«Қыр басындағы екеу»

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының түлегі, кинорежиссер Мұрат Маханның «Қыр басындағы екеу» атты қысқаметражды фильмі түсірілді.
Картина мекенжайы ретінде Түркістан облысындағы темір стансасы таңдалынған.
Фильм екі баланың оқиғасына негізделіп түсірілген. Ал ауыл шетіндегі қыр – екі баланың достығының белгісі. Нұрбақыт пен Ердәулет ойыннан шаршап келіп, қыр басына келіп, тіршілігі қайнап жатқан ауылға қарап отырып, өздерінің сырларымен бөліседі. Екеуінің де тағдырлары ұқсас, отбасы бақытын сезе алмай, ерте есейген балалар. Нұрбақыттың анасы ерте дүниеден озғаннан кейін әкесі екеуі жалғыз өмір сүреді. Ал досы Ердәулеттің әкесі ішімдікке құмар кісі. Ердәулет әкесінің өмірі үшін қам жесе де, ешқандай қиындыққа мойынсұнбай, қолынан келгенше әкесіне қарасады. Бала қанша дегенмен балалығын жасамай қоймайды ғой. Ересектердің бақылауынсыз жүретін екі бала ойнап жүріп, абайсызда жазым болады. Салдарынан Ердәулет көз жұмады. Ал Нұрбақыттың әкесі баласының кесірінен досының қаза тапқанынан хабарсыз болады. Жалпы оқиға желісі осылай.
Кинорежиссер Мұрат Махан фильмнің тағы бір айтар ойы бар екенін айтады. Оның түсіндіруінше «Фильмде Нұрбақыттың әкесі Айдос ұлына қамқор бола алатын ана мен өзіне адал жар керек екенін түсінгеніне көп уақыт болған. Бұл ойын баласына жеткізуге тура келеді. Жан досынан айырылған Нұрбақыттың ішкі жан дүниесі алай-дүлей болып тұрғанын әкесі түсінбейді. Досының өліміне өзін кінәлі сезінетін Нұрбақыт әкесіне болған жайды баяндағысы келгенімен, әкесі баласының көзінен оны сезбейді. Жас кезде бала өмірінде болатын әртүрлі оқиғалар адам санасының психологиялық моральдық тұрғыдан есеюіне қаншалықты орын алатынын осы фильм арқылы сүзгі жасап көруге тырыстық. Сол бала өміріндегі ситуацияларға кімдер қатысады және қандай жағдайда өтеді. Бала өміріндегі ситуацияларға үлкендердің қатысы бар ма, оның салмағы қанша? Осы сұрақтарға фильм арқылы визуальды тұрғыдан осы сұрақтың жауабын ашық күйінде қалдырдық. Кинооператор Нұрсұлтан Сәбденов екеуміз кадрлар мен пландарды сол драматургиялық жүйеге құруға тырыстық. Қарапайым тілмен айтқанда, фильмнің драматургиясы бізге фильмнің формасы мен стилистикасын анықтап берді» дейді.
Фильмнің локациясы ретінде кинорежиссер Түркістан облысындағы Темір стансасы дөп келгенін айтады. Бір қызығы, дәл осы жерде 1985 жылдары Ермек Шынарбаевтың «Сестра моя, Люся» фильмі түсірілген көрінеді. Бұны ауыл тұрғындары әлі күнге мақтанышпен айтады екен.
Бұл жердің жергілікті географиялық локациясы бізге ұнағандықтан фильмді түсіруге осы ауылды таңдадық. Тығыз орналасқан ескі үйлер, тар қабырғалардан тұратын өзбек қышлақтарын еске салатын бір аяқты көшелер, теміржол маңындағы совет одағынан қалған станса қоймалары, Арыс өзенінің үстіндегі көп жылдан бері Шәуілдір елдімекен тұрғындарына қызмет көрсетіп тұрған аспалы селкілдек көпір, ауыл сыртындағы тарихтағы ежелгі Отырар қаласының күзетші қалашығы болған бүгінде Шөлтөбе деген атауға ие төмпешік болып жатқан ескі қаланың орны кез келген кинематографистердің дайын олжасы бола алатын таптырмас дүниелер болып шықты. Басты кейіпкерді сомдайтын актерларға жергілікті Темір ауылы мектебінің оқушыларына кастинг жасадық. Біздің бағымызға орай, фото видео проба жасаған кастинг сәтті болды. Рөлге таңдап алынған Нұрбақыт Уәлихан мен Ердәулет Сүлейменнің өнерге деген құштарлығы киноға түсудің қиындықтарына шыдас бере алатын шыдамдылықтары мен төзімділіктерін бақылау видео барысында байқаған соң, рөлге бекітуге шешім қабылдадық, – дейді кинорежиссер Мұрат Махан.