Рамаз Палиани: Бекзат үш дүркін олимпиада чемпионы бола алатын еді

«Жас Алаштың» спорт бетінде «Бір жеңістің тарихы» айдарын жүргізіп, кейінгі жылдары сәл аялдап қалдық.
Жақында осы айдарға 2000 жылғы Сидней олимпиадасының ширек финалындағы Саттарханов-Палиани кездесуі туралы жазуды ойластырдым.
Бұл бір даңқты кездесу еді. Жастар жалаң деректерді ғана көріп, «Бекзат ағамыз түрік боксшысынан бір ұпаймен ғана басым түсіпті» дей салары хақ. Ал осы кездесуде Бекзаттың жарқ еткен жасын ғұмырының ең жарқын сәті қалғанын кешегі жанкүйер, бүгінгі аға есебіндегі біз ұғындырмасақ, кім айтпақ? Сөйтіп, сол кезде Бекзаттың қасында болған командаластарын, бапкерін, жауапты адамдарды іздестіре бастадым. Журналистік жұмыстың машақаты осы: бір ауыз пікір алу үшін Қырым мен Ұрым арасын шарлайсың. Сөйтіп жүргенімде басыма бір ой сап ете қалды: неге мен Бекзаттың сол кездесудегі қарсыласы Рамаз Палианимен сұхбаттаспаймын? Қазір бұрынғыдай телефон соғып, я болмаса факспен сұрақ жіберетін заман емес, әлеуметтік желілер арқылы тауып алуға да болады. Алайда бір-екі сұрағыма жауап бермей, хабарламамды оқыса да мойын бұрмай жүрген отандық жұлдыз спортшылардың әдеті есіме түсіп, сәл іркілдім. Сосын тәуекелге міндім де, Рамаздың парақшасына хат жазып жібердім.
Міне, керемет! Рамаз дереу жауап қатты. Әзірше жаттығуға кетіп бара жатқанын айтып, екі сағаттан кейін хабарласуымды өтінді. Уатсап нөмірін де жазды. Мен мәзбін! Еңбегің ақталса, мәз болмағанда қайтесің? Екі сағаттан кейін екеуміз ескі таныстардай әңгімеге кірісіп кеттік. Бірден айтайын, Рамаз Палиани сол кездесуде өзін жеңілдім деп есептемейді екен. Бұл – заңдылық. Есеп 12:11 болды, Түркия құрамасының атынан сынға түскен Рамаздың олимпиададағы соңғы үміті де осы олимпиада еді.
Сонымен, Рамазан Палианимен (иә, түріктер Рамазға осы есімді берді) сұхбатымыз былай өрбіді.
— Рамаз, сұхбатқа келіскеніңізге көп рақмет! Арада 23 жылға жуық уақыт өтсе де, біраз нәрсені жаңғыртып көрейік. Сидней олимпиадасы алдында өзіңіз өнер көрсететін 57 келі салмақта кімді мықты санадыңыз? Басты қарсыластарыңыз кім болды? 1996 жылғы Атланта олимпиадасының чемпионы Сомлук Камсинг (Тайланд), 1999 жылғы әлем чемпионы Рикардо Хуарес (АҚШ), өзіңіз, ресейлік Камил Жамалутдинов...
- Әрине, Бекзат Саттархановты мықты санадым. Менің салмағымда ең мықты боксшы осы қазақ жігіті екенін сезетінмін. Өйткені бойы да, қолы да ұзын қарсыласпен жекпе-жек маған ауыр соғатын. Жеребе екеумізді екі жаққа лақтырып, финалда ғана жолымызды түйістірсе, біз керемет кездесу жасар едік. Бұл күмәнсіз нәрсе. Финалға дейін екеуміз де еркін жетер едік. Ал олимпиада чемпионы Камсинг ширек финалда Хуареске жол берді. Мамандар бұл салмақ дәрежесінде сіз атап өткен Жамалутдиновті де, Бекзатпен бірінші айналымда жолыққан румыниялық Овидиу Бобирнатты да мықтылар деп санады. Яғни жарыс жолына шыққан кез келген боксшы мықты атануға лайық еді.
— Алғашқы кездесуде сіздің қарсыласыңыз пәкістандық Хайдар Әли болды. Оны 5:4 есебімен жеңдіңіз. Бұл қарсылас сізге қиындау соққан сияқты...
— Шынымды айтсам, кездесуде ұпайым осынша аз болғанына өзім де таңғалдым. Әлиге көп мүмкіндік бергенім жоқ. Бірақ «ұпайым неге аз?» деп терең ойға кеткенім де жоқ. Бокс күтіп тұрмайды, келесі қарсыласқа дайындалу керек.
— Бұдан кейін бразилиялық Валдемир Перейраны еркін еңсердіңіз.
— Мен әрбір қарсыласымды бағалаймын. Қарсыласың кім болса да мұқият болу керек. Әрине, бразилиялық қарсыласымды жеңіл жеңдім, айқын басымдықпен тұқырттым.
— Ширек финалда Саттархановпен кездесетініңіз анықталды. Бекзатты бұрыннан білетін бе едіңіз? Сөз басында «ең мықты боксшы сол еді» дегеніңіз де бекер айтылмаған болуға тиіс.
— Бекзатты, әрине, бұрын білдім. Түркияда оқу-жаттығу жиынын бірге өткіздік. Ыстамбұлда Шиле деп аталатын қалашық бар. Сондағы жиында Бекзатты көрдім. Ол да менің стилімдегі боксшы еді, яғни екеуміз де шабуыл мен қорғанысты қатар алып жүре алатынбыз. Бокс тілімен айтқанда, жекпе-жекті «бірінші нөмірмен» де, «екінші нөмірмен» де жүргізе алатынбыз. Бекзатпен кездесу қарсаңында қорыққаным да жоқ. Күнібұрын үрейге де бой алдырмадым. Спорттық мандраж болды. Менің ойымша, бұл күй жарысқа түсер алдында кез келген спортшыда болады. Жақсы дайындалдым.
— Саттархановты зерттедіңіз бе?
— Бокстың барлық дуын көрген соң, адамда жақсы тәжірибе қалыптасады. Менің әдетім сол, қарсыласымды бір рет көріп алсам жетеді. Оның үстіне, Бекзатты бұрыннан білемін.
— Осы жекпе-жек қарсаңында біраз әңгіме болғаны айтылады. Сол кездегі АИБА бас хатшысы түркиялық Жанер Доганели Қазақстан бокс федерациясының президенті Бекет Махмұтовқа өтініш айта барған делінеді. Бірақ Бекет Сапабекұлы «бәрін шаршы алаң шешсін» деп ырық бермеді дейді бір сөз.
— Ондай сыбыс туралы ештеңе айтқым келмейді. Мен Бекзатпен кездесу қарсаңында екі күн демалдым. Ал бұл кезде басшылықтың қандай әрекет жасағанын, кіммен сөйлескенін білмеймін. Мен барымды салып дайындалдым, өз мүмкіндігімді пайдалануды ғана ойладым. Бұл кезде Түркия құрамасының басқа боксшылары жарыс жолынан шығып кеткен еді, сондықтан маған ерекше үміт артылғанын жан-тәніммен сезіндім.
— Жалпы, сол ширек финалдық жекпе-жекті өзіңіз қалай бағалайсыз?
— Мен бұл кездесуде жеңілгенім жоқ. Жекпе-жек өте тартысты өтті. Тартысты дегенде қалай, соңғы раундты мұқият қарасаңыз, екеуміздің бір-бірімізге соққымыз дәл тиіп жатқанын көресіз. Соңғы раундта менің көп соққым саналмады. Өзімді жеңілдім деп санамаймын. Бірақ мен спорттың қыр-сырын жақсы білемін. Жеңдің деп қолымды көтермеді ме, сол шешімді қабылдауым керек. Өкінішке қарай, олимпиада деп аталатын ең мәртебелі турнирде төрешілердің осындай әрекетке жол бергені де дұрыс емес. Бірақ болар іс болды. Менің әдетім сол, өз қарсыласым кім болғанына қарамастан, жеңіліп қалсам, оған жанкүйер бола аламын. Бекзат мені жеңген соң чемпион атанды, оған қуандым. Ал оның қайтыс болғанын естігенде, есімнен танып қалдым. Боксты түсінетін адамдарға бұл қазаның салмағы тым ауыр болды. Әрине, Бекзатты қимаймын. Сонша жас жігіт, 20 жастағы олимпиада чемпионы тым ерте кетті.
— Төрелік көңіліңізден шықпады ма?
— Маған дұрыс төрелік етпеді деп ойлаймын. Бекзат екеуміз сияқты мықты боксшылардың кездесуінде төрелік жоғары деңгейде болуға тиіс. Қалт кетуге болмайды. Екі раунд есеп дұрыс жүрді, үшінші раундта менің соққыларым саналған жоқ. Әрине, «барлық раундта басым болдым» демеймін. Тең жекпе-жек болды, бірақ соңғы раундта ұпайларым өзіме бұйырған жоқ. Не істерсің? Бекзат тірі болғанда, қарымта кездесу өткізетініміз сөзсіз еді. Яғни қандай бір ірі турнирде тағы да жолымыз түйісер еді.
— Жекпе-жектің соңғы минутында Саттархановтан қатты соққы жіберіп алдыңыз. Тіпті капаңыз аузыңыздан түсіп кете жаздады. Жекпе-жек тағдырына осы соққы әсер етті деп ойламайсыз ба?
— Бұл соққы есімде жоқ. Мен соққыларды сезінгенім жоқ. Бекзат та, мен де – ойнап жүріп жұдырықтасатындар қатарынанбыз. Біз соққының салмағына емес, дәл тиюіне мән береміз.
— Жекпе-жектен кейін Бекзатпен жолықтыңыз ба?
— Көңіл күйім мүлде болмады, психологиялық тұрғыда «өлі» едім. Бекзатпен кездеспедім. Шынымды айтсам, Бекзат тірі болғанда, екеуміз өте жақсы дос болатын едік.
— Финалдық жекпе-жекте көрдіңіз бе?
— Иә, Хуареспен жекпе-жекті көрдім. Бекзат жеңді. Оған күмәнім жоқ. Есеп жайдан-жай 22:14 болмайды. Хуареспен мен де жұдырықтасқанмын әлем чемпионатында. Өте тегеурінді боксшы. Бірақ бәрібір Саттарханов мықты болды.
— Саттархановтың қайтыс болғаны туралы хабарды қалай қабылдадыңыз?
— Бокс – біздің үлкен отбасымыз. Грузия құрамасының бас бапкері кезімде апта сайын жиналыс жасаймыз. Сонда шәкірттеріме ең алдымен қарсыласты адам деп, досым деп сыйлау керек екенін ескертетінмін. Өзіңмен бірге жарысқа дайындалған, спарринг жасаған, үлкен жарыста жолы түйіскен жанның, олимпиада чемпионының өмірден өткені, әрине, ауыр. Өзің білмейтін адам өмірден өтіп жатса да қиналып қаласың ғой. Ішімнен қатты қиналдым. 90-100 жаста болса бір сәрі. Бекзат ештеңе көріп үлгермеді ғой. Ол өмірге енді ғана байыптап қарай бастаған еді. Ол екінші рет, тіпті үшінші рет те олимпиада чемпионы бола алатын еді. Мен білетін боксшының бәрі бұл қазаны ауыр қабылдады.
— 2001 жылы Белфастта (Солтүстік Ирландия) өткен әлем чемпионатының финалында қазақстандық Галиб Жафаровтан басым түстіңіз. Бұл жекпе-жек бір жыл бұрынғы сәтсіздігіңіздің өтеуі бола алды ма?
— Финалға кездейсоқ боксшы жете алмайды. Шынымды айтсам, Сидней олимпиадасынан кейін мен қатты дағдарыста жүрдім. Өзімді нашар сезіндім. Жанер Доганели де, өз отбасым да, әріптестерім де, бапкерлерім де қатты көмектесті, қатты қолдады. Содан кейін ақырындап, өзіме келе бастадым. Белфасттағы финалда аса қатты қинала қойғаным жоқ. Қарсыласымның бойы қысқа болса, мен ешқашан қиналған емеспін. Жафаров содан кейінгі әлем чемпионатында топ жарды. Ол да өте мықты боксшы.
— Қазақстанға келіп тұрасыз ба?
— Қазақстанға қашан барсам да мені жақсы қарсы алады. Өте жылы қатынас жасайды. Қазақ халқын, қазақ боксын жақсы көремін. Марат Жәкиев, Мырзағали Айтжановтар – менің достарым. Қазақстанда өз үйімде жүргендей еркін жүремін. Өткен жылы Ғалым Жарылғапов атындағы турнирге барып қайттым. Ғалым ағаның ұлы Нұрғазы бізді арнайы шақырды. Жақында, екі аптадан кейін Грузияда Георгий Канделаки турнирі өтеді. Қазақстаннан Қарағанды қаласының командасы келеді. Олар он күн жиын өткізіп, сосын турнирге қатысады.
— Қазақ боксының қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз?
— Қазақ боксшылары ылғи мықты болды. Қазіргі буын біраз өзгерді. Олар озық технологияларға көбірек алаңдайды. Қолдарынан түрлі телефон, гаджеттер түспейді. Олар қазір бұрынғы біз сияқты араласпайтындай да көрінеді. Дегенмен боксшы емес, оларды кім жаттықтыратыны маңызды. Менің ойымша, М.Айтжанов, М.Жәкиев сияқты мықты бапкерлер жүрген жерде нәтиже де болады. Соңғы әлем чемпионатынан қазақтардың төрт алтын алуы кездейсоқтық емес.
Рамазбен әңгімеміздің бас-аяғы осы болды. Рамаз да – тағдырлы жігіт. 1992 жылғы Барселона олимпиадасына ТМД атынан қатысып, қола жүлдегер атанды. Бір жыл өткен соң, 1993 жылы Грузия атынан әлем чемпионатында өнер көрсетті, Тампереде (Финляндия) қола жүлдегер атанды. Сосын Ресей құрамасы сапында Атланта олимпиадасына қатысып, ширек финалда іркілді. 1998 жылы Түркия азаматтығын қабылдап, Сидней олимпиадасына қатысты. 2001 жылы Белфастта әлем чемпионы атанғаннан кейін кәсіпқой боксқа бет бұрды, сосын бапкерлік жолға түсті.
Рамаз қазір кәсіпкерлікпен айналысады. Өзінің мейрамханасы бар. Осы сұхбаттың газетке шыққан нұсқасын сол мейрамханасының төріне іліп қоятынын айтып қалды. Арада неше жыл өтсе де, кешегі боксшының эмоцияға берілмей, барынша байыпты жауап беріп отырғаны көңілімізден шықты. Иә, Рамаз – бокстан өз несібесін алған саңлақ. Кездейсоқ адам әлем чемпионы, олимпиада жүлдегері, үш дүркін Еуропа чемпионы болмайды. Бокс ардагерімен жылы қоштастық.