Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:42, 23 Маусым 2020

Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ: Адамға адам түсіреді екен сәулесін...

Қайран ана!..

(Қаламқас Ермекбайқызына)

Сағыныштың ауырлатып салмағын,

Кетті өмірден Ана деген ардағым.

Қою қара бұлт жапқандай аспанды,

Салқын тартып бара жатыр жан-жағым.

Дауысымды бір естімей күніне,

Тілек қоспай шаршаңқылау үніме,

Ұйықтамайтын жаны бөлек жалғызым,

Шырақ боп бар түпсіз қара түніңе.

Тыныш ұйықта алаңдама артыңа,

Жеткіз біздің жайымызды қартыңа.

Ұя бұзу ойында жоқ ұл-қызың

Мықты дегін ата-баба салтына…

Жансыз бейнең күлімсіреп тұр қарап,

Көздеріңнен жап-жарық бір нұр тарап.

Жайдарысың қонағыңды риза қып,

Сыбағаң деп таратқандай сый табақ.

Көңілдісің, көңілсіз көп жүрмеуші ең,

Көңіл қалар сөзге құлақ түрмеуші ең.

Қайғы-уайым кездессе қайырын тілеп,

Бұл жалғанда армансыз жан кім деуші ең.

Өкпелеуді, өшігуді білмеуші ең,

Кекесінмен келемеждеп күлмеуші ең.

Қатарыңның қалғандарын түгендеп,

Аяқтарын әрең басып жүр деуші ең.

Бір жас өлсе, жараланып жүрегің,

Бірге туған бауырыңдай жүдедің.

Ата қоныс болған атамекеннің

Ақ анасы ең – тілейтін ел тілеуін.

Алыс жатқан елмен байлап кіндікті,

Уыста ұстап бауырмалдық бірлікті,

Қарашаңырақ тартатын да тұратын,

Онда өзіңдей отырған соң бір мықты.

Бізді сонау жолдан күтіп жүретін,

Қазанына салып қойып сүр етін.

Қайран ана, қайсыбірін айтайын,

Қылығың көп жылататын, күлетін…

Естелікке айналдың-ау тым жылдам,

Тіл байланып, түсіп отыр ұн-жырғам.

Жаны жайсаң ана едің ақжүрек,

Әр ісіңді махаббатпен тындырған.

Жайқалған соң бау-бақшаңның жемісі,

Төрден ғана орын берді ел іші.

Мәңгілікке көшіп барған жеріңде

Жұмақта бол, мейірімнің кеніші!

Далаға сыр

Адыр-адыр қырқадан асып келем,

Шаршау қайда, шөлімді басып келем.

Бұйра бұлттар аспанға асылып ап,

Сурет салып жатқандай қашып менен.

Сұп-сұлу күн керіле баурын жазып,

Біздің ауыл үстінен өтіп барады.

Қыз сорлының әйтеуір жаны нәзік,

Құс легімен төркінге жетіп қалады.

Көсіліп жатыр жазық, маңғаз далам,

Көзді байлап көкпенбек көкорай бел.

Гүл жұпары, боз жусан жан қозғаған

Ақ ауаңмен аңқамды аялай бер!

Көп сағынғам даламның дархандығын,

Бір жазылып қалсыншы арқам бүгін.

Құйшы жаңбыр, соқшы бір аңызақ жел,

Жүгірейін оралып бейқам күнім.

Қашып келем қаланың шуылынан,

Жүйкем де қуырдақтай қуырылған.

Ми байғұс бір тынығып алар болса,

Қылышпын ғой қынаптан суырылған.

Кең жазира даламды – ана көрем,

Анасыз жүдемей ме бала деген!

Қалаға айырбастап кеттің деме,

Ғұмыр кештім далалық санаменен.

Шаршасам, шаршатқан сол далалығым.

Қаладан іздеп дала – даналығын.

Өмірі мен көңілі екі жаққа

Бөлініп ап қосылмайтын жаралымын.

ЖАН ЖАҢААРҚАМ!

Туған топырақ – жанның мәңгіқорегі,

Сол қоректің нәрі қандай моледі?!

Алпыс екі  тамырыңды идіріп,

Самал желі  сағыныш боп өбеді.

               Текті байтақ, аты аңыз Жаңаарқам,

                 Сендей мекен бар ма, жоқ па, білмеймін.

                 Сенде туған ұл  мен қыздың қанында

                 Шабыты бар, шуағы бар күнгейдің.

Қай ортада, қандай жерде жүрседе,

Ән салса да, күй тартса да,күлсе де.

Сенің рухың аруақтарын  көтеріп,

Жарқылдайды  тілмен жауын тілсе де.

               Арқа-жарқа пейіліне жарасқан

               Қазанаттай азаматтар бағы асқан.

               Сыртта жүріп сойылыңды соғады,

                Жат оларға алған-берген, санасқан.

Сәл көрмесе кісінесіп-шұрқырап,

Құшағынан Жаңаарқа иісібұрқырап.

Дес бермейді, ескермейдібасқаны,

Құдірет қой жүрекжарды ынтымақ.

              ЖанЖаңаарқам, бойымдағы қуатым,

            Сенсің менің мұқалмайтын мұратым.

            Әр ақ таңың атса екен деп арайлап,

            Алаңдайды ақын қыз Алматыдатұратын.

О, Өркендеу!..

Атыңды ататсам деп жарыста қанша,

Жарылып кетердей ем жарыспағанша.

Ауылым деп сайрайтын мен сандуғаш –

Көгілдір дүние көзінен алыстағанша.

Ауылым бойға дарын, нәрін берді

Қаныма қасиеттің бәрін берді.

Жаныма алтын күннің шапағындай,

Сәулесін төгіп тұрар тәлім берді.

Ауылым таудай қылып ұяттыны

Төбесіне шығарып көтеретін.

Бағасы жазылмаған ұят құны –

Ұялып күн кешумен өтелетін.

Ұят деп көзімізді ашатынбыз,

Ұят деп аяқты анық басатынбыз.

Әйтеуір жатсақ, тұрсақ ұятты ойлап,

Ұятсыз атанудан қашатынбыз.

Ауылым құстың ыстық ұясындай,

Жер еді момақан жұрт мекендеген.

Өшпейтін ар-ұяттың сиясындай,

Жазуы – өлсем ғана кетер менен.

Сол ауыл жабылудың алдында тұр,

Әзірге төрт-бес үйдің шамы жанып.

Келешегі барлары көшіп кеткен

Өмірі өткен кемпірі, шалы қалып.

Ауылым – алты қырдың ар жағында,

Далам жатыр оранып сары сағымға.

Өртенеді өзегім – түп тамырым,

«Өркендеудің» қалжырап қаусауына.

… Жота, жондар молалардан көрінбей,

Сап түзеген екінші өмір еліндей.

Мүрделердің қорымына айналған,

Ауылыма бара алмаймын егілмей…

Белуардан шалғын кешіп жүгірген,

Атқа мініп мал қайырған, иірген.

Бүкіл ауыл Қыпан дейтін тентек қыз,

Сенің дәнің елге басы иілген.

О, Өркендеу, сенде алғаш гүл тергем.

Топырағың табаныма бүр берген.

Сендей жерді жер бетінен жоғалтып,

Жүрегімде ызыңдайды мың пернем!..

АЛСАЙДЫҢ ҚЫЗЫЛ КҮНI

Бүгiн күн – Алсайға ас берiлген күн,

Кермеге кереметтер керiлген күн.

Ата-баба аруағы ардақталып,

Ұрпағына жақсылық көрiнген күн.

Бүгiн күн – бойда қанды тулатқан күн,

Қаны бiрдi  «Домалаққа»  зулатқан күн.

«Бұл алсайдан бәрi де шығады!» деп,

Қалжыңбастар қауымын шулатқан күн.

Бүгiн күн – даланы төр жасаған күн,

Баба атына белгi тас қашаған күн.

Алдыңнан  алсаймiнез  самал есiп,

Қонағым қазы-қарта  асаған  күн.

Бүгiн күн – сауапқа есiк ашылған күн,

Жерiме хақтың нұры шашылған күн.

Өлiнi риза етiп зыр жүгiрген,

Ер бауырлар мерейi тасынған күн.

Бүгiн күн – досты төрге оздырған күн,

Өнегеге мойынды создырған күн.

Ата-баба рухы шаттанып бір,

Дүбiрлер делебеңдi қоздырған күн.

Бүгiн күн – көптен күтiп  сағынған күн,

Сағынғаның қасыңнан табылған күн.

«Аңқылдаған алсайды көрейiк» деп,

Атасы  басқалар даағылған күн.

Бүгiн күн – құшақ жайып қауышқан күн,

Дүниенiң қызығын тауысқан кiм?!

Ата-баба аруағы желеп-жебеп,

Арттағыға береке ауысқан күн.

Бүгiн күн – жоғымызды iздеген күн,

Көңiлге пендешiлiк тiзбеген  күн.

Бiр атаның баласы бауыр болып,

Үлкенiм–сiз, кiшiңiз – бiз деген күн!

Бүгiн күн – тарихи күн, ой берген күн,

Өлiге – ас, тiрiге Алсай той берген күн.

Құрылтайын шақырып шұрқырасқан,

Қызыл күн, Алсайға бұл – ой келген күн!

КӨМЕЙІНЕ БҰЛБҰЛ ҰЯ САЛҒАНДАЙ...

(әйгілі диктор С.Жақановаға)

Су ішкендей сылдыраған бұлақтан,

Мейірің қанып қуаттан, дос, қуаттан!

Сауық даусы – екеу емес қазақта,

Бір тыңдасаң үні кетпес құлақтан.

Неткен тұнық, неткен тұщы, неткен үн,

Күмбір-күмбір күмбездерден жеткен үн.

Дауыста да болады екен мың бояу,

Алмасқандай қыс, жаз, күз бен көктемің.

Сауық даусы – естіледі биіктен,

Күн сияқты Жер-Ананы иіткен!

Әр сөзінен жарқылдаса сан жарық,

Гауһар тастар өртенеді күйіктен.

Сауық даусы – сапырлысып сағыммен,

Жолықтырып қиял қуған шағыңмен.

Омыраудан жып-жылы самал есіп,

Өн бойыңды қытықтайды лағыл дем.

Сауық даусы – әнші құстан аумайды,

Саңқылдайды, сандуғашша сайрайды.

Көмейіне бұлбұл ұя салғандай,

Құйқылжытып аспандата самғайды.

Сауық даусын маман «қойып» бермеген,

Біреулерге еліктеп те ол көрмеген.

Жасандылық, жарамсақтық ойда жоқ,

Артық болып көріну де өзгеден.

Мақтасаңыз қуанады баладай,

Еркелесең құшақ ашып анадай.

«Кеттік!» десең, «қайда?» демей ереді,

Сауық Жақанова екеніне қарамай!

Жанымызда жақсы адам жүр осындай,

Сұлу үні құлақ құрышын қандырған.

Радионы тыңдап өскен қазақтың,

Жүрегінде өшпес дауыс қалдырған.

Достарым,қайран достарым!

Жаныма жақын достардан

Айырып ажал араны

Мән кетіп құрған жоспардан

Жүрегім жүдеу, жаралы.

Достарым, қайран достарым,

Бірінен-бірі өтетін.

Көп-ақ деп менің қоштарым,

Жүретін жолым төте-тін…

Байлығым, барым достарым,

Шашылып жүрсем жинаған.

Бақыты, соры қас-қағым

Жаратылысымды сыйлаған.

Есепке салмай пейілін,

Аямай төккен мейірін.

Арманда кеткен достарым,

Орныңды жоқтап кейідім…

Аңқылдақ едің өздерің,

Ақылды-ақ еді көздерің.

Еркелеуші едім сендерге

Елеуін күтпей өзгенің.

Танитынсыңдар көзімнен,

Ойымның астар, қатпарын.

Мін іздемейтінсіңдер сөзімнен,

Сыйлықтың сыйлап «қатқанын»!

Көтерген достық шашбауын,

Достарым – бақыт бастауым.

Сүрінсем сүйеу едіңдер,

Жүретін ығып қас, жауым.

Сендер ең тапқан бақ-тағым,

Арқамды сүйеп жүретін.

Шаттығы бүтін шақтарым –

Өмір екен ғой сүретін!

Достарым, армандастарым,

Қатемді жіпке тізбеген.

Жастықтың жыр мен дастанын

Ақын деп менен іздеген.

Сендердей енді дос қайда,

Жүрекке ұя салатын?

Сағындым, одан жоқ пайда,

Талып тұр тарлан қанатым.

Достарым, қайран достарым!..

Барыңа біреу қуанса

Жақсы емес пе барыңа

Қуана алса біреулер.

Қозғау сап өмір заңына,

Тәңірге жетсе тілеулер.

Жақсы емес пе барыңа

Сыртыңнан жүрсе сүйініп.

Есебі жоқ көңілмен,

Сәлемдессе иіліп.

Жақсы емес пе барыңа

Көздерімен нұр шашқан.

Жұқарып жүрген арыңа

Арқалық болса тұрмастан.

Барыңа біреу қуанса,

Тәуба қыл іштей Иеңе.

Оңашада ой жеткіз,

Жақының жаттай сүйе ме?

Жақының берсең жақсы дер,

Бере алмай қалсаң жауысың.

Тіріңде бағаң сол ғана,

Сөз емес айтқан дау үшін.

Барыңа біреу қуанса,

Үлкен бе, әлде кіші ме?

Сен де оның қуан барына,

Тілегін тіле кішіре.

Жүргеніңде аман-сау,

Таразыңды сайлап қой.

Жақсылықтан тарынба,

Екі өмір барын ойлап қой.

Сыншы бол өзің-өзіңе,

Қарап жүр екі көзіңе.

Барыңа біреу қуанса,

Қабылда, қарыз сезіне!..

Бойжеткен қыз...

Анасын тыңдамаған, жылатқан қыз

Біле ме ертең өзі жылайтынын?

Әзизінің жүрегін сыздатқын сыз

Өзінің жүрегіне құлайтынын?

Білмейді, келер емес білгісі де,

Болады ері қандай, тұрмысы не?

Уайым жүндей түтіп жүдеткенмен,

Ананың мін жоқ еді үлгісінде.

Бейбақ қыз қолдан қалай шығып кеткен,

Тиым көрмей болар-ау, мүлт кеткен.

Анасына тартпаған қыз қылығы

Қашан, кімнің бақытын биіктеткен?

Бойжеткен қыз анаға бой бермейді,

Озып жатқан уақытқа ой бөлмейді.

Өз өмірім өзімнің қолымда деп,

Ақылын ешкімнің де жөн көрмейді.

Әлпештеп өзін-өзі ертелі-кеш,

Ақша табу бар қызық, қуанышы.

Десең ертең жар табу болады кеш –

Ол емес дейді өмірдің сұранысы.

Қапалы ана – қызының тағдырына,

Осындай келін алса қайтер еді?!

Жаңадан көзін ашқан гүл кезінде

Ұзатса ғой, қызын жыр қып айтар еді…

Бар адамдысағындым

О, Алла, сынап тұрсың-ау пендеңді,

Тып-тыныш тұрып өмірдің өңі өзгерді.

Алшаңдап басып аспанды тіреп тұрғандай

Көрінетіндердің тығылып қалды өздері.

Шықпаңдар үйден, дегенді айтты жаны ашып,

Отырдық үйде саясат жайлы бал ашып.

Көрмеген вирус көрінсек ұстап алардай,

Сақтанған болып шарасыз ғана қарасып.

Адамнан емес, Алладан сұрап рахым,

Түсіндік әбден адамзаттың мұратын.

Аң болмаған соң үңгірде ісін бітірер,

Адамның күні – адаммен екен, қуатым!

Адамға адам түсіреді екен сәулесін,

Адамның адам бөліседі екен әуресін.

Адамды адам өсіреді екен жәй жүріп,

Тірліктің мәні – адамға адам «әу?» десін.

Әу деген ол – жақын тарту белгісі,

Әу дегенге жанның кілтін ашасың.

Сөйлесесің, ашыласың, босайсың,

Тазарасың, тау суындай тасасың.

Адамға адам арнайды бар жақсысын,

Көрсетпекке асығады жақсы ісін.

Адамды адам түзетеді ақырын,

Шын жақсылық жасалмайды ақша үшін.

Қасірет қой адамдардан бөлінген,

Мына жаза ауыр тіпті өлімнен.

Адамдарсыз адам қалай күн кешпек,

О, адамдар, айналайын, бәріңнен!

Үйде отырып бар адамды сағындым,

Сағыныштан сары орамал жамылдым.

Адам деуге жарайтынды сақта деп,

Жаратқанға жалбарындым, жалындым.

Тегтер: