Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:58, 29 Қазан 2018

Қызылордада 200 мыңнан аса адам спортпен шұғылданады

Спорт – денсаулық кепілі. Салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтырумен айналысатын жандардың өмірі де ұзақ болатындығы белгілі.
Осыған орай, елімізде бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлініп, ауқымды шаралар атқарылуда. Қызылорда облысы да игілікті істерден тысқары емес. Сыр елінде биыл 7 спорт нысаны пайдалануға беріліп, көпшіліктің спортпен тұрақты шұғылдануына жағдай жасалды.Жалпы, соңғы үш жылда Сыр елінде 9 спорт кешені пайдалануға берілген. Заманауи құралдармен жабдықталып, материалдық – техникалық базасы толық жасақталған нысандар ауылды жерлерде салынып жатыр. Өткен жылы Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдарында және Сексеуіл, Төретам кенттерінде құрылысы басталған спорт кешендері биыл халықтың игілігіне ашылды. Мұндай жағымды жаңалық әсіресе, жастарды ерекше қуантып отыр.«Бұрындары да спортпен шұғылданатынбыз. Көшеде футбол ойнайтынбыз. Өзіміз қолдан жасап алған баскетболл алаңымыз бар. Бірақ еш жағдай жоқ болатын. Қазір жаңадан ашылған спорт кешеніне барамыз. Барлығы заман талабына сай салынғандығы қуантады. Өзіміз сияқты жастар бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік алды. Мектеп оқушылары түрлі спорт секцияларына қатысып жүр. Чемпиондар ауылдан шығатыны белгілі ғой. Болашақта біздің арамызда Олимпиада чемпионы өсіп келе жатыр деп ойлаймыз», — дейді Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылының тұрғыны Олжан Есназаров.Бүгінде ауыл балаларын спортпен шұғылдануға шақырып, кәсіби бағдар беретін жаттықтырушылар жеткілікті. Мемлекеттік – әлеуметтік тапсырыс аясында 138 елді – мекенде 282 спорт – нұсқаушысы жұмыс жасап жатыр. Олар барлығы 40 мыңнан астам адамды дене шынықтырумен айналысуға үйретуде.«Негізінен бұқаралық спортты дамыту үшін түрлі жарыстарды жиі ұйымдастырып отырған маңызды. Бұл жастардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануға деген  ынталары зор. Ұдайы күніне бір мезгіл залға келіп, денсаулықтарына көңіл бөлетін жандар көбейген. Жастармен қатар егде тартқан кісілерді де көп көруге болады», — дейді жас жаттықтырушы Алмас Есқалиев.Қазіргі таңда Қызылордада спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың саны 211 271 адамға жетіп, 27 пайызды құрап отыр. Алдағы уақытта салауатты өмір салтын ұстанушылардың қатарын 30 пайызға жеткізу көзделуде. Бұл үшін халық арасында дене шынықтырумен шұғылданудың пайдасы туралы кеңінен насихат жұмыстары жүріп жатыр.Айта кету керек, өткен жылы Қызылорда қаласындағы «Тарлан» спорт кешені мен Мерей мөлтек ауданындағы дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің жалға беру жобасы іске қосылды. Нәтижесінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері желісін ұлғайтуға мүмкіндік беріліп, 1400-ге тарта жастың тұрақты спортпен шұғылдануына жағдай жасалды. Сонымен бірге, Шиелі ауданы Ақмая және Алғабас ауылдарынан дене-шынықтыру сауықтыру кешенін жалға алу жобалары да жүзеге асырылып, оң нәтиже берді. Бұл бағытта, кәсіпкерлермен, инвесторлармен тығыз байланыста жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл облыс аумағында 7 жоба жүзеге асырылуда. Яғни, Жалағаш ауданында Жалағаш кенті мен Таң ауылында, Жаңақорған ауданында Жаңақорған кенті мен Сүттіқұдық ауылында, Шиелі ауданында Бестам, Төңкеріс, Бекежанов ауылдарында дене-шынықтыру сауықтыру кешендерін жалға алынбақ.Спорт – табысты бизнес. Қызылордалық кәсіпкерлер мұны жақсы түсініп келеді. Соның арқасында облыс орталықтарында жеке спорт кешендері көптеп ашылып келеді. Мұндай бастамалар да салауатты өмір салтын қалыптастыруға өзінің септігін тигізуде.«Бұқаралық спортты дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау болып жатыр. Келесі жылы қаладағы орталық алаң күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға беріледі. Заманауи жасақталған алаңда тартысты ойындар өтеді деп жоспарлануда. Жалпы спорт – халыққа қолжетімді болуы керек. Осыған орай, облыс орталығының әр жерінде тренажерлар қойылып жатыр. Бұл жұртшылықтың салауатты өмір салтын ұстануға ықыласын оятады. Қазірдің өзінде жергілікті спортшыларымыздың жетістігін ауыз толтырып айта аламыз. Спортшыларымыз тек Қызылорданың атын ғана емес, еліміздің абыройын қорғап жүр», — дейді Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Оспанов.Фотолар автордікі.
Тегтер: