Құрсауда қалған демократия
Биылғы қыстың соңғы күні Алматы мен Нұр-Сұлтан және республикамыздың бірқатар қалаларында болған митингімен аяқталды.
Демпартия және «Бәсе» ютуб арнасының ұйымдастыруымен болған билікке наразылық шеруінде не айтылмады? Бәрі айтылды. Митингіге шыққан Демпартия өкілдері Алматының Абай мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында ОМОН-дардың бірнеше қабат қоршауында қалды. Өткен жолы қоршауда жеті-сегіз сағат бойы тұрса, бұл жолы биліктің сарбаздары рекорд орнатты. Кешегі митингіде наразылық білдіргендер ОМОН қоршауында 10 сағаттан астам тұрды. Бұл жолы мейірімі түскен болуы керек, дәрет сындырғысы келгендерді арасында жіберіп тұрды. Бірақ қайтадан қоршауға әкеп, кіргізіп отырды.
Ақиқатын айту керек, наразылық білдіргендерге осымен үшінші рет кеттлинг тактикасы қолданылды. Бірінші рет өткен жылдың 16 желтоқсанында – төрт сағат, биылғы 10 қаңтарда – 9 сағат, ал 28 ақпан күні белсенділер 11 сағат қоршауда тұрды. Жалпы, кеттлинг әдісі әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Қазақстан полициясында соңғы кездері айқын көріне бастады. Бұл тіркес ағылшынның kettling деген сөзінен шыққан. Жалпы, кеттлинг дегеніміз – шеруге шыққандарды ОМОН-дардың бірнеше қабатпен қоршап, наразылық білдіргендерді құрсаулап, ешқайда жібермеу. Полицейлердің бұл тактикасы әсіресе халықтың толқуы кезінде жиі пайдаланылады. Қарсылық білдіргендерді бірнеше сағат бойы ұстап, ұзақ уақыт бойы митинг болатын негізгі аймаққа жібермеу. Бұл ақтайтын нәрсе емес.
Биліктің әрекетіне наразылық білдіргендер қоршауда тұрса да, өз ойларын ашық айтты. Ашумен, эмоциямен артық кетіп жатқандар да болды. «Тіпті құқық қорғау органы өкілдерімен тікетірес кезінде екі әйелдің қабырғасы сынды» деген де ақпарат тарады. Бірақ ресми орындар мұны әлі нақтылаған жоқ.
Митинг кезінде оппозиция өкілдері қамалды. Қоршауда қалған оппозиция өкілдеріне қарсы билік өз «титушкаларын» да жақсы пайдаланды. Олар қоршаудың сыртында тұрып, қолдарына арнайы берілген дыбыс күшейткішпен наразылық білдіргендерге қарсы өз уәжін айтып жатты. Қысқасы, бұл митингіге де биліктің жақсы дайындалғаны айқын байқалды.
Бірақ «титушкаларға» қарап, оларды аяйсың. Шын мәнінде бұлар биліктің жалдамалы құлдары. «Бас ал десе, шаш алатындар». Бұлар билік үшін кез келген жерде халыққа қарсы жұмыс істейді. Көшеге шығады, полицейлердің сөзін сөйлейді. Ақшаға жалданады. Абыройлы болу қашанда биік. Бірақ ардан аттағандар абыройды ойлай ма? «Титушкалар» бүгінгі шіріп бара жатқан қоғамның, билік сарайының бұлбұлдары. Олар сценарий бойынша ән салады және жанын салып билікті қорғайды. Ардан аттаған арандатушылар шын мәнінде осылар. Қалай айтқанда да, «титушкалардың» әрекетін ақтап ала алмайсың. Ең қиыны, солардың арасында зиялы деуге бола ма, Дәулеткерей Кәпұлы сияқты қазақтың ақындары жүр. Ұят.
Наразылық шеруіне шыққандарды 10 сағат бойы жібермей ұстап тұрған ОМОН-дардың кешегі әрекетін Қазақстанның адам құқы жөніндегі өкілі «қауіпсіздік шаралары үшін жасалынды» деді. Не айтасың? Күлкілі нәрсе.
Бұл ғана емес, бізді ойлантатын басқа да мәселе бар. Мұндай айқай-сүреңмен, көше текетіресімен оппозицияның билікке келуі қиын. Оппозициядағы Демпартияның қалап алған жалғыз жолы, тактикасы осы ғана ма? Мұндай жолмен оппозиция бүкіл халықты соңына ерте алмайды. Қоршауда тұрғандар дыбыс күшейткішпен «жер сатылмасын, «несие кешірілсін», «саяси тұтқындар босатылсын», «Еуропарламенттің қарары орындалсын» деп ұрандатты. Бүгінгі текетірестен кейін Еуропарламенттің қадамы қалай болар екен? Қазақстанға санкция салу мәселесін қозғап жүрсе, біздің билік қайтпек?!
Өкінішке қарай, наразылық білдіргендерді қатты аязда құрсаулап ұстау немесе көше демократиясының біздің қоғамдағы сиқы әзірге осы болып тұр. Кеттлинг тактикасы оппозицияға қашанғы кедергі болады? Оппозиция белсенділері үнемі қоршауда өмір сүре бере ме? Сауал көп...