Құйттай арал. Күйген тас. Құпия соғыс

Даман аралы үшін болған шайқасты
Кеңес билігі неге жасырды?
Тарихта ақтаңдақ көп. Айтылмай, жазылмай жатқаны қаншама? Соның бірі – Даман аралы үшін шайқас. Бұл қақтығыс осыдан 54 жыл бұрын болған. Нақтырақ айтқанда, 1969 жылдың 1 наурызынан екісіне қараған түні басталып, Қытай мен Кеңес одағы арасында 15 күн қиян-кескі ұрыс болады. Даман аралын қазір картадан таппайсыз. Өйткені Қытайға қарайды. 1950-60 жылдары Кеңес одағының картасына енген бе, әлде сол кездің өзінде шекарасы анықталмаған ба, екі империя да көрпені өздеріне тартып келгені анық. Бас-аяғы бір шақырымға жетер-жетпес шағын арал үшін шайқаста Кеңес одағынан жүздей сарбаз оққа ұшса, қытай жағынан 500-ге жуық жауынгер құрбан болады.
Даман аралы үшін болған соғыс өткен ғасырда мүлде айтылмай, жазылмай келген тақырып. Өйткені Кеңес одағы үшін бұл әрі құпия, әрі абырой әпермейтін шайқас болды. Өйткені қаншама жауынгер оққа ұшып, 15 тәулік бойы оқ пен оттың ортасында жүрген жауынгерлердің еңбегі еш кетті. Еш кетті дейтініміз – соғыс аяқталғаннан кейін Кеңес одағы аралды Қытайға бере салған. Ал қанды қырғын туралы ешкім ауыз ашпау керек деп, сол шайқаста болған жауынгерлерден қолхат алыпты.
Тарихтың бұл ақтаңдағы тәуелсіздіктен кейін ғана айтылып, жазыла бастады. Соның өзінде өте сирек. Өйткені сонау Қиыр Шығыстағы құйттай арал үшін шайқаста Қазақстаннан санаулы жауынгер ғана қатысқан. Соның бірі – Даман соғысының батыры Дүйсенғали Қалдыбайтегі. Соғыс көрген ағамыз әңгімені Қиыр Шығыста болған әскери өмірінен бастады.
–Мен 1950 жылы қазіргі Абай облысының Аякөз ауданына қарайтын Шынқожа батыр ауылында дүниеге келгем. 1968 жылы шақырылдым әскерге. Қиыр Шығыста Забайкальск әскери округінде әскери міндетімді өтедім. Наурыздың бірінен екісіне қараған түні Уссури орманындағы Уссури өзенінің ортасындағы «Даман» деп аталатын шағын аралға 300-дей Қытай әскері басып кіреді. Бұрын да бірлі-жарым балықшы қытайлар келіп-кетіп жүретін кішкентай арал ғой. Әуелде шекарашы жауынгерлер мән бермеген. Бірақ қарсы жақтағылардың саны көп, қарасы қалың екенін байқайды. Содан «Нижний Михайловск» шекара бекетінен 32 шекарашы сөйлесуге барады. Аналар міз бақпастан, біздің шекарашыларды командирімен бірге қырып тастайды. Не керек, сол жерде соғыс басталып кетеді. Кеңес одағының шекарашылары оққа ұшады. Күтпеген соғыс қой. Әрине, басында абдырап қалғаны анық. Оның үстіне, Қытай жағы соғысқа арнайы дайындалып келіпті. Өзеннің арғы бетіне 5 мың жауынгерді сақадай сайлап қойған екен.
–Қытайларды қызықтыратындай аралдың қандай байлығы болды?
–Даман аралын қытайлар «Чжаньбао» дейді екен. Қазақшалағанда «Асыл арал» деп аталатын көрінеді. «Асыл» дейтіндей байлығы жоқ, өзеннің ортасындағы ұзындығы – 1 500, ені 500 метрдей ғана құйттай арал ғой. Ол кезде шекара сызығы сызылмаған, сымтемір тартылмаған. Балық аулап, аң-құс іздеп келген қытайларды шекарашылар бастарынан асырып, мылтық атып, қуып тастайтын. Мәселе аралда тұрған жоқ. Ол кезде Кеңес одағы мен Қытай арасында қырғиқабақ оқиғалар көп еді. Тоқымдай жер үшін соғысу еш пайдасыз болса да, Қиыр Шығысқа билік жүргізу екі империяның да мұраты. Бұл содан тұтанған дүние ғой...
Соғыс туралы айтайық. Содан наурыздың 3-нен 7-не дейін Кеңес одағы алыс-жақыннан жеті мың әскерді өте жедел түрде топтастырды. Мен әскери міндетімді өтеп жүрген Забайкальск әскери округінен 500 әскер, біздің полктан 20 әскерді кешкі сағат онда Оловянная станциясынан пойызға тиеді. Таңға дейін жүріп, ертеңгі сағат алтыда Қиыр Шығыстың Лучагорск деген аудан орталығына жеткізді. Содан бізді 15 шақырым жердегі палатка тігілген әскери қалашыққа әкеп орналастырды. Біз тоқтаған жер бұрын түлкі фермасы болған екен, жолы тастай. Қаз-қатар әскери шатырлар тігіліпті. Наурыздың басы болғанымен, аяз қатты, қар қалың. Шатырда күндіз-түні темір пеш маздап жанып тұрады. Соғыс басталып кеткен. Төсекке киім шешпей қисаямыз, дабыл қағылғанда тас-тұйнақтай болып шыға қаламыз. Тәртіп қатаң. Кейін білдік қой, біз әскери міндетімізді өтеген Забайкальеден келген 500 әскерді соғыстың алдыңғы шебіне дайындаған екен.
Бес шақырым жердегі «Нижний Михайловск» шекара бекеті – ұрыстың бас штабы қызметін атқарды. Шекара бекетіне күнделікті, сағат сайын басшылардың көлігі келіп-кетіп, ұшақтар ұшып-қонып жатты. Ал соғыс өрті болып жатқан «Даман» аралы бізден бар-жоғы он шақырым жерде. Соғысқа 500-ден, мыңнан аса әскерлерді кезек-кезек апарды. Оққа ұшқандарды майдандастары кері алып қайтады.
— Өзіңіз қанша рет ұрыс майданында болдыңыз?
— Үш рет қоян-қолтық ұрысқа қатыстым. Біздің «қалашықтан» 12 әскер оққа ұшып, жиырма адам ауыр жараланды. Екі тікұшақ келіп өлгендер мен жараланғандарды тиеп алып кетті. Қар қалың. Екі жақ та қардан окоп қазып алып соғысты. Қолымызда Калашников автоматы. Соғыс өте ауыр болды. Біздің полкта Абдолла деген өзбек жігіті бар еді, шатырымызға келген соң әлгі мұңды өлең айтып зарлап жылай беретінді шығарды. Оның көз жасын көрген лейтенант Резников деген взвод командиріміз «Осы өзбек жылап жүріп оққа ұшып өледі» деп, ұрыс майданына апармай, шатырға от жағуға қалдырып кететін.
Соғыс екі аптаға созылды. Содан наурыздың 14-күні түстен кейін үстіне брезент жабылған түйдектеде ататын 3 Грат артиллерия машинасы, басшылар мінген бірнеше көлік және бірнеше автобус соғыс нүктесі «Асыл аралға» қарай кетті. Қиян-кескі шайқас болатынын сездік. Кеңес одағы соғысқа 7 мың әскерін дайындап үлгерген еді. Бәріміз ішімізден тынып, шайқасты сыртынан бағып қана отырдық. Сол күні түнгі сағат оннан өткенде соғыс реңі өзгерді. Гүрсілдеген дауыс: аспан жарқ-жұрқ етіп, әуе айналып жерге түскендей қиян-кескі шайқас болып жатты. Соғыстан кейін аралға барып көрдік, әлгі үш грат артиллерияның оғы аралдың быт-шытын шығарыпты. Ит тұмсығы өтпейтін орманнан бір тұтам ағаш қалмаған, тұтасып тұрған шөп-шөңке тұтас жанып кетіпті. Тіпті аралдың қара тасына дейін күйдіріп жіберіпті. Ондай ұрыстан адамның тірі қалуы мүмкін емес қой.
- Даман шайқасында Қазақстаннан қанша адам болдыңыздар?
–Ол кезде екі-үш адамды ғана білетін едік. Олардың өзі жерлестерім. Кейін жиырма шақты адам шықты. Керейбай Мұхамедиев, Серікхан Мұсабеков деген жерлестеріммен бір ротада болдық. Сол соғыста ерлік көрсеткен қазақстандықтардың бірнешеуі осы күні қайтыс болып кетті. Тірілеріміз тіршілік етіп жатырмыз. Даман батырлары тәуелсіздіктен кейін ғана табыса бастадық. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын Семейден Алматыға көшіп келгеннен кейін, «Алматы ақшамы» газетіне соғыс туралы шағын материал жазғам. Бірінші болып Жамбыл облысының Жуалы ауданында тұратын Керім Сүлей хабарласты. Ол «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері еді. Соғыста жер бауырлап барып үзілген сымды жалғап, екі қабырғасына оқ тиіп жараланған, ерлік көрсеткен көзсіз батыр болатын. «Даман» батырларын ұйымдастырып отыратын төрағамыз еді, екі жыл бұрын қайтыс болып кетті. Алматы облысы Жамбыл ауданының азаматы Бекжан Нұрманов деген майдандасымыз да көз жұмғалы екі жылдан асып бара жатыр. Оңғарбек Сыдықбеков деген жолдасымыз соғыстағы батылдығы үшін Қиыр Шығыс әскери округінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Соңғы жылдары 9 мамырда Панфилов саябағына гүл шоғын қоюға Сыдықбеков екеуміз ғана келіп жүрміз. Қатарымыз күн сайын кеміп барады. Соғыстан кейін бес адамға «Кеңес одағының батыры» атағы берілді. Олардың арасында қазақтар болған жоқ.
Соғыс аяқталған соң басқалар өздерінің әскери базаларына қайтты. Бізді, яғни 500 әскерді 4 мамырға дейін Даман маңында ұстап, соғыстың соңын күттік.
– Аралдың тағдыры не болды кейін? Қаншама бодандық берген Даман аралын неге Қытайға бере салды?
– Біздің жанды жерімізге тиетіні осы сұрақ. Қаншама құрбандық беріп, қар құрсанып, мұз жастанып жүріп соғыстық. Ал Кеңес одағы мен Қытай билігі Даман соғысынан екі ай өткенде өзара мәмілеге келіп, «Асыл аралды» қытайларға қайтарып бере салды. Соғыста біз жақтан 100-ден аса адам оққа ұшып, қытайлар 500 жауынгерінен айырылды. 15 күнде осыншама шығын болған соғыстың екпінін сіздер елестете алмайсыздар!
КСРО Қорғаныс министрі төрағасының бірінші орынбасары болған генерал полковник Николай Захаров аралды аралап, көзбен көріп, ойға түйгенін «Независимая» газетіне жазыпты. Застава бастығы сержант Виталий Бубенинге: «Балам, мен азамат соғысын да, Ұлы Отан соғысын да көріп едім, бірақ дәл мынандай сұмдық көріністі бұрын-соңды көрмеппін» деп көзіне жас алыпты. Шынымен сондай сүркейлі көрініс. Күллі тіршілік күйіп кеткендей қап-қара. Адам мен аң-құстың өлексесін ажырата алмайсыз. Күндей күркіреген градтың дауысынан қаншама әскер денсаулығынан айырылды? Мысалы, өзім білетін бір азаматты айтайын. Алматы облысының Қарасай ауданының Қошмамбет ауылынан барған Жақсылық Бараков деген қаруласымыз болды. «Алма арасан», «Көктем» шипажайларын басқарған білікті дәрігер еді. Сол Жақсылық Бараков 56 жасында өмірден өтті. Жәкеңді емдеген профессор «Сіз Семейде полигонда болдыңыз ба?» деп сұрапты. Кейін майдандасымызды емдеген профессор «Градтың әсерінен болған ауру» деп анықтама жазып берді. Мен де сол қарғыс атқыр соғыстың салдарынан үшінші топтағы мүгедекпін. Даманда ақ қар, көк мұз жастанып жатып өкпеме суық тигізіп алдым. Чита қаласындағы Забайкальский әскери госпиталінде 7 ай емделіп, әскерден Қазақстанға 6 ай кешігіп оралдым. Госпитальдағы сарғайған құжаттарым осы күнге дейін бар.
Кеңес одағының темірдей қатал саясаты Даман соғысын да айналып өткен жоқ. Бізге әскерден қайтқанда «соғыс туралы ешқашан айтпаймыз» деп ант-су ішкізіп, қол қойғызып алды. Соның салдарынан кешегі күнге дейін мыңдаған Даман батырлары үнсіз жүрдік. Жалаңашкөл оқиғасы туралы көп айтылады, жазылады. Алайда Жалаңашкөл оқиғасы Даман шайқасынан кейін, яғни екі ай өткенде болған. Қытайлар Қиыр Шығыстағы аралды алған соң Қазақстан арқылы тағы біраз жерге қызыққан болу керек. Бірақ мұраттарына жете алмады.
– Қазір Даман соғысында бірге болған, майданды бірге көрген қаруластарыңыздан кімдер қалды?
–Шеттерінен аттарын атап айтайын, жазып аларсыз. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор, академик, қоғам қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы – Даман батырларының басшысы. Керейбай Мұхамадиев, Серікхан Мұсабеков, Рақымхан Нүптекеев, Көлбай Жұмәділов, Болат Қазтаев, Оңғарбай Сыдықбеков, Бәтжан Жаңабаев, Амантай Нүсіпәлиев, Серік Бақтыбаев, Амангелді Түсеев, Абдуазиз Қонаев, Әбілез Дауытов, Өміржан Боранбаев, Абай Бағысов және мен. Осы азаматтар ғана қалдық. Бірақ жыл сайын қатарымыз сиреп барады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына дейін сайда санымыз, құмда ізіміз болмады, соғыс туралы ауыз аша алмадық дедім ғой. Егемендіктен кейін өз мәртебеміз үшін біраз тер төгіп, емен есіктерді ашып, жүгірдік, сабылдық. Нәтижесін де көрдік. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуірдегі нөмірі 2247 Қаулысымен және ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы нөмірі 161 Қаулысымен Ұлы Отан соғысы ардагерлері дәрежесімен теңестірілдік! Осы күнімізге тәуба! Соғыстан құдай сақтасын!
– Әңгімеңізге рақмет!