараған жоқ.
– Ал құда! Давай, тартып жібер. Біз келгенде ұйықтап жатқаның үшін штрафной. Давай, давай!
Ит-ырғылжың басталды. Ішпейтінімді айтып, қорғаншақтап жатқан мен сияқты қалжыраулы байғұсты полковниктің тіпті түсінгісі келген сыңайы байқалмайды. «Іш те іштің» астына алып, өңмеңдеп әкетіп барады.
Оны қатты қайран қалдырғаны – менің мөп-мөлдір заһар суын татып алмайтын қуыс кеуде біреу болып шығуым. Полковниктің ойынша «Ішпейтін еркектің болуы мүмкін емес». Ал алда-жалда ондай біреулер кездесіп жатса, есі дұрыс сау адамның қатарына қосу қиын. Ол адамың барып тұрған дебль (кемтар, жетіспейтін). Тіпті ондайды еркек деп атауға ауыз бара қояр ма екен?
– «Құда» дейсіз бе? Өзі алдымен… танысып алайықшы, – дедім полковнигім тақылдай сөйлеп, тақымдап әкетіп бара жатқан соң.
Володтың бастығының есімі Жөркен болып шықты. Аттарымызды атап, білісіп алғаннан кейін, ішудің кезекті сылтауы тағы табыла кетті:
– Ал енді таныстық үшін!.
Сонан не керек, басымыз қаңғырлап, түннің бір уағына дейін отырдық. Қалғып-шұлғып жүріп, қонақ күткен үй иелерінің түрлері жүнін жұлған тауықтан арман үрпі-түрпі. Лаждың жоғынан өтірік ыржиып күлген болады.
Кезекті стаканды төңкеріп тастап, отырғандар сөзге айнала берген сәтте, ұшып түрегеліп, жылыстай жөнелуді жөн көрдім. Бірақ Жөркеннің шапыраштанып, шатынай бастаған қырағы көздері қалт жіберген жоқ. Ішкі босағаны енді аттап, жатын бөлмеме кіре бергенімде, айқайын салып, кері қайырып алды.
Өзім жолдан шаршап келген адам, ұйқы шіркін бір жағынан қысып өлтіріп әкетіп барады. Басым қайта-қайта былғаң ете түсіп, тіпті бір рет майонезбен шыланған салатты да мұрнымен жанши құлаппын.
Өстіп өзіммен өзім арпалысып, қарадай азапқа түсіп отырғанымда, дастархан басындағы шағын топтың самбырлаған үні бір сәт те саябырлаған жоқ. Кейде құлағымның дәл түбінен естілсе, енді бір сәтте үй сыртынан талып жеткендей ұғынықсызкүмбірге айналып кетеді.
Ес кетіп, жан шықты деген бір заманда сүйретіліп орнымнан тұрдым. Бұл кезде ішуді ұйымдастырушы полковник маған көңіл бөлетін жағдайдан кетіп те қалып еді. Қасындағылармен өзара даурығысып, дуылдасып, ішістің ішкі қызығымен болып кеткен екен...
Қабырғаны жағалап келіп, жатын орныма жеткенім есімде. Одан арғысын… әрине, білмеймін. Алдыңғы бөлмедегі у-шуды елеп-ескеруге шамам жоқ еді...
Сонан әлден уақытта:
–… Шақырып жатыр, – деп ентіге дабыстаған таныс үннен оянып кеткенім. «Осы бір қырылдақтау үнді қайдан естіп едім?»
– Не?.. Не?.. дейсің?
– Шақырып жатыр деймін.
– Кім шақырып жатыр? – дедім хабар айтушыны да, шақырушыны да соншалықты жақтырмай.
– Жөркен аға. Сізге… тез жетсін дейді.
– Жөркен? – дедім мен әуеліде түсінбей қалып. – Ә-ә, түндегі құда ма?
– Иә, сол кісі… Үйінде қуырдақ қуыртып қойыпты.
Төбемнен төніп тұрған хабаршыға жыртиып ашылған көзімнің итін сала қарадым. Түнде ана екі әскериді қонақ қылып, елеусіздеу жүрген үй иесі. Әлгі Мақсат курстасымның күйеу баласы осы емес пе? Пышақ жанығандай жүдеу жүзіне безеу үймелеген, үлкен аузының айналасына шанжауланып сирек қылтанақ өскен, ала көзді, кеспірсіздеу кейіпте.
«Мына полковнигі құрғырдың менде несі бар? Өзін танымаймын да» деп ұрса жүріп, шабан қимылмен әрең киіндім.
...Көп қабатты үйдің бірінші қабатында екен. Қанша бөлмелі екеніне көңіл бөліп жататын жағдай қайда, әйтеуір кіре беріс холда көргенім – түндегі Жөркен мен бір орыс әйелі. Екеуі кең үстелдің басында шалқайып отырып алып, қызу әңгіме соғуда. Орталарында – жаңа басталған бөтелке, екеуінің де қолдарында темекі.
Ас үй жақтан қабаттаса келіп тұрған табаның шыжғырылған дыбысы мен күйіңкіреген майдың иісі. Алжапқыш таққан сұңғақ бойлы әйел шығып, асығыс амандасты да, қайтадан кілт бұрылды.
– Бибі деген жеңгеміз ғой, – деді Сайын сыбырлай сөйлеп.
Бибі дайындаған қуырдақ аса дәмді екен, бір өшіміз қалғандай шайды да сораптап ұзақ іштік.
– Ал, құда, – деді Жөркен сосын, – менімен бірге жүріңіз. Әбден қыдыртайын сізді.
Сапарымның мәнісін түнде жұқалап айтқанмын. Ұмытып қалған ба, немене мына полковникке жағдайымды тағы да қайтадан тәптіштеуге тура келді.
– Ойбай-ау, Жөреке-ау. – Өзінің маған қарата айтатын «құда» сөзін қайталағым келмеді. – Мен қыдыру үшін емес, жұмыспен жүрген адаммын ғой.
— Қандай жұмыс еді? Қазір-ақ бітіріп береміз. Подумаешь...
– Түнде айттым ғой, менікі бір кішкентай сауда-саттық. Әкелген тауарларымды базарға шығарсам ба деп едім...
Еркіне салса, мені қазір-ақ өзімен бірге дедектетіп ала жөнелгісі келіп тұрған қонақжай полковникті жағдайымды айтып, әрең тежедім.
Отырып сауда жасаушылар – саудагерлердің басым көпшілігі. Ішінара қақайып түрегеп тұрғандары да бар. Тізе бүгіп отыруға лайықты орын жоқ, тікесінен тік тұрған қалпымда мен де сол кейінгілердің қатарына қосылдым.
Айналасы ашық, жаяу базарда үйіріле соғып тұратын суық желден қамсау болар ықтасын да шамалы. Тауарларымды жайып қойдым да, қасымдағылардан көргенімді қайталап, аяқты аяққа соғып, секеңдей бастадым. Өйтпесең, әлде бір жерлеріңнен суық өтіп, мұздап қалуың да кәдік.
...Бұл сауда дегеннің қызығы тауарларың қойған бағаңмен өте бастағанда екен. Тиісті тиын-тебеннің қалтаға түсуі өз алдына, әлдеқандай қанағаттанарлық сезім де жаныңды жұбатқандай болады. Ол сезімнің сыры белгілі – үйге бірдеме қып ақша апаратын болдым деген тоқмейілсу.
Сөйтіп өзімше іштей тәубе етіп, сауда жасауға деген құштарлығым ояна бастаған кезде әлдекім жеңімнен тартып қалды. «Бұл Байқоңырда мені білетін ешкім жоқ еді ғой» деген оймен аяғымды-аяғыма соға, артыма бұрылсам, Сайын бауырым. Өзі манағыдай емес, үстіне биік жағалы, ұзын етекті қалың тон киіп алыпты.
– Ағам сізге келсін деп жатыр. Сол үшін машинасын да жіберді, – деді ол.
– Ойбай-ау, саудамды қайтем енді бастап жатқан кезде?
– Сіздің орныңызға мен тұра тұратын болдым. Бағаны білем ғой, өткенінше сата берем. Жылы киініп алғаным да сондықтан, – деді ол ұзындау біткен тістерін жалаңаштай жымиып.
– Ағаң мені не істемек сонда?
– Қыдыртам дейді. Қонақ болып келіп жатқан кезде ұят қой қыдыртапағанымыз дейді.
– Ойбай-ау, мен қыдыру үшін емес, тіршілікпен жүрген адаммын ғой. Бір үзім нан табамын деп...
...Мінсіз боялған жасыл сыры күнге шағылысып, жалт-жұлт еткен күтімдегі әскери УАЗ машинасының мұнтаздай қалпына, жүріс-тұрысына тіпті кінәрат таға алмайсың. Өзім алғаш рет келіп тұрған бейтаныс қаланың қай пұшпағын білуші едім, бұлтыңдай заулаған Уазик бір бес қабатты үйге келіп, маңдай тіреді.
Есікті ашқаннан танауды қытықтай жөнелген – жылқы етінің тәбет шақырар сүйкімді иісі, өзі тіпті кең пәтердің қуыс-қуысын тегеурінмен түгел кеулеп алған сияқты. Сырт киімімді сыпырып тастап, залға өтсем, төрт-бес адам сартылдатып карта ойнап жатыр екен.
– А, құда, төрге шық! – деген өктемдігі басым жарқын дауыс, әрине, Жөркен полковниктікі. – Сізді дем алсын деп әдейі шақырып отырмын. Ал қане, сен немене, жүріп қойдың ба? – деп сосын қасындағы ойыншыға қарады. Картаның қызығымен қызып отырған ол келесі сәтте-ақ мені ұмытып үлгіріп еді.
Жылқының семіз етімен сәні кірген тоқ дастарханды қай қазақ жек көрсін. Қызыл кеңірдек болып дауласқан карташыларды үй иесі дайын дәмге қарай әрең қайырмалады. Аналардың өзара өжеңдесіп, даурығысатын жөндері де бар екен, орталарында – мөлдіреген заһар суы құйылған шиша. Ұтыс шаққан сайын жаппай, тартып жіберу салттары көрінеді.
Дастархан басында да ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, есіп отырған – сол өзіміздің Жөрекең. «Өзіміздікі» демей қайтейін, кешелі-бүгінді мені өзімсініп, меншікті қонағы етіп алғаннан кейін. Тек жай қонағы ғана емес, дап-дардай «құдасы» болып шыға келсем. Оның үстіне осы отырғандардың одан басқасының бәрі де мен үшін бейтаныс жандар болса.
Сөзін тыңдамай, назарын басқаға аударып әкеткен немесе өзімен қосанжарлап, қабаттаса сөйлеген адам Жөрекеңнің қаһарына ілікті дей беріңіз. Қай ортада отырсын өзі би, өзі қожа болып әбден дағы алып қалған бір кісілер болады. Жөрекең де нағыз сондай жандардың көрнекті өкілі екен.
Елді үйіріп әкетіп отырған тек өзі болғандықтан, үй иесі де сөзден қағыс қалып қоя береді. Дәмді ет еңсеріліп, біраз рюмкалар төңкерілгеннен кейін, отырған еркектер барқыраған дауыспен ән сала бастады. Бұл шаруада да Жөрекең ешкімге дес бере қоймайтын сыңайлы. Өзгелердікін баса шығатын кең де жарқын дауысы ән атаулының әрін кіргізіп-ақ тұр.
«Егер мына кісі әскер жолын қуаламағанда, опера әншісі болып кететіндей екен» деген ой да асығыс келіп өтті басыма.
Осылай отыра бере ме едік, қайтер едік, егерде Уазиктің жүргізушісі кіріп, полковникті рациямен іздеп жатқанын мәлім етпегенде. Ұялы телефонның әлі елесі де жоқ заман, бірақ әскерилер үшін қай жерде де байланыс жолға мықтап тұрып қойылған ғой.
Іздетіп жатқан – Байқоңыр ғарыш айлағының штабы болып шықты. Бұлар бір-бірімен қызмет бабы бойынша байланыстары тығыз әріптестер көрінеді. Полковник Жөркен Жанықұлов – осындағы құрғақтағы әскерлер полкінің командирі. Бөлімінің құрамында жаяу әскерлер батальоны, танк және әуе қорғаныс күштерінің дивизиондары бар екен. Міндеттері – болуы ықтимал шабуылдардан ғарыш айлағын қорғау. Демек, бүгінгі уақытын мені қыдыртуға, өзінің де дем алуына жұмсап отырған Жөрекеңнің әскери міндеті аса жауапты.
Штабқа келдік. Есіктен кірісімен-ақ, полковниктің жарқын да жайдары дауысы қос қабатты штаб үйінің ішін толтырып жібергендей болды. Біреулер онымен құшақтасып амандасса, базбір кісілермен оның өзі құшақтаса кетеді. Бір кеңдеу бөлмеде форма киген ылғи әйелдер отыр екен. Жөрекеңнің ерінбейтін епті ерні сол бикештердің бәрінің беттеріне жанасып шықты. Тек Мәскеуге ғана бағынатын ғарыш айлағының штабы болғандықтан, бұл арада ұлты қазақ маман емге табыла қоймайтын сияқты.
Рациямен шақырылған жұмысын лезде бітіріп үлгірген Жөрекенің гүрс-гүрс басып келіп қайтадан айналып соққаны – жаңағы әйелдер отырған ауқымды бөлме. Лауазымы жоғары келбетті келіншектің қасына тұрып алып, Жөрекеңнің ендігі мәнерлеп айтып жатқаны – орыс тіліндегі лирикалық өлеңдер. Пушкиннің махаббат жайлы шумақтарын мүдірместен, нәшіне келтіріп жатқа соққан оған погонды бикештердің барлығы дерлік сүйсіне қарап қалыпты. Алғашқы өлеңді кәнігі актерлардай мақамына келтіре оқып, көтеріңкі пафоспен аяқтаған кезде, әлгі әскери ханымдар театрдың партерінде отырғандай шатырлата қол шапалақтап жіберді.
– Браво! – деді бұрыштағы үстелде әлдеқандай қағазды ақтармалап жатқан семізше майор. – Жөркен Жанықұлович, мен сіздің эурдицияңызға тәнтімін. Не деген интеллект! Егер сіз әскери адам болмағанда, орыс әдебиетінің білгірі болар едіңіз.
Осы жерге келгенде полковник өткен ғасырлардағы европалық рыцарлардай папахасын оң қолына алып, шалт қимылмен реверанс жасады да, өкшесін сарт-сұрт басқан сәнді қимылмен есікке қарай бет алды.
...Әлдекім жұлқылап жатқан соң, көзімді әрең дегенде сығырайтып ашып қарасам, үй іші әлі қараңғы екен. Құлағыма құмығып жеткен алғашқы үн:
— Шақырып жатыр, – болды.
— Кім?
— Жөркен аға.
Өзіме таныс болып қалған екі үйдің арасындағы белгілі жол. Кірсек, Жөркеніміз түнде мен кеткенде отырған орнында екен. Тіпті түні бойы сол арадан тапжылмаған адам секілді..
– Ал құда! – деді ол менің қарам көрінісімен. – Бүгін біздің частіге барамыз. Солдаттың харчосынан дәм татасыз. Онан кейін саунаға барып, жақсылап тұрып демаламыз.
– Жөреке, мен демалу үшін емес, базарға келген адаммын ғой. Шаруамды бітірейін алдымен, – дедім қабағымды түйіңкіреген түрмен сөздің жөніне көшіп.
– Да, бросьте вы. Сауданы қайтесіз, сіздің кішкене саудаңыз мына Сайыннан артылмайды.
– Жоқ, Сайынды әуре қылмайық. Оның сол арада тұрып істеуіне мұршасы да жоқ шығар.
— Немене? Кеше ол сауда жасамап па? Әй, Сайын, ко мне марш!
– Иә, аға, – деді сымдай тартылып тұра қалған інісі. Ағасы нені айтса да, қолма-қол орындайтын елгезек адамның қалпы. Иесі «Айтақ!» десе болғаны, кідірместен ыта жөнелетін аңшының ұшқыр тазысы сияқты.
– Мына құданың шаруасын тап-тұйнақтай бітіріп қой. Понятно? Тауарының бәрі өтетін болсын. Ақшасын алақанына саласың. Понятно тебе?
Сайынның саптағы солдаттай тартыла қалып:
– Так точно! – деп саңқылдай жауап бергені маған күлкілі болып көрінді.
— Не так, чмо. «Так точно, товарищ полковник!» де.
Қарсы тұруға қауқары жоқ бағынышты жанның қалпымен қаншалықты ыңғайсыз болса да, Сайын ағасының айтқанын сол қалпында қайталады.
...Асханадағы офицерлер блогынан «әскер ботқасының» дәмін татып шыққаннан кейін, салып ұрып жеткеніміз – бір айналмадағы уәде етілген сауна моншасы.
Ішкі жағы шабақ ағаштармен шегенделіп, сапалы жасалған сауна демалуға ыңғайлы-ақ. Бірақ қымбатшылық қысып тұрған нарық заманы болғандықтан ба, келіп түсушілер қараcы аздау екен. Қайта Жөрекеңдерге сонысы жақсы болды ма деймін. Талтаңдап дүрілдеп жүріп, ыстық буына кіреді, одан шығып, дәм татуға арналған ағаш үстелге келіп жайғасады. Бірақ ана тұрған телевизор да, демалып, қисаюға арналған диван да, тіпті денені шайып тастайтын душы да полковниктің назарына іліккен жоқ. Олардың рахатын көрген басқалар, соның ішінде өзім де бармын.
Шала ұйқылы транске түскеніме бүгін үшінші күн, сондықтан ба, айналам бір буалдыр елес сияқты көрінеді. Не істеп, не қойып жүргенімді өзім де түсіне алмайтын бір есеңгіреген халдемін.
Бұл жерде де маған ие болып жүрген – полковниктің адьютанты, лейтенант Волод.
– Саунадан қашан шығамыз өзі? – дедім оған.
– Ой, Жөркен Жанықұлович бұл арадан бес-алты сағатсыз шығып көрген емес.
– Ендеше мен қалғып кетсем, сен мені оятпашы. Тек қарап қойып жүрсең болғаны.
— Құп болады!
...Ертеңіне саудамды аяқтап үлгіре алғам жоқ. Тұрғаныма екі сағаттай уақыт өтті ме, өтпеді ме, аттандап шабарман да келіп қалды. Баяғы Жөрекеңнің адьютанты Волод. Қыдыруға қатты мән беретін полковник байғұс «Бүгін сізді еркіңізге қалдырам» деген уәдесінде тұра алмапты. Мені тағы бір жерге апарып демалдырмақ екен.
«Бұндай демалысқа әбден тойдым» десем, қиянат болып қалуы ғажап емес. Сауда қазанының құлағын Сайынға ұстаттым да, басым салбырап, адьютантқа ілесіп, ықтиярсыз кете бардым.
Сол күні тағы екі үйден ет жедік. Біреуінің жеке моншасына да түстік. Бір сөзбен айтқанда, тынымсыз жеу, тынымсыз ішіс, тежеусіз мол әңгіме. Ара-арасында барқырай шырқалған ән, сартылдай соғылған карталар. Өрекеңнің пайымдауынша, ауызбен айтып жеткізгісіз идеальный демалыс.
Міне, неше күн болды, осынша мол қозғалыстың, тоқтаусыз демалыстың қабатында жүрген қонақжай полковнигім көз іліндіру дегенді, өзгемізше айтқанда, кішкентай мызғып алу дегенді тіпті бір рет болса да қаперіне алар деген не? Суыртпақтап байқап көрсем, ұйықтау деген оның ойынша демалысқа жатпайды екен. Әшейін бостан-босқа уақыт өткізу ғана көрінеді. Өз басы ұйқы деген артық «обузаны» жан-тәнімен жек көретін адам болып шықты.
...Жөрекең бастаған белсенді де қызуқанды қонақтар қашанғысындай дуылдасып, даудырласып жатқан уақытта бір қағаберіске отырып алып, өз есеп-қисабымды сызғылауға кірістім. Бір рет жазып қоймай, қағазымды қайта-қайта шимайлаймын келіп.
Жоқ, қиысар емес. Өзіме-өзім онша сене қоймайтын адам ерінбей-жалықпай, қайтадан басынан бастаймын. Айналып келіп шыға беретіні – көңілімді көтеруге онша жарай алмайтын сол бір олқылау цифрлар.
Есеп жұмысына кешкісін жатар алдында қайта айналып соқтым.
Бәрібір ауытқу жоқ. Сөздің қысқасы – мен өмірімде бір рет талап қылған осынау үлкен саудадан пайда таба алмаппын. Бірер пачка сары май мен бір электр плитасын жатқан үйіме қалдырғанмын. Әрлі-берлі жол шығынын есепке енгізген жағдайда түскен түсім жоқтың қасы деуге болады.
...Бірақ неше күн дұрыстап ұйықтай алмаған басым өзімнің салулы төсек, салқын үйіме жетсем де, жүрегім қағып, көз іліндіре алсамшы. Басым айналып, жүрегім лоқси берген соң, амалсыз дәрігерге көрінуге тура келді. Сөйтсем, қан қысымым көтеріліп кетіпті. Дәрігердің міндеттеген ем-домын қабылдамауға шарам қайсы? Адамның мұндайда қорқатыны – ең алдымен өзінің денсаулығы ғой.
Осы оқиғадан кейін бірнеше ай өтті. Бір рет үйдің телефоны шыр ете түскеннен кейін көтерсем, баяғы Жөркен полковник. Жүрегім зырқ ете қалды. Көз алдымда зыр етіп өте шыққан – мен үшін азапты болып көрінген сол бір демалыстар. Алматыға қыдырып келгенін, реті келсе, менімен кездесіп қалуға қарсы емес екендігін айтып, полковнигім баяғыдай дүрілдеп-ақ жатыр. Амандық-саулық сұрастым да қойдым.
Артынан естісем, «Мен Нұрекеңді Байқоңырда әбден демалдырып едім. Алматыға барғанымды мені қыдыртпады» деп өкпе айтыпты. Өкпесі орынды еді. Өйткені сол сауда сапарында екі күн бойы, екі күнің не, барған күннің түнінен бастап, Алматыға қайтадан аттанып кеткенше менің сол Жөрекеңнің «құдалық қамқорлығында» болғаным рас қой.
Бірнеше жылдан кейін Жөрекеңді бір тойдың үстінде ұшыратқаным. Әбден жүдеп-жадап, шөкімдей болып кішірейіп қалған екен. Соған орай баяғыдай екпін де жоқ, алақандай көздерінің де оты сөніңкі.
– Ауырады ғой… денсаулығы жоқ қой, – деді баяғы мен Сайынның үйіне жіберетін курстасым Мақсат.