Қызылорда облысында Сырдария ауданынан коронавирус табылды
Денсаулық сақтау министрлігі 7 сәуірде таңертең Қызылорда облысында 4 адамнан коронавирус табылғанын хабарлаған.
Coronavirus2020.kz сайтының Телеграм арнасындағы мәлімет бойынша, үш науқас — Қызылорда қаласында, бір науқас Сырдария ауданында тұрады.
Қызылордадағы үш адам коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болған адамдар ретінде карантиндік стационарда жатқан. Ал Нұр-Сұлтанда болған Сырдария ауданының тұрғынынан келгеннен кейін жедел респираторлық вирус инфекциясы белгілері байқалғандықтан провизорлық стационарға жатқызылып, бақылауға алынған.
"Қазіргі кезде науқастардың жағдайы — бірқалыпты. Хаттамаға сәйкес емделіп жатыр. Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынады" делінген хабарламада.
Соңғы мәлімет бойынша, Қызылорда облысында коронавирус жұққан 54 науқас анықталған: Қызылорда қаласында – 9, Жаңақорған ауданында – 16, Қармақшы ауданында – 4, Шиелі ауданында – 24, Сырдария ауданында — 1 адамнан коронавирус табылған.
Сәуір айының басында Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданы карантинге жабылып, қала мен аудан аумағында қозғалыс шектелген.
7 сәуір таңертеңгі мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 670-ке жеткен.
Қарай отырыңыз: Қазақстан аймақтарында коронавирустың тарау динамикасы