Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев
Құрметті президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза!
Мен, Ералхан Жылқыайдарұлы, Түркістан облысы Төлеби ауданының тұрғыны, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жанмын.
Протезбен жүремін. Сізге айтайын деген шағымым бар.
Осыдан біраз уақыт бұрын аудандық газ бөлімі «150 мың теңге қарызыңыз бар» деп, газ желісін қырқып кетті. Онда күн жылы еді, қазір күн суық. Аяғым күннің салқынынан қақсап шаншиды, шыдатпай барады. Балам Ақтауда жүргізуші болып жұмыс істейтін еді, қазір қысқартуға ұшырады. Келіннің жас балалары бар және маған қарайды, ол да жұмыссыз. Өзімнің 70 мың пенсияның теңгесінен төлер едік, бірақ ол ішіп-жеуден аспайды.
Көмек сұрап барғанмын. Мұны аудан әкімі Телғараев та біледі. Сосын айтарым, өзге облыстарда 18 теңге тұратын газдың әр кубы неге бізде 34 теңге? Осыған да назар аударсаңыз екен.
Президент мырза, Сізден оң жауап күтемін.
Редакциядан: «Еститін мемлекеттің» авторы һәм президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы біздің газет арқылы жолданған бұл ашық хатты оқитын шығар деп үміттенеміз. Көшеде өсіп тұрған екі ағаштың кесілгені үшін арнайы мәлімдеме жасаған президент ІІ топтағы мүгедек қарияның айтқанына да қайырылып бір қарар деп сенеміз. Бұл тек жекелеген адамдардың ғана емес, жалпыхалықтық сипат алып бара жатқан әлеуметтік проблема екенін де баса айтқымыз келеді.