Қуғын-сүргін құрбандарының тарихы әлі де зерттеле береді

2020 жылы елімізде кезіндегі солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіріп, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін мемлекеттік комиссия құрылған болатын.
«Тарихи әділдікті ашып, жазықсыз құрбандарды ақтау мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы», деген болатын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атап өткендей, төл шежіреміздегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жара қарау мүмкін емес. Сондықтан біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз. Тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз.
Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін кеңес одағы дәуіріндегі миллиондаған азаматтың тағдырына таңба салды. Қазақстанда жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталып, оның төрттен бірі өлім жазасына кесілді. Еліміздің аумағында он бір еңбекпен түзеу лагері болды. Зұлмат заманда тұтас халықтар қудалауға түсті. Туған жерінен зорлықпен көшірілген бес миллионға жуық адам қасиетті қазақ жерінен пана тапты. Қазақстан олардың құтты мекеніне айналды.
Ұлтымыз алапат аштықтың зардабын тартып, орны толмас шығынға ұшырады. Шектен шыққан ұжымдастыру науқаны ұлы даланы бұрын-соңды болмаған ауқымды гуманитарлық апатқа ұрындырды.
Бірақ халқымыз небір зобалаңды көрсе де рухын аласартқан жоқ. Бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыра түсті. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін біз арыстарымызды ақтауға кірістік. Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімін ел жадында жаңғырттық.
Жуырда мемлекет басшысына саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдарының негізінде дайындалған көптомдық таныстырылды. Президент мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы туралы есебін тыңдады.
Мемлекеттік комиссияның қызметі ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағытталған. Белгілі ғалымдар мен сарапшылардан құрылған комиссия мүшелері еліміздің архивтерінде, жабық қорларда ауқымды зерттеулер жүргізді. Құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, ведомстволық архивтерді құпиясыздандыруға және қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысына әртүрлі қуғын-сүргін санаттары бойынша құжаттар мен материалдар негізінде құрастырылған 31 томдық құжат таныстырылды. Биыл да мемлекеттік комиссия қуғын-сүргін құрбандарының тарихын зерттеу, архив құжаттарын цифрландыру және электронды қорларды қалыптастыру бағытындағы жұмысын жалғастыра береді.
1997 жылы Қазақстан президентінің жарлығымен елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні бекітілген болатын. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 20-дан астам лагері орналасқан. ХХ ғасырдың 30-40 жылдары елімізде Карлаг, Степлаг, сияқты лагерьлер бірінен соң бірі ашылды. Сол жылдары 120 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары, ғалымдар, ұлт жанашырлары болды. Миллиондаған алаш азаматтары репрессияға ұшырады. Қаншама қаралы жылдарды бастан кешкен қазағымның әрқайсысының кешкен мұңы, жүріп өткен тар жолдарының бәрі бүгінгі ұрпақтың мәңгі есінде. Бұл қасіретті күн ешқашан ұмытылмайды.