Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:33, 12 Қазан 2017

Құрыш білек

1984 жыл. Ақпанның наурызға ұласар тұсы. Күн азынап тұр. Боксшылардың салмағын өлшейтін аумағы атшаптырым бөлменің қабырғасын қырау басқан.

Тон, жылы шекпен киген қазылар мен мамандар қорбаң-қорбаң етеді.

Асылбек тұттай жалаңаш күйінде кірге аяқ салды. Мұздай темір табанынан өтіп, мидан бір-ақ шықты – 75,700 келі.– Қилымов, 40 минутта 700 грамнан арылуың керек.Қасқабас төрешінің үнін құлағы дыңылдап әрең естіді. Көзі бұлдырап, аяғында әрең тұр. Тісі тісіне тимей сақылдайды. Бапкері Александр Драч мұның иығына тұлыбын жауып, қолтықтаған күйі бұрышқа алып кетті.–Тез киін! – деді Александр Александрович Асылбекті балаша киіндіріп жатып. – Тез, тез!Асылбектің басы айналып, айнала дөңгеленіп барады.– Не болды?! Тұр, аздап секір! – деп Александр Драч Асылбекті белден қапсыра құшақтаған күйі аяғынан тік тұрғызды.Бұл болса қас-қағымда қалайша киініп үлгердім деп өз-өзіне таң. Тұрған орнында секірген болады. Буын-буыны дір-дір етеді. Тілі аузына сыймай кеуіп барады. Тағы да көзі қарауытып, басы айналды. Александр Александрович жағынан тартып-тартып жібергенде ғана есін жиып алды да, бапкері ұсынған қолғапты киді.Тұлыбын шешпей, Драч көлденең тартқан тоспаны ұрған болады. Қолда қуат жоқ. Екеуі жарты сағат азаптанып, азынаған суықта тағы да анадан жаңа туғандай күйде салмағын өлшеді – 75,200!Бұл жолы табанын қарыған суықты елеген жоқ. Есіл-дерті темір белдеудің бойында зыр қаққан бармақ басындай белгіде. Көзін ашып-жұмып, тағы қадалды –75,200!Шарасыз күйде бапкеріне қарады. Александр Александровичтің ақсары жүзі сұп-сұр. Асылбек темір табақшаның үстінде әлі тұр. Драч білегінен ұстап тартқанда барып есін жиды.– Александр Александрович! Бір-екі рет ұрайын. Болмаса қоя салайық. Драчтың жанары жарқ ете қалды.– Сен не, ересектер чемпионатына түсуге қорқып тұрсың ба?!Александр Александрович ілкі сәт үнсіз қалды.– Асылбек, баяғыда маған айтпай Каспийдің жағасында темір сүйреп жүгіріп бара жатқаның әлі көз алдымда. Сен не, жеңілу үшін, шегіну үшін жүгірдің бе сонда?!Біреу дырау қамшымен осып-осып жібергендей жон арқасы шым ете қалды. Көкірек тұсы шымырлап, іште асау сезім лап етті. Жанары жалт-жұлт етіп, бала қырандай екі иығын кезек қомдап, бапкеріне тесіле қараған. «Мәссаған! 10-ақ минут уақыт бар. 200 грамды сылып үлгермесем далада қаламын!»Бапкері өзіне қаратып ұстаған былғары тоспаны өші кеткендей түйгіштеді. Күні бойы зорлықпен терлесе, енді маңдайына моншақ-моншақ тер тұнды. Тұла бойы жеп-жеңіл. Көз алдында Каспий жағалай жүгірген бала шағы құлдыраңдап өте шықты.… Теңіз төсі дүркірей көшіп, алай-түлей күйге түскен. Таудай толқындар бірін-бірі ентелей қуып, күркіреп, бұрқ-сарқ қайнап жағаға асығады. Салмағы 25-27 келі тартатын үшкіл темір сүйреткен қара бала теңіз жағалай қан сорпасы шығып, ебіл-дебіл жүгіріп келеді. Екі ұшы темір сүйретпеге байланған қыл арқан кеуде тұсында. Қос қолымен арқанды қыса ұстаған бойда тістеніп, өршеленіп жүгіреді. Дауыл шайқаған теңіз беті қалай буырқана долданса, арманшыл бала жүрегі кеудесін жарып шығардай тынымсыз тулайды.Бала арманы толқынмен жарыса тулайды. Қара баланың кішкентай білегі қайыңның безіндей. Жұдырықтай жүрегі асау теңіздей шалқып жатыр. Күнделікті екі мәрте жаттығуды қанағат қылмайды.Бала қиялында – олимпиада шыңы, әлем биігі… Бірақ бұл бейнеті бапкеріне беймәлім. Александр Александрович: «Күніне екі жаттығу 13-14-тегі балаға жетіп-артылады», – дейді.… Бір күні әдетінше үшкіл темірін сүйретіп, жүгіріп келе жатқан. Күн тымық болатын. Теңіз беті баяу тербеліп тұрды. Бір сәт жағадан жырақтау отырған үш адамға көзі түсті. Александр Драч, зайыбы, досы үшеуі дастархан жайып тастапты.Асылбек анадайдан жалт берді. Бала көңілі «бапкерім көрген жоқ» дегенге сенді. Бірақ қырағы бапкер шәкіртін жазбай таныған еді.… Тұлыпты шешкен бойда аяғының ұшымен жүгіріп барып кірге тұра қалды –75,00!Александр Драчтың жүзіне лып етіп қан жүгірді. Асылбек өз көзіне өзі сенер емес. Асханаға бапкерінің сүйеуімен әрең жетті. Александр Александрович бір кесе шай ішкізіп, бір тілім ет асатты. Сосын бөлмеге әкеліп, балаша өбектеп төсегіне жатқызды. Тілінің астына бір тілім лимон салып, «ұйықта» деді. Сілекейі шұбырып біраз жатқан Асылбек кірпігі қалай айқасқанын білген жоқ.Александр Драч шәкіртін таң бозында оятып алды. Он тоғыздағы тастүлек сергек. Кешегі азабы көрген түстей.Ташкент шаршы алаңындағы алғашқы айқасында атақты Вячеслав Чепайкинмен қолғап түйістірді.Үшінші раундта Асылбектің оң жұдырығы Чепайкинді мұрттай ұшырды. Вячеславтың бапкері ортаға ақ орамал тастады.Өзбекстандық Хәкім Матчановты екі рет нокдаунға түсірген Асылбекті жартылай финалда Кеңес Одағы біріншіліктерінің бірнеше дүркін жүлдегері, ресейлік Егор Илинзир күтіп тұрды. Егор бокстың жілік майын шаққан шебер. Туралап айтсақ, шәулі қыран. Біздің жігіт қанаты енді қатая бастаған тастүлек.Егор шүу дегеннен Асылбекті өз ыңғайына көндірмек болды. Қазақ жігіті қарсыласын алыстан көздей ұрып, сауатты айқасты. Асылбектің тік соққылары Егордың есін алды. Илинзир Қилымовты торға түсіре алмай, бармақ шайнады. Қазылар бірауыздан Асылбекті жақтады.Алда шешуші айқас. Қарсыласы – КСРО чемпионы, Кеңес Одағы спартакиадасының күміс жүлдегері, минскілік Александр Беляев. Бұған дейін шаршы алаңда 224 рет айқасқа түскен көкжалдың өзі.Асылбектің айқас саны Александрдан екі еседей кем. Бірақ рингте бәрі керісінше өрбіді. Тәжірибелі Беляев үш раунд бойы Асылбектің шоқпардай жұдырығынан қашумен болды. Қилымов бір сәт тізгін тартқан жоқ.Үшінші раундтың аяқ жағында есесі кетіп бара жатқан Беляев шабуылға шықты. Александрдың екі соққысы ауа қармап қалды. Асылбектің сол жұдырығы қас пен көздің арасында Беляевтің иегіне сақ ете қалды. Кірпік қаққанша оң қол тура тұмсықтан тиді. Қилымов – КСРО чемпионы!Төреші қолын көтерген сәтте Асылбектің көз алды бұлдырап кетті. Жанары шоқтай жанған Александр Драч туған баласындай болып кеткен Асылбектің тер жуған бетінен құшырлана сүйді. «Жігітсің! Нағыз жігітсің!» Бапкердің үнінде болмашы діріл бар.1979 жылдан КСРО-ның жасөспірімдер, жастар біріншілігінің түтінін үзбей ұтып келе жатқан Қилымов бұл жолы Еуропа чемпионы Владимир Мельник, КСРО чемпиондары Сергей Василенко мен Александр Беляев, Одақ чемпионатының жүлдегерлері Егор Илинзир мен Дмитрий Болигузов т.б. әбден тісқаққан шеберлерді артқа тастады. Алты қырдың астынан олимпиада дүбірі естіледі.

***1984 жыл. Тамыз ортадан ауған кез. Лос-Анджелес олимпиадасына қатысудан бас тартқан социалистік мемлекеттер «Достық-84» додасының тұсауын кесті. Боксшылар бәсекесі Гаванадағы «Коллизео» сарайында өтті.Кеңес Одағының атынан 75 келі салмақта сынға түскен Асылбектің жолы ә дегеннен 1982 жылғы әлем чемпионы Бернардо Комаспен (Куба) түйісті. Комас – өте тегеурінді, айлалы спортшы. Рингте шиыршық атып, қолды-аяққа тұрмайтын нағыз жампоздың өзі. Шіреп ұрса, дөнен өгізді сеспей қатыратын соққысын бокстың басы-қасындағылар жыр ғып айтады.Асылбек қарсыласының атақ-даңқына пысқырып та қараған жоқ. Аллаға сыйынған бойда кеудесін тік ұстап, жұтынып шықты. Жұмыр жердің талай қиырын дауылдатқан атақты Комас жап-жас қазаққа қарсы барын салды. Әуелі екеуі алыстан арбасып көрген. Асылбек алдырмады. Бірінші раунд Қилымовтың пайдасына шешілді.Қызуқанды кубалықтар спорт сарайын дүркіретіп-ақ тұр. Куба патшасы Фидель Кастро қос қыранның айқасын кірпік қақпай қадағалап отыр.Есесі кетіп бара жатқанын сезген Комас Қилымовты қоян-қолтық ұрысқа шақырды. Асылбек тартынған жоқ. Қос батырдың жұдырықтары сарт-сұрт, жарқ-жұрқ етіп көрерменді еліте түсті. Бір сәт алға өршелене ұмтылған Комас қапы қалды. Қапы қалдырған – қарсы алдындағы өндірдей қазақ. Комас жұдырық сілтеген кезде бұлт етіп қарсыласының оң бүйіріне ойыса бере, сол қолмен тура иектен салып жіберді. Комас шалқасынан түсті. Нокдаун! Әлде… нокаут!Жер дүниені көшіріп жіберердей гуілдесіп тұрған қалың жанкүйер қас-қағымда сілтідей тына қалды. Бернардо Комас төреші жүгіріп қасына жеткенде басын зорға көтерді. Төреші саусағын шошайтып санай бастағанда ғана есін жиды. Ғұлама бапкер Алсидес Сагарра қап-қара боп түтігіп кеткен.Бір кезде дирижер дүр еткізген оркестр тәрізді мың-сан жанкүйер гүр-р-р етіп бір адамдай орындарынан атып тұрды. Қалың жанкүйердің қуатты серпіні Бернардо Комасты орнынан жұлып алды. Көзіне қан толған Комастың қос жұдырығы автоматша сартылдайды. Асылбек те аянып жатқан жоқ. Дүлей қарсыласын шықшыттан, тұмсықтан, бауыр-бүйректен солқылдата ұрды дейсің. Өзінің де талмау тұсы тыз-тыз етеді....Қазылар ұзақ кеңесті. Ақыры жеңіс 3:2 есебімен Комастың қанжығасында кетті. Қазылар шешіміне қатты күйінген жоқ. Себебі мұның жеңілмегенін осында жиналған жұрт тегіс көрді. Егер Комаспен басқа жерде дәл осылай айқасса, төреші Асылбектің қолын көтерген болар еді. Кубалықтар өз топырағында өзінің әлем чемпионын бөтен боксшының алдына жығып бермейді. Жасы жиырмадан асқан көкөрім Асылбек мұны қапысыз ұқты.«Достық-84» жарысында 12 салмақтың 11-інде кубалықтар чемпион атанды. Қарсыластар бірін-бірі еңсере алмаған жекпе-жектердің бәрінде жеңіс кубалықтарға берілді. Финалда алтын медальді сарапқа салған Кәрімжан Әбдірахманов пен Серік Нұрқазов қазылардың әділетсіздігінен күміс жүлдемен шектелді.… Арада бірнеше күн өткенде бапкері Александр Драч ертелетіп телефон шалды.– Естідің бе? – деді Александр Александрович амандық-саулық сұрасқаннан кейін.– Нені?– Юн Суп Шин Лос-Анджелес олимпиадасының чемпионы болды.– Қалайша? – Асылбек бапкер сөзіне сенер-сенбесін білмей тұр.– Солай. Қилымов пен Комас жоқ жерде Суп Шин мықты.– Тағдыр деген осы екен ғой, Александр Александрович. – Асылбектің үні құмығып шықты.– Тағдыр деген – осы, інім.Әділіне жүгінсек, олимпиада «алтынына» Қилымов пен Комастың бірі лайық. Амал не, көнеміз…Тағы да қаумалаған ой. Өткеннің елесі санасында жаңғырып өтті.1982 жылдың қазан айы. Финляндияның Тампере қаласында 13 мемлекеттің ең күшті боксшылары бас қосты. КСРО құрамасының бапкерлері бұл бәсекеге өзінің ең таңдаулы жігіттерін апарған еді.Бірінші жекпе-жекте канадалық Жерри Фрейзенді талдырып түсірген Қилымов екінші кезекте Оңтүстік Корея спортшысы Юн Суп Шинмен бетпе-бет келді. Бірінші раунд Асылбектің айқын басымдылығымен аяқталды. Юн Суп Шин тек шегіне ұрыс салумен шектелді.Екінші раунд Асылбектің жойқын шабуылымен басталды. Суп Шин Қилымовқа қарсы бір адым алға басқысы жоқ. Қуып жүріп ұрып жығу қиынға соғатынын түсінген Асылбек қулыққа басты. Рингтің бұрышына арқасын беріп, қос қолын салбыратып жіберді де, корейдің шабуылын күтті. Намыстан күйген Юн Суп Шин бір-екі рет ентелеп келді де, Асылбектің иегін діттеп сол жұдырығын сілтеді. Асылбектің күткені осы еді. Корейдің сол бүйіріне жалт берді де, сәл еңкейіп қалған Шинді сол қолмен иектен орай ұрды. Қарсыласы еденге гүрс ете түсті. Нокаут!Шешуші сында 1981 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, поляк Зигмунд Госиевскийді тас-талқан қылып ұтқан 18 жастағы Асылбек Қилымов ересектер сайысының бас жүлдесін еншіледі.Юн Суп Шин екеуі араға жарты жыл салып, 1983 жылдың көктемінде Бангкокта «Король кубогы» атты ірі жарыстың финалында тағы жолықты.Шаршы алаңға ортекедей орғып шыққан 19 жастағы Асылбек Қилымов қарсы бұрыштағы Юн Суп Шинге көзі түскенде еріксіз күліп жіберді. Юн Суп Шин басын көтере алмай, жанарымен жер шұқып тұр екен. Өңі боп-боз.Төреші корейді ортаға шақырып, қолғабын мұқият қарады да, «өз бұрышыңа қайта бер» деп ымдады. Суп Шин кері бұрыла бергенде Асылбек жүгіріп барып, иығынан түртіп қалды. Корей әлдекім ту сыртынан мылтық атқандай жалт қараған. Ақсия күліп тұрған мұны көріп дір ете қалды.Қилымов корейді тағы да нокаутпен жеңді. Енді, міне, сол Юн Суп Шин олимпиада чемпионы деген спорттағы ең мәртебелі атаққа қол жеткізіпті.Еменнің иір бұтағындай Асылбек көрпесін тас бүркеніп алды. Іші алай-түлей. Ештеңеге зауқы жоқ. Бүтін дүниені екіге жарып, өзі тәрізді мыңдаған өреннің обалына қалған саясаттың сайқалдығына зығырданы қайнады. Мамық көрпе астында жұдырығы тастай түйілген. Кеңсірігі удай ашиды...

***1986 жылы ақпанның соңында Еуропа чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, минскілік В.Мельникті даусыз ұтқан Асылбек Қилымов қатарынан үшінші рет ересектер арасындағы Кеңес Одағы чемпионатының финалына табан тіреді. Қарсыласы – Одақтағы айтулы шебердің бірі Дмитрий Болигузов. Бұған дейін Асылбектен үш мәрте ұтылған. 85-тегі чемпионатта Қилымов Болигузовты екі рет нокдаунға түсірген еді.Финалға бір күн қалғанда алыстан келген тілеулес ағасы Асылбекті қоярда-қоймай моншаға алып барады. Ақкөңіл жанның сөзін жерге тастай алмаған Қилымов ертеңіне орнынан зорға тұрады. Тұла бойы зілдей. Шиыршық атқан бұлшық ет босаған. Айқас тілеп, ширыққан көңіл біртүрлі байсал тапқан. Асылбек бармағын шайнады. Ағасына ренжіген жоқ. Өз-өзін сөкті. Бірақ кеш еді.Иә, сол айқасқа біз куә болғанбыз. Шыны керек, сол жекпе-жекте Қилымовты танымай қалдық.Содан 23 жасында бокс қолғабын босағаға іліп, мемлекеттік жаттықтырушы болды. 1991 жылғы КСРО халықтарының спартакиадасына қазақ құрамасын 27 жастағы Асылбек Қилымов бастап барған. Қазақ боксшылары тарихта тұңғыш рет алып империяның бас бәйгесін қанжығаға байлады. Сосын… заман өзгерді. Он сегіз жасында Еуропаның көкжал промоутерлері бірнеше миллион долларлық келісімге шақырған Қилымов енді өз елінде жеке кәсіпке тәуекел етті. Содан бері білдей бизнесмен.

Қыдырбек РЫСБЕК

Тегтер: