Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:15

«Реал» жұлдыздарын көру де мақтан...

Қайрат пен Реал Мадрид
Фото: championat.com

Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші туры аясында «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы өтті. Алматыдағы тарихи матч ірі есеппен аяқталды. Нақтырақ айтқанда, корольдік клуб жергілікті команданы 5:0 есебімен ойсырата ұтты. Қазақ жанкүйерлері бұл ойыннан сенсация күткен еді, бірақ бұл үміт ақталған жоқ. «Қайрат» қарсылас қақпасын дәл көздей алмады, тіпті қауіпті шабуылдары да өте аз болды.

Бірінші тайм 0:1 есебімен аяқталған, жалғыз голды франциялық шабуылшы Килиан Мбаппе пенальтиден соқты. Бұл кей жанкүйердің көңіліне үміт отын ұялатқанымен, алаңдағы ойын екі команданың деңгейі мүлде бөлек екенін аңғартып тұрды. Екінші таймда қонақтар тіпті еркін көсілді. Ал «Қайрат» мүлде қауқар таныта алған жоқ. Мбаппе хет-трик авторы атанып, алаңға қосалқы құрамынан шыққан Эдуарду Камавинга мен Браим Диас бір голдан соқты. Қорытынды нәтиже – 0:5!

Бұл «Қайраттың» Чемпиондар лигасының финалдық кезеңі аясында өз алаңында өткізген алғашқы матч болды. Алматылық команда тарихи ойынды атақты «Реалға» қарсы өткізгенін мақтан тұтпаса, басқа көңіл жұбатар ештеңе болған жоқ. Матчтың ұйымдастырылу деңгейі сынға ұшырады, билет сату дау-дамайға ұласты, ойын сүреңсіз өтті, нәтиже нашар болды. Әрине, атақты «Реалдан» жеңілу масқара емес шығар, бірақ қақпасына жауапсыз 5 гол жіберіп алғанын ақтауға келмейді.

Матчқа дейін

Бұл кездесудің болғанынан боладысы қызық болды. Тамыз айының аяғында жеребе тартылып, «Қайраттың» қарсыластары қатарында «Реал Мадрид» бар екені белгілі болған сәттен бастап, жанкүйер қауым осы күнді асыға күтті. Қазақстандықтар ғана емес, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты жақын көрші елдер де Алматыға келіп, Чемпиондар лигасын көруге ынтық болып жүрді. Мұны БАҚ-тағы, әлеуметтік желідегі ақпараттардан біліп отырдық.

«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы өтетін 30 қыркүйек жақындаған сайын мұндай ажиотаж асқына түсті. Мысалы, билет бағасы миллион теңгеге жетеді деген ақпарат пайда болды. Тіпті кей жанкүйер үлкен сомаға жалған билет сатып алғаны жайлы әңгіме тараған. Кейін клуб мұндай ақпараттарды терістеп, билет 23 қыркүйек күні 17:00-де саудаға шығатынын хабарлады.

Енді жұрт осы датаны асыға күтті. Елмен бірге біз де күнтізбе мен сағатқа көз қырымызды сала жүрдік. 23 қыркүйек түс ауа билет сататын платформада ұзын сонар кезек басталды. Бір сәтте тіпті 200 мыңнан асып, жүйе істен шықты. Соңында 5–6 сағат табандап күткендер ғана билет ала алды, ал өзге жанкүйерлер билеттен қағылды. Кейін әлеуметтік желіде билеттің бір бөлігі алдын ала шетелдіктерге, туристік фирмаларға сатылып кеткені жайлы ақпарат тарады.

Атап айтқанда, Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Самат Отарбаев әлеуметтік желідегі жазбасында Қытайда осы матчтың мыңға жуық билеті сатылғанын хабарлады.

«22 қыркүйек күні Қытай жанкүйерлерінің «Қайрат» – «Реал» ойынына 1 000 билет сатып алғаны туралы естідім. Олар ресми сатылым басталмай тұрып, клуб басшылығы арқылы алған көрінеді. Ресми дерек қолымда жоқ, бірақ бұл – көптен күткен билеттерге қол жеткізудің бейресми жолы болуы мүмкін. Бір жанкүйерге арналған толық пакет құны – 30 000 юань (ұшақ билеті, қонақүй, тамақ). Бұл, шамамен, 2,31 миллион теңге», – деп жазды Отарбаев.

Ал журналист Рауан Оқастың ақпаратына сенсек, 23 мың билеттің 3 мың данасы – Мадридтен келетін шетелдік фанаттарға, 2 мың данасы – елдегі атқамінерлерге, 5 мың данасы – Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарына, 7 мың данасы – Қазақстандағы «Реал» жанкүйерлеріне, 5 мың данасы – алдын ала тапсырыс берген ұлттық компанияларға сатылған. Сонда қалған мың билет қана ресми сайтта сағаттап күткен жанкешті жанкүйерлерге бұйырған.

Қалай болғанда да бұл матчқа билет алу қарапайым жанкүйерге оңайға түскен жоқ. Оның билет бағасы да көпшілік арасында дау туғызды (баға 30 мыңнан басталып, 250 мыңға дейін жетті). Біреулер билет өте қымбат десе, екінші топ «Қайраттың» жеке клуб екенін алға тартып, олардың мұндай сәтте пайда тауып қалуға қақысы бар екенін айтты.

Испанияның AS.com басылымы ең төменгі жалақы мөлшері небәрі 155 еуро тұратын елде бір матчтың билет құны 400 еуроға жеткеніне таңғалды. «Билет бағасы шамамен 46,7–400 еуро аралығында болды. Еуропалық стандарт бойынша мұндай баға тым жоғары көрінеді. Оның үстіне Қазақстандағы ең төменгі жалақы 155 еуро шамасында екенін естен шығармаған жөн», деп жазады басылым.

Клуб бір адамға екі билет қана сатылатынын хабарлаған. Бірақ бұл жолы да делдалдардың дегені болды. Бір өзі бірнеше билет алып алып, ресми бағадан бірнеше есе қымбатқа сатып жүргендер аз болған жоқ. Олардың арасында елге белгілі әнші-әртістердің балалары да бар. Бұл жағдай жанкүйерлердің наразылығын туғызып отыр.

Сондай-ақ клубтың баспасөз қызметі матчта жұмыс істейтін журналистерді іріктеуде олқылықтар жіберді. Бұл жайлы газетіміздің өткен санындағы (№76) «Қайрат қазақтілді БАҚ-ты шеттетіп отыр» деген мақалада толығырақ жаздық. Яғни аккредитация алған сексенге жуық журналистің ішінде мемлекеттік тілде ақпарат тарататын БАҚ өкілдері өте аз болды. Клуб аккредитация таратарда шетелдік және орыстілді баспасөзге баса назар аударғандай көрінді. Мұның мән-жайын клубтың баспасөз қызметінен сұрап, мардымды жауап ала алмадық. Оның үстіне жалған аккредитациялар таратылып, баспасөзге арналған трибунаға журналистикаға қатысы жоқ адамдар кіріп алған. Бұл туралы Испанияның Marca басылымы хабарлады.

Матчтан кейін

Ойыннан кейін «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Оразбахтин масқара жеңіліске аса қынжылмағандай түр танытты. Оның ойынша, «Реал» сияқты қарсыласпен күш сынасудың өзі жетістік. Шамасы клуб үшін де, бапкер үшін де, жанкүйерлер үшін де «Реал» жұлдыздарының Алматыға келгені мақтан сияқты.

«Біз мұндай қарсыласпен ойнап, баға жетпес тәжірибе жинадық. Жеңіліс кез келген командаға қиын. Мұны қабылдау керек. Өз деңгейімізді көрсеттік, барымызды салып тырыстық. Бізде гол соғатын да мүмкіндіктер болды, бірақ соңына дейін жеткізе алмады. Жігіттерге алғыс айттым. Жанкүйерлерге де ерекше алғыс айтқым келеді», – деді бас бапкер.

Ал «Реал Мадрид» бас бапкері Хаби Алонсо сыпайгершілік танытып, «Қайратты» қолпаштай сөйледі. Испан маманы Алматыдағы атмосфера мен өздеріне көрсетілген құрметке жоғары баға берді.

«Алматылық клуб Чемпиондар лигасында ойнауға толық лайық екенін дәлелдеді. Біз мұны Алматыға келгенде анық көрдік. Жанкүйерлердің қолдауы ерекше болды, стадиондағы атмосфера тамаша. «Қайрат» матчты белсенді бастады. Әуелде бізге ыңғайсыздау болған. Бірақ кейін ойынды өз бақылауымызға алып, комбинациялық футбол көрсетуге тырыстық. «Қайраттың» белсенділігі бізді таңғалдырды», – деді Хаби Алонсо.

Айта кетейік, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы ойында қазақстандық команда Португалияға қонаққа барып, лиссабондық «Спортингтен» 4:1 есебімен жеңілген. «Қайраттың» УЕФА Чемпиондар лигасының финалдық кезеңіндегі алғашқы әрі әзірге жалғыз голын бразилиялық шабуылшы Эдмилсон салды.

«Қайрат» турнир аясында әлі 6 матч өткізеді. Біздің командаға «Спортинг» пен «Реалдан» бөлек, «Арсенал» (Англия), «Интер» (Италия), «Копенгаген» (Дания), «Брюгге» (Бельгия), «Олимпиакос» (Грекия) және «Пафос» (Кипр) клубтары қарсылас атанады. «Брюгге», «Олимпиакос» және «Пафосқа» қарсы ойын – Алматыда, «Интер», «Арсенал» және «Копенгагенге» қарсы матч сырт алаңда өтеді. Алматылық команда Чемпиондар лигасы аясындағы келесі матчын 21 қазан күні өз алаңында «Пафосқа» қарсы өткізеді.

Қуаныш Қаппас