Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:23, 26 Қаңтар 2023

Құрыш құйма немесе «Жерім үшін жаным ауырады...»

None
None

Қандай да тәлім шарасы болмасын, оның артында беретін тағлымы мен тәмсілі болмаса, ол еш кеткен рәсуә іс болмақ.

Біз әр орайласуда: кешегімізді талқылап, бүгінгімізді салыстыра талдап, ертеңге бастайтын бағытымызды анықтауымыз керек. Бұл ретте бодандыққа да, бодандық рухқа да төзбеген, «коммунистік-колонизаторлық» (С.Сәдуақасов) саяси бопсаға шыдап баққан Жалау Мыңбаевтың атаулы кеңесі соған толық ырық береді. Менің, сөз арасында өткен мен бүгінді салыстыруымның себебі де сонда жатыр. Сонымен...

Патшалық отарлаушылардың да, ақтың да, қызылдың да түрмедегі тергеушілеріне Ахаңның-Ахмет Байтұрсынұлының берген: «Ақ па, қызыл ма, маған бәрібір, қазақтың мүддесін кім қорғаса, мен соған қызмет етемін» [3.1], – деп берген жауабын мақсат ретінде ұстанған: ар-ожданы, тән қайраты, жан қуаты құрыштан құйылған адалынан жаратылған, турашыл батыл да әділ, өтімді де өжет, сөзі мен ісі бір шығатын шыншыл, қазақтың маңдайына бір де бірегей боп біткен тұлғалардың бірі, ол  – Жалау Мыңбаев.

Ол тағдырдың тұзы мен өмірдің ащы сорын арқалап жүріп, жүрегін у мен кекке сүрлей жүріп, шындықпен шынығып, өмірдің желөтіндегі ызғарына суарылып, «қужақтарға» мысын бастырмай, тізерлегендерге тізе батырмай, заман дауылынан ықтамай, қарсы соққан «коммунистік-колонизаторлық» (С.Сәдуақасов) қара дүлейге (смерчь) қарсы қасқая тұрып,  халқының мүддесі үшін қасымдықпен қызмет етті.

Алаш ұранды қайраткерлердің пәрменді де адуынды екпінімен Қазақстанның мемлекеттік дербестігі мен қазақтардың нақты азаматтық бас бостандығын ашық талқылаған 1925 жылғы 15-19 сәуір арасында өткен Бүкілқазақстандық Кеңестердің V съезінде Қазақстанның орталық атқару комитетінің жұмысына С.Сәдуақасов: «Орталық Атқару Комитетінде пәрменді үкімет құқы жоқ. Тіпті Орынбордың өзі ОАК-мен санаспайды, бәрін Орталық (Мәскеу) арқылы шешеді, Қазақстандағы Жоғарғы өкіметті мойындамайды» [2.217], – деп аса зәру саяси  мәселені ашық талқыға салды.

Ал Жалау Мыңбаев та бұл пікірді: «Тарих алдында дәрменсіз, бейшара болып көрінгіміз келмейді. Біз тек түрлі декреттер мен циркулярларға қол қоюшылар ретінде көрінгіміз келмейді. Іс жүзінде еңбек етіп, болашақта біз туралы: «Иә, рас, олар аянған жоқ еді» – деген сөз айтса екен дейміз» [1.252], – деп қостады.

Иә, Қазақ елінің мемлекеттік мәртебесі үшін Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Жалау Мыңбаев сияқты қайраткерлер аянып қалған жоқ. Барын да, арын да кепіл ете қимылдады.

Кеңес барысында: түйінсөздері түйіліп, астарланып, сөз арасына «еңбекшілер» деген сөзді қыстыра отырып, жеткізсе де, шын мәнінде, біртұтас алаш ұстанымының бес мәселесін: 1.Жер, жер және жер. Жер – Отан. Ал Отан – сатылмайды, жалға да берілмейді. 2. Жердің астындағы, үстіндегі және аспанындағы қазынаны ешкімнің меншігіне, не сыртқы «араны үлкен кәпір көздің» (Абай) иелігіне бермей, алаш мүддесіне пайдалану, яғни алаш жеріндегі бір түйір тас сол алаш жұртының өңіріне түйме болып қадалуы тиіс) 3. Тәуелсіз экономика, шикізатты сыртқа сатпай, мемлекетің өз ішінде кәсіпорын ашып, фабрика салу, яғни алаш жұртында өндірілген бір уыс жүн сол жұрттың кеудесіне тоқыма болып тоқылуы тиіс. 4. Мемлекетті құрушы елдің Тіл, дін, діл үстемдігі болуы тиіс, яғни толық рухани бостандыққа қол жеткізу керек. 5. Сөйтіп, дәстүрге сүйенген заң мен тәуелсіз ғылым арқылы ұлттық-демократиялық мемлекет құру [3.1] – идеясын жан-жақты талқылады.

 Мұндай алаш-арманды мәселе, бұрын да, кейінгі тәуелсіздік алған отыз жылда да қайта талқыға түскен емес. 2001 жылғы Жер сату туралы заң шыққан соң қазақ мемлекеті Біртұтас алаш ұстанымынан толықтай ада болып, жер мен қоса бар байлықты сатып, экономикалық одақтан кейін – экономикалық тәуелді елге айналдық. Ал сонау 1925 жылы өткен, Қазақ мемлекеттігі мен қазақ елінің болашағын анықтап беретін бұл мәселелер Кеңесте талқыланып қана қоймай, нақты шешім қабылданды. Сөйтіп, заңды, конституциялық мемлекеттің пәрменді билігін жүзеге асыра алатын, адал, адуынды, ұлт «еңбекшілерінің» тұзы мен сорын жанкештілікпен арқалап келе жатқан, шымыр жұмысшы, шыныққан күрескер, Жалау Мыңбайұлы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы, кеңес кезіндегі мәртебе бойынша – Президент боп сайланды.

Ол, шын мәніндегі Қазақстанның Президенті ретіндегі өзінің билік құқын шұғыл түрде пайдаланып, сол күндері, яғни 17 сәуірде Ахаңның-Ахмет Байтұрсынұлының «Ақ жол» газеті арқылы жолдаған: «Шын атымыз қырғыз емес, қазақ. Бұған келіспеу, біз сияқты 6-7 миллиондық ұлы бір ұлттың өз атын жоғалтып, иә, жасырып, басқаның атына зорлық, иә, қанағат қып жүре беру тарих алдында үлкен ұят болмақ» – деген ұсынысын дереу күн тәртібіне қойды. Сөйтіп, өжет ұл, адал азамат, батыл қайраткер Жалау Мыңбайұлы: «Қазақтың аты – қырғыз емес, ҚАЗАҚ!» деп өзінің тұңғыш заңды қаулысына қол қойды. Міне, үш жүз жылға созылған киргиз-кайсак деп келген  кемсітуден кейінгі, қазақтың – қазақ атануы осыдан басталды! Қазақ автономиясын – Республика деп жариялауды Бүкілодақтық Атқару комитетінің алдына ұсыныс етіп қойды.

Бұл – Алаш, кейінгі Қазақ автономиясының өзінің заңды да қасиетті мәңгілік ел атын қайырып алуына жасалған алғашқы батыл қадам еді. Осындай, «конституциялық билік құқын» батыл әрі қауырт жүзеге асырған Жалау Мыңбаев төрағалық еткен Қазақстан Орталық Атқару Комитеті бір жарым-екі жылдың жылдың ішінде мынадай шешуші шешімдерге қол қойды, қол қойып қана қойған жоқ, жұртты оны бірден жүзеге асыруға жұмылдырды:

1. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде конституциялық құқыққа ие болды (Өкінішке қарай, бұл мәселе қазірдің өзінде шыдамның шегінен асқан төзімсіз жағдай ретінде ушығып барады. Егер, осы қарқынмен тіліміз күрмеле берсе, құдай бетін аулақ қылсын, бір күні мүлдем байланып қалып: халықаралық деңгейде «SOS!» жариялауымыз әбден мүмкін). Абайдың әкесі Құнанбайдың өзімен аға сұлтандыққа таласқан Шалғынбай төренің қоқан-лоққысына қарата: «Мықты болса – бопсаға шыдасын. Бопсаға шыдамаса – билігі кеткен елге ие бола алмайды» – деген. Ал біз Тәуелсіздік алып тұрып, Мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігін конституцияға жазып тұрып, бопсаға шыдамай екі жылдан соң: екі туып бір қалмаған «ағамыздың» тілін қайырып алдық, жәй қайырғамыз жоқ, ана тілімізге айналдырдық. Мұндайда, Төлеужан ақынның: «Аға!» – дедік туымызды оң ұстар, «Баран!» – деді сонда бізді орыстар!», – деген атақты «Қойлар» атты өлеңі еске түседі.

2. Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасының жобасы белгіленді.  Бұл, жай ғана автономия емес – Республикаға, жеке субъектіге тиесілі рәміз болатын.

3. Наурыз мерекесін атап өту рәсімі бекітілді. Бұл, шын мәнінде, кеңес өкіметі тұсында ғана емес, Ресей бодандығында болған 360 жылдың ішінде қабылданған тұңғыш және бірден-бір ұлттық мейрам еді. Өкінішке қарай,  «наурыз» да тәргілеу науқанымен бірге тәргіленіп кетті. Алпыс жылдай айырылып барып, қайта қалпына келді.

4.Қазақ қызыл командирлерін дайындайтын мектеп ашылды. Ұлттық қазақ әскери полкі 1919 жылы М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың ұйымдастыруымен Жетісудағы, дәлірек айтсақ, Лепсі мен Сарқандтағы Алаш жасақтарының негізінде Әулие-Ата қаласында құрылғаны белгілі. Ал мемлекет болған соң – өзінің ұлттық әскері, командирі болу керек. Сол рухты ұстанып тәрбиеленген қызыл командирлер 1934-1937 жылдары жаппай жазаға ұшырады [3.2].

 5. Ұлт-азаттық көтерілісінің 10 жылдық мерекесін атап өту – ұлттық рухты оятудың және қазақ халқының еркіндікке ұмтылған еркіне көрсетілген тағзым болатын. Өйткені ұлттық армиясыз ұлт – ұлт емес, тобыр ғана деп есептелетін. Ал ол жылдары: «Таяқ ұстаудан басқа қазақтың қолынан түк келмейді» – деген пасық, топас сөз можантопай мұжықтардың да, «беті адам, іші шаян» (Абай) Шая сияқты қужақтардың да ауызынан жиі шығатын. Қазір де: қазақ ұлт емес, тобыр – дегенді естіп жүрміз және соған сондай бір құлдық көмпістікпен үнсіз төзіп келеміз.

 6. Қазақ халқының жалпы санағын өткізу шарасы – қазақ ұлтының қуат-күшін, саяси әлеуетін, ұлттық тұтастығын, мемлекетке иелік құқын белгілейтін, өзіне өзінің сенім-күшін арттыратын ең шешуші шара еді. Біз, осы күнге дейін қазақтың ұлттық бірлігі мен ұлтаралық меже санын осы санақтың нәтижесімен белгілеп келгеніміздің өзі, бұл шараның қандай саяси-ұлттық маңызы бар екенін көрсетеді. Бұл, жеке Республика ретінде бөлініп шығудың басты алғышарттарының бірі еді және ол мақсатқа осы санақтың қорытындысы тікелей ықпал еткені анық.

 7. Қазақ драма театрын ашу дегеніміз – қазақ ұлтының таланты мен мәдениетінің дүние алдында салтанат құруы еді. Солай болды да. Оны уақыт дәлелдеді. Өзінің рухани қуатын көрсете алмаған ұлт – мүләйім ұлт. Бұл шешім, сол мүләйімдіктен айырды. Алаш ұстанымындағы, «діл үстемдігі» дегеніміз осы.

8. «Әйел теңдігі» журналы мен қазақ тілінде шығатын «Тіршілік» газетін ашу – туралы Қаулыларға қол қойды. Таза қазақ оқырманына бағытталған, тікелей Орталық Атқару комитетінің дәргейіндегі бұл басылымдар, «Жасасын, Қужақ» дегеннен жаңылмайтын газеттерден гөрі, тікелей ел мұңын жеткізуді мақсат еткен болатын. Бұл – алаш ұстанымындағы «тіл үстемдігін» сақтау дегенге орай қолданылған шара.

9. «Қосшы» ұйымын құруға Жалау Мыңбаевтың өзі тікелей жетекшілік етіп, қаулы шығарып, барын салды. Ол «Қосшы» ұйымы арқылы басын көтеріп келе жатқан «кіші октябрьдің» аждаһасының аранынан – коллективтендіру мен тәркілеуден (конфискация) қазақ халқын құтқарып қалуды көздеді. Әйтпесе, қазақ елі сөзсіз ашаршылыққа ұшырайтынын білді. Қалай Ж.Мыңбаев төрағалықтан кетті, сол мезетте Тәркілеу туралы Қаулы қабылданды. Ал оның зардабы екі жарым миллион қазақтың өліміне, алты миллион қазақтың тағдыр тәлкегіне ұшырауына әкеп соқтырғанын білесіздер. Академик-демограф Бромлейдің мәліметі бойынша, 1949 жылғы санақта Қазақтардың Қазақстандағы саны екі миллионға жетпепті [3.1].

10. Жергіліктендіру, яғни басқару жұмысына, оның ішінде партия қызметіне қазақ қызметкерлерін тарту мәселесі – «Қазақстанды – қазақтарсыз билеу» деген қастаншықпағыр коммунистік-колонизаторлық көзқарасқа, ұлттық басыну мен шеттетуге, ашық кемсітуге көрсетілген қарсылық – Заңды өкімет билігі, яғни Орталық Атқару комитеті мемлекеттік деңгейде батыл тосқауыл қоюға ұмтылған шешім болатын. Ж.Мыңбаев мұны Қужақтың өзіне: «Голощекин соңғы кезде қателесетін болып жүр… Қазақ коммунистеріне сенімсіздікпен қарайды… Ал кадр мәселесін Өлкелік Комитетте, Бюрода кеңесу арқылы емес, керек адамдарды жеке өзіне шақырып алып, сөйлесу арқылы шеше бастады… Сонда қалай, бізден еңбекші бұқараға көрсетіп қою үшін ғана қажет қуыршақ жасағыңыз келе ме?» [1.252], – деп ашық айтуында, қазақ зиялыларының намысына тиетін осындай жанайқайы жатыр еді.

11. Қашан қазақ ауылы толық жерге орналасып болғанша қоныстанушылар легін тоқтату туралы мәселе – сол кездегі қазақ зиялы қайраткерлерінің өзегін өртеген өртеңді алаң еді. Сол жылдары, яғни 1925-1927 жылдары Қазақстанға 264 мың қоныстанушыны орналастыру туралы шешім шығарған болатын. Бұған Ә.Бөкейханов бастаған алаш қайраткерлері қарсылық білдірді. Ол пікірді С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Н.Нұрмақов, О.Жандосов, Ж.Мыңбаев, Ж.Сұлтанбеков, т.б. ашық қолдады. Олардың бұл көзқарасын: қужақшыл О.Исаев: «Жергіліктендіру – басшылықты тартып алудың құралы, сөйтіп, Мәскеудің пролетарлық партиясының жетекшілігінен құтылмақ» [2.382] – деп сәуегейсіді. Шындығында да, бұл қоныстандыру. Алаш қайраткерлері жанын қасым етіп қарсы күрескен «Столыпин реакциясының» кеңестік көшірмесі еді. Ақыры, бұл сұрқия жоспар елуінші жылдары «Тың көтерушілер» деген желеумен жүзеге асып тынды.

12. Қазақстанның мемлекеттік территориясы мен шекарасын бекіту –  бұл Қазақстан үшін күні бүгін де маңызын жоймаған мәселе. Территория мәселесі турасындағы аса жауапты іске жанкештілікпен қатысқан тұсында, Жалау Мыңбаевтың барлық адамдық, азаматтық, қайраткерлік, ұлттық қасиеті анық көрінді. 1925 жылғы 19 қазанда Үкімет төрағасы Н.Нұрмақов Елек ауданының Орынборға берілгеніне қарсы болып: «Былай бөлшектей берсе, Қазақстаннан түк қалмайды. БОАК-нің Қазақстанға переселендер жіберілмесін деген қаулысын негізге ала отырып, мұндай әрекеттерге үзілді-кесілді қарсылық танытуға міндеттіміз, мәселені соңына жеткізіп, ОК-ке, саяси бюроға шығарғанымыз жөн» – деді» [1.250].

Ал Жалау Мыңбаев: «Ашығын айтайық, бұл – мәселені бейбіт жолмен шешу емес, бұл – (Қазақстанға қарсы) жарияланған соғыс қой!… Ешкімде (ешкімге) жерді беруге құқық берген жоқ!.. Білгілеріңіз келсе айтайын: жағдай барған сайын шиеленісіп барады. Қазақтар бізден: «Неге жерімізді алып жатыр?», – деп сұрайды… Ендігі уақытта бізге өз жерімізді әділ бөліп, пайдалануға мүмкіндік беріңіздер!» – дейді… Неге біз осы жерді игере білу туралы әдемі сөздер айтамыз, толып жатқан мәжілістер мен кездесулер өткіземіз, түрлі мәселелерді талқыға саламыз? [1.251], – деп ашықтан ашық қарсы шықты.

Ол бұдан кейінгі бір отырыста да ол өз пікірін одан әрі дамытып:

«Осында Боярский жолдас менен: «Жүзіңізде шаршағандық табы бар, әлде басыңыз ауырды ма?», – деп сұрайды. Мен оған: «Жоқ, басым емес, (жерім үшін, елім үшін) жаным ауырады», – деймін. Шынымен де ауыратындай себеп аз емес-ау. Біз коммунист қатарына не үшін жазылдық? Бұқара халықтың жоғын түгендеу үшін жазылдық. Қағаз жүзінде ғана коммунист болуға Мыңбаев келіспейді!.. Қазақ жұрты үшін ол жанын беруге даяр!» [1.252], – деп ант бере ашынды.

Өкінішке қарай, Жалау Мыңбаевтың сол бір «жанын қиып» жүзеге асырған, өз қолымен бекіткен Қазақстан территориясының 27 пайызынан қазір айырылып қалдық. Енді, сірә, ол кеткен есеміздің қайта қалпына келуі неғайбыл. Қазіргі президентіміз Қ.К.Тоқаев 2004-2005 жылдары орыс, қазақ тілдерінде шыққан «Күн мен көлеңке» атты еңбегінде жерден жіберген есемізді емеуірінмен ренжи еске салған болатын.

Байқап отырған шығарсыздар, осы Қаулылардың барлығы да Біртұтас алаш идеясын жүзеге асыруды көздеген нақты мемлекеттік шаралар еді. Қазақстан автономия алғаннан бергі жеті жылда мұндай батыл да әділ шешім қабылданып, қол қойылған жоқ болатын. Әрине, Жалау жалғыз емес, өзі ашық араласатын алаш қайраткерлерімен бірге, солардың ақыл ықпалындағы С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Ы.Мұстамбаев, Ж.Сұлтанбеков сияқты тағы да басқа қайратты да қажырлы, алғыр, өжет, намысшыл, қазақтың мұратын шын көздеген азаматтар қанаттаса көтерді. Алайда, Төраға соны мәселе етіп қойып, жылдамдатып шешіп, қол қоймаса – бұл мәселелер күні бүгінге дейін шешуін таппаған түйткілге айналар еді.

Ал мұндай тәуекелге бару, өкінішке қарай, қазақтың билігінің тізгінін ұстаған екі азаматтың бірінің, тіпті «Қазақта бұрын мемлекет, шекара болған емес» – деп лепірген тәуелсіз елдің қайраткерлерінің қолынан келмеді. Біз қазір де, Жалау Мыңбаев сияқты ар-ожданы, ұлттық намысы құрыштан құйылған адал, әділ, батыл, ұл қызметіне жанкешті қайраткерге зәруміз. Біз:

Танымадық,

Жарымадық,

Жақсыға бір іргелі.

Қолына алып,

Пәле салып,

Аңдығаны өз елі, –

деп Абай айтқандай, әлі де «жақсыға», Жалау Мыңбаев сияқты «ар-ұяттан құйылған» құрыш тұлғаға зәруміз.

Егер осы конференция жұрт назарын осы мәселеге аударып, ой салса, онда «Жалау!» – деп жалаулатқанымыздың текке кетпегені деп есептеймін.

Тегтер: